Бірінші әйеліме де екінші әйеліме де барғым келмейді...
«Алаш айнасы» интернет-порталының тұрақты оқырмандарының бірімін. «Отбасы – ошақ қасы» айдарын оқи отырып, өзімнің басымдағы оқиғаны жазуды жөн санадым.
Жасым қырыққа жақындаған жігітпін. Астанаға Қостанай қаласынан келгеніме біраз жыл болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ойнап жүріп от басып бір қыздың аяғы ауыр болып, үйлендім. Бірақ, жүрегің қаламаған адаммен тұру өте қиын екен. Дегенмен балам үшін бәріне көндім. Біраз уақыттан соң отбасы болып тұру мүлдем қиынға соқты. Әйелім де сезді ме менің суық көңілімді, жөнді-жөнсіз қызғанатынды шығарды, үйде күнде ұрыс-керіс. Ақыры әйелім өзі барып ажырасуға арыз беріп, ажырасып тындық.
Астанаға келген кезде жатақханадан сатып алған бір бөлмені әйелім мен балама тастап, анам және қарындасым тұратын жалдамалы пәтерге көштім.
Жұмысым – мемлекеттік қызмет. Алған табысымнан алиментті төлеп тұрдым. Алғашында әйелім баламды көрсетпей біраз қиналдым.
Уақыт өте берді. Жұмыс, карьера... Шетелге іссапарға жиі бардым. Қызметім де өсе берді. Бірақ мемлекеттік қызметте істегендіктен артық уақыт санаулы ғана, сол сайт, агент арқылы қыз-келіншектермен танысып, анда-санда кездесіп тұрдым.
Жалғыздықтан жалыға бастадым. Жұмыстан кеш келесің, айналдырған бір бөлмеде анам және қарындасым. Қарындасым да тұрмысқа шықпаған еді. Шынын айтсам адам туғандарынан да жалығады екен. Анаң тамағыңды дайындап, киіміңді жуып, қасыңнан шықпайды. Тіпті туысқандарым анама ұрысатын: «Балапандарыңды қанатыңның астына баспай, ұшыр», – деп. Расымен қырықтың қырқасына жақындаған жігіт пен қыз бір үйде тұру да оңай емес. «Кәрі» қыздың өзіндік талаптары бар, ал мені анам жалғыз ұлым деп жақтап, сол үшін де қарындасыммен қырқысып қалатынбыз.
Солай сайт арқылы танысып жүргенде бір күні өзімнен екі жас үлкендігі бар шымкенттік күйеуінен ажырасқан келіншекпен таныстым. Сөйлесе келе екеуміз жақын танысып араласып кеттік. Ол өзінің екі бөлмелі пәтерінде жалғыз тұратын. Бір үлкен фирмада бас есепші болып қызмет атқаратын келіншектің қаржы жағынан еш қиындығы болмады. Баласы Шымкентте ата-анасында. Менің де балаға еш қарсылығым болмады. Түрі де сүйкімді, мінезі де бірбеткей, өзіне нық сенімді келіншек болды. Менің де түрім біреуден қарыз сұрай қоятындай емес. Достарым түрік әртістеріне ұқсайсың деп әзілдейтін. Сонымен келіншекті ұнаттым, ол да мені ұнатып, екеуміз некеге отырып бірге тұруды шештік. Анам да бақытың осы болса деп батасын беріп, еш қарлысық білдірмеді.
Бәрі басында керемет еді. Менің де кезегім келіп, өзіме тиесілі пәтерге қол жеткіздім. Ол пәтерді жалға беріп қойдық. Ақша жағынан еш қысылмадық. Қарындасым да өз машинасын сатып несиеге пәтер алды. Анам да мемлекеттік бағдарламамен пәтер алды. Бұрынғыдай емес бірінші әйелім баламды көрсетіп, тіпті анаммен бірге Павлодарда тұратын туыстарыма жіберіп тұрды. Бірінші әйеліммен ара-қатынасымыз шетелдіктерше емін-еркін реттелді. Оның өз өмірі, менің өз өмірім.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, екінші әйеліммен ара қатынасымыз суып бара жатқандай болды. Ол менің балам туралы естігісі де білгісі де келмеді. Бала туралы сөз болса, үйде айқай-шу. Ал менің туған балам болғандықтан мен қалай көрмей, көмектесепеймін.
Шымкенттің қыздары қазақи тәрбиелі деп ойлаушы едім, мүлдем олай болмай шықты. Әйелім екеуміз бір төсекте жатқанымызбен ешқандай жылылық жоқ еді. Тіпті тамақты да бірге отырып ішпейтін болдық. Әркім өзімен-өзі, қайда барады, қашан келеді өзі біледі, тек бірге тұрамыз. Ортақ жоспар, ортақ бюджет деген жоқ. Жұмыстан соң үйге асықпақ тұрмақ, барғым келмейтін жағдайға жеттім. Күндер өте берді. Әйелім де тік бірбеткей мінезді болғандықтан ер адамға төмен түсу, сыйлау дегеннен жұрдай еді. Кейіннен білдім, бірінші күйеуіне баласын көрсетпей, тіпті өз тегіне жаздыртып алыпты.
Бір күні мен шетелге іссапарға кеттім. Он күннен соң келсем анам ауруханаға түсіпті. Үйдегі келіні бір рет те барып қалын сұрап, тіпті телефон шалмаған. Көңілім қатты қалды. Анамның үйіне кетіп қалдым. Біраз уақыт анамның үйінде тұрып жаттым, бәрі реттелер уақыт өте деп, ақылға келерміз, сағынармыз деп. Бір күні әйелімнен смс хабарлама келді: «Киімдеріңді лақтырып жібердім, енді келме»... деген.
Мен де бармадым қайтып, қазір анаммен бірге тұрып жатырмын. Әлде нағыз махаббаттың келмегені ме? Махаббат болмаса екі жарты бір бүтін болып тұру да қиын екен. Басында бәрі жақсы сияқты еді. Осылайша екі рет үйленіп ажырасқан жігіт болып, өзімнің өмірлік серігімді әлі кездестіре алмай келемін. Бірінші әйеліме де екінші әйеліме де барғым келмейді...