Бар ойым – қалайда тұрмысқа шығу еді...

Менің сүйікті интернет порталыма айналған «Алаш айнасына» хат жолдауға бел будым. Мен «Отбасы – ошақ қасы» айдарын үзбей оқитын оқырманның бірімін. Баласын құшақтап, үйде отырған адамның ермегі телесериал немесе әрбір адамның әртүрлі хикаясын оқып, өзіңнің қайғысын ұмыту ғой. Осы айдарға берілген мақалаларды оқып отырып, өзімнің тағдырластарымды да кездестірдім. Өзімнен кейінгі сіңілілеріме адаспаудың жолы ретінде, басымнан өткен оқиғаны айтып беру үшін, қолыма қалам алдым. Менің сырымды, жүрек жарды өкінішім оқырманға ой салар деген үміттемін.

 

Оқырманға түсінікті болу үшін бәрін де басынан бастап баяндап берейін...

 

Менің балалық шағым қызыққа толы болып өтті. Ата-анамның тұңғышы болдым. Үйдің ең үлкені ата-әженің қызы болып есептеледі емес пе?! Осылай ата-әжеме, ата-анама кір келтірмеу мақсатында мектепті де үздік бағамен тәмәмдадым. Сөйтіп, есепші-аудит мамандығына өз біліміммен оқуға түстім. Бес жылдық оқуды да жақсы бағамен бітіріп, қалада үлкен бір фирмаға есепші болып жұмысқа орналастым. Жұмысымды тиянақты атқарып, басшылықтың көзіне де тез түсе бастадым. Сөйтіп жылдан-жылға лауазымым да жоғарлай бастады. Күндердің бір күнінде бас есепші қызметіне көтерілдім. Жылдар зымырап өте береді екен. Артыма бұрылып қарағанда өзімнің отыздан асып кеткенімді де байқамай қалыппын. Осы кезге дейін тұрмысқа шығуды мүлдем ойламаған екенмін. Өзімнің құрбыларым балаларын мектепке беріп, қуанып жатты. Оны көріп менің көңілім жабырқай түсті.

 

Ендігі бар ойым – қалайда тұрмысқа шығу еді. Сол мақсатпен газет-журналдарда берілетін «танысу бұрышын» үзбей оқуды әдетке айналдырдым. Кейін өзім де бір рет сол сол газетке өзімді жарнамалап жібердім. Жіберген хабарландыруым газет бетіне шыққаны сол еді, қоңырау шалушылар да көбейіп кетті. Олардың көбісі ауыз толтырып айтарлықтай жұмысы жоқ, ішкіш я болмаса баспанасы жоқ біреулер хабарласып мазамды алды. Өзімнің танысу бұрышына хат жолдағаныма өкініп, енді мұндайлардан қалай құтыламын деп өз басыммен қайғы болып жүргенімде үйге құрбым бір сіңілісімен келді. Өрімдей жас қыз кіргеннен басын ұялы телефонан алмады. Үңіле қарап жымиып күліп те қояды. Оның әлемі маған да қызық болды. Қасына жақындап отырдым да «жаным-ау мұнда не қызық бар? Бізбен де бөліспейсің бе?» деп сұрадым. Ол маған күлімсіреп қарады да. «Айтпақшы мына сайт өте керемет, мұнда әртүрлі жастағы адамдармен танысуға болады. Тәте бұл сізге қажет сайттың бірі. Ұялы телефоныңызды беріңіз, мен сізге орнатып берейін. Менің бір құрбым, осы «ДругВокруг» деген сайт арқылы бір жігітпен танысып, жақында үйленгелі жүр. Сіздің де бағыңыз ашылып кетсе ғажап емес!» деп ұялы телефоныма өзі айтқан сайтты орнатып берді. Мені әдемілеп бояндырып, киім кигізіп суретке түсірді. Сол суретімді аталған сайтқа қойды. Қалай қолдану керектігін де көрсетті.

 

Содан не керек ұялы телефон арқылы тіркелген сайтқа хаттар толассыз жинала бастады. Алғашқы кезде, келген хаттарға жауап беріп те үлгере алмай жүрдім. Керек десеңіз, кейбір хаттарды оқып, оған жауап та қатпайтын кездерім болды. Себебі, бұл сайтта отыратындардың басым бөлігі жастар екен. Жастардан ұят қашқан екен... Ашықтан-ашық төсек қатынасына шақыру да жиілеп кетті. Кейіннен байқасам, мұның әуресі де, әбігері де жетерлік тірлік екен. Кілең бір ойдан-қырдан қашқандар секілді. Олар маза бермей де қойды. Хаттарды оқып, қанша көңілім қалса да алған бетімнен қайтпай, өмірлік серігімді сайт арқылы іздеуді жалғастыра бердім.

 

Бір күні осы сайтқа кіріп отырып, көзім ерекше сурет пен жазылған сөз тіркестеріне көзім түсіп кетті. Онда былай деп жазылыпты «Жүрегі таза адал жар болатын жан бар ма? Бұл өмірде?» деген Саматтың жүрек жарды сөзінен аттап кете алмадым. Жалма-жан оның достығын қабылдап хат жаза бастадым. Бұл әдемі де әсерлі сөздерді темір тордың ар жағында отырған адам жазған екен. Саматтың жоғарыда жазған сөздері мені бей-жай қалдырмады. Онымен хат алысып жүріп, түрмеде жазасын өтеп жүргенін де білдім. Өмірде «жаңылмайтын жақ болмайды, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші жастықтың салдарынан қателескен жан болар. Адам болған соң бастан әртүрлі жағдайлар болады емес пе?! «Енді, өзегін өкініш өртеген жігіт түзелгісі келіп, бақытты өмір бастағысы келген ғой» деп бейтаныс жанға жүрегім жібіп сала берді. Темір тордың ар жағынан жазылған сөздер ерекше болып көрінді. Жүректегі махаббат сезімін өлең жолдары арқылы түсіндірмек болған жігіттің сайт арқылы жіберген хаттарын асыға күттім. Оны оқып өзімді бір бақытты жандай сезіндім. Бұл хаттардың бәрі де маған соншалықты шынайы, терең жазылғандай біртүрлі ыстық көрінді. Сезіміме ие бола алмай менде Саматқа жүрек сезімімді білдіріп, жылы сөздерді жазып хат жолдадым. Көп уақыт күттірмей ол жақтан да жауап келді. Міне, біздің махаббатымыз осылай басталды. Күні-түні ұялы телофонды ашып «ДругВокруг» сайтына телміріп жігітімнен хат күтумен болдым. Бірде ол өзінің хатында бір жылдан кейін бостандыққа шығатынын, өмірде жіберген қателігі үшін қатты өкінетінін, қалған ғұмырын таза да үлкен сезім жолына арнайтынын, өмірін жақсы арнаға түбегейлі өзгерткісі келетінін айтты. Ыңғайын тауып ол маған қоңырау да шалып жүрді. Бірақ, мен оған хабарласпайтынмын. Себебі, жігітімнің өтініші еді. Тексеру кезінде ұялы телефонды байқап қалса, алып қояды, сосын біз хабарласа алмай қаламыз деген сөздерді айтып еді.

 

Міне, осыдан кейін біздің арамыздағы махаббатқа толы толассыз хат жазысу басталды. Самат маған көңілді, терең ойлы, ақылды әрі асқан білімдар адам секілді болып көрінді. Мен оның әрбір сөзін қайта-қайта оқып, жұмыста отырғанда езу тартып жымиып та қоятынмын. Мен өзімнің әлемімде, шаттанып жүрдім. Бақытымды тапқандай күй кештім...

 

Сөйтіп жүріп қалған жарты жылдың «темір тордың аржағынан» хат-хабар күтумен қалай өткенін байқамай да қалдым. Бірде сүйіктім мені кездесуге шақырды. Оны естіген бойда бір сөзге де келместен, түйіншегімді түйіп Ақтөбе облысында орналасқан түрмеге қарай жол тарттым. Түрменің темір торы айқара ашылып, мен ішіне қарай беттедім. Жүрегім дірілдеп, қорқыныш сезімі билеп те барады. Амал жоқ, артқа қайтуға жол жоқ. Жүрегімді жаулаған бейтаныс жанды көруге асығып келемін. Аяғымды қанша алшақтай бассам да, жете алар емеспін. Адам жүретін дәліздің шеті көрінбестей болып көрінді маған. Әйтеуір, зорға дегенде кездесу бөлмесіне де жеттім-ау...

 

Қашан есік ашылып, кіріп келер екен деп тағатсыздана күтіп отырмын. Бір кезде сырттан есіктің тұтқасын ұстап, есік жәйлап ашыла бастады. Мойнымды соза қараудамын. Орнымнан атып тұрғанымды өзім сезбей де қалдым. Есіктен кірген бейтаныс жігітті көргенде есімді жоғалтқандай болдым. Өзімнен бес жас кіші сүйіктім шынында да сымбатты еді. Түрмедегі кездесуден кейін мен сүйіктіммен қоштасып тұрып оны күтетінімді айттым. Сонымен, не керек мен сөзімде тұрдым.

 

Ол шығатын күні мен мол дастарқан жайып, қымбат сыйлықпен қарсы алдым. Ал, ол менің бұл ілтипатымды қалай бағалағаны, ішінде болды. Бірге тұрған кездері оның әдемі бет-пердесі сыпырылып, өзінің шынайы бейнесі көріне бастады. Сонда ғана түсіндім оған менің тамаша жөнделген пәтерім, соңғы үлгідегі жеңіл көлігім мен жиһаздарым ғана қатты ұнаған екен. Уақыт дегенің зуылдап өте бергенімен жолдасым жұмысқа орналасуды қаперіне де ілмеді. Қаланы емін-еркін аралап, сауық-сайран салуды сүйікті әдетіне айналдырған ол елді өзінің сыпайы мінезімен баурап, таныстар да жинай бастады. Күндердің күнінде оларды үйге әкелетінді де шығарды Менің тапқан ақшама арақ пен есірткі алып, ойына келгенін жасап жүрді. Әрине, менің күткенім бұл емес еді. Бірақ, мен сабырлық танытып, әліптің аяғына дейін үндемеуге тырыстым. Тоғыз жыл түрмеде отырып, кішкене көңіл көтергісі келген болар деп өзімді-өзім басып қоямын. Арадан бірнеше ай өткеннен кейін, аяғымның ауыр екенін сүйіктіме жеткіздім. Өзімнің бақыттан басым айналып, көкірегімді қуаныш кернеп барады. Алайда, мен ол бақытты сүйіктімнің жүзінен аңғармадым. Ол өзінің тұрақты жұмыс таппағанын, әлі өзіне-өзі келе алмай жүргенін алға тартып, әлі бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіру туралы әңгіменің ерте екенін жеткізіп ақылгөйсіді. Сөзінің тоқетерінен аңғарғаным, ол менің құрсағымдағы баланы жасанды түсік жасату арқылы алдырып тастауға үгіттей бастады. Мен осы жерде алғаш рет азаматтық некеде тұрған сүйіктіме қарсылық көрсеттім. Нәресте түсіктен аман қалғанымен, біздің қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да нашарлай түсті. Саматқа оның болашақ сәбиі ой салар деп ойлаған едім. Сөйтсем, мен қатты қателесіппін...

 

Уақыт өте ол күн ұзаққа жоғалып кететін де болды. Кейде, тіпті, үйге де түнемейтін әдетті шығарды. Айналасындағы жолдастарының жүздері де сұсты еді. Мен олардың «түрменің аржағындағы» достары екенін сездім. Қайтейін енді, іштей білсем де, білмеген адамдай кейіп танытып жүрдім. Бәлкім, баламыз дүниеге келіп, қолына ұстаған кезде түзелер деген үмітпен жүрдім.

 

Күндердің күнінде, айым жақындап, босанатын уақыт келіп, ауруханаға түстім. «Адамнан адам шығу оғай емес екен». Қиналып, дәрігерлердің көмегінің арқасында қасы-көзі қиылған сымбатты қыз баланы дүниеге алып келдім. Ұялы телефонымды алып сүйіктіме қоңырау шалдым. Оның ұялы телефоны мүлдем өшіп тұр, жалма-жан үйге хабарластым, тұтқаны жан баласы көтермейді. Мен Саматты перзентханаға түскен кезден бастап көрген жоқпын. Уайымдай да бастадым. Амал қанша, ақыры құндақтаулы нәрестемді көтеріп үйге келдім. Бар ойым «Саматым бізді үйде тосып отырған болар» деп іштей күбірлеп келемін... Үйдің сәл ғана қиа ашық тұрған есктің, тұтқасынан ұстап тартып қалғанда мені мүлдем басқаша көрініс күтіп алған еді. Табалдырықтан аттаған кезде аң-таң болып, ақылымнан айырылып, тұрып қалдым. Пәтердің есігі ашық, үйдің іші айра-жайра болып шашылып жатыр. Қайда қарасам да шашылған киімдер, сынған заттар... «Пәтеріме ұры түскен шығар» деген оймен жатын бөлмедегі қымбат бағалы заттар қойған жерге жүгірдім. Қарасам, бәрі де тап-таза, ештеңе жоқ. Тұрмыстық-техникалық заттар да ұшты-күйлі жоғалған. Баламды құшақтаған бойы сасқалақтап тұрып қалыппын. Қайда барарымды да білмеймін. Қол-аяғым дірілдеген күйі Саматқа қоңырау шалдым, оның ұялы телефоны тілін тістеп, жауап бермеді. Баламды құшақтай жүгіріп көрші апайға келдім. Ол кісіден мән-жайды сұрап жатырмын. Оның сөзіне қарағанда үйге Самат екі-үш достарымен қайта-қайта кіріп шығып жүргенін көріпті. Одан басқа бөгде адамды байқамағанын айтып, мені сабырға шақырумен әлек. Ақыры, әрі ойланып, бері ойланып мен болған жайды айтып полицияға хабар бердім.

 

Тәртіп сақшылары Саматтың менің пәтерімнен ұрлаған бағалы алтын бұйымдарды арзан бағаға саудалап жүрген жерінен қолға түсірді. Жәбірленуші ретінде мені полиция бөлімшесіне шақырды. Көзсіз ғашық болған сүйіктіме қарап, екі көзге ерік беріп жылап тұрмын. Бар айтқаным «Сен қалайша осындай тірлікке бардың?». Оның сол бейнесіне қарап, жүрегім қан жыласа да, оны жақсы көретінімді іштей мойындадым. Сол сәтте, ол менен кешірім сұрағанда, кешірер ме, қайтер едім...

 

Құшағымдағы баламды көрсетіп, «мынау біздің қызымыз, перзентіміз үшін, қаласаң арызымды да қайтып алайын» деп те айттым. Сол кезде сүйіктім маған қарап мысқылдай күліп «Танысқан кезде саған жазған әдемі хаттарды, мен жазған жоқпын. Сол жердегі жазғыштар жазып беретін. Мен тек сенің ашықауыздығыңды, аңқаулығыңды пайдаландым. Сен арызыңды қайта алғанда, сенде дым да қалмады, тақыр кедейге айналдың. Ал, маған ондай өмір керегі жоқ» деген ауыр сөздерді айтты. Баламды құшағыма қапсыра қысып, мен сыртқа шықтым. Менің өмірлік жарым деп етегін ұстаған ерім бес жылға бас бостандығынан айрылып темір тордың арғы жағына қайта кете барды. Бостандыққа қайта шыққан кезде, осы әдетін қайта жалғастыратыны анық. «Ауру қалғанымен, қанға біткен әдет қалмас» деп бекер айтылмаған екен.

 

Адам баласы бақыт іздеу жолында түзетілуі қиын қателіктерге жол беріп жатады екен. Қылмыс жасап темір тордың ар жағынан шыққандардың көпшілігі түзеліп, қалыпты өмір сүріп кете алмайтынына көзім жетті. Себебі, олардың көпшілігі басқаша өмір сүре алмайды немесе адам қатарлы өмір сүргісі келмейтін сыңайлы. Біреуді алдап, арбап, оның тапқанына тояттап жүргеніне мәз болады. Бұл жерде менің бар кінәм – сүйіктімді танып-білмей жатып, оған сенгенім. Себебі, менің де сүйікті болғым келді, менің де біреуді сүйгім келді, оған өмірлік жарым деп сенгім келді...

 

Менің жүрегімнен шыққан сөздерімді оқып отырған құрбыларым, сіңілілерім, Сіздерге айтарым өмірлік серік таңдауда сақ болыңыздар. Мен секілді, қиялдың арбауына оранып, өміріңіздің соңына дейін өксіп өтпеңіздер...

 

 

Сарагүл, Ақтөбе

Alashainasy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста