Әкеден қалған байлыққа таласып...
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді қазекем. Әрине дана халық мұны тура мағынада айтпағаны белгілі. Әйтпесе, періштеге алтынның керек емес екенін қазекем білмеді деймісіз?! Қазақтың айтпағы - періштенің қасында пенде кім? Яғни, алтын көргенде пенденің жолдан таюы түк емес. Бүгінгі таңда оған талайымыз куә болып та жүрміз. Ақша үшін адам өлтіретін жауыздарды айтпағанда, бір ата-анадан туған адамдардың ақшаға таласып, бірін-бірі өлтіріп жатқанын көз көріп, құлақ есітіп жүр. Осындай бір оқиғаны «көпшілікке ой салар» деген ниетпен «Алаш айнасы» оқырмандарының назарына ұсынып отырмын.
2000 жылдардың басында біздің өңірге Қадір деген кісі отбасымен көшіп келді. Бірі бозбала, екіншісі кішілеу екі баласы бар болатын. Білетіндердің айтуынша, ол кісі басқа өңірден келген. Бұл жақта туған-туысы жоқ. Бидай өсірумен айналысқан отағасы соңғы жылдары жақсы табыс тауып, үлкен етіп екі қабат үй тұрғызды. Екі жүк көлігі, екі жеңіл көлігі бар. Отағасы «жағдайым жақсы» деп өзгелерге жоғарыдан қарау дегенді білмейтін. Әйелі де қарапайым кісі еді. Бірақ үлкен ұлы сотқарлау болды. Балаларының үлкені Мәскеуде оқып, сол жақта орыс қызына үйленіп қалып қойды. Кіші ұлы Астанада оқитын. Осыдан төрт жылдай бұрын Қадір мен әйелі жол апатынан қайтыс болды. Содан кейін екі баланың ортасында әкеден қалған мүлікке талас басталды. Шындығын айтқанда, ата-анасынан қалған үй мен көліктерді, жерді сатып, түскен ақшаны бөліске салса, екеуіне де жететін. Бірақ әкесі бар дүние-мүлкін кішкентай ұлына өсиет етіп қалдырған екен. «Ақша қанша көп болса да адамға аздық етеді» демекші, кіші ұлы «әкем маған өсиет етіп қалдырған, саған ештеңе де бермеймін» дейді. Сонан соң ағасы «өсиеттің күшін жойғызып, әкеден қалған дүние-мүлікті бөлісеміз» деп аға мен іні ортасында байлыққа талас басталған.
Әкеден қалған байлыққа таласқан екі ұл бар тірлігін шетке ысырып қойып, соттасуға кірісті. «Ауылдан кетіп қалсам, әкеден қалған байлықтан айырылып қалам» деп кіші ұлы оқуына да бармай қойды. Бірнеше жылдан бері қара шаңыраққа қадам баспаған үлкен ұл да Мәскеуге қайтпай жатып алды. Бір соттан кейін бір сот болды. Ауылда екі адамның басы қосылса, айтатыны сол әңгіме. Көршілерінің айтуынша екі ұл күнде кешке жаға жыртысады екен. Бір күні Қадірдің үйі өртеніп кетті. Өрт түн ортасында шыққан екен. Көршілер байқағанда өрт бүкіл үйді шарпып үлгерген деседі. Өрт сөндірушілерге де көршілер хабар беріпті. Өрт салдарынан үй ауласында тұрған екі жүк көлігі мен екі жеңіл көлік те жанып кеткен. Өрт сөндірілген соң үй ішінен адам танымастай болып күйіп кеткен екі кісінің денесі табылыпты. Тергеушілердің алдын ала болжамы бойынша, ол Қадірдің екі ұлының денесі болуы ықтимал.
Алайда сараптама қортындысы өлген адамның бірі Қадірдің баласы емес екенін анықтапты. Сол-ақ екен, ауылда түрлі, гу-гу алып қашпа әңгіме басталды. Біреулер «Қадірдің кіші ұлы қызтеке екен, сол күні үйіне өзінің көңілдесін ертіп келіп, соңынан ішімдік ішіп мас болып, темекіні өшірмей ұйықтап қалып, өрт шыққан» десті. Енді біреулер «Қадірдің үлкен ұлы інісі мен оның досын өлтіріп қылмысын жасырмақ болып үйін өртеп қашып кетіпті» десті. Соңғылардың болжамы шындыққа жақын еді. Өйткені сол күні Қадірдің үлкен ұлы жоқ болып кеткен.
Тергеу орындарында да «бұл үлкен ұлдың ісі болуы ықтимал» деген күдік туыпты. Тексере келе ол күдік шындыққа ұласты. Қадірдің үлкен ұлына іздеу жарияланды. Бұл соның ісі болса, оның Қазақстанда қалмасы анық еді. Сондықтан құқық қорғау органы Мәскеуге сұрау салыпты. Көп ұзамай-ақ Қадірдің үлкен ұлы елге жеткізілді. Алғашында жалтарғанмен, кейінен өз қылмысын мойындапты. Кейіннен сот болып, Қадірдің үлкен ұлы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейіннен белгілі болғандай, ағасы інісін өлтіруді алдын ала жоспарлаған екен. Сол күні Қадірдің үлкен ұлы інісіне «бір жеңіл көлікті маған тарту етсең болды, қалған дүние-мүлікке таласпаймын, жарасайық» деп ұсыныс жасайды. Інісінен кешірім сұрап, кешке атап өтпекке келіседі. Інісіне «жарасқанымыздың куәгері болсын» деп жақын араласатын досын да ерте келуді ескертеді. Кешке қарай, інісі мен досы ішіп масая берсін деген оймен «сендер отыра беріңде мен бір шаруаны бітіріп, сәл кешігем» деп телефон соғады. Ағасының арам пиғылынан бейхабар ініс досымен отырысты бастап кетеді. Ағасы келгенде екі дос қызып алған екен. Сонан соң ағасымен қосылып тағы ішеді. Інісі досымен бірге темекі шегуге тысқа шығып кеткен кезде ағасы олардың стакандарындағы араққа ұйықтататын дәрі қосып қояды. Тағы біраз ішкен соң інісі мен досы қатты ұйқыға кетеді. Олардың тұрмастай болып ұйықтағанына көз жеткізген ағасы үйге өрт қойып, қашып кетеді.
Сот Буденьконың үлкенін 20 жылға соттады. Кіші ұлы қайтыс болды. Әкеден қалған дүниенің түгелі күлге айналды. Кепілде тұрған болуы керек, кейіннен жерін банк алып алды. Арадан екі жылдай өткенде «Қадірдің ұлы түрмеде қайтыс болыпты» деген сөз тарады.
Байлыққа таласудың соңы ешқашан жақсылыққа апармаған. Әлемдік тарихтан байлыққа, билікке таласып ағасы інісін, баласы әкесін өлтіргені туралы талай оқығам. Бірақ, ол қазақ қоғамына жат болатын. Әйтсе де, сананы ақша билеген бүгінгі заманда сол індет қазақ қоғамына да жетті. Таяуда байлық үшін ұлын тапсырыспен өлтірмек болғаны ана жайлы естігенде жағамды ұстадым. Ал біздің естімегеніміз қанша? Өкінішке қарай, бақыттың байлықта, билікте емес екенін көпшілігіміз ескере бермейміз.