Мына өмірде кемшіліксіз жан жоқ қой. Өзіне білінбесе де, әркімнің өзіне тән кемшілігі бар. Менің де. Бірақ базбіреулер кемшілігін көрсетпейді. Ал сүйген адамның кемшілігін тіпті көрмейді екенсің. Мен де сүйген қызымның кемшілігін байқамаппын. Үйленген соң ғана білдім. Енді не істерге білмей қаршадай басым қауғадай болып жүрген жайым бар. Осы жағдайды айтып, сіздермен кеңессем деймін.
Әлия Шу қаласының тумасы. Әке-шешесі қазір де сонда тұрады. Ауқатты отбасы болса да, өте қарапайым кісілер. Әлия екі қыздың үлкені. Сондықтан да шығар, ата-анасы аса еркелетеді. Айтқанын екі етпейді. Ақшадан таршылық көрмегені көрініп тұратын. Тіпті бір-екі рет ақшам болмай қалып, кафеге бармауға сылтау іздегенімде, «біз доспыз ғой, келесі жолы менде ақша болмағанда сен төлейсің, бүгін сенде жоқ кезде мен төлейін. Онда тұрған не бар?» деп ақы төлегені бар. Мен Алматы облысынанмын. Қарапайым отбасынан шыққам. Асып бара жатқан байлығымыз да жоқ. Әйтеуір, өзімізге жетерлік.
Әлиямен университеттің соңғы курсында оқып жүргенде таныстық. Ол кісімен тез тіл табысып, тез араласып кететін, өте ақжарқын қыз еді. Екеуміз бір жылға жақын достасып жүрдік. Оқу бітірген соң үйлендік. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрып жатырмыз. Дос болып жүргенде Әлияның бойынан жеңіл мінез, жат қылық көрген емеспін. Үйленеміз деген соң жігіттік салып жақындаспақ болғанымда да ол «үйленбей тұрып ондай әрекетке бару ұят тірлік қой» деп мені сабама түсірген. Сол жағдайдан кейін оны бұрынғыдан да жақсы көріп кеткем.
Үйленген соң көп ұзамай, бірде Әлияның үстінен темекінің иісі шыққанын байқап, сұрап едім «бағана Еркін қасымда тұрғанда темекі тартып еді содан сіңіп қалған шығар» деді. Мен де одан әрі ештеңе қазбалағам жоқ. Өйткені өзім де темекі тартам. Сондықтан болар темекінің иісіне көңіл аудара бермеймін. Оған қоса үйге туысқан інілерім жиі келеді. Олар да темекі тартады. Сондықтан кейде жұмыстан келгенде үйде темекі тұқылын көрсем де, темекінің иісі шығып тұрса да бөтен ештеңе ойламайтынмын.
Әлия алғашқы баламызға аяғы ауыр болып, үйде отырған. Бір күні немере інім Еркін «Әлия темекі тарта ма?» деп сұрады. «Неге олай сұрадың?» деп қарсы сауыл қойдым. «Екі рет үйлеріңе барғанымда темекінің иісі секілді бір бөтен иісті сездім. Үйде Әлиядан басқа ешкім жоқ болатын» деді. Олай болуы мүмкін емес дегенмен, ішіме күдік ұялады. Анау бір кезде темекі иісін байқағаным жай емес екен-ау деп ойладым. «Мен жоқта үйге біреу келіп жүр ме екен» деген арам ой да қылаң берді. Баста одан да өзге неше түрлі ойлар зымырап өтті.
Арам ойдан арылу үшін екі рет жұмыс уақытында «бірдеңем қалып кетіпті» деп сылтауратып үйге бардым. Бірақ бөгде иісті де, бөтен адамды да байқамадым. Кейіннен өзімнің сол қылығымнан өзім ұялып жүрдім. Сөйтіп жүргенде бірінші баламыз дүниеге келді. Түнде Әлия балаға қайта-қайта оянатын. Мен таңертең жұмысқа ерте тұрам. Кейде шаршап баланың жылағанын да сезбей қалам. Кейде жылап қоймаса, басқа бөлмеге барып жатам. Бірде түн ортасында оянып кеттім. Әжетханаға барсам, Әлия бар екен. Ол шыққан соң кірсем темекінің иісіне ұқсайтын бір иіс шығып тұр. Келген соң сүйген болып, Әлияның аузын иіскедім. Сол иіс. «Темекі тартқансың ба?» дедім. Ондай сұрақты күтпеген болу керек, сәл тосылып «тісім ауырып басылмай қойған соң, көмегі болар ма деп сенің темекіңнен бір данасын тартып көріп едім» деді. Бірақ мен оның сөзіне сенгем жоқ. Өйткені ол менің темекімнің иісі емес еді.
Содан бастап Әлияға күдікпен қарай бастадым. Бір демалыс күні Әлия баламен тысқа шығып қыдырып кетті. Бір затты іздеп шкаф біткеннің тартпасын ақтарып жүргем. Баланың киімі салынған тартпада жатқан ораулы қағазға көзім түсті. Қарасам, үгітілген, темекіге ұқсас нәрсе екен. Неге екенін, бірден «наша емес пе?» деген ой келді. Азырағын бөліп алдым. Ондағы ойым білетін адамдарға көрсету. Көрсеткен адамдардың бір-екеуі наша екенін айтты. Наша біздің үйде қайдан жүр? Кешке жұмыстан келген соң Әлияға барын жайып салып, шынын айтуды сұрадым. Күтпеген жерден Әлия, «балалықпен мектепте оқып жүргенде наша шегіп, әлі күнге қоя алмай жүрмін» деді. Төбемнен жай түскендей болды. Қапелемде не дерге білмей қалдым.
Сол күні «енді қалай да қоям» деп сөз берді. Бірақ бәрі керісінше болды. Менің білетінімді білген соң, Әлия наша шегуді жиілетті. Кейіннен «шыдай алмай барам» деп айтып шегетін болды. Сөйтіп жүргенде үш жыл өтіпті. Әлияның өздігінен қоя алмайтынын білген соң наркологқа баруға көндірдім. Басында ұялған. Бірақ кейін «бала үшін қалай да қоюым керек» деп көнді. Наркологқа барып ем алды. Емнен кейін 4-5 ай жақсы жүрген. Бір күні көңілсіз отырғанын байқадым. Сұрап едім «шеккім келіп шыдай алмай жүрмін» деп жылады. Есі кіріп қалған қызымыз «мама жыламашы» деп көзі жәутеңдеп тұрғанын көргенде жүрегім қан жылады. Тағы да емге бардық. Бұл жолы емнің күші үш айға жетті. Үшінші рет барғанда дәрігер «енді ем қонбаса, тамырдан егуге көшуі мүмкін. Бар күш-жігерін жұмылдырып, өзі қоюға талпынсын. Сіз де психологиялық көмек беріңіз, қолдаңыз» деді.
Бірақ Әлияның күш-жігері де, менің қолдауым да көмектеспеді. Әлия ашық шегуге көшті. Бұрыннан білетін танысы үйге әкеліп беретін болды. Бұл жайдан Әлияның әке-шешесі де хабардар болды. Олардың да амалы таусылған. Мені қиналып қалмасын деп ақшалай көмек беріп тұрады. Олардың көмегінен бас тартуға менде шама жоқ. Өйткені менің тапқаным жетпейді. Қазір «тамырдан егуге көшіп кетпесе екен» деп, тек Алладан тілек тілеп жүрмін. Әлия наша шеккені болмаса, үй шаруасын қараусыз қалдырған емес. Ұрыс-керіс те жасамайды. Әркез кіріміз жуулы, тамағымыз дайын. Менің туыстарым келгенде асты-үстіне түсіп қарсы алады. Сондықтан олардың бәрі Әлияны жақсы көреді. Мен де жақсы көрем. Бірақ, соңғы кезде «болашағымыз не болар екен?» деген сауал санаға жиі оралатын болып жүр. Не істерге білмеймін. Күнде «әкешім» деп мойныма асылатын қызымды ешкімге жаутаңдатқым келмейді. Нашақорлықтан құлан-таза арылтатын дәрігер немесе емші бар ма?
Нұрхат, Алматы