Әйелім тоқал әпергісі келеді, мен қарсымын...

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Құрметті «Алаш айнасы» интерент порталының оқырман қауымы! Қолыма қалам алып өзімді біраз уақыттан бері қатты мазалап жүрген сырымды ақтарғым келіп отыр. Алаш жұртына мұңымды шағып, сіздерден ұтымды ақыл-кеңес те сұрамақпын.

Менің сыр-мұңымды оқыған адамдардің бірі түсінсе, ал екіншісі түсінбес! Жалғыз өзім отырып қалың ойға түскен кезде мені бір ой қатты мазалайды. «Осы бір жалған өмірден ұрпақсыз өтемін бе?» деп. Себебі, әйелім екеуміздің отасқанымызға он жыл болды. Бірақ, әйелім бала көтере алмайды. Өзінің денсаулығында кінәраттың барын біліп, маған «тоқал ал» деп маза бермейді. Тоқал ал дегенді естіген еркек, қайта қуанар деп ойлайтын да шығарсыздар. Мүмкін, басқа азаматтарымыз қалпағын аспанға лақтырар. Бірақ, менің болмысым оған мүлдем қарсы. Себебі, мен бір адамды сүйіп, тек сол адаммен ғана өмір сүргім келеді.
Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап баяндап берейін. Әйелім екеуміз бір ауылда тай-құлындай тебісіп өстік. Бала кезден бері қол ұстасып жүрдік. Балалық махаббатымыз өсе келе, шынайы сүйіспеншілікке ұласты. Әйелім менен екі жас кіші. Мектеп қабырғасында қол ұстасып жүргенімізді көріп «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» деп бізге тамсана әрі қызыға қарайтын. Әйелім мектеп қабырғасын бітірген күні-ақ мен оны алып қашып кеттім.
Себебі, әйеліме сырт көзбен қараған жігіттердің көбісі ғашық болатын. Қасы-көзі қиылған, қою қара шашы тізесіне түсетін. Ұзын бойлы, қыпша белді, ашаң ғана қыз болатын. Өзіне киген киімі де жарасымды еді. Көрші ауылдың жігіттері қызымды алып қашып кетер деген қорқыныш сезімі маза бермейтін.
Сүйіктімді үйге алып келгенде менің қуанғанымды көрсеңіз. Бақыттан басым айналғандай болды. Мен әйелімді өліп-өшіп сүйдім. Әлі күнге дейін сүйемін. Шынымды айтсам әйелімсіз бір күнді де елестете алмаймын. Қазірдің өзінде мен сүйіктімсіз өмір сүре алмайтынымды сеземін. Екеуміз бір адам секілдіміз.
Менің әйелімнің мінезі де адамға жайлы. Ата-анам да келіндерінің инабаттылығына разы. Үйге келген қонақты әрдайым күліп қарсы алады. Мен қанша ашуланып қатты дауыс көтерсем де үнсіз тыңдап отырады. Ашуым басылған кезде менің дұрыс емес ісімді айтып, жайлап қана әнгімеге тартады.
Екеуміздің отасқан осы он жылдың ішінде мен оған қол көтеріп көрмеппін. Я болмаса әйелім төркіне кетіп те қалған емес. Екеуміз қол ұстасып қос аққудай өмір кешіп келеміз. Айналымыздағы жақындарымыз, көршілеріміздің бәрі де бізге қызыға қарайды. Кейбір інілерім келіп менен ұрыс-керіссіз бақытты өмір сүрудің жолын да сұрайтын кездері болады.
Алла Тағала бақытты бір жағынан береді. Ал, екінші тұсынан бір қиындық береді екен. Сол қиындық бізді қатты мазалайды.
Отасқанымызға он жыл болса да бір нәрестелі бола алмай жүрміз. Жас сәбидің иісін аңсаймыз. Бауырымызға бала басып, ел қатарлы өмір сүргіміз келеді. Бар кінәраттың өзінен екенін білген әйелім маған «екінші әйел ал» деп күнде айтады.
Бірақ, мен екінші әйел алғым келмейді. Себебі, әйелім менің болашағымды ойлап осындай шешімге барып отыр. Менің ұрпақсыз қалғанымды қаламайтынын да білемін. Мен әйелімнен басқа жанды құшып сүйгенімді көз алдыма елестете де алмаймын. Әйелім екеуміз махаббат ләззатына да қанықпыз.
Әйелімнің сыртқа шығып кеткенін пайдаланып ата-анам да «екінші әйел ал, артыңда ұрпақ қалсын. Ұрпақсыз қу бас болып қалай өтпексің. Өзіңнің туған балаң қартайғаныңда аузыңа су тамызады ғой» деген ақылдарын айтып маза бермейді.
Бұл сөздерді естіп ойым сан-саққа жүгіреді. Қандай шешім қабылдарымды білмей дал боламын. Әйеліміз екеуміздің үйленгенімізге бес жыл болғанда ата-анам ырымдап інімнің жеті айлық қызын біздің бауырымызға салып берді. Қазір қызымыз бестен асты. Тілі енді бір тәтті. Әйеліміз екеуміз де қызымызға қатты бауыр басып қалдық. Бірақ, құжат бойынша ол біздің қызымыз емес.
Ертең өсіп бой жеткен кезде бар шындықты білсе, бізді тастап өзінің әке-шешісіне кетіп қалама деп те қорқамыз. Мүмкін әйелімді де осы ойлар мазалайтын болар. Сол себепті де өзінің үстінен екінші әйел алуға келісіп отырған шығар.
Бала кезден бір-бірімізді сүйіп өліп-өштік. Бір-бірімізге «қандай қиындық болса да тастамаймыз» деп серт те бердік. Енді басыма мынандай қиындық түсті деп әйелімді қалай тастап кетпекпін. «Әйелім маған тоқал алуыға рұқсат берді» деп, дереу біреуді үйге сүйреп алып келсем, ол қандай күйде болады? Сырт көзге білдірмегенімен де іштей қан жылайтыны анық.
Егер ұрпақ өрбітуге мен жарамсыз болсам әйелім мені еш уақытта тастамас еді. Екінші күйеуге де шықпасы белгілі. Менің көңілімді аулап қасымнан бір елі шықпас еді. Осындай қадамға баратын әйелімді мен қалай басқа адамға алмастырамын?...
Керек десеңіз әңгіме үстінде әйелім «егер екінші әйел алмайтын болсаң, маған білдірмей біреумен жүріп сәбилі бол. Мен оған да қарсы емеспін» деп те айтады. Неге екені белгісіз осы жарты жылдың ішінде әйелім маған бала туып беретін әйел іздеп әлек болып жүр.
Елдің әйелдері ортада бала болмаса да екінші әйел алуға қарсы болып шыр-пыр болады. Ал, менің әйелім біресе өзінің жақын құрбысын, алыс туыстарының жақсы деген қыздарын таныстыруда. Бәріміз бірге шай ішіп әңгімелесіп отырамыз, ал қонақтар кеткеннен кейін мұңды жүзімен маған қарап «таңдадың ба?» деп сұрайды.
Мүмкін бұл да біздің басымызға салған тағдырдың сыны болар. Бұл сынақтан шығудың жолы тек «екінші әйел алу» деп қана білеміз. Мүмкін оны шешудің басқа да жолы бар шығар. Ал, біз оны таба алмай жүрген де болармыз. Осы мәселе бойынша мешітке де бардым. Имаммен де сөйлестім. «Әйелің бала көтере алмайтын болса, шариғатта екінші әйел алуға рұқсат берілген» деп айтты. Екінші әйел алсам шариғатқа қайшы келмейтінімді де түсіндім.
Осы он жылдың ішінде әйеліміз екеуміздің қаралмаған дәрігеріміз қалмады. Әулие-әнбиелерді де араладық. Жасанды жолмен ұрықтандыру орталығына да бардық. Екі рет қаралдық, емделдік. Бірақ, ол әрекетімізден ешқандай нәтиже шықпады.
Сөйтіп, міне бір балаға зар болып жүргенімізге он жылдың жүзі болды. Жас сәби иіскегіміз келеді. «Мынау менің ұлым» деп басымды көтеріп, мақтан тұтуды да армандаймын. Отбасымның шырағын жалғастыратын ұрпақ қалдыруды аңсаймын. Артымнан ерген ұрпағымды соңымнан ертіп жүргім келеді. Жолдастарым секілді білгенімді балама үйретсем деп ойлаймын. Бірақ, басқа әйелден емес, өзімнің отасқан сүйіктімнен туылғанын қалаймын.
Жолдастарым да «екінші әйел ала салмайсың ба?» деп кездескен сайын айтып, миымды жеп жүр. Тоқал алу оңай. Көңіліңе ұнаған бір шүйкебасты үйге ертіп келе салу да қиын емес. Ал, оны түсіргеннен кейінгі өмірді ойласам, төбе шашым тік тұрады. Тоқалым әйеліме «сен бала тумадың» деп күнде күндеп отырса қайтемін? Сонда екі әйелдің ортасында арылмас дауға қалмаймын ба?!
Екі әйелге бөлек отау тігіп беруді менің жағдайым көтермейді. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, әйеліме «тоқал алуға мүлдем қарсымын» деп кесіп те айттым. Бірақ, ол болса «саған ұрпақ керек» деп бой бермейді. Әйелім «қандай қиындық болса да шыдаймын. Сенің үйіңнен менің тек өлігім ғана шығады. Мен ешқайда кетпеймін. Сенің тоқалыңмен бірге тұрамын. Сендердің балаларыңды қараймын» деп айтып қоймайды.
Ал, мен әйелімнен өзге қызға тағы да үйленгім келмейді. Тағдырдың салған сынағына төтеп бергім келеді. Балалар үйінен жаңа туылған сәби алуды да ұсындым. Бірақ, әйелім «ол сенің қаның емес, туғаның емес» деп тағы айтады.
Менің өзім болмашы нәрсені сылтауратып тоқал алғанды жақтамаймын. Сүйіп қосылған жарыңмен бірге өмірдің қуанышын да, қиындығын да бірге бөліскенге не жетсін.
Алты айдан бері шақшадай басым, шарадай болды. Кімнің сөзіне құлақ асарымды білмей дал болып жүрген жайым бар. Баласыз өмір сүріп жүрген ерлі-зайыптылар да жетерлік. Бірақ, олар да өздерінше бақытты өмір сүріп жүр. Тоқал алып бір мәселемді шешемін деп, айықпас дауға қаламын ба деп те қорқамын. Ойым сан-саққа жүгіреді. Алаш қауымы басыма түскен осы бір қиындықтан қалай шығамын? Маған ақыл-кеңес беріңіздерші...

Бейсен, Тараз

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста