Әйел қандай жағдайда ажырасуға себепкер болады?-2

Мақаламыздың алғашқы бөлімінде ажырасу жағдайына еркектің тарапынан болатын себептерді саралап, ер азамат ақыретте Алла алдында жауап беретін жағдайларды барынша анықтауға тырыстық. Екінші бөлімде ислам ғұламаларының еңбектеріне сүйене отырып, әйел затына қатысты келеңсіздіктерді топтастырмақпыз.

Екінші: әйел тарапынан болатын себептер

1. Еркектің хақысын бермеуі

Немесе әйелдің білімсіздігі, менсінбеушілігі, сондай-ақ, Алла Тағаланың бұйрығын орындаудан бас тартуы – ажырасуға себеп бола алады. Жақсы жұбай – жарым бақыт. Әйел – отбасының берекесі. Халқымыз: «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» демей ме? Ал әйел қалай берекеге айналады? Ол ең алдымен Алланың алдындағы, екінші ерінің алдындағы хақысын терең түсінуі керек. Әйел үшін күйеуінің разылығы – Алланың разылығы. Құдіреті шексіз Алла Тағала Құранда: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар», -дейді («Рум» сүресі, 21-ші аят). Яғни, әйел – тек бір Аллаға құлшылық ету және ерінің тыныштық табуы үшін жаралды. Осы екі міндетті атқарып өткен әйел – екі дүниеде де бақытты. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Егер біреуге сәжде жасауға рұқсат берілсе, әйелге еріне сәжде жасауға бұйырар едім» деген (Тирмизи). Айша анамыз (Алла разы болсын) соңынан ерген мұсылман сіңлілеріне күйеулеріңнің алдындағы міндеттеріңді білсеңдер, оның аяғындағы шаңды беттеріңмен сүртер едіңдер деп өсиет қалдырды. Еркектің хақысының қатарына: әйелдің бағынуы, айтқанын тыңдауы, жарының алдында әдеміленуі, ашуын шақырмауы, ерлі-зайыптылық міндеттерін орындауы, күйеуінің мүлкін, үйін сақтауы, құпияларын жария етпеуі, қолдау білдіріп отыруы. Иә, иманның жартысына айналу тым оңай шаруа деп айта алмаспыз, дегенмен, жәннат арзан емес. Тобықтай сөздің түйіні, хақысын бермеген әйел – ақыретте жауап береді.

2. Иман әлсіздігі

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелге төрт артықшылығына қарап үйленеді: байлығы, тегі, сұлулығы және тақуалығы. Сен үшін абзалы, діндарлысы, тақуасы» деген. (Бұхари). Бұл тегін емес. Себебі, Алла разылығын іздеуші еркек пен көңіл құмарлығына бой алдыратын әйел бір шаңырақты қалай көтермек? Бұл – сырты жылтыраған шоколад пен табиғи жолмен алынған құрт (сүт өнімі) секілді. Екеуі теңесе ала ма? Керісінше, әйел ерінің құлшылығынан үлгі алып, барынша Аллаға жақындауға тырысқаны жөн. Себебі, бақыттың кілті – исламда, жүректің тыныштығы – Алланы еске алуда. Алла Тағала: «Менің басшылығыма (тура жолыма) ерсе, онда ол адаспайды әрі бақытсыз болмайды» дейді. («Та Һа» сүресі, 123-аят). Еркек те мұндай жағдайда әйелге көркем уағыз айтады. Әйел оң жауап бермесе, ақыретте сұралады.

3. Күйеуіне бала-шағасына шағым айту, кінәлау, күйеуі шаршау үстінде, ашулы кезде сөз таластыру

Нәтижесінде еректің көңілі суып, талақ беруге дейін барады. Мұндай келеңсіз әрекетке барған әйелдің де өзіндік себептері болуы мүмкін. Алайда, ашуды сөндіре білген – өзі және өзге үшін қайырлы. Күйеуіңіз ашуланғанда, отқа май құймаңыз. Мәселен, бокс алаңында міндетті түрде екі боксшы болады. Бір қатысушы жоқ болса, бокс жоқ. Яғни, сіз өзіңізді тыйсаңыз, оның ашуы да оңай басылады. Ашуыңыз келіп тұрса, азғырылған шайттаннан Аллаға сыйыныңыз, отырыңыз немесе жатыңыз, тіпті болмаса, дәрет алыңыз. Жарыңызға да осыны еске салыңыз. Мұндай сәтте үйде барынша тыныштық сақтауға тырысып бағу керек.

4. Әйелдің күйеуіне бағынбауы және нашар мінез-құлқы

Бұл – арадағы махаббатты сөндіреді және ерінің қашқақтауына себеп болады. Өмірлік жарды таңдауда дұрыс сенім мен мінез-құлық та ескеріледі. Себебі, шайтан жәннаттан Аллаға деген сенімінің жоқтығынан емес, нашар мінез-құлқы, тәкаппарлығы себебінен қуылды. Мінез-құлық – діннің жартысы. Жарты болған нәрсе іске жарай ма? Барлық нәрсені Білуші Алла Тағала осы жағдайда ерлі-зайыптылық қарым-қатынасты сақтап қалудың жолын да көрсетеді: «Ал өздерің бағынбауынан қорыққан әйелдеріңе насихат айтыңдар, оларды төсектерінде (бір уақыт) тастап қойыңдар және оларды (батырмай) ұрыңдар, ал егер бағынса, оларға қарсы жол іздемеңдер». («Ниса» сүресі, 34-аят). Бұл Алланың бұйрығы болғандықтан ер кісі талаққа асықпай, келтірілген әдісті пайдалануы тиіс. Бірінші көркем уағыз, келелі насихат, нәтиже болмаса, төсек хақысын бермеу, одан нәтиже шықпаса, қатыгездіксіз, күшсіз қол көтеруге рұқсат беріледі. Мұның мақсаты – азаптау емес, тәрбиелеу. Бәлкім, Алла Тағала осы арқылы әйелді тура жолға бастар. Әйел өз мінез-құлқын түзеу үшін барын салу керек, олай болмаған жағдайда, ажырасуға себепкер болғаны үшін Қияметте Алла алдында жауап береді.

5. Күйеуін жақсы көрмеуі

Жеккөрініш сезімі ушығып, әйел ерімен бір шаңырақ астында лайықты өмір сүре алмайтын жағдайға жеткенде, ажырасуды мүлікпен өтей алады. Ұмытпаңыз! Әйел неке әрмен қарай сақтала берсе, Алла Тағаланың ашуына ұшыраймын деп қорықса ғана бұл жағдай рұқсат беріледі. Себебі, бұл Құранда көрсетілген: «Ал, егер екеуің Алланың тыйымдарын (бір-біріне қатысты міндеттерін) орындай алмауынан қорықсаңдар, (әйелдің мәһрді) қайтарып беруінде екеуіне де күнә жоқ». («Бақара» сүресі, 229-аят). Ибн Аббас жеткізеді: «Сәбит ибн Кайстың әйелді Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мен иманына, Сәбиттің мінез-құлқына да шағым айта алмаймын. Алайда, бұдан артық шыдай алмаймын» деген. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен оған бақшасын қайтарып бересің бе?» деді. Әйел «Иә» деп жауап берді. (Бұхари). Бақша – мәһрге берілген болатын.

6. Себепсіз талақ сұрау

Бұл жағдай шектен тыс ашуға берілу кезінде, аздаған қырсықтық үшін, сондай-ақ, өсек-аяңдарға еруден болып жатады. Немесе күйеуінің өзге әйелге үйлене тұрып, бұл әйелдің де хақысын беруін де тоқтатпауы кезінде де орын алады. Алайда, аталған жағдайлар талақ сұрауға себеп бола алмайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер қандайда бір ә йел күйеуінен ешбір себепсіз (маңызды қиындықтарсыз) талақ сұраса, жәннаттың иісі оған харам болады» деген болатын. (Тирмизи). Мұндайда әйел кісі Алладан қорқып, күйеуімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға талпынса игі. Өсек-аяң, шайтанның уәсуасы – оның жауы. Себебі, нәтижесі өзіне, күйеуіне, балаларына зиян келтіруге алып келеді. Бұл Пайғамбардың: «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіру деген жоқ нәрсе» деген сөзіне қарама-қайшы келіп тұр. (Хакім). Әйтпегенде, әйел Қияметте сұралатын болады.

6. Күйеуінен басқа әйелімен ажырасуын өтінуі

Алайда, еркек мұндай өтінішке жауап бере алмайды. Себебі, бұл сұрау – күнә мен дұшпандыққа жол ашады. Алла Тағала айтады: «Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта (Алланың жазасынан қорқып, сақтануда) көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта көмектеспеңдер». («Мәида» сүресі, 2-аят). Сондай-ақ, насихат ретінде айтылатын мынадай хадистер бар: «Әйел барынан айыру үшін мұсылман бауыры (қыз баласына қатысты) үшін талақ сұрамасын», «Әйелге барынан айыру үшін мұсыман бауыры үшін талақ сұрауға тыйым салынады, оған тағдырына жазылған нәрсе тиесілі». (Бұхари). Қара көз қыздарымыз Алла алдында ауыр сұрауы бар мәселелерде абай болғаны дұрыс.

7. Әйелдің созылмалы ауруы немесе бала көтере алмауы

Мұндайда еркек талақ сұраса, әйел келіседі. Дегенмен, адалдығы, құрметі үшін еркек оны өз қамқорлығында қалдырғаны дұрыс. Өзге әйелге үйленуге де кедергі жоқ. Бала көтере алмау жағдайына келсек, бұған еркектің де қатысы болуы мүмкін. Мұндайда шаңырақты сақтап қалудың барлық мүмкіндіктерін қарастырған абзал. Шешім талаққа келіп тірелсе, ер адам жарына қайырымдылық жасап, өз қамқорлығына алғаны екі тарап үшін де қайырлы болмақ. «Алла жақсылықты ықыласпен істеушілердің ақысын зая кетірмейді». («Йусуф» сүресі, 90-аят).

8. Әйел бойында сабырлық, қарапайымдылық қасиеттерінің жоқтығы

Еркек қиын жағдайға тап болғанда, материалдық қажеттіліктерін талап етуі де жарының ашуын шақырып, талақ беруіне апарып соқтырады. Дана қазақ: «Қанағат қарын тойғызар» деп қалай тамаша айтқан! Қанағат қашан да қайырлы. Әйтпесе «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп,
құлағынан айырылыптының» кебін киіп қалуымыз ғажап емес. Алланың берген нығметіне шүкір ете білу – әсіресе әйел адамға аса қажет. Сүйінбай атамыздың мына сөзін де естен шығармайық: «Қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң, Болады барда - арманда, жоқ та – арманда».

Ілгері буынның ізгілер кедейлікті тақуалықтың белгісі деп қуана қарсы алса, байлықтың, ысырапшылдықтың есебінен қорқып, қашқан екен. Алла Тағала да: «Ал, бұл өмір – бар болғаны алдамшы рақаттың (өткінші пайдаланудың) ғана нәрсесі» демей ме? («Әли Имран» сүресі, 185-аят). Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Байларға аз барыңдар, Алладан артық ризық сұрамауларыңа жақын» дейді. (Хакім). Дүниеде өзіңнен төменге, дінде, құлшылықта өзіңнен жоғарыға қарауда үлкен даналық жатыр.

Әрбір қыз баласының иманды, тақуа жігітті іздейтіні анық. Алайда, неке қиылып, арзан, қолайлы жағдай қарастырылмаған пәтерге келгенде – іздегені басқа нәрсе екенін түсініп жатады. Осы сәтте өз тақуалығына үңіліп көрген салиқалы әйел Алламен қарым-қатынасын барынша жақсартуға тырысады. Себебі, тақуалық – қымбат автокөлік пен зәулім үй емес, Алланың бергеніне қанағат ету, байлыққа немқұрайлы болу. Тақуалықтың ар жағында сіздің кір жуудан ойылған қолдарыңыз, сыпырғышпен үй жинаудан шаршаған күндеріңіз жатуы мүмкін. Оның қатарына етсіз кешкі ас, етсіз таңғы ас, етсіз түскі ас та кіреді. Тіпті, етсіз апталар... Тақуа еркек – Алланың сүйіктісі. Бұл оның міндетті түрде сыналатындығынан хабар береді. Осы кезде оның жанынан табылсаңыз, ол сізге разы болса – бұл сіздің тақуалығыңыз. Тақуалықтың соңғы аялдамасы жәннат емес пе?

P.S: Бұл мақаланы жазған қолға да, сөйлеген ауызға да оңай, себебі, тілде сүйек жоқ. Дәл солай, оқыған көз бен естіген құлаққа да оңай. Алайда, жақсы білімге амал жасау – қашанда қиын. Егер бұл мақаланы жазсам, сізді мұны білмейді, менің амалым түгел деген ойым емес. Бұл – бар болғаны ақыл иелеріне ескерту. Өзіме де, өзгеге де сабақ болсын деген ниет. Алла Тағала бізді және сіздерді жақсы білімге дұрыс амал жасауымызды нәсіп етсін!

sadaka.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста