Айдар Абуов, ҚР Дін істері жөніндегі агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры:
– Сауапты іс – әр адамның парызы. Сол сауапты істерді жасауға ынталанып тұратын сананы қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан арнайы жұмыстар атқарылуы тиіс. Өз тарапымыздан да әр адамға жасалған сауапты істі қағидат деп түсінсек, ұрпақты, жалпы адамзатты дініне, нәсіліне қарамай, осы бағытта тәрбиелесек, бейбіт қоғам орнатқан болар едік. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ ұлты – атам заманнан өзгелерге қол ұшын созуға бейім халық. Мың жылдық тарихы бар мұсылман діні де тек адамзатқа жақсылық жасауды насихаттайды. Яғни осындай қанымызға сіңген менталитетіміз бар. Ол менталитетті сақтап қалған азаматтарымыз жетерлік. Сол азаматтарымызды үлгі етіп, жақсылыққа бейім бабаларымыздың дәстүрін жаңғыртуымыз, насихаттауымыз керек. Оны Рамазан айында кең ауқымда жүзеге асыруға болады. Яғни «оразадағы сауапты іс – пітір садақасы» деген қасаң түсініктен арылып, «әр бала – өз ата-анасына, әр ата-ана балаларына, бауырларына, туыстарына көмектесуі, күнделікті кемі бір сауапты іс жасап тұруы керек» деген сана қалыптастырсақ, одан біз ұтпасақ, ұтыла қоймаймыз деп ойлаймын.
Оңғар қажы Өмірбек, «Иман» журналының бас редакторы:
– Рамазан – қасиетті ай. Қазақта «балапанды күзде сана» деген сөз бар. Берекелі Рамазан айы дәл сол мәтелдегі сияқты, мұсылманға сауапты молынан жинауына мүмкіндік береді. Біз алдымен осыны түсініп, оразаны жүрекпен қабылдауымыз қажет. Өйткені бұл айда жасаған әрбір сауапты ісіміз бүкіл тағдырымызға әсер етуі де мүмкін. Ораза – бес парыздың біреуі. Сол себепті де, Рамазан айында ауыз бекітудің барлық шарттарын орындасақ, сіз айтып отырған сауапты істерге ұмтылатын сана өздігінен қалыптасар еді. Мәселен, ораза тек тамақтан тыйылу деген сөз емес. Көз, ауыз, құлақ, қолмен де ораза ұстап, жамандықтан қашасыз. Харам көріністерге қарамау, артық сөйлемеу, жаман істер жасамау арқылы да сауапты іс жасауға болады. Демек, жақсылық жасауға құштар сана иманмен ғана қалыптасады деген сөз. Иманды адам аяғымен жаман жерді баспауға, құлағымен ғайбат сөзді естімеуге, қолымен жаман іс істемеуге тырысады. Арамызда мұндай адамдар қатары көбейсе, нағыз тақуалыққа, жақсылыққа ынталылар саны артып, барлық адам сауапты іс жасауға ұмтылар еді.
Бауыржан Карипов, журналист:
– Тек рамазан айында емес, жалпы, рух тасушы жанның барлығының өмірлік миссиясы – сауапты, ізгі амалды істеу. Ал Рамазан айы – адам үшін берілген үлкен бір мүмкіндік. Пайғамбарымыз «Режеп – Алланың, Шағбан – менің, Рамазан – үмбетімнің айы» деген хадисі бар. Бұл айда адамның қайта бір екпін алып, ізгі сауапты істеу керектігі есіне түседі. Былайша айтқанда, иманы жаңарады. Егер адам баласы өзінің ең әуелгі өмірлік миссиясын анықтап алмаса немесе жете түсінбесе, бір айдың ішінде «сауапты істерге ұмтылатын сананың қалыптасатынына» күмәнім бар. Сол үшін де адам баласы ең алдымен «рамазанның ақыреттік сауданың берекелі базары» екендігін жадында сақтауы керек. Адам оразаны бір Алланың ризалығы үшін ұстауы тиіс. Бұлай ниет ету үшін де рухани тереңдік қажет. Өйткені әртүрлі мақсатта ораза ұстайтын адамдар болады. Оны көзіміз көріп жүр. Ондай адамдардың рамазан айында сауапты амал жасайтынына, асығатынына ешкім жүз пайыз кепілдік бере алмайды.