Жоғары оқу орындарына түсуде қазақ және орыс бөлімдерінің мемлекеттік білім грантын иелену балын теңестіру қажет пе?
ЖОО-ға бөлінген мемлекеттік гранттың иегерлері анықталды. Ресми деректерге сүйенсек, 30 758 жасөспірім мемлекеттік білім грантына ие болды. Олардың 21 064-і – қазақ, 9 694-і орыс бөлімдерінде оқымақ. Санға қарасаңыз, бәрі қалыпты. Бірақ 60 ұпай жинаған орыс бөлімі талапкерінің бағы жанып, 70 ұпаймен қазақ бөлімге түсе алмай қалғандар жетерлік. Бұл жайтқа алаңдаған оқырмандарымыз «Жоғары оқу орындарына түсуде қазақ және орыс бөлімдерінің мемлекеттік білім грантын иелену балын теңестіру қажет пе?» деген сауалды бізге жолдаған еді. Біз мамандарға иек артуды жөн санадық.
Өмірбек Айтуғанұлы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:
иә
– Жоғары оқу орындарына түсуде қазақ және орыс бөлімдерінің мемлекеттік білім грантын иелену балын теңестіру қажет деп ойлаймын. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін гранттар тілдік жағынан бөлінгенде көптеген әділетсіздікке тап боламыз. Мысалы, қазақ тобына тапсырушыларға гранттар саны аз болғандықтан, ондағы грантты иелену балы жоғарылайды. Ал орыс бөліміне оқуға ниеттенетіндердің саны аз һәм бөлінген орын көп болғандықтан, оларға мемлекеттік грантты алу анағұрлым оңай болып тұр. Мәселен, қазақ тобына бәсекеге түскен бала 70 балмен оқуға түсе алмаса, орыс тобындағылар 70-ке жетпесе де, мемлекеттік грантты иеленіп кетеді. Біздің білім беру жүйеміз, тұрып жатқан мемлекетіміз, азаматтық құқықтарымыз бір. ҚР Ата Заңының 14-бабында ҚР азаматтарының бәрі тең, ҚР білім беру стандарты барлығына бірдей екені жазылған.
Ендеше, білімі жоғары түлек неліктен өзінен төмен балл жинаған талапкерге жол беруі керек? Тағы бір мысал келтірейін. Білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа өтініш берушілердің саны – 68 742, оның ішінде қазақ тілінде оқыту бөліміне – 51 706, орыс тілінде оқыту бөліміне – 17 036 түлек тапсырып отыр. Қазақ тобына тапсырушылардың саны жалпы тапсырушылардың санының 75 пайызын құрады. Осы сандардан-ақ бұл мәселеге жете назар аудармаса болмайтынын түсінесіз.
Осы мәселе жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы бар. Ол қаулыда білім беру гранттарының саны мен шығыны көрсетілген. Осы қаулы негізінде ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 03 маусымдағы №216 бұйрығы шыққан. Сол бұйрықта білім беру гранттары оқу тілі, яғни қазақ және орыс тілдері бойынша бөлінеді. Бүгінгі қалыптасқан жағдайға қарап, қазақ тілінде оқығысы келетіндердің саны көп екенін байқайсыз. Оның себебін демография заңдылығы бойынша қазақтардың көбеюінен де іздеуге болады. Сондықтан да бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншіден, білім гранты бөлінген кезде мемлекеттік ауқымда оқуға тапсырғандардың санын анықтап, пайыздық өлшеммен гранттарды негіздеу қажет. Мысалы, бір мамандыққа тапсырған қазақ тілділердің саны 80 пайызды құраса, білім гранты да сол көлемге цифрлық жағынан сәйкестендірілуі керек. Яғни қазақ тіліне бөлінетін гранттар санын тағы да көбейте түскеніміз жөн. Сонда сіздер айтып отырған балдық айырмашылық болмайды. Бұл мәселені шешудің екінші жолы – грантты тілдік бөлінуге салуды алып тастау. Мемлекетімізде барлық азаматтарға бірдей жағдай жасалған, бірдей құқық берілген. Осы негізге сүйеніп, тілдік тұрғыда грант бөлуді алып тастасақ, барлық талапкер ортақ бәсекеге түсер еді. Яғни бүгінгідей алалау болмайды. Оқушылардың білімі дұрыс сараланып, табиғи бәсекелестік белең алады. Әйтпесе талапкер өзінен төмен балл жинаған баланың оқуға түскенін көрсе, ол баланың психологиясын бұзып аламыз. Ол талапкер қазақ тілінде оқығаны, сол тілді таңдағаны үшін кінәлі емес. Бұл жай екі тілге де жетік балалардың ынтасын орыс тіліне аударып жіберуі де мүмкін. Олар бәсекелестік төмен болғандықтан, тиімділікті ойлап орыс тобына тапсыруы белең алса, мемлекеттік тілге қауіп төнеді. Бұл жағын да тереңірек ойлануымыз керек.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
жоқ
– Білім беру саласындағы мұндай кішігірім мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Талапкердің білімін орыстілді немесе қазақтілді деп бөліп қарастырғанымыз дұрыс емес. Бар мәселе «Балаларымыздың басында білім бар ма, жоқ па?» деген сұраққа келіп тірелгені жөн. Сондықтан мұндай мәселені саясиландырмай шешудің жолын қарастыруға тиіспіз. Мысалы, біріншіден, ЖОО-ның грантына тек білімділер ғана түседі. Екіншіден, білімі жоғары студент өзінің білімділігін қалай да көрсетпей қоймайды. Үшіншіден, қазір білім гранттарының 30 пайызын ауылдағы жастарға бөліп отырмыз. Мұның себебін халқымыздың басым бөлігі ауылда тұратындығымен түсіндіреміз. Мүгедек балаларға арналған квоталарымыз бар. Дәл осындай мәселелер бар кезде тілдік тұрғыда бөлінген гранттарды кішігірім айырмашылыққа бола алып тастасақ не болады?
Ертең тағы біреулер төмен балл жинаған ауылдық оқуға балалар неге түседі демесіне кім кепіл? Қазір «шеттен келген оралмандарға грант тағайындайық» деген секілді пікірлер айтыла бастады. Оған қандай негіз бар екенін айта аласыз ба? Қазір елімізде білімсіз адам жоқ. Сондықтан елге, Отанға еңбек етемін деген жеткіншек орысша оқыса да, қазақша оқыса да Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сол үшін де білім мәселесі сөз болғанда, ең алдымен, білім сапасын алдыға шығарайық. Мәселен, былтыр қызым Еуразиялық университетке ақылы бөлімге оқуға түсті. Тура қызым жинаған балдан төмен жинаған ауылдық балалар грантқа қабылданды. Бір жыл оқыған соң, өз білімін дәлелдеп, босаған бір грантқа ие болды. Мен басынан-ақ бұл жайға өкінген жоқпын. Керісінше, қызыма: «Сенің білімің жоғары болғанымен, грантта ауылдан келген балалар оқуы керек. Өйткені олардың ақылы оқуға жағдайы келмеуі мүмкін» деп бәрін түсіндірдім. Бізге де осындай түсіндіру жұмыстарын жиірек жүргізгеніміз жөн. Меніңше, сіздер айтып отырған орыс бөлімдері мен қазақ бөлімдері арасындағы мәселе де осындай жағдайдан туындап отыр. Бұл мәселе бір-ақ күнде емес, бірте-бірте өздігінен шешіледі. Сондықтан да бір ғана фактіні алдыға шығарып байбалам салмағанымыз жөн. Біздің мемлекеттің халқы біркелкі емес. Егер де елімізде тек қана қазақ ұлтының өкілдері тұрса, мұндай мәселені көтеруге болар еді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Түйін
Биылғы ҰБТ қазақ тілді мектептердегі білім сапасының жоғары екенін тағы да дәлелдеп берді. Бұл еліміздің әр азаматын қуантуы тиіс. Десек те, бір білім бұлағынан сусындаған бір мемлекеттің балалаларының білім таразысы неге әртүрлі тартылады? Неге білімі жоғары бола тұра қазақтілді жасөспірімнің сағы сынып, басқаның бағы жанады? Ендігі қойылар сауал – осы. Сіз не дейсіз?