Бүгінде қоғамда жер-су атауларын өзгертуге қатысты талас-тартыс тудыратын жайттар көп. Осы орайда Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров мырза жер-су атауларын өзгерту құзырын жергілікті биліктен алып, бір орталыққа беретін заң керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Әзірге маман пікірін даттаушылар да, жақтаушылар да жетерлік. Бірі «жер-су атауларын өзгерту мәселесі бір орталық пен заңға ғана қатысты емес» десе, енді бірі «атауларды өзгерту мәселесі тек қана заңды қажет етіп тұр» деген ұстанымда. Тақырыпқа орай мамандар пікірін ортаға салып көрген едік...
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Иә, жер-су атауларын өзгерту құзырын жергілікті биліктен алып, бір орталыққа беретін заң міндетті түрде керек. Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймын. Аталмыш мәселе бүгінгі таңда өзекті болса да, жергілікті әкімдіктердің құзырына беріп қойғаннан кейін жер-су атауларын өзгерту мәселесі жетімсіреп қалды. Тіпті жер-су атауларын өзгерту мәселесі бүгінде күн өткен сайын күрделеніп барады.
Заңсыз-ақ мәселе шешілетін болса, осыған дейін шешілер еді. Тәуелсіздік алғанымызға 20 шақты жыл өтсе де, әлі күнге дейін атауы қазақыланбаған жер-су, көше атаулары өте көп. Жер-су атауларын қазақыландыруға жергілікті биліктің құзыреті жетпей отыр.
Сондықтан тез арада жер-су атауларын өзгерту құзырын жергілікті биліктен алып, бір орталықтың қарамағына беру керек.
Және осы орталықтың жұмысын бақылайтын арнайы заң қабылдануы қажет.
Жергілікті билік өкілдері жер-су атауларын өзгертетін уақыт жеткенін түсінсе де әркімге бір жалтақтап, мәселені шеше алмай отыр. Осы орайда бізге заң қабылдап, орталықтың көмегіне сүйенетін кез жетті. Жер-су атауларын өзгерту ұлтымыздың тарихына тікелей қатысты нәрсе болғаннан кейін жергілікті биліктің ғана қарамағына беріп қоя салу аздық етеді. Тіпті керек десеңіз, бүгінде жергілікті әкімдіктердің құрамында жер-су атауларын өзгертуге қатысты жұмыс істейтін маман да жоқ секілді. Өйткені бұл мәселе әрқашан жергілікті биліктің назарынан тыс қалып келеді. Рас, жергілікті биліктің қарамағынан ономастикалық комиссия құрылған. Алайда олардың басы жылына бір-екі рет әзер қосылады деп естиміз. Яғни жер-су атауларын өзгертумен жүйелі түрде ешқандай мекеме айналысып жатқан жоқ. Сондықтан тез арада жер-су атауларын өзгертіп, өткеніміз бен бүгінімізді саралап, тұлғаларымызды, тарихымызды әспеттегіміз келсе, арнайы заң қабылдап, орталық құрып мәселеге назар аударатын кез жетті. Өйткені бұл – халқымыз үшін маңызды мәселе. Бұдан әрі жергілікті билікке иек артып, мәселені соза беретін болсақ, тіпті ескі атауларға етіміз үйреніп кетуі де әбден мүмкін.
Амантай БІРТАНОВ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірге қосыла алмаймын. Заң да қажет емес, жер-су атауларын өзгерту құзырын тапсыратын арнайы орталықты құру да керек емес. Жергілікті билік қала мен көше, жер-су атауларын өзгерту кезінде сол өңірдің тарихы мен жергілікті жерге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін жақсы біледі. Ал құрылған орталықта, қанша айтқанмен, мұншалықты үлкен ақпарат бола бермейді. Сондықтан жер-су атауларын өзгерту кезінде жергілікті биліктің қызметіне жүгінген жөн дер едім.
Бүгінде Петропавл, Павлодар секілді ірі-ірі қалаларымыздың атауын өзгерту күн тәртібіндегі мәселе болып отыр.
Жергілікті билік өкілдері жоғарыға жалтақтамай, тезірек өз өңірлеріндегі жер-су атауларын қазақыландыруға тырысса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұған арнайы орталық құрудың да арнайы заң шығарудың да қажеті жоқ.
Тек жергілікті басшылардың ынта-ықыласы, ұлтжандылығы жетіспей отыр. Бүгінде ірі-ірі қалалардан бөлек Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында қазақыланбаған аудандар мен ауылдар өте көп. Жергілікті биліктің салғырттығы осылайша ұлтымызға сын болып отыр. Шын мәнінде, Тәуелсіз ел үшін атауларды өзгерту ешқандай заңсыз-ақ, ың-шыңсыз жергілікті мәслихаттың ұйымдастыруымен іске асырылатын дүние болуы керек.
Айта кетер жайт, жер-су атауларының тезірек өзгермей жатқаны онымен айналысатын арнайы бір орталықтың немесе заңның болмауынан деген түсініктен ада болған жөн. Керек болса, бүгінде қабылданып алып, орындалмай жатқан заңдар да, саны көп, сапасы жоқ күн сайын құрылып жатқан орталықтар да жетерлік. Сондықтан сөзден гөрі, тезірек іске көшкен дұрыс. Бір мекеменің атқара алатын тірлігіне бола тағы бір соның ісін қайталайтын орталық құрудың қажеті қанша?! Заң қабылдап, орталық құрғаннан гөрі жоғарыдан «жер-су атауларыңды қазақыландырыңдар» деген пәрмен болса, талай нәрсе өзгерер еді.
Бейтарап пікір
Смағұл ЕЛУБАЕВ, Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшесі, жазушы:
– Жер-су атауларын өзгертуге тырысу өте дұрыс. Жалпы, атауларды өзгерту мәселесі республикалық арнайы ономастикалық орталықтың құзыретінде болғаны дұрыс. Алайда кейбір майда-шүйде ауылдар мен аудан, ауыл көлеміндегі мектеп, көше, мәдениет үйі секілді атауларды өзгертуді жергілікті биліктің құзыретінде қалдырсақ дұрыс болар еді. Өйткені көптеген өңірлерде ономастикалық комиссияның басын қосу қиындық тудыратын көрінеді. Кейбір атауын өзгертуді қажет ететін жер-су атауларының құжаттары ономастикалық комиссия мүшелерінің басының қосылуын күтіп жылдап кеңселердің тартпаларында жатып қалатын көрінеді. Сондықтан үлкен қалалардың жер-су атауларын өзгертуді республикалық ономастикалық орталық шешсе, аудан, ауыл көлеміндегіні жергілікті биліктің құзырында қалдырған дұрыс.