«Жекеменшік емханаға мемлекеттік тапсырыс берілмеу керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Жуырда бір топ ел қалаулылары Шығыс Қазақстан облысындағы емдеу мекемелерін аралап, біраз тосырқап қалды. Өскемендегі 14 емхананың 13-інің (!) жекеменшікке өтіп кеткенін бұрындары білмесе керек. Бұған қарсы болған депутаттар қазір олардың барлығының дерлік мемлекеттік тапсырыс бойынша күн көріп отырғанына наразылық танытуда. Оның үстіне, сөз болып отырған медициналық мекемелер жұмыс сапасын жақсартып, яғни қажет технология орнатып, науқастарға қолайлы жағдай тудыра алмай отырған көрінеді. Негізі, депутаттардың айтқандарына сенсек, мұндай жағдай тек Өскеменде ғана емес, тексеретін болса басқа да аймақтардың былығы ашылып қалатынға ұқсайды. Ондай болса, жекеменшік емханаларға мемлекеттік тапсырыс бермеу керек шығар?
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ, Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі:
иә
– Кеше, 1 қарашада Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының құрылғанына 85 жыл толды. Сол мерейтойға қатысты, Алматыда үлкен жиын ұйымдастырылған-ды. Жиынға денсаулық саласының кешегі де, бүгінгі де тәжірибелі мамандары қатысты. Бұған тоқталып отырған себебім, әріптестерім арасында дәл осы тақырып төңірегінде пікірсайыс болған еді. Әркімнің уәжі – әртүрлі. Қалай дегенде де, барлығы отандық медицинаны дамытуды ойлайды ғой. Өз басым жекеменшік емханаға мемлекеттік тапсырыс бермеу керек деп санаймын. Неге? Сырқаттанып қалған адам, мәселен, ауруханаға жатады.
Қажетті мөлшерде ем-домын қабылдап болған ол, әлбетте, сол аурухананың жолдамасымен жергілікті емхананың дәрігерлеріне қаралып, есепке алынады. Науқасы ауыр болса, ол ұзақ мерзімге дәрігерлердің бақылауында тұрады. Учаскелік дәрігер үйіне барып тұруы да қажет. Осының барлығы – қыруар қаржы. Соны Үкімет бөліп отыр. Бұл – мемлекеттік емдеу орындарына қатысты айтылып отырған талап-ереже. Енді жекеменшік аурухана не емханаға келсек, олар бір қабылдауға 4-5 мың теңге төлетеді де, қоя береді. Екінші рет барсаң, ол тағы ақы сұрайды. Оларда есепке алу деген жоқ. Былайша айтқанда, жекеменшік емдеу орындарына бір барған адам екінші рет бармауы мүмкін. Ондай болса, Үкімет неге оған қаржы беруі керек? Одан да солардың еншісіне тиіп жатқан мемлекеттік тапсырысты, яғни қаржыны мемлекеттік орындарға берген әлдеқайда тиімді емес пе? Мемлекеттік мекемелер арасында жаңа медициналық жабдықтарға зәру болып отырғандары қаншама?!
Халықтың басым бөлігі – ауылдық жерлерде. Шалғайдағы мемлекеттік медицина орындарының ахуалы алаңдатарлықтай. Қайта соларға жағдай жасауды ойлайтын кез әлдеқашан келген. Алайда «баяғы жартас – сол жартас».
Иә, негізінен, тек жекеменшік емханаларда ғана көрсетілетін қызмет түрлері бар. Мәселен, гемодиализ жасау. Аса ауыр бүйрек ауруына шалдыққандар мұндай жағдайда амал жоқ, жекеменшік мекемелердің көмегіне жүгінеді. Өйткені гемодиализ жасаумен айналысатын мемлекеттік орындар саусақпен санарлық. Міне, осындай емханаларға мемлекеттік тапсырыс беруге болады. Яғни жаппай емес, мемлекеттік емдеу орындары қай жағынан ақсап тұрса, дәл сондай қызмет түрін көрсете алатын жекеменшік мекемеге ғана.
«Бәрін айт та, бірін айт», жекеменшік емдеу орындарының жұмысын тексеріп, қатаң бақылауға алатын кез келді. Құндары ұшып тұр. Олардың қызмет көрсету ақысын неге қарап белгілейтіндерін ешкім білмейді. Әркім ойына келген ақшаны айтады. Жұмыстарында да еш бірізділік жоқ. Мемлекеттік тапсырысты алып отыр екен, өз еріктерімен әрекет етуге жол бермеу керек оларға.
Светлана СҰЛТАНҒАЗИЕВА, BestClinik медицина орталығының директоры:
жоқ
– Үкіметіміз бен Елбасы мемлекеттік жекеменшік әріптестігін дамытуды мықтап қолға алуда. Осы мақсатта алдымызға үлкен жауапкершілік артып отыр. Оның негізгі критерийлерінің бірі – орта және шағын бизнесті дұрыс жолға қою. Ал жекеменшік емханалар орта және шағын бизнестің бір бөлігі екендігі айтпаса да түсінікті. Жекеменшік емханалар жұмысының сапасын жақсарту арқылы біз отандық медицинаны жетілдіре алатынымызды ұмытпайық. Жекеменшік мекемелерді түртпектеп, кедергі келтіруді емес, оларға жағдай жасауды ойлаған абзал-ақ еді. Былайша айтқанда, мемлекеттік пен жекеменшік нысандарды бөліп-жарып қарауға болмайды.
Бәсекелестік қабілеттілігін біз екеуіне бірдей құқық беру арқылы ғана арттырамыз. Бұл да – бәсекелестік қабілеттілікке ықпал ететін бірегей факторлардың бірі. Жекеменшік емханалардың тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырысты ұтып алып отырғаннан өз басым ешкімге ешқандай зиян келеді демес едім. Қайта пайдасы орасан. Біз халыққа таңдауға мүмкіндік беріп отырмыз. Қазір біздің еліміздегі жекеменшік емханалар қарқынды даму үстінде. Маман жағынан да, озық технология жағынан да. Кім болса да, сапасы жоғары медициналық көмекті қажет етеді. Мен бұл жерде мемлекеттік емдеу орындарының жұмысын жоққа шығарғалы отырғаным жоқ. Әрине, заман талабына сай аурухана, емханалар жоқ емес. Алайда кімде-кім ақылы қызметке жүгінгісі келсе, ол – оның еркі.
Барлық дерлік шетелдерде – осындай тәжірибе. Біреу ақылы емханаға барса, енді біреу сақтандыру полисінің көмегіне жүгініп жатады, яғни оларда мемлекеттік пен жекеменшік емханалардың құзыреті бірдей.
Егер мәселен, жекеменшік емханаларды мемлекеттік тапсырыстан айырсақ, әлбетте, олар қаржылай қиындыққа тап болады. Сөйтіп, олар ақысын қымбаттатуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, мына жаһандану заманында ғалымдар үздіксіз ойлап тауып отырған заманауи технологияларға қол жеткізе алмай қалады. Бұл келушілердің санын күрт азайтады. Көрдіңіздер ме, «артық қыламыз деп, тыртық қылып алуымыз» әбден мүмкін.
Оның үстіне, жұмыссыздық қыспаққа алған мына заманда жекеменшік емханалар сан мыңдаған дәрігерлерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Шағын ғана амбулаториялық емхананың өзінде жиырма шақты адам жұмыс істейді. Олардың да салық төлеп, зейнетақы қорына қаржы жинап жатқандығын да ескерген жөн. Егер жекеменшік емханаларға мемлекеттік тапсырыс берілмейтін болса, бұл тұрақты еңбек етіп жатқан мамандардың жұмысына да кері әсер етуі мүмкін.
Қысқасы, еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институтын дамытуға талпынып жатқанымызда «жекеменшік емханаға мемлекеттік тапсырыс берілмеу керек» деген пікір – орынсыз айтылған пікір.
Түйін
Негізі, жекеменшік емдеу орындарын «ырыздықтан» жаппай айыруға болмайды деп ойлаймыз. Олардың арасында мемлекеттік медицинаның мүмкіндігі жете бермейтін ем-дом түрлерін сапалы атқарып отырғандары жоқ емес. Рас, қызмет көрсету ақысына келгенде оларды еш арашалап қалғың келмейді. Шыны керек, шектен шығып кетті. Сондықтан да осы мәселені құзырлы орындар қолға алса екен дейміз. Ал жалпы, жекеменшік емдеу орындарының жұмысы жанданып жатса, ол мемлекетке де, елге де жаман болмас еді.