Таяуда Мәжілісте «Еңбек миграциясы мәселелері жөніндегі ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Онда жеке тұлғаларға жұмыс істейтін мигранттардың жаңа категориясын құрайтын норма қарастырылған екен. Заң жобасындағы ұсынысқа сәйкес, мигрант өзіне патент тіркетуі тиіс. Патенттеуге жататын қызмет түрлеріне бала күтімі, күрделі жөндеу, шаруашылық жұмыстарын жүргізу, құрылыс тағы басқасы жатады. Осы қызмет түрлері бойынша патенті бар сырттан елімізге жұмыс іздеп келуші жеке тұлғамен еңбек шартын жасасуы тиіс, сөйтіп, қызмет көрсеткен мерзіміне байланысты ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш (3236 теңге) көлемінде мемлекетке салық төлеуі керек. «Бұл, бір жағынан, еліміздегі еңбек мигранттарының санын анықтауға атсалысатын игі шара болар еді» дейді заң жобасын жасаушылар. Жалпы, бізде жеке тұлғаларға жұмыс істейтін мигранттарды легализациялау керек пе?
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
иә
– Елімізде болып жатқан барлық процесс заңдастырылуы керек. Себебі біз зайырлы әрі құқықтық мемлекетпіз. Осы жағынан алғанда, мигранттарды заңдастыру туралы ұсынысты құп көремін. Бұл заңнамалық шара еліміздің жариялылығын айқындауда, көші-қон бойынша көлеңкелі іс-қимылға белгілі бір деңгейде тыйым салуда, бюджетке қосымша ақшаның түсуіне ықпал етуде үлкен рөл атқарады.
Бәрінен бұрын оның қауіпсіздік тұрғысында маңызы зор деп білемін. Бізге келіп-кетіп жатқандардың мақсат-мүддесі қандай?
Осы сауалдарға көбіне, өкінішке қарай, нақты жауап ала алмаймыз.
Ал егер мигрант нақты бір іспен шұғылданып, оны патент алу арқылы заңдастырса, оның нәпақа табуды мақсат ететінін біліп отырасыз. Әрі оны қадағалай аласыз. Белгілі бір мерзімге патенті болғандықтан, оны ешкім қудалап, мазаламайды. Арадағы делдалдарға еңбегі жем болмайды. Білігі мықты маман болса, жергіліктілермен тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Есесіне, олар бюджетке ай сайын салық төлеп отырады. Яғни бұл арада екі тараптың да мүддесі ескерілген.
Осы күнге дейін елімізде гастербайтерлердің қызметін заңдастыратын заң болмады. Сол себепті бізге жұмыс іздеп келгендер өзінің басты мақсатын жасырып, «демалуға немесе туысқаныма қонаққа келіп едім» деуге мәжбүр болған. Ал жұмыс істеп жүрген кезеңінде құқық құрылымы қызметкерлерінен қашып-пысуына тура келеді. Өйткені олар елімізде заңсыз жүр. Осы ұрымтал тұсты тиімді пайдаланған жұмыс берушілер, көбіне олардың еңбегін қанайды. Ал құқықтық мемлекетте мұндай бассыздыққа жол берілмеуі тиіс. Сондықтан аталған мәселе шешімінде үлкен рөл атқаратын мұндай ұсыныс заңда міндетті түрде көрініс табуы керек деп ойлаймын.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Мен жеке тұлғаларға жұмыс істейтін мигранттарды патенттеу арқылы заңдастыру туралы ұсынысты қолдамаймын. Тіпті «патент алып, мигрант ай сайын салық төлесе, мұндағы жылдық табысымыз 38 млрд теңге болады» деп есептеп те қойыпты. Бұл сұмдық қой.
Мемлекет сыртқы бос еңбек күшін экономиканы, соның ішінде белгілі бір салаларды, мәселен, тұрғын үй, жол құрылысы дегендерді дамыту үшін пайдалануы керек. Сол секілді мемлекетаралық достық қарым-қатынасты нығайтуда да оның рөлі маңызды. Алайда аталған заң жобасынан еңбек мигранттарына деген менсінбеушіліктің иісі аңқып тұр. Сондықтан мен оны қолдамаймын.
Еуропаны алып қараңыз, мұндағы еңбек нарығының басым бөлігін бұрынғы Югославия мемлекеттерінен, араб елдерінен келгендер құрайды. Оларға жеке-дара заң қарастырылмаған. Уақытша, тіпті тұрақты азаматтық алған олар жергіліктілермен теңдей құқыққа ие. Осы жағынан алғанда, бұл арада «бүйректен сирақ шығарудың» керегі жоқ. Өркениетті елдердің тәжірибесіне қарай іс-қимыл жасауымыз керек. Мигранттар уақытша азаматтығын айқындайтын төлқұжат алсын, сонда көрсетілген мерзімге дейін емін-еркін жұмысын істей берсін.
Елбасымыз «қағазбастылықты азайту керек» деп жатыр. Өйткені ол – сыбайлас жемқорлықты үдетуші фактор. Демек, патент деген де сырттан жұмыс іздеп келушілерден пара алатын тетіктің біріне айналуы әбден мүмкін. Одан кейін 2-3 айға еңбек келісімшарты жасалсын дейді, кім қазір осындай мерзімге келісімшарт жасайды? Ешкім. Мұның бәрі, айналып келгенде, елімізге келуші арзан жұмысшы күші санын күрт қысқартып жіберуі ықтимал. Қазір еңбек нарығында арзан жұмысшы күшіне деген сұраныс артып тұр. Өйткені елімізде көлемді деңгейде тұрғын-үй, жол құрылысы және тағы басқасы жүргізіліп жатыр. Егер мемлекет мигранттар қызметін керек етеді екен, онда екі тараптың да ыңғайына қарай шешім қабылдағаны дұрыс деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Әлия Ілиясова, еңбек миграциясы бойынша маман:
– Еңбек мигранттары жергілікті жұмысшыларға бәсекелестік танытпайды. Өйткені олар көбіне қазақстандықтардың аяқ басқысы келмейтін, қара күшті талап ететін салаларында жұмыс істейді. Мәселен, базарда, құрылыста, мақта мен темекі терімі және басқа да ауыл шаруашылығына байланысты жұмыстарда. Осы жағынан алғанда, еңбек мигранттары Қазақстан экономикасы үшін ауадай қажет. Сондықтан олардың елге келу процесін күрделілендірмеу керек. Сөйтсек, ел экономикасы кәдімгідей шығынға батады. Керісінше, олардың еңбегін заңдастырған әлдеқайда тиімді болады, онда да олардың еңбек ету құқығын қазақстандықтардікіне теңестіру жағына басымдық берілсе деймін.