Жеке тұлғаларға зейнетақылық жинақтары арқылы ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуларына рұқсат беру дұрыс па?
1-сәуірде барлық зейнетақылық активтерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына топтастыру жұмысы аяқталды. Жалпы алғанда елдегі барлық зейнетақылық қор 3,9 трлн. теңгені құрады. Осы ретте Үкімет пен Ұлттық банк халық өздерінің зейнетақылық жинақтарына қазақстандық ұлттық компаниялардың акцияларын «халықтық ІРО» мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арқылы сатып алу мүмкіндіктерін қарастыруда. Яғни қазақстандықтар өздерінің зейнетақылық жинақтары арқылы ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуларына болады. Бұл қаншалықты дұрыс? Ертеңге күні ұлттық компания банкротқа ұшырап қалса, халық зейнетақысын қалай алады? Жалпы жеке тұлғаларға өздерінің зейнетақылық жинақтары арқылы ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуларына рұқсат беру дұрыс па? Бүгін осы тақырыпты Алаш айнасы мамандар талқысына салған еді.
ИӘ
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
–Әрине, дұрыс. Мен бұл идеяны толықтай қолдаймын. Бұл ретте халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын ең бірінші ірі компаниялардың, табысы мол корпорациялардың акцияларына жұмсауымыз тиіс. Енді Ұлттық банкте мықты менеджерлер отыр ғой. Олар қандай компанияларға қаражат жұмсау керектігін жақсы біледі деп сенемін. Сондықтан біз бұл жүйені жетілдіруіміз керек. Менің мұны дұрыс дейтін себебім, мен осы идея төңірегінде біраз жылдардан бері жұмыс жасап келемін. Халықтық ІРО-ны басқаша жасап, кішкене дамытсақ, мұның механизмін жетілдірсек, оның экономикамызға тигізер пайдасы өте мол.
Жасыратыны жоқ, кезінде біз зейнетақы қорларына бөлінген ақшаларымыздың бірін де бақылай алмадық. Тіпті соның дивидентін де білмедік. Бұл кезінде бізге жабық жүйе болды. Енді зейнетақы қорлары бір ізге түсіп, ондағы қаражатымызбен ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып отырсақ, тым болмағанда, қолымызда акция тұрады, оның қайда қалай жұмсалып отырғанын білетін боламыз. Халық өзінің қаражатын соған салғаннан кейін ұлттық компанияның беделі, деңгейі қандай, табысы қалай, оның бәрін қызығушылықпен зерттейтін болады. Тіпті одан акция сатып алу, алмау керектігін де шеше алатын болады. Мәселен Қашаған кен орны әлі жұмыс істеп тұрған жоқ, «оған біздің қаражатымызды салма» деген секілді қарсылығын да білдіре алады. Осы арқылы халықтың экономикалық сауаты артады.
Ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу, Халықтық ІРО, өкінішке орай бізде әлі жетілдірілген жоқ. Өткенде ғана бірнеше компанияның акциялары сатылды. Оның өзі әлі жабық тұр. Осының тиімді жолын тауып, халықты үйретсек, жұртшылықтың зейнетақы қорындағы ақшаны осыған салу механизмін сауатты жасайтын болсақ, бұдан ұтылмаймыз. Әрине, оның бәрі бірден керемет болып кетеді деп ешкім айта алмайды. Бұл жүйе бір дөңгелеп кетсе, көпшілікке үлкен пайда. Баяғыда бір компанияға ақшамызды салып, акциясын сатып алғандай болдық. Бірақ оның өзінде мәселен телефонымызға немесе интернеттегі электронды поштамызға «жылдың қорытындысы бойынша компанияның табысы мұншаға көтерілді, сіздің салған салымыңыз мынадай пайызға өсті» деген секілді қызмет түрін көрсеткен жоқ. Осы сияқты біз қалай да компанияның жұмысын, жоспарын, жылдық қорытындысын ашық әрі жариялы түрде салымшыларға насихаттап отыруымыз тиіс.
Сонымен бірге егер ұлттық компания банкрот болып қалса, халықтың зейнетақы қорынан аударған ашасы күйіп кетеді деп қорқудың керегі жоқ. Егер банкрот болып қалған жағдайда бес миллион теңгеге дейінгі салынған депозит мемлекеттік қорғауға алынғаны секілді, бұған да мемлекеттің кепілдендірілген қорғау механизмін енгізуіміз керек. Зейнетақы қорынан бөлінген халықтың қаражатының мұншасы мемлекет кепілдігімен қорғалады деген секілді жүйе жасалса, сонда халық бұған сеніп, жеке халықтың өзі акция сатып алуға ұмтылатын болады. Халықтың ұлттық компаниялардың акциясын сатып алуға ынтасы артады. Бұл экономикаға халықты араластыруға, қаржысын зерттеп, реттеуге тартудың жолы. Енді Үкімет мұны қолға алуды бастаған екен, онда мұны орта жолда қалдырмай, оны түбіне дейін жеткізуі керек. Халық та зейнетақы қорындағы ақшасынан айрылып қаламын деп қорықпай, қайта ұлттық компаниялардың дамуын зерттеп, пайда табудың жолдарын іздеуі тиіс.
ЖОҚ
Оразалы СӘБДЕН, экономист-ғалым:
–Зейнетақы қорындағы халықтың ақшасын ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға жұмсағанымен одан соншалықты пайда таба алмаймыз. Одан қарапайым халыққа тиетін пайда да мардымсыз. Себебі, бюджет қызметкерлері, мұғалім, дәрігерлердің әрқайсысының зейнетақы қорында екі-үш ақ миллион қаражат жиналып тұруы мүмкін. Одан пайда көп түспейді. Ал кейбір қалталылар оған миллиардтап қаржы салады да, коммпанияның негізгі акционері атанып, оның құқығы көп болады. Ал аз ақша салған салымшымен ешкім де сөйлеспей қояды. Сондықтан қарапайым халыққа бұдан түсер пайда соншалықты көп деп айта алмаймын. Оның үстіне, ертең ғайыптан тайып ол компания банкротқа ұшыраса, халықтың қанша жылдан бері тірнектеп зейнетақы қорына аударған ақшасы тектен текке күйіп кетеді. Бұл жағын жіті ойлануымыз керек.
Негізі мұның барлығы біздің еліміздің тек шикізатқа тәуелді болып қалғандығынан болып тұр. Ел экономикасы мұнай мен газға, тағы басқа қазбай байлықтарымызға байланып қалған. Экономикамыз әлі әртараптандырылмай отыр. Мәселен басқа салалар дамымай қалды. Сондықтан осындай шара ойластыруға мәжбүр болып отырмыз. Ал егер басқа салаларымыз дамығанда, біз мұны жасамаған болар едік. Бірақ тағы да қайталап айтамын, халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын ұлттық компаниялардың акцияларына жұмсағанымызбен, одан ел экономикасын дамыта алмаймыз. Егер мен Келімбетовтың орнында болсам, қаражаттың көбін қайта өңдеу өндірісіне, машина жасау, кіші кәсіпкерлікті дамытуға жұмсар едім. Инвестицияны экономиканы әртараптандыруға жұмсап, сол арқылы дамудың даңғыл жолына түсер едім. Бұл біздің келешегіміз үшін керек. 20 жылдан бері әлі аузымызды ашып мұнай сорумен отырмыз. Енді тағы бір 30-40 жылда мұнай бітеді. Сонда біздің бала-шаға, немерелеріміз немен айналысады? Сондықтан біз білім мен ғылымға көп көңіл бөліп, интелектуалды потенциалды көтеру арқылы орасан зор пайда табуға тырысуымыз керек. Адамның миы арқылы тапқан табыс ешқашан таусылмайды. Өкінішке орай, қазір біз білімсіз халық болып барамыз. Ал білімсіз халық білімсіз экономиканы жасайды. Бұл өте қауіпті жағдай. Қазір бізге қалтаға салатын диплом керек емес. Жаңа білім, жаңа ғылым, жаңа технологияларды игеруге ұмтылуымыз керек. Осы салаларды дамыту арқылы біз ел экономикасын әртараптандыра аламыз. Ал халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын алып, компаниялардың пайдасына жұмсау, ел экономикасын көтеруге септігін тигізе алмайды. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білім мен ғылымға жете көңіл бөлгеніміз жөн. Егер бұлай кете берсек, дамыған 30 ел тұрмақ, одан да артқа құлдыраймыз. Жаңа білім-ғылым, жаңа технология, креативті экономика дамымай, ел экономикасы төрге озбайды. Сондықтан мен жеке тұлғаларға өздерінің зейнетақылық жинақтары арқылы ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуларына рұқсат беруін қолдамаймын.
Бейтарап пікір
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
–Бұрын зейнетақы қорлары өте көп болды. Қазір оның бәрі біріктірілді. Бүкіл халықтың зейнетақы қорындағы қаражат бір жерге жиналды. Енді ол ақшалар бос жатпай, жұмыс істеуі тиіс. Табысы мол компаниялардың жұмысын жандандырып, сол арқылы пайда табуы керек. Мұндай үрдіс дүниежүзілік тәжірибеде бар. Бірақ қалай десек те, бұл жерде халықтың таңдау еркі болуы тиіс. Мәселен біреу қордағы ақшасына ұлттық компанияның акциясын сатып алып, үстеме пайда тапқысы келетін шығар. Енді біреу оны тіптен керек етпеуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте әр адамның құқы тапталмай, өзі таңдау жасай алатын болуы керек. Сонымен бірге компания банкротқа ұшырайтын болса, қарпайым халықтың салған салымдары Ұлттық қордан қайтарылуы тиіс. Бұл ретте Парламент заң қабылдап, халықтың зейнетақы қорындағы ақшасы қайтарылатынына кепілдік беруі керек.