Дерек көздеріне сүйенсек, жыл сайын диплом алған жастардың жартысына жуығы мамандығы бойынша емес, мүлдем басқа салада қызмет етеді екен. Яғни жастар дипломын сандық түбінде сақтап, нанын басқа кәсіптен іздейді. Ауылдағы ағайын да соңғы сиырын сатып болсын баласына диплом алып беруді көздейді. Ал ол мамандықтың қоғамға қаншалықты қажеттілігін ескере бермейді. Бүгінгі қоғамда қалыптасқан осы үрдіс жастарымыз ЖОО-ға білім алу үшін емес, диплом алу мақсатында ғана барады деген ойымызды нақтылай түсетіндей. Бұдан қоғамға қандай қауіп бар? Жалпы, «жастарымыз ЖОО-ға білім алу үшін емес, диплом алу үшін барады» деген пікірмен келісесіз бе» деген сауалдар төңірегінде мамандарды сөзге тартып көрген едік.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі:
иә
– Бұл риторикалық сұрақ. Кез келген заманда, қай қоғамда болсын білім алатын жастар екі топқа бөлінеді. Бір бөлігі білім алу үшін оқыса, енді бір бөлігі – диплом алуды ғана мақсат еткендер. Және бұл жағдайды еш қоғам, еш мемлекет өзгерте алған емес. Бұл – жылдар бойы қалыптасып келе жатқан жағдай. Тек кейбір кездері диплом алу үшін оқитын жастардың саны артса, енді бір кездері білім қуған жастардың үлес салмағы артады. Осы орайда бір кездері біздің елімізде де диплом алуды ғана мақсат еткен жастардың саны артты. Бұған жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған жекеменшік ЖОО-ның да ықпалы болды. Жекеменшік ЖОО қалай болса солай білім берді. Ал онда кім көрінген білім алды.
Мектепті ілініп-салынып жүріп әзер бітіргендер де диплом алу мақсатында ғана әлгі жекеменшік оқу орындарының табалдырығын аттады. Нақ осы жекеменшік оқу ордаларының түлектері қоғам сұранысына жауап бере алмайтын болғандықтан бүгінде «дипломды жұмыссыздар» атанды. Бүгінгі күні қоғамымызда қаптап кеткен жоғары білімді жұмыссыздар осы жекеменшік оқу ордаларының жемістері деп білемін. Сондықтан қоғамымызда білім алу үшін емес, диплом алу үшін ЖОО-ға түскен жастар барын жоққа шығаруға болмайды.
Шынын айту керек, дәл қазіргі таңда елімізге қай салада қанша маман керек екенін де есептеп жатқан ешкім жоқ. Белгілі бір ұйымдар мониторинг шығарып, мына салада мынша маман жетіспейді деп отырған жоқ. Жастар бей-берекет өз қалаулары бойынша білім алуда. Мұндай есеп жүргізілмегеннен кейін де кейбір дипломды мамандардың өз саласы бойынша қызмет ете алмауы заңдылық деп ойлаймын. Бірнеше жылдан бері елімізде заңгерлікті, экономистікті оқыған жастар қаптап кетті. Ал олардың барлығына бірдей бұл мамандық жетіспейді. Сосын заңгерлік дипломымен нан таба алмайды да, еріксіз жұмыссыз атанады. Немесе заңгерлікті бітіріп, қарауыл болып істей береді. Сондай-ақ жастардың диплом алу мақсатында ғана ЖОО-ға түсуіне мектептердің де әсері бар. Олар дер кезінде балаларға мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар бермейді. Содан кейін жастар қай салада мол ақшаның иісі шығатынын аңдиды. Сол саланың нағыз маманы болуды емес, әйтеуір сол мамандықтың дипломына қайтсе де қол жеткізуге тырысады. Мұның бәрі жастарымыз білім алу үшін емес, ЖОО-да диплом алу үшін оқиды деген пікірдің туындауына негіз болады.
Алайда атап айта кетерлік жайт, бүгінгі күні қоғамымызда шын мәнінде ЖОО-да білім алу үшін оқитын жастардың саны артып келеді. Сондықтан келешек нағыз білімді жастардың қолында екенін жас буын түсініп келе жатқанына қуанамын.
Нұрлан ЖАМАДІЛОВ, Алматы қалалық құрылыс және бағалау колледжінің директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі:
жоқ
– Жоқ, мен бұл пікірмен келіспеймін. Жастарымыз жоғары оқу орнына білім аламын, белгілі бір мамандықтың тұтқасын ұстаймын, сол мақсатта диплом аламын деп барады. Алайда көп жағдайда диплом алған соң мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды да, басқа кәсіптерді жағалайды. Ал төрт-бес жыл бойына ізінен жүгірген дипломын сандыққа салып қоюына тура келеді. Бүгінгі күні ЖОО-ға түсу ғана емес, қызметке тұру да оңай емес. Болмашы жалақысы бар қызметтің өзіне пара беріп тұруға тура келеді. Не тамыр-таныс жағалау керек. Амалсыз не танысы, не беретін парасы болмағаннан кейін дипломды ысырып қойып, нанын басқа жақтан іздеуіне тура келеді. Бұған жастарды кінәлаудың қажеті жоқ.
Мұндай жағдайдың орын алуына қоғамда қалыптасып отырған бүгінгі күнгі ахуал кінәлі. Сондықтан жастарымыз ЖОО-ға диплом алуды ғана ойламай, шын мәнінде, сол саланың білімді маманы болуы үшін барады деп сеніммен айта аламын.
Мен де бір оқу орнын басқарып отырмын. Сонда жастардың қатарынан өз мамандығына деген сүйіспеншілікті, маман атануға деген құлшынысты көп байқаймын. Әрине, бұл мені қуантады. Біз тіпті сонау күнкөріс қиындаған алғашқы жылдары талай талантты мамандарымыздан айырылып қалдық. Өз ісін жетік білетін олар мардымсыз жалақыға қарап отырғысы келмей, дипломына да қарамастан, қызметін тастап, саудадан нәпақа іздеп кетті. Нәтижесінде біз бүгінгі күні еліміздегі барлық мектептерді ер мұғалімсіз қалдырдық. Соның зардабын да тартып отырмыз. Мәселен, мектептегі оқушылардың бойында бүгінгі күні ер адамның тәрбиесі жетіспейді. Балабақшада да, мектепте де тек әйел ұстаздардың алдын көрген оқушылардың мінез-құлқы мүлдем бөлек. Шын мәнінде, бұл – үлкен мәселе. Бүгінгі күні де бұл саладағы мамандардың жалақысы мардымсыз. Содан кейін ер балалар ұстаз болғысы келмейді. Сондықтан бұл жерде біз бар мәселені жастардан емес, қоғамнан іздеуіміз керек. Қайта қазір жастар бүгінгі күн бәсекенің заманы екенін түсініп келе жатыр. Бір-бірімен бәсекелесіп, білімді болуға ұмтылады. Талай оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардан топ жаруда. Мұның бәрі – жастардың білімге ұмтылғанының көрінісі.
Жасыратыны жоқ, бүгінде талай алтын басты жастарымыз шетелдің мүддесі үшін жұмыс істеуде. Осы жағы мені ойлантады. Олардың біліміне қызыққан шетелдіктер өздеріне алып қалуға тырысты. Алып қалды да. Жақсы жалақы, қызмет, пәтер беріп, өздеріне қалдырды. Енді олар өзге елдің дамуы үшін қызмет етіп жатыр. Былайша айтқанда, білімді жастарымыздың миы өзге елге қызмет етуде. Біз осыны түсінуіміз керек. Жастар білім үшін емес, диплом үшін оқиды деп кінәлаудан гөрі, әр баланың білімін ел мүддесі үшін тиімді пайдалануды үйренуіміз керек.
Бейтарап пікір
Белгібай ШАХМЕТОВ, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры:
– Мүлдем оқымай қалғанынан гөрі білім үшін оқыса да, диплом үшін оқыса да жастарымыздың ЖОО-да оқығаны дұрыс. Қай бір жылы әскер қатарындағы жастардың тең жартысы жоғары білімді мамандар екен деп бөркімізді аспанға атып қуандық. Бәрібір ЖОО жастарды тәрбиелейді. Ал сол мектеп бітіргеннен кейінгі төрт-бес жылда тектен- текке қарап жүрсе, жастар әртүрлі жаман әдеттерге әуестеніп кетуі әбден мүмкін. Одан гөрі білім алып ЖОО-ның қабырғасында жүргені артық. Сондықтан өз басым қандай жолмен болсын жастардың білім алуын құптаймын. Шын білімділер топ жарып, өз қызметінің маманы атанар, нашарлары, әйтеуір, басқа сферадан болсын нанын тауып жейді. Ең бастысы елімізде білімді, сапалы ұрпақ қалыптасады. Ал оның несі жаман?! Негізі, біздің медицинаны бітірген мамандар далада қалмайды. Қай жас болсын жеті-сегіз жыл уақытын тектен текке өлтіру үшін емес, шынайы осы мамандықты қалап келеді. Оның үстіне, медицина – өте қиын сала. Егер анау-мынау адасып келгендер болса, осы жылдар ішінде өз жөнін табады. Ал шыдағандары маман атанып, диплом алады. Әйтеуір, медицина саласының бір бөлшегіне барып, кірпіш болып қаланады. Сондықтан бәрін уақыт өзі реттейді дер едім.