Шетелден діни білімдерін жетілдіріп келген жастар жайлы қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі «шетелде діни білім алып келген жастардың кейбір қылығына көңіл толмайтыны рас. Алайда шетелде оқып келгендердің барлығы халқымыздың әдет-ғұрпына, бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабына қарсы емес. Сол шетелде оқып келген бірталай білімді, көкірегі ояу азаматтар бүгінде Ханафи мәзһабын дәріптеп, әдет-ғұрпымыздың озығын насихаттауда. Иә, шетелден бір жақты әрі радикалды тәлім алып келгендерінің де бар екені рас. Өткен ғасырдың 90-жылдары шетелде оқуды қызық көріп, талғамай, сол елдің өзінде де қадірі жоқ оқу орындарына өз бетімен барғандар көп болды. Оның бірқатары сол жерлердегі теріс ағымдар жетегіне түсті. Осы орайда мен дін кадрларының шетелдерде емес, өзімізде дайындалуын қолдаймын. Сондай-ақ қазір Қазақстан мен Түркия, Мысыр, Ресей дін басшылары арасында жастардың діни оқу орындарында біліктілік арттыру, тәжірибе алмасу өзара келісім бойынша жүргізілуде» деп екіжақты пікір білдірген. Сондықтан қайшы пікірлердің туындауына себеп болып отырған мәселені дәстүрлі айдарымызда тақырып ретінде көтеріп, мамандар талқысына салып көрген едік.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
иә
– Мен жастардың шетелдерден діни білімдерін жетілдіруге тосқауыл қоюды қолдаймын. Негізі, бұл тақырыптың қоғам талқысына түскеніне біршама уақыт өтті. Әйтсе де әлі күнге шешім қабылдай алмай отырмыз. Дегенмен тезірек жастардың шетелдерден діни білім алуына тосқауыл қоятын болсақ, соғұрлым ұтар едік. Кезінде 90-жылдардың басында елімізде діни білім беретін оқу орны болмағандықтан, жастар діни білімін жетілдіру үшін шетелге ағылды. Сондай-ақ шетелдік қаржылық мұсылмандық қорлар да жастарымызды діни білім беру үшін өздеріне шақыруға мүдделі болды. Көмек қолын созды.
Жасап жатқан жеңілдіктеріне қызығып, көптеген жастар діни білім үшін шекара асты. Бірақ олардың алып жатқан діни білімінің сапасы мемлекеттік тұрғыдан бақылауға алынбады. Әлі күнге дейін шетелдерде діни білімін жетілдіріп жатқан жастарға жеткілікті деңгейде бақылау жасалынып отырған жоқ. Елімізден жыл сайын қанша жас қай елге діни білім үшін кетіп жатыр, олар қандай оқу орындарында оқып, қандай білім алып отырғаны назардан мүлдем тыс қалған. Қанша айтқанмен, ертең ол жастардың барлығы елімізге қайтады. Сол кезде осы бақыланбаған діни білім үшін зардап шегуіміз әбден мүмкін. Қанша айтқанмен, оң-солын танып үлгермеген жастарымыз шетелге білім алу мақсатымен барғанымен, өзге ойлы ағымдардың жетегінде кетіп қалу фактілері кездесіп жатыр. Исламдағы ахмадилік, уахаббилік, салафиттік ағымдарға ден қойып кетеді. Кейде тіпті өзге елдің мәдениетін бойына сіңіріп келген жастар жергілікті ұлттың, төл мәдениетіміздің кейбір тұстарымен келіспей жатады.
Осыдан келіп дәстүрлі ислам дінін уағыздаушылар мен шетелден ауытқыған ілімді игеріп келгендер арасында түсініспеушіліктер туындайды. Бірін-бірі жоққа шығарады. Осыдан келіп халық та екіге жарылды. Әрине, әркімнің қайда оқимын десе де өз еркі. Бірақ діни білімге келгенде барынша шектеу енгізіп, бақылауға алудан ұтылмасымыз анық. Біз осы мәселені бетімен жіберудің салдарынан халқымыздың жылдар бойы ұстанған мәзхабын жоққа шығарушылар табылып, салт-дәстүрімізді мойындамайтын, шетелден алып келген ілімін ғана пір тұтатындар көбеюде. Сондықтан дін мәселесіне келгенде аса сақтық керек.
Тағы бір айта кетер жайт, кезінде біз жастарымызды өз елімізде діни білім беретін оқу орны жоқ болғандықтан шетелге жібердік. Одан бергі уақытта қазір елімізде діни білім беріп, дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарын жете меңгертетіндей дәрежедегі медреселер мен ЖОО-лары қалыптасты деп санаймын. Арада 15-20 жыл ішінде діни білім беретін мамандарымызды да дайындап үлгердік. Сондықтан дәл қазіргі таңда шетелде діни білім жетілдірудің қажеттілігін көріп отырғаным жоқ. Алдағы уақытта шетелден діни білім алуды барынша шектеп не білім беру сапасын бір ретке келтіру қажет деп санаймын. Сондай-ақ еліміздегі осы бағытта білім беретін оқу орындарының бағдарламасын да тексеруден өткізіп, қаншалықты талапқа сай екендігін анықтауымыз керек. Өйткені олардың арасында шетелдік оқытушылар көп. Олардың да қаншалықты еліміздің ұстанымына сай білім беріп жатқаны толық бақылауда болуы керек.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, меніңше, жастардың шетелдерден діни білім алуына тосқауыл қоюдың қажеті жоқ. Онсыз да қазір әрбір нәрсеге шектеу көп. Ал шетелдерден діни білім алғысы келетін жастарды шектеу, тосқауылмен күштеп ұстап отыра алмаймыз. Бәрібір олар шын қаласа, қалаған жағына барып, діни білімін жетілдіріп келеді. Негізі, білім деген шексіз дүниеге шектеу қажет емес. Адам барынша өз мүмкіндігін пайдаланып керегін алуы қажет. Рас, бүгінде шетелдерден діни білімін жетілдіріп келіп жатқан жастарға қатысты қоғамда мәселе туындап жатқаны белгілі.
Сондықтан осындай мәселе туындамас үшін жастарымыз қай жақта білім алып келсе де, олар елімізге оралған соң арнайы қайта даярлау курсынан өтуі қажет. Өйткені қанша айтқанмен, жат елдің білім беру стандарты, діни ұстанымы біздікімен сәйкес келе бермеуі мүмкін. Ендеше, мемлекет оларды елімізге келген соң қайта даярлаудан өткізіп, өз елімізге лайық маман ретінде бейімдеуі керек. Мәселен, шетелден оқып келген жасты бір жылдық курстан өткізіп алса, барлық мәселе шешілер еді. Әлемдік тәжірибе бойынша бұл әдістің тиімділігі дәлелденіп отыр.
Мәселен, Түркия мемлекеті шетелден оқып келген жасты өздеріне маман ретінде бірден қабылдамайды. Сондықтан Анкара университетінің теология факультетіне түсіп, бір жылдай қайта оқытудан өтеді. Оның ұстанымы, білім сапасы сонда тексеріледі. Содан кейін ғана диплом беріп, маман ретінде жұмысқа тартады. Егер біз де осындай әдіске көшсек, дұрыс болар еді. Шетелден діни білім алуға шектеу енгізіп, тосқауыл қоюдан гөрі мұндай қайта даярлау сынынан өту әдістері әлдеқайда тиімді болар еді. Әсіресе дін тұрғысынан келгенде шектеуден гөрі бақылау пайдалы. Оның үстіне біз Конституциямыз арқылы өзімізді жалпақ әлемге зайырлы мемлекет етіп таныстырғаннан кейін, жастарымыздың шетелдерде білім алуына заң жүзінде тыйым салмауымыз керек. Сондай-ақ еліміздегі исламның өзге ағымдарын ұстанып жүргендердің көбейіп кетуінің нақты себебін шетелде білім алып келген жастардан іздеу дұрыс емес деп санаймын.
Айта кетер жайт, еліміз шектеу енгізіп, діни білім алуға тосқауыл қойса, біз оқшауланып қаламыз. Өйткені халықаралық діни жиындарда бәрібір шетелдік мамандармен, теологтармен бас қосамыз. Сондай кезде олармен терезесі тең адамша сөйлесе алу үшін біз өзімізше оқшауланбауымыз керек.
Бейтарап пікір
Шәмшәдин КЕРІМ, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры:
– Қазір біз біртіндеп жастарымызды діни білім алу үшін шетелге жіберуден гөрі өзімізде даярлауға күш салып жатырмыз. Ал қажетті ұстаздарды өз елімізге шақыртып оқытып жатырмыз. Бұл мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысты нәрсе болғандықтан, сақтық қажет. Онсыз да қазір кейбір шетелдерде тұрақсыздық жайлап тұрғандықтан, мүмкіндігінше өз жастарымызды өзіміз оқытуға тырысуымыз керек. Жалпы, бұл тек діни білімге қатысты емес. Жалпы, білім беру саласында өзгерістер болып жатыр. Енді оң-солын танып үлгермеген өрімдей жастарды сыртқа топырлатып жібергенше, олардың заманға лайықты білім алуына өз жерімізде жағдай тудыруға көңіл бөлінуде.