Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеу керек пе?

Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеу керек пе?

Әр елдің бала тәрбиелеу тәртібі әртүрлі. Мысалы, түріктер балаларын туа сала еңбексүйгіштікке үйретеді, ағылшындар пер­зент­­те­­рінің болашақта өз-өзіне сенімді болып өсуі үшін үнемі мақ­тап отырады деген сияқты тағысын тағы. Ал Жапонияда пат­риот­тар мен нағыз еңбексүйгіш азаматтарды тәр­­бие­леу үшін мектепте өздері отыратын сынып бөл­ме­лері­нің еде­­нін жуу жүктелген. Соңғы кездері мұндай тәр­тіпті біз­­дің елдегі мектептерге де енгізу керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда баласының еден жу­ға­­нын қолдайтын ата-ана кем де кем. Сон­дықтан бұл мәселеге қатысты қоғамдық пікір екіжақты. Бірі – еңбек еткеннің зияны жоқ десе, ен­ді бірі – бұл жүйе балалардың еңбек күшін пай­­дала­нып, ақша үнемдеу деп біледі. Біз өз ке­­зегі­міз­­­де «Жапониядағыдай еңбекке, та­за­лық­қа баулу үшін мектепте еден жууды оқу­­­шы­ларға жүктеу керек пе?» деген сұ­­рақ­ты мамандардың қызу тал­қы­сы­на салып көруді жөн санадық. 


Әбдімәжит ӨТЕШ, Алматы қалалық №178 лицейдің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
иә
– Жапониядағыдай еңбекке, тазалық­қа баулу үшін мектепте еден жууды оқу­шы­ларға жүктеу керек. Өйткені баланың өзі білім алып отырған сынып бөлмесінің едені мен үстел-орындығын, терезесін жуған­нан денсаулығына да, ойсаулығына да зиян келмейді деп есептеймін. Бұл ал­ды­мен баланы еңбекке тәрбиелейді. Содан соң тазалыққа талпындырады. Сы­нып жууға кезекші болған бала таза­лық­тың сақталуын қадағалап отырады. Аяғы лас баланы сыныпқа кіргізбейді. Өйткені ол өзінің еңбегін бағалайды және сол ар­қы­лы өзгенің еңбегін де бағалауға да үй­ре­неді. Осындай тәлім көрген бала ертең өскенде көшеге қоқыс лақтыра салмайтын болады. Біз шетелдердегі тазалықты ай­тып тамсанамыз, ондай тазалыққа олар қалай жеткені жайлы ойланбаймыз. 
Қазір, шыны керек, «баламның шаң­нан, судан аллергиясы бар» деп перзенті­нің мұндай еңбекке араласуынан үзілді-кесілді бас тартып, ат-тондарын ала қа­ша­­­тын­дар көп. Әрине, келісемін, терезе­нің сыртын оқушыларға жуғызуға бол­май­ды. Бір кездері Маңғыстаудың мек­тебін­де тере­зенің жақтауына шығып алып, жо­ғары қабаттағы терезенің сыр­тын жуып жүрген оқушыларды телеарна­лар­дың барлығы көрсеткен. Бұл дұрыс емес, қауіпсіздік шара­лары сақталуға мін­дет­ті, дегенмен оқушыларға жұмыс істету керек. Мұндай жүйе осыдан бір­неше жыл бұрын бізде болған, содан азап шек­кен ешкім жоқ. Сол Жапонияның мек­теп­терін­де, білуімше, еден жуушылар жұмыс істе­мейді. Болған күннің өзінде штат аз бө­ліне­ді, яғни спорт және жиын өтетін үлкен залдар мен дәліз­дерді жууға ғана бірлі-екілі қызметкер жұмысқа алы­нады. Біз дамыған елдердегі осы тектес пайдалы, тиімді жүйелерді зерт­теп, өзі­міз­ге керегін ғана алуымыз ке­рек. Мыса­лы, Түркияда, Қытайда, Кореяда тәртіп жағы орнықты, мықты дамыған. Жа­сыратын несі бар, біз орыстан басқаның мәде­ниетін зерттеп, зерделеп, ештеңе үй­реніп жатқан жоқ­пыз. Ал олар Америкаға қа­рап еліктейді. Батыстан үйренетін, мәде­ниетінен алатын ештеңе жоқ қой, еліктей­тін не қалды?! Еуропада мәдени дағ­дарыс және біз сол ағымға еріп кет­пей­тіндей әрекет етуіміз керек. Иран, Малайзия мен Сингапур мәдениетінің де берері мол. Меніңше, осы аталған елдердің үздік, тәлім- тәрбиеге баулитын тәртіптік жүйе­ле­рін толықтай зерттеп барып, елімізге әкел­геніміз дұрыс. Егер шетелдердің бү­гін­гідей емес, жақсы жақтарын бейне­лейтін БАҚ-тағы мәлімет көбейсе, ел ара­сындағы көзқарас та оңалып, қоғамдық тәр­тіп те оң ізге түсер еді.


Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, Республика­лық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:
жоқ
– Жапониядағы тәртіп пен халқының сана-сезімін біздің елмен салыстыру қиындау. Себебі жапондықтардың мектеп бағдарламасының өзі толықтай басқа, біздікіне ұқсамайды. Жапонияның мектеп оқушылары сынып бөлмелерінің едені тұрмақ, дәретханаларын да жуады. Оларда арнайы тігілген жұмыс киімі де бар және жапондықтар оқушылардың мұндай еңбегіне қарапайым дене қозғалысы, денені шынықтыру немесе тазалыққа баулу деп қана қарамайды, бұл – олар үшін мемлекетке келіп жатқан пайда, елдің ілгері жылжуына қосылып жатқан үлес. Жапонияда бала – ең сыйлы тұлға, мұғалімдік ең жоғары мәртебелі мамандық саналады. Ал біздің елде қалай? 
Әлі есімде, осыдан бірнеше жыл бұ­рын бір мектептің директоры сабаққа боя­нып келген оқушы қыздың бетінен еден жуа­тын шүберекпен ұрып, әлгі қыз мектеп­тің терезесінен секіріп кетіп көз жұмды. Бұл жердегі мәселе еден жуған, жумағанда емес, ересектердің балаларға деген бұрыс көзқарасында. Бізде әлі күнге кіші және аға буынның арасындағы тығыз байланыс қалыптаспаған. Ол аздай, мектеп бағдар­ла­масы да дұрыс емес. Себебі қазіргі бағдарлама оқушыны сегіз сағат бойы мектепте байлайды. Сонда оқушыларға қалайша еден жууды да жүктемекпіз? Менің ойымша, қазақстандық білім беру мен жалпы мектеп бағдарламалары толық­тай өзгерісті талап етіп тұр. Олай дей­ті­нім, мектепте керексіз сабақ та, пай­дасыз сағат та көп. Нәтиже бермейтін, бала­ның болашағына пайдасы жоқ пән­дерден арылып, керек болса, сол бала­ларды еңбек пен тазалыққа баулудың бас­қа жолдарын іздесін. Министрлік оқушы­лар­ға дұрыс білім беруді білмесе де, жүк­теме беруді жақсы меңгеріп алғаны ма? Өз басым балалардың бойындағы патриот­тық сезімді оятып, еңбексүйгіштік пен таза­лыққа деген құштарлығын арттырудың бір ғана жолы еден жуғызу деп ойламай­мын. Қазірдің өзінде сенбілік сайын мек­теп­тің ауласынан бөлек, әкімдік жинамай кеткен көшелердегі қоқысты тазалап, ұят­ты заттарды қолымен тірнектеп жинап жүрген балаларға қарап жаным ашиды. Бұл – балаларды мазақ ету, қорлау. Егер біздегі менталитет балалардың қоғамдағы алатын орнын ескеріп, мектеп киелі ор­даға айналғанда балалар талап пен мін­детсіз-ақ сыныбын өздері жуып, тазалай­тын еді. Патриотты күшпен тәрбиелей ал­майсыз, сондықтан Жапониядағыдай ең­бекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеудің бізге керегі жоқ!     
                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бейтарап пікір
Гүлмира ТАЙГЕЛЬТИРОВА, Алматы қалалық №177 мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары:
– Жалпы, қазақ халқы бала тәрбиесіне, соның ішінде баланы еңбекке баулуға өте қатты көңіл бөлген. Өкінішке қарай, қазіргі заманның ағымына қарай балаларымыз жалқаулыққа бой алдырып барады. Мектеп қабырғасында жалқаулықпен күресудің бір жолы – тазалық күнін жүзгізу деп есептеймін. Тазалық күні пайдалы әрі тиімді, тәрбие аларлық жақтары өте көп. Дегенмен сол күні қауіпсіздік жағдайын қатаң ескеру қажет. Тиімді жақтары – бала ұқыпты­лыққа, өзін қоршаған ортаны ластамауға, біреудің және өз еңбегін бағалауға үйренеді, ұжыммен жұмыс жасауға бейімделеді, эстетикалық талғамы жоғарылайды. Бірақ біз оқушының жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайын ескеріп, өзіне сай тапсырма беруіміз керек. Сынып ішіндегі қауіпті орындардан да сақтандыруға міндеттіміз. Осы жағдайларды ескере отырып, балаларды еңбекке баулудың ешқандай артықшылығы жоқ деп есептеймін.

Анна ҚҰДИЯРОВА, Қазақстан Ұлттық психоанализ қауымдастығының президенті:
– Оқушыларға еден жууды міндеттемей тұрып, алдымен оларға қалай жуғыза­мыз, күштеп пе, әлде өз еркімен бе, соны анықтап алуымыз керек. Ал бұдан келіп туындайтын сұрақ отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ол бала үйінде еден жуа ма, еңбек ұғымы ол үшін қандай? Жалпы, өз басым бұл идеяға қарсымын. Сонда мұғалімдердің шәкірттерін еңбек пен тазалыққа баулудың басқа түрін таппағаны ма? Баланың маңдайын қырып, бағасын шекесіне қойып берген де сол мұғалім емес пе?! Демек, ұстаздың өзі еңбектің не екенін білмейді деген сөз. Бұдан шығатын қорытынды – мұғалім еңбекті күштеу, білекке салу деп ұғынады. Әйтпесе ой еңбегімен де балаға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, еңбекті де, елін де сүйгіш азамат қып өсіруге болады. Мысалы 5-сыныптың өзінде ғы­лы­ми жоба жазып еңбектенуге болады емес пе?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста