Ұлттық тарихты жазуда ғалымдарымыздың көзқарасын бір арнаға тоғыстыру мүмкін бе?

Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қатысуымен тарихи жиын болып өтті. Осы бір келелі жиында ұлттық тарихты тың көзқараспен ғылыми негізге сүйене отырып қайта сүзгіден өткізіп, жаңаша сипатта жазып шығатын уақыттың жеткендігі баса айтылды. Бұл қазақ қоғамының көптен күтіп жүрген мәселесі болатын. Бүгінгі билік ұлтқа қажетті осы ұлы миссияны лайықты дәрежеде атқарып шығу үшін кәсіби тарихшы мамандарға сенім артып отыр.
Жалпы, төл тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан саралап жазу жайы – қазақ қоғамында дұрыс жолға қойылмай келе жатқан үлкен мәселенің бірі. Кеңестік кезеңде қазақ тарихына қатысты ғылыми еңбектер мен оқулықтар мазмұны да қызыл идеология ыңғайына қарай икемделіп жазылды. Кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біз өткен тарихымыздың қатпарлы қойнауына үңілуге қол жеткізе бастадық. Десек те, әлі де болса жіберіп алған есеміз көп. Осы орайда «Ұлттық тарихты жазуда ғалымдарымыздың көзқарасын бір арнаға тоғыстыру мүмкін бе?» деген сауалды ортаға тастап көрген едік.


Аманкелді МҰҚАН, өнертанушы ғалым:
иә
– Кез келген мемлекет өз та­ри­хын өзінің ұлттық тұрғысында жазуға тиіс. Бұл ретте тарих­шы­лар қауымы бір мақсатқа жұ­мы­лып, өз еңбектерін бір арнаға тоғыстыра еңбек етуі керек. Сон­дықтан тарихты ала-құлалықтан арылту үшін әрбір зерттеуді ғы­лыми сараптамадан өткізіп тұ­ра­тын білікті де тәжірибелі тарихшы ғалымдар тобынан құрылған арнайы комиссия жасақталса жөн болар еді. Осылай болған жағ­дайда нағыз тарихшы ғалым­дар­дың еңбектері алға шығар еді.
Еліміз Тәуелсіздік алған бас­тап­қы кезеңде тарихты жазудың жөні осы екен деп батыр мен би­ле­рімізді, хандар мен бекте­рі­мізді түгендеп кеттік. 
Әрине, ұлттық сананы көтеру үшін осы бағытта тарихшы, зерттеушілеріміз біраз тер төккені рас. Десек те, кезінде бұр­ма­ланған тарихымыздағы олқылықтар әлі толығымен түзеліп болған жоқ. Бұған қо­са, қазіргі кезеңде тарихты зерттеу ісімен көп жағдайда аталған салаға маман­дан­баған адамдар араласуда. Қарап отырсақ, бүгінде жазушылар мен журналистер қауымы да тарихи тақырыптарға аса бір ден қойып келеді. Ел ішінде белгілі бір өңірдің, бүтін бір рулы елдің немесе сол жерден шыққан тұлғалардың ғұмыр тари­хын жазып жүрген әуесқойлар да жетерлік. Міне, әртүрлі себептермен тарихқа қы­зы­ғушылығы басым осы санаттағы адамдар кәдімгі тарихшы мамандардың алдын орап кетіп жатқан жайы бар. Және көп жағдайда қоғам ішінде солардың ой-пікірлері мен тұжырымдары көп айтылып, назарда жүреді. Мұндай үрдісті біз теріске шығар­ғаннан гөрі оның тарих ғылымының дамуына тиімді пайдалануға болатын жақ­тарын қарастырғанымыз жөн. Осы орай­да, егер де жоғарыда атап өтке­ні­міз­дей, тарихи еңбектерді ғылыми не­гіз­дел­ген сарап­та­мадан өткізіп отыратын бір ор­та­лық немесе нақты бір комиссия жан-жақты жұмыс істей алса – ұлттық та­рихты жазуда ғалым­да­рымыздың көз­қа­ра­сын бір арнаға тоғыс­тыру мүмкіндігі пайда болары хақ. Әр тарихшы қаптаған дерек­көз­дерімен жұмыс істеп, өз зерттеулерін өз мүмкіндігінше сара­ла­ға­ны­мен, барлы­ғы­ның іздейтіні бір ақиқат, бір шындық емес пе?
Ендігі кезекте біз өткенімізге қайта бұрылып, бай тарихымызды жаңаша бір електен өткізуге бел буып отырмыз. Бұған заманның өзі алып келді. Мемлекет те ұлттық мәселелердің кезек күттірмей шешілуіне мүдделі болып отыр. Осы қадамдар тарихшыларға тың серпін берері сөзсіз. Бұдан былай тарихты зерттеуге келгенде «өзімбілемдік пен менікі дұрыс» деген біржақты пікірлерге жол берілмеуі тиіс. Сондықтан да қаншалықты қиын болса да, біз сан ғасырлық тарихымыздың барынша нақты хронологиясын түзуге күш салуымыз керек. Алдымен ненің, қалай зерттеу керек екенін нақты анықтап алып барып қана шын тарихты жазуға тиіспіз. Тарихты әркім жазып, өзіне тарта беретін болса, ұлтымызға қатысты дүниелерді өзгелер иемденіп кете бермек. Қалай болған күнде де ұлттық тарихқа үлкен ғылым деп қарап, оның зерттеп-зерделеу ісіне кәсіби тарихшылар жауапты болуға тиіс.


Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарих ғылымының кандидаты:
жоқ
– Бүгінде қоғамда тарихы­мыз­ды жазуда ғалым­да­ры­мыз­дың көзқарасы неге бір арнаға тоғыспай келеді, неге ала-құ­ла­лық көп деген пікірлер айтылып жүр. Меніңше, бұлай болуы мүм­кін емес.
Қандай ғылымда болсын белгілі бір нәтижелерге мол тә­жірибе мен терең білімге сүйену арқылы ғана жетуге болады. Бұл ретте тарих ғылымының өзіндік ерек­шеліктері басым. Ол білім мен тәжірибемен қоса, ұзақ зерт­теулер мен ізденістерді талап етеді. Деректерді табу, оларды саралап, салыстыру, аңызы қай­сы, ақиқаты қайсы дегендей мә­селелердің анығына көз жет­кізу бірер күннің шаруасы емес. 
Әр тарихшының өзіндік көзқарас пен түсінік пайымы, өзіндік зерттеу мето­до­ло­гиясы мен өзіндік кәсіби деңгейі болады. Осы орайда тарихшы қандай мұрағаттық деректермен жұмыс істеп отыр, кімдердің еңбегіне сүйеніп, қандай мүддені қорғап отыр – кейбір мәселелер осы жайттармен тығыз байланысты. Ғалымдардың көз­қа­ра­сындағы әркелкіліктің тағы бір фак­то­рының бірі сол ғалымның қалыптасу кезеңіне де тікелей байланысты. Мысалы, кеңестік дәуірдің ғылыми ортасында қалыптасқан ғалымдардың көбі тарихты зерттеуде кеңестік теориялық-әдістемелік тұрғыдағы дүниетанымынан ажырай қоймаған. Ал Тәуелсіздік жылдарында қалып­тасқан азат ойлы жас тарих­шы­лар­дың ұлттық сипаттағы көзқарастарының басым екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Әрине, көпжылдық тәжірибе мен шыңдалған білім ғалымдар үшін маңызды рөл атқарғанымен, қалыптасу кезеңінен санаға сіңген бұрынғы ұғымдар мен түсініктерден бірден арылу мүмкін емес. Тарих ғылымы – бұл өзі кілең пікірталас пен қайшылықтардан, тіпті дау-дамайдан тұратын ұшы-қиырсыз бір үлкен сала. Бұл ретте кәсібилерден гөрі қоғамның әр саласындағы басқа бір маман иелерінің тарихты жазуға араласуы онсыз да нақты жүйеге түсе алмай келе жатқан маман­дар­дың өзін шатастырып отырған жайы бар. Өз басым осы тенденцияны біршама зерт­теуге талпыныс та жасап көрдім. Сонда көзімнің жеткені – Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдық кезеңде бүкіл қазақ баспасөзінде ұлтымыздың тарихына қатысты жазылған дүниелердің ішінде әуес­қой тарихшылар басым болып шықты. Пайыздық өлшемге салсақ, осы 10 жыл аралығында төл тарихымыз туралы жа­зыл­ған дүниелердің 87 пайызы әуес­қой­лардың еншісінде екен. Қалғаны кәсіби тарихшы мамандарға қалып отырған. Бірақ бұл – нағыз мамандар аз еңбектеніп, тарих әуесқойлары деп жүрген жазушы, журналист, шежіреші адамдар жемісті нәтиже берген деген сөз емес. Келтірілген 87 пайыздың басым бөлігі ғылыми тұр­ғы­да дәлел-дәйегін таппаған жазбалар қата­рында десем, артық айтқаным емес. Дей­тұр­­ғанмен де тарихи санамызды қа­­лыптастыру жолында осы әуес­қой­лар­дың үлес-салмағы басым. Міне, тарихқа әр­кімнің таласы бар болғандықтан, әр­кім­нің де көзқарасы әрқилы болатыны осы­дан. Ал нағыз тарихшылар зерттеу ны­са­ны­на алған өз еңбектерінің ғылыми жа­ғына баса мән беретіндіктен, жұмыс­та­ры­ның бірнеше жылдарға созылып кететін тұстары көп. Анығын айтсақ, шын тарих кез келген адам айналыса беретіндей жеңіл­тектікті көтермейді. Өйткені бүтін бір ұлттың тарихы біреуден естігеніңді хатқа тү­сіріп, соны өзіңше дәлелдеу арқылы жа­зылмауы тиіс. Бұл жерде көзқарастар қайшылығы мен пікіралуандылығы – ақи­қа­ты басым шынайы тарихтың бетін ашуға септігін тигізуге жұмыс істеуі керек. Егерде барлық тарихшылардың көзқарасы бірыңғай болатын болса – онда жаңаша тарих жазылмайды. Себебі ғылымның нәтижесіне әрнені салыстырып, әр нәрсені зерттеумен және пікір таластырумен жетуге болады.

Бейтарап пікір
Қамбар Атабаев, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіз мемлекеттің иесі болып отырған қазақ өзгенің шылауында кеткен тарихи шындығын қайтарып, өзінің ұлттық тарихына қайта үңіле бастады. Алайда сан ғасырлық төл тарихымызды ұлттық мүддемізбен ұштастырып, қайта жазып шығуға ғалымдарымыз қаншалықты дайын? Осы мәселе мені қатты толғандырады. Бізде әлі күнге дейін деректану саласы дамымаған. Осы уақытқа дейін біршама тарихи дерекқоры жинақталып қалды. Бірақ соларды тәптіштеп зерттейтіндер некен-саяқ. Тарихи деректі, жәдігерді тауып қана қою аз, ол түбегейлі зерттелуі тиіс. Ол үшін тарихшылар жеке-жеке емес, бірлесіп, ақылдасып, кеңесіп отырып жұмыс істеуі керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста