ҰБТ-ның шектік балын өсіру білім сапасын арттыра ала ма?

ҰБТ-ның шектік балын өсіру білім сапасын арттыра ала ма?

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі азаматтардың пікірімен саралайтын «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбы «ҰБТ-ның шектік балын өсіру білім сапасын арттыра ала ма?» деген тақырыпқа арналып отыр. Қоғамдағы орын алып жатқан кез келген мәселеден шет қалмауды көздейтін бағдарлама бұл жолы да тартысқа толы ҰБТ-ның шектік балын өсіру жайын талқыға салады. Еліміздің білім беру саласында жасалып жатқан реформалар мәселесіне бейжай қарай алмайтын мамандар да осы тақырып аясында өз ойларын ортаға салатын болады.


Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, ББЖ КБАРИ профессоры:
иә
– Менің мектеп мұ­ғалімі ретінде айтарым – жыл өткен сайын біз оқу­­шыларға қойылар та­лап­ты күшейтуіміз қажет. Өйткені білім дең­гейін бірқалыпта ұстап тұру алға қарай ұмтылуды жояды. Сондықтан білім сапасын көтеру үшін Ұлттық бір­ыңғай тесті­леудің шектік балын өсіріп отыруымыз қажет. Сонда оқушының да өзіне қояр талабы өсе береді. Білім көкжиегі өте шексіз.
Оқушының да жас ерекшелігіне сай білімді қабылдау деңгейі жас кезінде ерекше болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз неғұрлым білімді, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуге күш салғанымыз жөн. Айналып келгенде, бұл – уақыттың да та­ла­бы. Уақыт өткен сайын ғылым мен тех­нологияның қарыштап өсіп ке­ле жатқан заманы екенін сезініп отыр­мыз. Ендеше, замана көші­нен қа­лыспай, бі­лім­ді ұрпақ тәрбие­ле­гіміз кел­се, ҰБТ-ның шектік балын өсі­ріп отырудың пайдасы зор.


Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы:
жоқ
– Мен бұл пікірмен ке­лісе алмаймын. Тіпті мен тестінің білім көрсеткіші бола алатынына да сен­беймін. Өйткені ол оқу­шының нағыз білімін көр­сете алмайды. Ендеше, ҰБТ-ның шектік балын өсі­ріп отыру да ештеңені шеш­пейді. Тесті­леудің қо­ға­мымызға енге­ніне қанша уақыт өтсе де, оның айна­ласындағы шикі­ліктер мен дау-дамайдың толаста­мауының өзі ҰБТ-ның дұ­рыс жүйе еместігінің айғағы болса керек. 
Қазір көптеген маман тестіні жаттап айту оқушының ойлау қабілетін шектейтінін, сөз байлығын көрсете алмайтынын жиі айтуда. Әйтсе де әз­ір­ге бұған құлақ асатын адам та­ба алмай отырмыз. Жыл сайын ҰБТ-ның уақыты жақындағаннан бас­тап біз дүрліге бастаймыз. Тест біткен соң, сан түрлі қитұрт­қы­лық пен оқушының суицидіне де куә болып жатамыз. Осы­лайша біз білім сапасын ан­ық­тауды басынан дау-да­ма­йы арылмаған тестке жүк­теп қой­дық. Бұл дұрыс емес.

«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы

«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, ББЖ КБАРИ профессоры.
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы.

тартыс бөлімі                                                                                                                                  
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Ұлжалғас апай, жаңа қарсыласыңыз айтып өткеніндей, тестілеудің айналасында айтылып жүрген сын аз емес. Сөйте тұра, білім сапасын анықтаудың жалғыз көрсеткіші осы болғаны ма?
Ұлжалғас Есназарова:
– Халық қашан да болсын жаңадан келген жаңалық­ты тартыншақтап қабылдайды. Соның ішінде білім саласына келген жаңалықтың бірі – ҰБТ. Тестілеудің ерек­шелі­гі қандай тілдегі мектеп болса да тест арқылы білімін тексеріп, тіпті мектептің қандай дәрежеде білім беріп жатқа­нын да анықтауға мүмкіндік туды. Тіпті тест арқылы білім сапасы жоғары жүз мектепті анықтаудың да сәті түсті. Соның ішінде өзім сабақ беретін Алматы қалалық №138 қазақ гимназиясы да осы жүздіктің ішіне енді. Тест балаға ғана емес, ұстазға да жауапкершілік артты. Мәсе­лен, ұстаздар бұрынғыдай емес, білім сапасы жоғары мектептердің қатарына ену үшін тырысатын болды. Сон­дықтан біз ҰБТ-дан қашпауымыз керек. Қайта айтылып жүрген кемшіліктердің жойылып, ҰБТ-ны нағыз білім көрсеткішіне айналдыруға тырысуымыз қажет. Қазір министрлік тарапынан да осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігіне Бақыт­жан Тұрсынұлы министр болып келгелі ұстаздардың білімін жетілдіруге күш салып, сол арқылы баланың тестімен ғана қаруланған ұрпақ болып қалыптаспауын қамтамасыз етуде. «Өрлеу» акционерлік қоғамына қарасты Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадр­лары біліктілігін арттыратын республикалық институт ашылды. Ол жерге шетелдің озық университеттерінен ұстаздар келіп сабақ беруде. Осы орайда біз білім саласына еніп жатқан инновациялық үрдістерге қарсы болмауымыз керек.
Ғалия Әміртаева:
– Тестілеу білім сапасының көрсеткіші емес, тек ше­неу­нік­тердің есеп беруіне арналған өзара бақталас­тық құралына айналды. Тест баланың ішкі дүниесін аша алмайды. Сұрақ пен жауабын жаттап алған оқушы білім­нің тереңіне үңілмей, мамандық таңдауға ұмты­луда. Біз дәл қазіргі таңда тестіні баланың білім сапасын тексеруден бұрын мектептер арасындағы өзара жарыс­қа, аудан мен облыстар арасындағы сайысқа айналды­рып алдық. Соның жолында баланың білімін анық­таудан бұрын қандай жолмен болсын неғұрлым көп балл жинатып, мектеп намысын, аудан абыройын, облыс даңқын арттыруды мақсат тұтып алдық. Ал осындай жағ­дайда біз тест – білім сапасының көрсеткіші деп айта аламыз ба?!
Жүргізуші:
– Ұлжалғас апай, біз алғаш тестілеуді енгізгенімізде, шектік балл 40 балл болған екен. Одан кейін бірте-бірте өсі­ре келіп, енді ұлттық университеттердің деңгейін көте­ру үшін шектік балды 70 балға жеткізуді жоспарлап отыр­м­ыз. Осы орайда бұл көрсеткіш балаларға тым ауыр ти­мей ме? Оқушы 11-сыныпта терең білім алуды емес, 70 балдық көрсеткіштен асуды ғана мақсат тұтып кетпей ме?
Ұлжалғас Есназарова:
– Жоқ, ондай болмайды. Қазір біздің оқытқан балаларымыз шекара асып шетелдерге білім алуға аттанып жатыр. Егер біз берген білімнің сапасы төмен болса, олар шетел асып білім алуға аттанбас еді ғой. Мәселен, Аме­рик­адағы Гарвард университеті, Стенфорд, Англия­дағы Кембридж, Оксфорд университетінің, Түркиядағы Анкара университеттерінің барлығы – әлем мойындаған оқу орындары. Бұл оқу орындарына түсу үшін ақшаң болуы шарт емес. Бірақ білімді болуға міндеттісің. Түркиядағы инженерлер дайындайтын Билкент университетіне 90 балдан жоғары балл алған балалар ғана өтеді. Аталмыш ЖОО Түркияға білімді, ең таңдаулы, беткеұстар мамандарды дайындап беріп отыр. Осы орайда ата-аналар да, оқу­шы­лар да жақсы оқыса, жоғары балл алатынын, жоғары балл алса ғана ең таңдаулы оқу орнына түсетінін түсінуі керек. Ал оқи алмаса, орта кәсіптік білім алып, еңбек етсін. Білімі орта кәсіптік білім алуға да жетпегендер қара жұмыс істесін. Осылайша біз жастардың білімді болуына бәсекелестік тудыруымыз керек. Бұл – заман талабы. Егер осы жүйені қалыптастыра алсақ, білімді мамандар­дың өздігінен жіктелуіне мүмкіндік туар еді. ЖОО-ның қолжетімді болғаны соншалық, соңғы кездері кәсіптік техникумдарды бітірген мамандардың жетіспеушілігіне ұшырап отырмыз. Сондықтан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің мәртебесін көтеру үшін тіпті 90 балдан төмен жинаған жастардың құжаттарын қабылдамауы керек.
Жүргізуші:
– Шынымен, біздің елімізде жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың қатары өте көп екен. Мәселен, Қазақ­станда 10000 адамға шаққанда 377 студенттен келсе, Америкада 10000 адамға шаққанда 200 студенттен келетін көрінеді. Байқасақ, біздегі студенттердің саны Америкадағыдан екі еседей көп екен. Осы орайда, Ғалия ханым, бәлкім, бізге де кім көрінгенді оқыта бермей, шектік балды өсіріп, жоғары балл алғандарды ғана оқыту керек шығар?
Ғалия Әміртаева:
– Сіз Гарвард, Кембридж университеттеріне балаларымыз түсіп жатыр деп айтып отырсыз. Мен оларды да зерттеп көргенмін. Олар бізден баратын жастардың 10-11-сыныптағы оқу үлгерімдерінің көрсеткішін ала отырып, өз талаптарына қарай қабылдайды. Ал біз балалар қалаған-қаламағанына қарамай, жаппай тестілеп жатырмыз. Тіпті балалардың шамасының, қабілетінің жеткен-жетпегеніне де қарамай отырмыз. Осылайша біз баланың құқын шектейміз. Негізі, бала оқу орнына құжат тапсыратын-тапсырмайтынын өзі білуі қажет. Біз оларды міндеттемеуіміз керек. Ал ҰБТ арқылы біз еріксіз жоғар­ы оқу орнына итермелеп жатырмыз. Бала алдымен аттес­татын алсын. Содан кейін не қалайтынын баланың өзі шешуі тиіс. Жыл сайын шектік балды өсіріп, балалар да жоғары балл жинаудан өзара жарысқа түсіп жатыр. Жоғары балл жинай алмағандары өзіне қол жұмсауға дейін баруда. Екіншіден, тест тапсыруға жыл сайын бөлінетін қаржы білім саласына бөлінетін қаржының елеулі бөлігін иемденуде. Басынан дау арылмай тұрған тестіге сонша қаржы бөлу­дің қажеттілігі бар ма? Үшін­шіден, тест осы саладағы жемқорлықты одан сайын асқындырып жіберді. Бұған жыл сайын әр аудандарда орын алып жатқан жайттар мысал бола алады. Бесіншіден, тест әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі дейміз. Бірақ алдымен біздің қоғамның дамы­ған елдердің тәжірибе­сіне енгізуге дайындығы жететін-жетпейтінін анықтап алуымыз керек еді. Сондай-ақ балалардың ойлау қабілетін де шектеп, тек жаттауға үйреткен тестіні алмастыратын басқа жүйе ойлап табудың орнына жыл сайын шектік балын ұлғайтып, одан сайын балаларға ауыр­лық түсіріп отырғанымызды түсінетін кез жеткен секілді.
Жүргізуші:
– Ұлжалғас ханым, жаңа Ғалия ханым мысал келтіріп өткеніндей, аудан, облыс деңгейiндегі бәсекеге айнал­дыр­ғаннан кейін ұстаздар да оқушылары жоғары балл алу үшін өзара жарысқа түсіп отыр. Осы орайда жалған жоғары балдар, керісінше Ұлттық университет­тердің деңгейін түсіріп жібермей ме?
Ұлжалғас Есназарова:
– Ғалия ханымның келтірген дәйектемелерімен келіспеймін. Оқушылардың ауызекі тілде сөйлеу қабілетін шек­тейді дейді. Оқушылар – 11 жыл бойына мектептегі оқу жоспары мен бағдарламасына сәйкес шығармасын жазып, түсінігін айтып, ғылыми жобаларын қорғап жүрген балалар. Олардың сөйлеуіне ешкім кедергі болып жатқан жоқ. Тест тек жылдың аяғында бір мәрте білімін ғана тексереді.
сайыс бөлімі                                                                                                                                    
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша студия қонақтары өзара сұрақ-жауап алмасады.
Ұлжалғас Есназарова:
– Сіздің ойыңызша, тестілеудің ешқандай пайдасы жоқ па? Бүгінде көптеген елдің тәжірибесінде бар тесті­леуге неге сонша қарсысыз?
Ғалия Әміртаева:
– Тест бүгінде бүкіл қоғамның проблемасына айналуда. Төмен балл алмас үшін облыстық білім басқармалары аудандық бі­лім бөлімдерін қысады. Ал олар – мектептерді, мектеп дирек­торлары – ұстаздарды, ұстаздар баланы қысымға алып, өзара бәсекелестік құралына айналдырып алды. Тіпті жоғары балл алған мектептің директорларын облыс әкімдерінің марапаттап жатқанын да естіп жатырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес. Осы орайда сіз аттестат алу мен ЖОО-ға түсу жүйесін біріктірген ҰБТ-ны қаншалықты қол­дайсыз?
Ұлжалғас Есназарова:
– Сіз бұл жерде дұрыс түсінбей отырсыз. Мектепте ЖОО-ға түскісі келмеген оқушы мектепте емтихан тапсы­рып, аттестат ала береді. Балалар екі қайтара тест тап­сырмауы үшін бір жол­ғы сынақпен аттестат алып, оқу­ға түсуге ар­нал­ған сертификатқа да қол жеткізу – үлкен мүмкіндік.
ойтүйін                                                                                                                                                  
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Бұл бөлімде екеуіңізге де қойылар сұрақ ортақ. Қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Ұлжалғас Есназарова:
– Ойды ой қозғайды. Әрине, қарсыласымның пікірін сыйлаймын, бірақ өз пікірімде қаламын. Шектік балды өсіру арқылы біз білім саласына қойылар жауапкершілікті ұлғайта беруіміз керек.
Ғалия Әміртаева:
– Менің шырылдап отырғаным, қоғамымызға сай нақты білім көрсеткішін анықтап бере алатындай жүйе болса екен деген ой. Сондықтан балаларға психологиялық тұрғыдан ауыр тиетін тәжірибелерден аулақ болсақ екен. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге енді жолдама алайын деп тұрған балаларымыздың сағын сындырып алмасақ екен.
Жүргізуші:
– Қоғам­дық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында тал­қылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біз­дің мін­дет, ал шешім қабылдау – рес­ми органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста