Қазір телеарналардың бағдарламалары жеке студияларға тапсырыс беру нәтижесінде әзірленеді. Алайда бұл жүйенің тиімді не тиімсіз екенін дөп басып айту қиын. Себебі бағасын беретін – көрермен. Дегенмен соңғы кездері эфирден беріліп жүрген бағдарламаларға қарап бұл жүйемен жұмыс жасап жатқан телеарналар мен олардың туындыларына қатысты сапаның тым жоғары еместігі байқалады. Әсіресе шетелдік телекомпаниялардың дайын өнімін аудара салып, халықтың назарына ұсыну оңай пайда көзіне айналғандай. Телевидение саласында жүрген кейбір әріптестеріміз көшірме бағдарламалардың көбеюіне уақыт тапшылығы мен студиялардың жетіспеушілігі сеп десе, кейбіреуі жекеменшік телестудияларға тапсырыс беру жүйесі дұрыс деген пікірде. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаржыны тек телеарна ішінде пайдалану бағдарламалардың сапасын төмендетеді десе, енді бірі – тапсырыс бар жерде талап та бар деген ойда. Осы орайда бүгінгі қоғамда екіжақты қызу пікір қалыптасқандықтан «Телеарналардың бағдарламаларды жеке студияларға тапсырыспен дайындату жүйесі өзін-өзі ақтап отыр ма» деген сұрақты мамандардың талқысына салып көруді жөн санадық.
Ардақ БЕРКІМБАЙ, «Түркі әлемі» телестудиясының редакторы:
иә
Қазіргі таңда телеарналар өздерінің бағыттарына қарай ойластырған бағдарламаларды жеке студияларға беріп, дайын өнімдерді эфирден беріп жатқаны қай жағынан алып қарағанда да тиімді. Бұл бағдарламалардың сапасының жақсаруына әсерін тигізеді. Телеарна қаржы бөліп отырғаннан кейін талап та жоғары. Ал жеке студия үшін тапсырыстан айырылып қалмау қажет. Сондықтан бұл жерде жеке студия тапсырыс берушінің ғана емес, дайын бағдарламаны тұтынушы – көрермендер көңілінен шығу үшін де барын салады.
Бұрынғы жүйенің кемшін тұстары аз емес еді. Телеарна бағдарламаларын өз ішінде дайындайтын болса, бір режиссерге бірнеше бағдарлама беріп, шығармашылық тұрғысынан да тоқырауға ұрынады. Қаржы үнемдеу мәселесі шығады. Бағдарламаларды дайындауға уақыт та жетіспей, үлгермей жатады. Мұның бәрі тартымсыз, жаттанды, таптаурын болған, көрермендерді мезі ететін дүниелердің көбеюіне алып келеді. Оның үстіне, қазір шетелдік шоу бағдарламалардың көшірмелері қаптап кетті. Мұның бәрі шығармашылық ізденіспен қатар бәсекелестіктің де қалыптаспай жатқандығынан болар. Бізде әзірше кәсіпкерліктің осы бағыты енді-енді қарқын алып келеді. Телеарналар нарығындағы аутсорсинг болашақта жақсы дамитын болса, жеке студиялар көптеп ашылып, бәсекелестік артар еді. Студиялар тапсырыспен ғана емес, өздерінің төл өнімін телеарналарға ұсына алар жағдайға жететіндей тең дәрежедегі мүмкіндіктер жасалуы керек. Жалпы, осы жүйенің тиімді екеніне телеарналар да, жеке студиялар да, көрермендердің де көзі жетіп отыр.
Бекзат ЖҮСІП, «Хабар» телеарнасы жаңалықтар қызметінің редактор-дикторы:
жоқ
Бұл – әлемдiк тәжiрибе. Мұндағы негiзгi мақсат – көрерменге сапалы өнiм ұсыну. Тың әрi қызықты бағдарламалар дайындау. Ал бiздегi жекеменшік телестудияларда дайындалған бағдарламалардың деңгейiн өздерiңiз көрiп жүрсiздер. Сапалы бағдарламалар аз. Денi көшiрме. Ал төленетiн қаржыға келсек, қыруар. Жалпы, аутсорсингтерге тапсырыс беру үрдiсi бiзде үш-төрт жыл бұрын ғана басталды. Әлi жолға қойылды деп ойламаймын. Сондықтан дәл қазiргi уақытта жеке студияларға бағдарлама әзiрлету iсi өз-өзiн ақтап отырған жоқ.
Бәлкiм, көш жүре түзелер. Жалпы, мемлекеттен бөлінетін қаржыны тек телеарналардың өз ішінде қолданып, яғни студияларды телеарналардан ашудың да өзіндік пайдалы және тиімсіз тұстары бар. Олай дейтініміз, қазірдің өзінде өз студиялары бола тұра, режиссерлердің қолына берілген бірнеше бағдарламаны уақтылы дайындай алмай, сапасыз дүниелердің телеарналардан беріліп жүргенін көреміз. Ал жекеменшік телестудияларға тапсырыс берген телеарналар қалай болған күнде төлеп отырған қаржысына сай жоғары деңгейлі, сапалы, тың идеялы бағдарламалар жасап шығаруды талап етеді. Жекеменшік телестудия да кәсіпорын болып табылады. Яғни бизнесінің басты көзі телеарналардан берілетін бағдарламалар дайындауға тапсырыс болғандықтан, кез келген кәсіпкер қолынан шыққан өнімнің ең алдымен сапасына жіті көңіл бөледі. Дегенмен бұл орайда да «бизнестегі басты мақсат ақша табу болмай ма» деген сезікті сұрақ туындайды. «Ақшасы төленсе болғаны» деген мақсатта тағы да сапасыз дүниеге ұрынбаймыз ба?» деуіңіз де мүмкін. Ал мұндай келеңсіздіктер орнамас үшін, әрине, телекомпаниялардың толықтай жабдықталып, білікті де тәжірибелі кадрлардың толық болғаны абзал. Шындығына келгенде, әзірге дамыған елдердегідей дәрежеде болмасақ та, әріптестеріміздің қазіргідей кезек күтіп, бір бағдарлама дайындап эфирге шығару үшін студиядан бастап, камераларға дейінгі жетіспеушіліктердің тезірек шешімін табуын тілер едік. Себебі кез келген телеарна өзінің жоғары рейтингісі үшін барын салады. Ал жоғары рейтингіге тек сапалы бағдарламасы көптер ғана ие екені мәлім. Бір сөзбен айтқанда, дәл қазір бұл жүйе өз деңгейінде жұмыс істей алмай келеді. Бұл саладағы шешімін таппаған екіжақты мәселе де жетерлік. Яғни телеарналардағы бағдарламаларды дайындау жұмыстарын жекеменшік телестудияларға тапсырыс беру үшін қарастырылып отырған мемлекеттік бюджеттің қаржысы өзін-өзі ақтамақ түгіл, желге ұшып жатыр деуге де болатын сияқты.
Бейтарап пікір
Сейітқазы МАТАЕВ, Журналистер одағының төрағасы:
– Қазір телеарналардың басым бөлігі, шынымен-ақ, бағдарламаларды өздері дайындамай, жекеменшік телестудияларға тапсырыс беруді жөн санайды. Оны «аутсорсинг» деп атап жүр. Бұл – дүниежүзінде бар тәжірибе. Бірақ біздің елдегі бұл жүйенің сапасына тура баға беру қиын. Бірақ қарап тұрсақ, сол камера да, өзге жабдық та телеарналардың өзінде бар, бола тұра, олар тапсырыс береді. Демек, аутсорсингтің пайдасы көп, үнем де жоғары болар. Телеарналардағы қызметкерлердің санын көбейтпей, уақыт тығыз болған шұғыл жағдайларда жекеменшік телестудияларға тапсырыс беру, әрине, тиімді. Білуімше, телеарналар мемлекеттен қаржы алмайды, өз табыстарына жұмыс істейді. Бұл дегеніміз телеарналардың бағдарламаларды жеке студияларға тапсырыспен дайындату жүйесінің тиімді екенін айғақтайтын сияқты.
Ғазиза ҰЗАҚ, СТВ телеарнасы қазақ бөлімінің продюсері:
– Белгілі бір форматтағы бағдарламалар және әр арнаның өз өнімдерінен бөлек, жеке студияларға тапсырыс беруі өте оңды деп ойлаймын. Бұл арнаның деңгейін көтеріп, көрермен ықыласын жоғарылатады. Алайда жекеменшік студияларға тапсырыспен дайындату жүйесі өзін толық ақтайды дей алмаймын.
Себебі жасалған дүние әр кез көңілден шыға бермейді. Әрине, ол үшін қаржы бөлінгендіктен, оған талап қойылып, жіті қадағалауға мүмкіндік беріледі. Бірақ ол әрдайым сапалы, көрермен көңілінен шығатындай дүние болады деп ешкім кепілдік бере алмас.