Сырттай оқу түрі сапалы маман даярлауға кері әсерін тигізе ме?

Сырттай оқу түрі сапалы маман даярлауға кері әсерін тигізе ме?

Халықтың түгел білімді болуы, жеке тұлғаның білікті маман болғаны өзі үшін де, мемлекет үшін де өте қажет. Бәсекелестіктің биігіне ұмтылған елімізге сапалы мамандар ауадай қажет-ақ. Осы тұрғыда «елдегі қаптаған ЖОО-ны сырттай бітірушілер елдегі біліксіз, білімсіз мамандар қатарын көбейтіп жатыр» дейтін пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Ал кейбіреулері сырттай оқудың артықшылықтарын айтып, тиімділігін дәлелдеуде. Жан-жағымызға қарасақ, көршілеріміз тұрмақ, дамыған батыс елдерінде де оқудың бұл түрі үлкен сұраныста көрінеді. Сонымен, сырттай оқу кімге пайдалы, кімге зиян? Бұл туралы кім не дейді? Мамандар пікіріне құлақ түрейік.

0106

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, филология ғылымының кандидаты, доцент:

Иә
– Бүгінгі таңда еліміздегі жүздеген жоғары оқу орындары жыл сайын сырттай білім алған мыңдаған мамандарды даярлап шығаруда. Бұл – кеңес тұсынан келе жатқан үрдіс. Шынын айту керек, білікті, сапалы маман даярлауда сырттай оқу түрінің тиімділігі өте төмен. Себебі қазір мектепті бітіре салып ЖОО-ға сырттай түсетіндер көбейіп барады. Рас, қаржылық қиындықтардың кесірінен де солай болып жатуы мүмкін. Дегенмен мектепті бітірген жастар міндетті түрде күндізгі оқуға түскені дұрыс деп ойлаймын. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сырттай оқитындар жылына екі-ақ рет оқу орнының табалдырығын аттайды. Бар-жоғы қырық күннің ар жақ, бер жағында оның миына қандай білім қонары белгісіз. Мектеп бітірушілерге академиялық білім өте қажет.

Ол өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс. Күндізгі бөлімді тәмамдап барып, екінші мамандық аларда сырттай оқыса, онда ол – басқа әңгіме. Енді қарап отырсақ, қазіргі оқудың бағасы да шарықтап тұр. Жекеменшік ЖОО-лардың оқу ақысы да қалысар емес. Осыдан қиналатын ата-аналар амалсыздан баласын сырттай оқытуға мәжбүр. Бұлардың көбеюінің бір жағы осыған келіп тіреледі. Мемлекет оқу ақысының жыл сайынғы өсуін қадағалап, бір деңгейден асырмайтын болса, күндізгі бөлімге түсушілердің саны анағұрлым артар еді.

Бізде медицина мамандарын даярлайтындардан өзгелердің барлығында дерлік сырттай оқу түрі бар. Дәрігерліктің аса жауапты мамандық екенін, әрине, мойындаймыз. Бірақ неге бізде тіл мамандарын, заңгер, қаржыгерлер даярлағанда, сондай жауапкершілікпен қарамаймыз? Білімсіз, біліксіз әдебиетші, тарихшы, заңгерлер қаптап жүр деп айтудан жалықпаймыз. Ауылды жерлердегі мектептерде сабақ беріп жүргендердің көпшілігі – білімді сырттай алғандар. Және бізде ауылды жердің оқушыларының білімі таяздау деген деректер бар. Мұның түп негізі де сол сырттай оқитындарға барып тірелетін секілді, меніңше. Кеңестік тұста мектепті бітірген түлекті бірден сырттай бөлімге қабылдамайтын үрдіс бар-тұғын. Жұмыс орнының жолдамасымен ғана сырттай оқуға мүмкіндік болды.

Сырттай бітіргендердің дәл қазір жұмысқа орналасуы да қиындап барады. Себебі қазіргідей нарықтық заманда жұмыс берушінің көпшілігі – жеке кәсіпкерлер. Ол кәсіпорнына міндетті түрде білікті кадрлар жинайды. Ал жаңағыдай сырттай оқып келгендерге бірден күмәнмен қарауы ықтимал. Солай болып та жатыр. Ол маман оқуын беспен бітіруі мүмкін, алайда «сырттай оқыған адамда қайбір білім бар дейсің» дейтін пікір қазіргі қоғамда қатты белең алып тұр. Сол себепті де сырттай оқу методикасын біртіндеп қолданыстан шығара бастасақ та, артық бола қоймас еді. ЖОО-да сыбайластықтың бары рас. Оны қолмен қойып дәлелдей алмасақ та, бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе сырттай оқитындар мен мұғалімдер т.б. арасында бұл – өте жиі кездесетін құбылыс. Яғни білім саласындағы сыбайластық пен парақорлықтың да орын алуы осыған байланысты.

Еліміз еңсесін енді тіктеп келе жатқан тұста қоғамды алға сүйрейтін білімді мамандардың қажеттілігі қатты байқалуда. Яғни бәріміз жұмылып, сапалы маман даярлауымыз – ауадай қажет нәрсе. Мейлін, ол сырттай немесе күндізгі болсын ұстаздар қауымы жаңа технологияларды меңгеріп, сонысын шәкірттеріне үйрете білсе, нұр үстіне нұр болар еді.

0207

Бибіқадиша ЖҮСІПОВА, филология ғылымының кандидаты, доцент:

Жоқ
– Қоғамымызда сырттай оқу түріне «екінші сортты» білім беру ретінде қараушылық қатты белең алған. Алайда әлемнің көптеген елдерінде білім берудің бұл түрі кең тараған. Сырттай оқитындардың күндізгі бөлімде оқитындардан ұтатын тұстары өте көп. Мысалы, олар қатаң графиктегі блоктар, рефераттар, емтихандарды жұмысын, демалысын тастап тапсырудан құтылады. Және де білім алушының электрондық үлгідегі заманауи кітаптармен, интернетпен білім жетілдіруіне мол мүмкіндігі де, уақыты да болады. Өзіне білім қажет деген адам қай жерде болса да білім ала алады. Сырттай оқуды таңдар кезде көптеген адамдар «ертеңгі күні жұмысқа тұруымыз қиын болмас па екен» деген ойға түседі. Алайда көп жылдардан бері жиналған тәжірибе мүлдем олай емес екенін дәлелдеуде.

Қазіргі кез келген компаниялар жұмысқа адам аларда, міндетті түрде оның білімімен танысып, қаншалықты жан-жақты екенін зерттейді, әңгімелеседі, орысша айтсақ, собеседование жасап, барлығын тең дәрежеде сынайды. Міне, осы жерде бір күтпеген жағдай орын алады. Яғни сырттай оқыған маман жұмысқа қабылдануы мүмкін. Мұны қарапайым түрде былай түсіндіруге болады: сіз сырттай оқып жүріп-ақ өзіңізге ненің қажет екенін жақсы түсіндіңіз, тек керекті білімді жинауға талпындыңыз. Осыны байқаған компания өздеріне сізден артық маман таба алмайтынын түсінеді. Дәл қазір еліміздегі сырттай оқу түрін таңдайтындардың көпшілігі қаржылық қиындықтарға байланысты солай етеді. Ең болмаса, бір дипломның иесі атанайыншы дейтіндер де бар. Әрине, ақшаң болып, жағдайың көтерсе, күндізгі бөлімде оқыған жақсы. Тіпті шетелдің жоғары оқу орындарына да барсаң болады. Ал енді өйтуге қалтаң да көтермей, уақытың да тапшы болып жатса, сырттай оқуға жүгінуге мәжбүрсің. Және одан өзіңді төменшіктетудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Бүгін де сырттай оқитындарға жақсы жағдайлар жасалған. Мысалы, көптеген ЖОО-ы қашықтықтан оқыту, электрондық кітапханалардың қызметін пайдалану, сынақ емтихандарды үйіңде отырып-ақ тапсыра беруге де болады. Бір сөзбен айтқанда, балаңды емізіп отырып та білім алып, бітіріп шығуға жағдай жасалған. Ол үшін үйіңізде интернет болса, жетіп жатыр.

Сырттай оқып жүріп-ақ қызыл дипломмен бітіретіндер бар. Мен өзім сондай жайттарға талай куә болғанмын. Және бір байқағаным, олар күндізгі бөлімде оқитын замандастарынан өзінің тәжірибелірек екенін көрсетті. Яғни ол таңдаған саласы бойынша жұмыс істеп, тек теориялық білімге ғана мұқтаж болып келген. Тағы бір айтарым, мектепті бітіре салып, сырттай білім алуға асықпаған жөн. Менің жоғарыда айтқандарымның барлығы – екінші мамандығын сырттай оқу арқылы алғандарға қатысты ойлар. Мектепті жаңа бітірген түлектерге күндізгі бөлімде оқу тиімдірек. Өйткені олар бірден жұмыс істеп, сонымен қоса оқуы қиын болады. Бұл – әбден дәлелденген нәрсе. Әлемнің дамыған капиталистік елдерінде сырттай оқу түрі шеттетілмеген. Қайта үлкен сұраныста көрінеді. Мысалы, Германияны айтуға болады. 2008/09 оқу жылының өзінде-ақ бұл елде 66 мың сырттай оқитын студенттер тіркеліпті. Және де Германиядағы сырттай бөлім негізінен жұмыс істейтін адамдарға арналған екен. Олардың 60 пайызы бірінші мамандығын күндізгі бөлімде бітірген. Сондай-ақ Ресейде де үлкен сұранысқа ие.

Сырттай оқу түрі сапасыз мамандар даярлауға жол ашып отыр деп кесіп айтуға болмайды. Болашақта білімсіз, тәжірибесіз мамандардың өздері-ақ заман талабына шыдас бермей, ығысады. Ол күндізгі бөлімде бітіргендер де болуы мүмкін. Біз қайта сырттай білім беру жүйесін одан әрі жетілдіре түсуіміз қажет. Мысалы, басқа ЖОО-ның мұғалімдерінің, шетел ғалымдарының қашықтықтан дәріс оқуына жағдай жасауымыз шарт. Мұның бәрі әрине қаражатқа келіп тіреледі. Оның үстіне, елдегі азаматтардың интернетпен, компьютермен қамтылуы, қарулануы өте төмен деңгейде. Бұл енді – уақыттың еншісіндегі шаруалар.

Түйін
2015 жылға дейінгі мемлекеттің білім берудегі жаңа концепциясы ЖОО-ны жаппай кредитті оқу жүйесіне көшіруді басты нысан етіп алғандығы мәлім. Және «бұл кезде сырттай мен күндізгі бөлімде оқитындардың арасында ешқандай айырмашылық болмайды» дейді мамандар. Кредиттік жүйе маманданушылардың өз бетінше білім жинауына, тәжірибеден өтуіне мол мүмкіндік бермек. Бұл тұжырымдаманы жасаушылар сырттай мен күндізгі бөлімде оқитын студенттердің білім алуда мүмкіндіктері бірдей болады дегенді айтады. Демек, кімнің сапалы, білікті маман болмағы оның өзіне ғана байланысты болып қала бермек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста