Судьялар өмір бойы мемлекет қамқорлығында болуы тиіс! ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров жақында осындай ұсыныс жасады. Ол «бүгінгі күні елімізде зейнеткерлік жастағы 39 судья қызмет етіп келеді. Әрине, зейнеттік жасқа толған тәжірибелі судьяларды бірден демалысқа жіберу туралы мәселе туындамауы керек. Бірқатар өркениетті елдердегі секілді бізге де судьяларды өмір бойы мемлекет есебінен қамтамасыз ету қажет. Сондықтан да, адал ниетпен елі үшін еңбек сіңірген судьялар, зейнеткерлік жасқа жетіп, демалысқа шыққан соң өмірбойы мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілуі шарт» деген ойын жеткізді. Бектас Әбдіханұлының бұл ұсынысы мамандар арасында пікірталас тудырып отыр. Мамандардың қайшыкес пікірін ой-көкпардың таразы табағына тартып көрген едік...
Әуезнұр ҚАЖЕНОВ, ҚР еңбегі сіңген заңгер, Павлодар облыстық сотының төрағасы
Иә
– Бұл – өте дұрыс ұсыныс. Бізде енді айтылып жатқанымен, бұл әлемде бұрыннан бар тәжірибе. Көптеген елдерде судья отставкаға шыққан жағдайда 70%-дан бастап 100%-ға дейінгі аралықта жалақысы сақталады. Оның отставкадағы судья деген атағы сақталуына байланысты тағайындалған әлеуметтік жеңілдіктер де сақталып, өмірінің соңына дейін мемлекет қамқорлығында қалады. Судьялар зейнетке шыққан соң өмірлік мемлекет қамқорлығында қалу жүйесі көрші Ресей елінде де сақталған. Сондықтан аталмыш жүйені біз де өз қолданысымызға енгізсек дұрыс болар еді.
Судья қызмет барысында ертеңгі күнгі әлеуметтік жағдайын уайымдап отырса дұрыс жұмыс істей алмайды.
Әділ шешім де шығара алмайды. Егер біз зейнетке шыққан соң, судьяларды мемлекет қамқорлығында қалдырсақ, олардың ертеңгі күнін қамтамасыз етіп, қызмет барысында жемқорлыққа ұрынбауының да алдын алар едік. Сондай-ақ судьялардың қызметі өте ауыр, бүгінде қызметін тастап кетіп жатқан судьялар қатары өте көп. Өйткені оларды судьялардың әлеуметтік жағдайы қызықтырмайды. Осы орайда мемлекет судьялардың ертеңгі күнін қамтамасыз ете алатындай жауапкершілікті мойнына алар болса, судьялардың барлық күш жігерімен жұмыс істеп, әділетті қоғам орнату үшін жұмыс істеуіне жол ашылар еді.
Облыс бойынша облыс әкімі мен облыстық судьялар ғана Елбасы бұйрығымен тағайындалады. Әкімнен кейінгі лауазымды қызметкер саналатын судьялар зейнетке шыққаннан кейін мемлекет қамқорлығында болуға лайық тұлғалар деп санаймын. «Сот жүйесін әлемдік жүйемен сәйкестендіреміз» деп жатқан еліміз әлемдік тәжірибе саналатын осы жүйені де қолданысқа енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Серікболсын ӘБДІЛДИН, экономика ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірмен келіспеймін. Рас, көптеген елдерде судьяларды өле өлгенше мемлекет қамқорлығына алып, жақсы жағдай жасап қойған. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан қолданылып келе жатқан жүйе. Алайда ол үшін судья мемлекеттің сол қамқорлығына сәйкес, адал, өз жұмысына берілген, қоғамның өзіне деген сенімін ақтай алатындай маман болуы тиіс. Негізі, судья арқылы әділетті сот жүйесі орнап, қоғам заңсыздықтардан арылып, заңдардың өз күшінде жұмыс істеуіне жол ашылады. Ал бізде осындай құрметке судьялардың барлығы бірдей лайық деп айта алмаймын. Ендеше, судьяларға мұндай құрметті неге жасауымыз керек?
Әділетті қоғам құруға атсалыса алмаған судья зейнетке шыққан соң да неге мемлекет қамқорлығында қалуы тиіс? Бұл әділетсіздік емес пе?!
Сондықтан мен судьялардың өмір бойына мемлекет қамқорлығында қалуына қарсымын.
Өткен жылы Елбасының бұйрығымен 35 судья қызметінен босатылса, жақында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров биыл тағы да 52 судьяның қызметінен босатылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл сұмдық емес пе? «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себер?» дегендей олардың арасында жемқорлық фактілеріне орын беріп, қызметін дұрыс атқара алмағандары да бар көрінеді. Жоғарғы соттың судьяларының өзі осындай болғанда басқаларынан не үміт, не қайыр? Жылына осынша судья қызметін дұрыс атқара алмағандықтан орындарынан босап жатқанда, оларды өмір бойына мемлекет қамқорлығына берейік дегеніміз, қай сасқанымыз?! Әділетті қоғам орнату жолында өз қызметін дұрыс атқара алмаған судьяларға мұндай құрмет артықтау. Сондықтан мен зейнетке шыққан соң, судяларды мемлекет қамқорлығына қалдыру керек деген пікірмен мүлдем келіспеймін.
Осы орайда айта кетер жайт, біз судьяларды өмір бойына мемлекет қамқорлығында қалдыру жөніндегі ұсыныстан бұрын олардың өз дәрежелеріне сай жұмыс істеуіне көңіл бөлуіміз қажет. Ал дәл қазіргі судьяларды мемлекет қамқорлығына алып, жақсылық жасау ақылға сыйымсыз дүние. Онсыз да олардың жалақысын қанша көбейтсек те, дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Осы орайда судьяларымыздың дәрежесі өмір бойына мемлекет қамқорлығында қалдыратындай деңгейге жеткен жоқ дер едім.
Бейтарап пікір
Ғабиден ЖАЙЛИН, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы аралық сот төрағасының орынбасары:
– Бұл – бұрыннан дүниежүзі бойынша қолданылып келе жатқан тәжірибе. Егер судья қызметін адал атқаратын болса, зейнетке шыққан соң да оны мемлекет қамқорлығында қалдырған жөн. Ол әділетті қоғам орнату үшін қаншама жыл адал еңбек еткен соң, сондай құрметке лайық тұлға болады дер едім. Алайда біз қоғам тарапынан судьяның әділ қазы болуы үшін бақылауды күшейтіп, оның мемлекеттің дамуы жолында қабылданған заңдардың өз дәрежесінде жұмыс істеуіне үлесін қосқанына көз жеткізіп алуымыз керек. Кейде қылмыскерлер бостандыққа шыққан соң, судьядан кек алғысы келуі мүмкін. Ал бұл жерде қоғамда әділеттілік орнату үшін күрескен судья неге қорғансыз қалуы тиіс? Сондықтан зейнетке шыққан соң да судья барлық жағынан мемлекет қамқорлығында болғаны жөн. Егер судья қызмет етіп жүрген кезінде оның ертеңгі күні кепілдендірілген болса, ол жемқорлық әрекеттердің орын алмай, қоғамда неғұрлым әділетті шешім шығару үшін бар күш-жігерін салары анық. Бұра тартып заңсыздыққа да жол бермей, қылмыскерден қорқып ертеңгі күніне де алаңдамаса, ол нағыз судья бола алады. Алайда біз, ең алдымен, судьяның неғұрлым ар-ожданы таза, нағыз әділетті қазы боларына көз жеткізіп алғанымыз жөн.