Су шаруашылығы министрлігін құрмайынша, суға қатысты мәселенің шешімі табыла ма?
Су шаруашылығы министрлігін құру туралы қазір көп айтылуда. «Өйткені Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырындағы Су ресурстары жөніндегі комитет өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмай отыр» дейді сарапшылар. Бұл ретте «Ауыз су» бағдарламасы аясында 73 қылмыс тіркеліп, мемлекетке 484,5 млн теңге көлемінде шығын келтірілгенін айтсақ та жетіп жатыр. Бұл ақпаратты, естеріңізде болса, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі мәлімдеген-ді. Шынымен де, бәлкім, Су шаруашылығы министрлігін құрмайынша, суға қатысты мәселе оң шешілмейтін шығар? Пікір екіге жарылуда.
Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-зерттеу орталығы Қазақ филиалының директоры, профессор:
иә
– Әй, табыла қоймас. Сол себепті Су шаруашылығы министрлігін құрған дұрыс деп санаймын. Бір айта кетерлігі, елімізде судан басқа да табиғи және жер ресурстары әлдеқашан жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Тек су ресурсы мемлекеттің меншігінде қалды. Бұл қолдауға тұрарлық саясат болды. Дегенмен...
Тақырып дұрыс көтеріліп отыр. Қазақстанның су шаруашылығын реттейтін арнайы ұйым құра алмай отырғанымыз бізге сын. Суды пайдаланушылардың басқаруына беріп қою – қойды қасқырға бақтырғанмен бірдей. Қабылданып жатқан салалық бағдарламалардың күткендей нәтиже бермеуі соның салдарынан болса керек. Әлемде су тапшылығы қаупі төніп тұрған шақта дәл бүгінгідей су мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды.
Ғылымда суды алмастыратын басқа сұйықтық түріндегі элемент әлі табылған жоқ. Осының өзі су мәселесінің ғаламдық маңызы зор екендігін аңғартып отырған жоқ па.
Негізі, кең-байтақ еліміздің 60-70 пайызы – шөлейтті жерлер. Шөлейтті деген аты болмаса, оның асты мен үсті табиғи байлыққа лық толы. Оны игеріп, игілікке жарату үшін, әрине, су керек. Ертіс – шығыста, Жайық – батыста, Іле мен Сырдария – оңтүстікте. Ал Қазақстанның қақ ортасы сусыз отыр. Ел өңірлерін сумен бір қалыпты жабдықтау – біздің негізгі мақсатымыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, су ресурсын пайдаланбайтын экономиканың саласы жоқ. Маман ретінде көзімнің жеткені – ел экономикасын, әлеуметін, мәдениеті мен әлеуетін дамытамыз десек, Су шаруашылығы министрлігін құрған жөн. 10-20 жылдан кейін су шаруашылығында не болады, соны алдын ала болжап, осы саланы күнделікті қадағалап, басқарып, бағыттап отырмаса болмайды.
Талай жыл су шаруашылығы министрі болдым. Министрлік тарапынан су мәселесі қатты қадағаланды. Нәтижесінде, Қазақстанның су шаруашылығы дамыды. Осындай тірнектеген еңбекпен келген дүниені құрдымға кетіруге болмайды. Қазір судың жайын кімнен сұрарымызды білмейміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің судан басқа проблемасы бастан асады. «Ауызсу» бағдарламасымен бөлінген қаржы мақсатты түрде игерілмей, ұрланып-жырылғаны тағы бар. Кезінде Есеп комитеті осылай деп есеп берген. Егер арнайы министрлік болғанда осындай «әттеген-айларға» жол берілмес пе еді. Әйтеуір, жауапты біреу болар еді ғой.
Шығыста «мираб» деген сөз бар. Ол амир – басқарушы, аб – су деген екі сөзден тұрады, яғни әу баста мемлекеттің басында екі басқарушы болған. Бірі – мемлекетті, екіншісі – суды басқарған. Бұл біздегі қалған министрліктердің керегі жоқ деген сөз емес. Бірақ суды басқаратын арнайы министрліктің болуы міндетті екенін тарихпен осылайша сабақтастыруға болады.
Меруерт ҚАЗБЕКОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
жоқ
– Иә, еліміздегі су шаруашылығы жүйесіндегі түйіні шешілмей жатқан түйткілдер көп-ақ, әсіресе ауызсуға қатысты проблема шаш етектен. Егер қазір қолға алмасақ, ертеңгі күні опық жеріміз анық. Алайда қордаланып қалған бар мәселені су шаруашылығы еншісіне беріп, өз алдына министрлік құру арқылы шешеміз десек қателесеміз. Керісінше, жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз әбден мүмкін. Су шаруашылығын жеке дара бөліп тастауға болмайды. Өйткені су шаруашылығы — жерүсті, жерасты суларын ел экономикасының барлық саласында пайдалану шараларын белгілеп, оларды жүзеге асыратын және суды қорғау мен оның зиянды әсерімен күресетін үлкен шаруашылық.
Мәселен, жерасты қазба байлықтарын барлап, игеруге көп күш жұмылдыруды қажет ететіні сияқты, су шаруашылығы да мемлекеттік, экономикалық, экологиялық, ғылыми және саяси маңызы бар стратегиялық сала. «Ауызсу» бағдарламасы бағымыз емес, сорымыз болды. Бөлінген қаржы талан-таражға түсті» деп жатады халық. Арнайы су шаруашылығын құрсақ, жемқорлықтың алды алынады деп өзімізді-өзіміз алдамағанымыз жөн. Өйткені көзін тапса, жемқорлар ол жерден де ақша жымқырудың жолын табады.
Менің ойымша, су шаруашылығын гидрология және минералдық ресурстар сияқты сектормен қосып, бір министрлік құрған дұрыс. Мен бүкіл еңбегін, өмірін осы салаға, яғни геология саласына арнаған Айтқажы Қазбековтің қызымын. Оны айтып отырған себебім, су шаруашылығы мәселесі маған бала күнімнен жақын тақырып. КСРО жылдары су шаруашылығы өз алдына үлкен шаруашылық саналған. Су ресурстары саласының жұмысын реттеу, ұйымдастыру, қадағалау сияқты іс-шараларға мемлекеттік басқару болғанын айтпағанда, халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі міндетті түрде ғылыми негізде жүзеге асып жататын. Міне, қазіргі кезде дәл осы мәселе мүлде ұмыт қалған. Соның салдарынан қыруар қаржы желге кетіп жатыр. Нақтырақ айтсам, су қоры жоқ жерлерге ірі көлемдегі қаржыға құбыр тартылуын тартылады да, еш қажетке жарамай, бос жатады. Мұндай жағдайлар болған. Сол себепті де алдымен су бар жерлерге барлау жасау керек.
Менің ойымша, жеке су шаруашылығы министрлігін құрғаннан еш пайда жоқ. Дербес министрлік құруға өз басым қарсымын.
Қазір елімізде стратегиялық маңызы бар субъектілердің барлығының жұмысы министрлік құрылу арқылы жолға қойылып жатқанда су шаруашылығының өгей баланың күйін кешуі өкінішті. Біле білсек, су мәселесі барлығынан жоғары тұруы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі мойнына жүктелген шаруа онсыз да жетіп-артылып жатыр. Олардың су мәселесіне лайықты көңіл бөлмейтін кездері жоқ емес.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Түйін
Өткен жылы Францияның Марсель қаласында 160 мемлекеттің 25 мыңға жуық су шаруашылығы сарапшылары бас қосқан үлкен жиын өткізілген болатын. Күн тәртібінде тек су проблемасы талқыланды. Бұдан нені ұғынуға болады: су проблемасы ғаламдық проблемаға айналып барады. Бұрындары әлемде ең өзектісі азық-түлік тапшылығы болса, енді су тапшылығы алаңдатуда. Мамандар «бізде әзірге су баршылық. Соны үнемдеп, барымыздан айырылып қалмаудың жолын бүгіннен бастап ойластыруымыз керек» дейді. Олар сондай-ақ «Қытайдың азды-көпті 20 шақты өзенін есептемегенде, Іле мен Қара Ертістен бізге тиісті суды қалай аламыз?» деп бас қатыруда. Алдымен оны дәлелдеу керек. Әр мемлекет бір өзеннің бойында болғандықтан, өзіне тиесілі суын алуға ұмтылады. Оны даусыз, бейбіт шешпесе болмайды. Былайша айтқанда, көршімен білімің тең болуы шарт. Алдағы жылдары аймақаралық су мәселесі күрделене беретіні анық. Өйткені жылдан-жылға азаю тенденциясы байқалуда. Керісінше, суға деген сұраныс арта бермек. Сондықтан су мәселесімен кәсіби тұрғыда айналысуды бүгіннен бастамаса болмайды. Ондай болса, біздің ойымызша, Су шаруашылығы министрлігін құрған дұрыс қадам болар еді.