Соттарды тағайындаудың тәжірибесін сайлау жүйесіне алмастыру керек пе?

Соттарды тағайындаудың тәжірибесін сайлау жүйесіне алмастыру керек пе?

Еліміздегі бірқатар партиялардың жетекшілері мен мүшелері «төрелік айтушы соттарды да халықтың сайлауына табыстау керек» деген пікір ұсынып жүр. Енді бір мамандар «Жоғарғы сот өкілдері болмаса да, аудандық, аймақтық деңгейдегі соттарды таңдауды халыққа берейік» дегенді айтады. Мүмкін, бұл халық алдында имидж жақсартып, ұпай жинау үшін айтылған болар. Дегенмен әрбір идеяның өмір сүруге құқы бар демекші, аталған ұсынысты мамандардың талқысына салған едік...

Толғанай Үмбетәлиева, Орталықазиялық демократияны дамыту қорының директоры:
Иә

– Әрине, бұл сот жүйесінің идеал көрінісі болар еді. Мен мұндай жүйені қолдаймын. Ал шетелде осындай бастаманың жан-жақ­ты қарастырылып келе жатқанына бір­ша­ма уақыт болды. Дегенмен нақты тәжірибе ала­тын бір аймақты атай қою қиындау. Оның үсті­не, тәжірибе алатын орталық болған күн­нің өзінде, оны бірден көшіре салу біз үшін оңай болады деп айта алмаймын. Тәуелсіздік ал­ғалы бері елімізде жүргізілген сан түрлі ре­фор­малардан түйгеніміз, әр нәрсенің өзі­нің кезеңі, уақыты болады екен. Қоғамды мез­гілінен асықтырудың қажеті жоқ. Кейбір ма­мандар соттарды сайлау жүйесіне өт­кізу­дің алғышарты ретінде кішігірім, ай­мақтық соттарды таңдап алуды ұсынады. Мен мұны­мен келісе алмаймын. Реформаны вер­тикалды тәртіппен емес, горизонталды тәр­тіппен жүзеге асыру керек. Ол осы құры­лымға толықтай ортақ болуы керек.  
Әрине, оған алдын ала дайындық ке­зе­ңіне уақыт бөліп берген абзал, бірақ олар­ды бөле-жарып қарастыруға бол­майды. Кішігірім аймақтық соттарды ғана жаңа жүйеге көшіру ешқандай жеміс бер­мей­ді. Себебі біз Конституциямызда бәрі­міз теңбіз деп көрсетіп қойдық. Яғни ай­мақтық сотты халық таңдаса, ал ірі қала­лар­дағы істерді тағайындалған соттар қарайтын  болса, бұл бір қарама-қай­шы­лық болып шығады, яғни ботқа пайда болады. Тағайындалған соттардың ең үл­кен кемшілігі – ол жабықтыққа бейім бола­ды. Егер сотты халық сайлайтын болса, олар­дың төрешіге деген сенімі жоғары бола­ды. Халық сотты баз біреулердің туы­сы, танысы, досы шығар деп күдік­тен­бейді. Сәйкесінше, үшінші билік пен х­а­лық­тың қарым-қатынасы жеңілдейді. Екін­ші­ден, халық төрешіні қандай қасиеттеріне қа­рай таңдап алғанын өзі білетін болады. Оның үстіне, бұл соттар үшін де ын­та­ландыру болар еді. Олардың төрелік етуге ұғы­мына деген бүтіндей көзқарасы өзгеруі мүмкін. Олар тіпті бірінші, екінші билікке де жалтақтамай, Конституцияны ғана не­гіз­ге алар еді. Бір ғана мысал, бізде қазір ірі құрылымдар мен қарапайым адамның ара­сында сот үдерісі жүріп жатса, жеке тұл­ғаның жеңіске жетіп жатқанын көр­мей­сің. Әрине, бұл соттың ірі құры­лым­дарға де­ген жалтақтығын көрсетіп отыр. Деген­мен мен Қазақстанды осы қа­зір зорық­ты­рып, осындай жаңа жүйеге кө­шіру керек деп айта алмаймын. Себебі бұ­ған қазіргі демократиясы дамыған деп айты­латын мемлекеттердің өзі толық жете ал­май отыр. Мен түптің түбінде осыған келуі­міз керек дегенді ғана айтқым келеді.

Рамазан Сәрпеков, Мәжіліс депутаты:
Жоқ

– Мұндай бастамаға менің көзқарасым қайшы. Мен көп жылдар бойы сот саласында қызмет істедім. Соттардың ха­лық арқылы сайлануын, облыстық мәслихат­тар­мен сай­ла­нуын, соңынан президенттік тағайын­да­луын көрдім. Яғни үш үдерісті де бастан өткердім. Сондықтан қазіргі уақыт­та қоғам­да­ғы құқықтық мәдениетті, құқық­тық сана­ны дамыту, құқықтық мемлекет құру бары­сын­дағы жүріп жатқан сот реформасын жү­зе­ге асыруда соттарды президенттік таға­йын­дау жүйесінің дұрыс екеніне көзіміз жет­ті. Яғни соттарды халықтық сайлау жолы­мен тағайындаудың қажеттігі жоқ. Себебі біз­дің Ата Заңымызда да, соттардың мәр­те­бесін анықтайтын соттар және сот жүйесі ту­ралы конституциялық заңда да сот төрелігі тек заңға ғана бағынышты болу керектігі, сол бо­йынша ешкімнің алдында есеп беруге тиісті емес екені анық жазылған.  
Сөйтіп, біз соттардың тәуел­сіз­дігін қамтамасыз етіп бердік. Егер сот жүйесін бұрынғы кеңестік жүйе­дегі секілді тәртіпке қайтаратын бол­сақ, онда сот адамы әрбір қараған ісі, шығарған шешімі бойынша бір­неше құрылымға есеп беріп оты­ратын болады. Кеңес дәуірінде сот­тар аудан басшыларының алдында, партиялар алдында есеп беріп отыратын. Яғни біресе басқарушы партияларға, біресе жергілікті бас­қару органдарына жалтақтап оты­ра­ды. Ал халықаралық тәртіп бо­йынша сот ешкімге тәуелді бол­мауы керек. Сот адамы алдына келіп түс­кен істің жұрттың көзқарасына емес, заңға сәйкестігін тексеруі керек. Ал қазіргі жүйеде соттарды Мемлекет басшысы тағайындайды және олар тек заң алдында ғана жауап береді. Әрине, қазір сот­тардың арасында олқылық­тар кездесіп жатқаны рас. Бірақ бірді-екілі қателікті бүтіндей жүйенің кемшілігі деп қарастыруға болмайды. Себебі осы жүйенің арқасында сот саласы жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Әсіресе соңғы үш-төрт жылдағы сот жүйесі жағым­ды көрініс беруде. Ал егер біз сотты да сайлауға көшіріп жіберсек, бұл салада хаос ор­найды. Бұл салаға да жершілдік, ру­шылдық, топтық, ағайын­дық деген сияқты жағымсыз құбылыс енеді. Яғни көшенің бір бетіндегілер өзінің адамын, екінші бетіндегілер өзінің адамын ұсынып, сайлауда тартысатын болса, ондай соттан қалай әділдік күте аламыз? Әрине, ол ертең өзіне да­уыс беруші қауымның сойылын соғады. Ондай жүйе бойынша маманның біліктілігі, жас ерекшелігі, танымы емес, танымалдығы таразыланады. Тіпті қазір­гі демократиясы дамыған деп саналатын Еуропа елдері де сотты халық сай­лауына табыста­майды.

Түйін
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша өз пікірін былай жеткізген еді: «Көптеген демократиялық елдерде соттарды сайлау үрдісі қалыптаспаған. Сол секілді Қазақстанда да соттардың сайланбалылық институтын енгізудің алғышарттары қалыптасқан жоқ. Біз министрлерді Парламент тағайындайтын кезеңді де басымыз­дан кешірдік. Ол кезде қит еткен кішкентай мәселе үшін министрлердің депутаттардың қабылдау бөлмесін күзеткенін білеміз». Дегенмен Елбасы мұндай тәртіпті басыбүтін терістеп тастамай, ондай жүйенің әлемде қалыптасып үлгермегенін жеткізген болатын. Демек, Толғанай Үмбетәлиева айтпақшы, әлем сот саласында озық үлгілер ұсынып жатса, оған кім де болса назар аударары анық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста