Тіл біліміне қатысты бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – қысқарған сөздерге байланысты болып отыр. Өйткені әр атауды әркім өз қалауынша қысқартып, ретсіздікке, бейберекетсіздікке жол беріп отырғандығы жасырын емес. Осы мәселені қалай шешуге болады? Белгілі бір атауларды қалай дұрыс қысқартып, дұрыс жүйелесек екен? Жалпы, қысқарған сөздерді пайдаланудың арнайы тәртібін енгізу керек пе?..
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Иә
– Тілдік қолданыста жүргеннен кейін қысқарған сөздер, ең алдымен, сол тілдің заңдылықтарына, емле ережелеріне бағынып жасалуы керек. Осы жағынан алғанда бізде бірқатар кемшіліктер бар. Атап айтқанда, ғылымның, өндірістің әртүрлі саласына байланысты сөздерді әркім өз білгенінше қысқартып пайдаланып жүр. Мерзімді басылымдарда да солай. Мысалы, қоғамдық-саяси тұрғыдағы СВМДА деген сөзді алып қарайтын болсақ, қазақша мағынасы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары. Орыс тілінде бір-ақ атаумен айтылатын сол сөз бізде АӨСШК, АӨЫСШ және АӨСІШК болып үш түрлі нұсқада жарыса қолданылып жүр. Сол сияқты, су электр стансысын да, санэпидемстансыны да СЭС деп, ал Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы дегенді біреуіміз ТКШ, келесіміз ТҮКШ деп, ал ВТО-ны біресе Бүкіләлемдік сауда ұйымы, біресе Дүниежүзілік сауда ұйымы деп айтып, соған орай, кейде БСҰ, кейде ДСҰ деп қысқартып жүрміз.
Жалпы ішкі өнімді де біресе ЖІӨ, біресе ІЖӨ (ішкі жалпы өнім) деп мың құбылтамыз. Жоғары оқу орындары мен мекеме атауларында да жаңылтпаш сияқты өңкей дауысты дыбыстан тұратын нәрселер көп. Қысқарған сөз – күрделі ұғымның ықшамдалған атауы. Ықшамдалған атау біркелкі қолданылуы керек. Ең әуелі осындай атауларды дұрыс жасауды қолға алу керек. Өйткені біздің тілімізде айтуға келмейтін, жазуға да қолайсыз атаулар өте көп. Тағы бір айтайын дегенім, шет тілдерден, орыс тілінен енген көптеген сөздер біресе аударылып, біресе аударылмай түрліше қолданылып жүр. ФИФА, УЕФА деген федерациялардың атауын біресе ағылшынша транскрипциясымен, біресе кириллицамен жазамыз. ЦРУ, СПИД, ВИЧ деген атауларды да біресе аударамыз, біресе аудармаймыз. Мұны реттемесек, тілдің нормасы бұзылады және ала-құлалық көбейіп кетеді. Сондықтан қысқарған сөздердің орысша-қазақша немесе басқаша мағынасы көрсетіліп, толық мағынасымен сөздіктер жасап қою керек. Өйткені кей жағдайда газет-журнал материалдарында кездесетін қысқарған сөздердің мағынасы берілмейді де, не оқып, не қойғаныңды білмей, бас қатырып отырасың.
Негізі, қысқартудың дыбыстық қысқарту, буын бойынша қысқарту және аралас қысқарту деген сияқты бірнеше түрі бар. Кейбір сөздерді дәл шетел немесе орыс тіліндегі нұсқасына қарап, оларда әріптік қысқарту болса, тура солар сияқты басқы әріптерін басшылыққа алып қысқартып қоймай, тілімізге икемдеп, айтылуға, жазылуға қолайлы түрде қысқартуға болады. Тілдегі ұғымдар мейлі ол қысқарған сөз болсын, мейлі жаңадан жасалған сөз болсын, құлаққа жағымды, эстетикалық талапқа сай, жағымсыз әсер туғызбайтындай болуы тиіс. Осының өзі қысқарған сөздермен жақсылап жұмыс істеп, ең біріншіден, оларды жасаудың және қолданысын қадағалап, ретке келтіріп отырудың қажеттілігін көрсетеді. Орын алып жүрген тағы бір кемшілік, бізде қысқарған сөздерге қосымша жалғауда да өрескел жайттар көп, яғни соңғы буынның жуан-жіңішкелілігі ескерілмейді. Мәселен, қысқарған сөзге де сол сөздің толық атауына жалғаған сияқты жалғап, «ҚазҰУ-ның» дейді, дұрысы «ҚазҰУ-дың» болуы керек. Мұндай келеңсіздіктер шаш етектен. Әрине, БАҚ, ЖАҚ (жабық акционерлік қоғам), Қазмұнайгаз, Қазақпарат, ҚазТАГ сияқты дыбыстық жағынан да, ұғымдық тұрғыда да біршама сәтті қысқартылған, жұрттың құлағы үйренген атаулар да бар. Қазіргі негізгі жұмыс – арнаулы салалардағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қысқарған сөздердің бәрін тіркеп, жинақтап, үнемі лингвистикалық сараптамадан өткізіп отырған жөн. Екіншіден, солардың ішінен ұтымды жасалғандарын іріктеп алып, шығып жатқан орфографиялық және басқа да арнайы сөздіктерге қосымша ретінде беріп отыру керек.
Әуесхан ҚОДАР, мәдениеттанушы:
Жоқ
– Меніңше, қысқарған сөздерді аударудың мүлде қажеті жоқ сияқты. Өйткені олардың ішінде орыс тілінен ғана емес, шет тілдерден енген және жұрттың құлағына сіңісті болып кеткен ұғымдар көп. Оларды аудару, біріншіден, сол ұғымның мағынасын көмескілендіреді, екіншіден, дыбысталуы жағынан да, мағыналық тұрғыда да ұлт тілінің заңдылықтарымен қабыспай, қойыртпақ болып кетеді. Бір жағынан, тілдердің ара салмағы да қазір әртүрлі болып тұр. Дегенмен орыс тілінің ықпалы күштілеу екендігі жасырын емес. Бәлкім, енді бір жиырма жылдан кейін осының бәрін салауатты түрде жасауға болатын да шығар. Ал қазірше қысқарған сөздерді қалай айтылып жүрсе, солай қолдана берген дұрыс деп есептеймін. Қысқарған сөздерді ғана емес, жұрттың санасына қонбаған, ұғымына кіріге қоймаған техникалық, ғылыми терминдерді де мағынасын білмей тұрып жапа-тармағай аударудың, қазақшалаудың қажеті жоқ.
Тіпті болмаған жағдайда қазақтың сөйлеу тілінің ыңғайына бейімдеп, дыбысталуына қарай өзгертіп пайдалану керек. Қысқарған сөздер мен терминдер тұтастай аударылған жағдайда көбінесе мәтін мағынасызданып кетеді. Сол үшін өз басым оларды сол қалпында алған дұрыс деп ойлаймын. Қазір жұрттың бәрінің белгілі дәрежеде білімі бар, көзі ашық, бәрін ұғады. Соны ескеріп, сөзді де халықтың деңгейіне лайықтау керек.
Бірақ қазір ол термин бе, кірме сөз бе, ештеңеге қарамай, бәрін жаппай қазақшалау үрдісі белең алып кетті де, соның салдарынан мағынасыздық көбейді. Мысалы, ОБСЕ-ні алайық. Қазақша соны ЕҚЫҰ деп жүр. Осында енді не мағына бар? Айтуға да қолайсыз, естіген құлаққа да ерсі. Мұның бір себебі құлағымызға оның орысша баламасы әбден сіңіп қалған. Әрбір тілдің басқа тілден енген сөздерді меңгерудегі өзіндік тәсілдері болады. Тілге зорлық жоқ. Сіңетін сөз сіңеді, сіңбейтін сөз сіңбейді. Былай қарасаң, ауызша ОБСЕ деп айта береміз ғой. Ендеше, жазғанда да неге солай жазбасқа?! Ауызекі қолданыста бір бөлек, жазбаша тілде бір бөлек болғандықтан да бұл жерде тұтас ұғымның мағынасы бұлыңғырланып тұр. Сондықтан, менің ойымша, тілге зорлық жасамау керек. Рас, кеңес дәуірінде біраз ұғымдар аударылып пайдаланылды. Кезінде Ахмет Байтұрсыновтар бірден Кеңес өкіметі, Кеңес дәуірі деп аударды. Бірақ кейіннен бәрібір СССР, КПСС, ВЛКСМ болып қалыптасып кетті.
Менің ұғымымша, көп елдер небір күрделі ұғымдардың өзін қысқартпай, толығымен айтады. Бір білетінім, америкалықтар сөзді қысқартып пайдаланғанды жақсы көреді. Қалай болғанда да, олардың тілі қазір әлемдік тіл болып тұр ғой. Ал Қытай сияқты кейбір мемлекеттерде қысқарған сөздер жекелеген дыбыстар бойынша емес, буындық негізде жасалатын көрінеді. Бізге немесе былай істеуге болады: жалпы, бір ұғым ойластыру керек. Мәселен, ОБСЕ деген не? Соның мағынасын алып, Еуропаның Қауіпсіздік ұйымы деген сияқты ма, әйтеуір соған балама табу керек. Міндетті түрде қысқартып айту шарт емес. Алайда бұл тұрғыдан алғанда бізде әлі тыңғылықты жұмыстар басталмаған да сияқты. Әркім әртүрлі жазады, әртүрлі айтады, бірізділік жоқ. Соның салдарынан кейде мүлде түсініксіз мәтіндер кездесіп жатады. Жалпы, тіл деген мәңгілік нәрсе ғой. Әлдебір сөздерден оған келіп-кетер ештеңе жоқ. Қысқарған сөздер, олардың аударылу-аударылмауы, осы тұрғыдағы артық-кем жайттар біздің бүгінгі заманымыздың бір ерекшелігі болып қала береді. Яғни ОБСЕ деп айта береміз бе, жоқ әлде аударамыз ба, оның қазақ тіліне ешқандай әсері болмайды. Қазақ тілі осы уақытқа дейін өз заңдылығымен қалай дамыды, болашақта да солай дами береді.
Бейтарап пікір
Жәнібек ЖҰМБЕРГЕН, журналист:
– Қысқарған сөздерге қатысты мәселе шаш етектен, пікір де әр алуан. «Сөздерді қысқартып пайдаланудың мүлде қажеті жоқ» дегеннен бастап, оларды аудару-аудармау тұрғысындағы көзқарас та сан түрлі. Бірақ қалай болғанда да, бұл немқұрайдылық танытатын жайт емес. Өйткені тіл – өте нәзік нәрсе. Өз алдымызға отау тігіп, еңсе тіктегенімізге жиырма жыл өтсе де туған тілімізді шын мәнісінде тұғырлы ете алмай отырған біздің ұлтымыз үшін тілге қатысты әрбір мәселе маңызды, өзекті. Сол себепті де көп болып кеңесе отырып, қысқарған сөздерді пайдаланудың арнайы тәртібін шұғыл түрде бекітпесек, ертең бәрі кеш болады. Кез келген ұлт өзінің тілімен ғана асқақ, тілімен ғана өміршең. Бұл ретте көп жүк тіл мамандарына жүктелетіні анық. Яғни қысқарған сөздердің бір ізге түсірілген сөздігін шығарумен қатар, олардың электрондық нұсқаларын әзірлеп, жұртшылыққа ғаламтор арқылы тарату кезек күттірмес міндет болуы тиіс.