Құрылыс саласында тәуекелді азайту үшін үлескерлікпен үй салу тәжірибесінен бас тарту қажет пе?

Құрылыс саласында тәуекелді азайту үшін үлескерлікпен үй салу тәжірибесінен бас тарту қажет пе?

Еліміздегі үлескерлікпен салынып жатқан тұрғын үйлердің төңірегінде дау көп. Бір жерде іргетасы қаланған тұрғын үй «сақалды құрылысқа» айналса, енді бір жерде құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын қалтасына басып, қашып кеткен. Тіпті жауапкершіліктен қашқан құрылыс компанияларының міндетін мемлекет мойнына алып та жатыр. Осы орайда кейбір мамандар «дауы көп үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтату қажет» дейді. Алайда «шетелдерде сәтті жүзеге асып жатқан үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтатудың қажеті жоқ, тек жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру арқылы олардың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек» дейтіндер де жоқ емес. Тақырыпқа қатысты мамандар пікірін сарапқа салып көрген едік.


Ұзақбай АЙТЖАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
иә
– Үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжі­рибесін тоқтату қажет. Бұл мәселе бүгінгі күні қоғамымыздағы дау-да­май­дың көбеюіне түрткі болып отыр. Қайдағы бір жекеменшік құры­лыс компаниялары халықтың ақшасын жинап алып, қашып кетеді. Ал бас­па­на­лы болу үшін жылдап жинаған қар­жы­сын құрылыс компанияларының ала­қанына салып беріп, далада қалған үлескерлер ұлардай шулап, кімге барып мұңдарын айтарын білмей, та­бан­дарын тоздырып жүр. Тіпті ха­лық­тың осы күйін көрген мемлекет бірнеше рет үлескерлердің үйін бітіріп беруді мой­нына алды. Қайдағы бір құрылыс компаниялары халықты алдап, ақша­сын жинап алып қашып кетеді, яғни алаяқ­тықпен айналысады, ал мемлекет олардың артын неге жабуы керек? 
Мұншалықты дау-дамай тудырғанша, біз үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжі­ри­бесін тоқтатуымыз керек.
Қазір мемлекет тарапынан еліміздегі тұрғын үй саласын жандандыру үшін түрлі бағдарламалар қабылдануда. Тіпті халық баспаналы болғысы келсе, Тұрғын­үй­құ­ры­лысжинақбанкі арқылы қаржысын жи­нап, үйлі болуына жағдай жасалған. Аталмыш банктегі тұрғын үйлердің бағасы да ха­лықтың қалтасына сай белгіленуде. Енде­ше, халқымыз баспана үшін жинаған ақшасын күмәнді үлескерлік ком­па­ния­лар­­ға бергенше, Тұрғын­үйқұ­ры­лыс­жи­нақ­банкіне салу арқылы баспаналы болуды ойластыруы керек. Екінші жағынан, бұл – мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларға қолдау білдіруі. Мем­лекет те халықты тезірек баспанамен қам­тамасыз ету мақсатында жеңілдетілген бағадағы тұрғын үй салу мөлшерін арттыра түсуі қажет. Жалпы, соңғы кездері елі­міз­дегі құрылыс саласының сапасына қатысты көптеген сындар айтылуда. Елімізде жап­пай сапасыз құрылыстарды қаптатуымыз бізге үлкен сын. Сондықтан жалпы құры­лыс салу саласын мемлекет өз мойнына ал­ғаны дұрыс деп санаймын. Және мем­лекеттік мекемелер арқылы құры­лыс­тар­дың сапасының талапқа сай болуын, мерзімінде бітіп, дер кезінде халықтың қолданысына берілуін, жалпы, құрылыс саласына қатысты мәселелерді мемле­кет­тік бақылау арқылы қадағалауға алға­ны жөн деп білемін. Бүгінгі күні дау-да­майы көбейіп, сапасы сын көтермейтін сала­ға айналған тұрғын үй саласының мәсе­лесінен біз осылай ғана құтыла аламыз.
Айта кетер жайт, егер құрылыс саласын мемлекет өз мойнына алса, осы саладағы жемқорлықтың орын алуына да тосқауыл болар едік. Қазір түрлі жолмен лицензия иеленіп алған алаяқтар өздерінің мүм­кін­дігі келмеген соң, біреулерді жалдайды. Ал біреуден біреуге, материалдық-тех­ни­калық базасы жоқ компаниядан жалдама­лы­лар­ға өткен соң, бөлінген қаржы талан-таражға түседі, одан кейін құрылыстың сапасы нашарлайды. Осылайша бір мәсе­леден екінші мәселе туындай береді. Сондықтан үлескерлікпен тұрғын үй салу секілді жемқорлыққа жол ашатын, алаяқ­тарға жағдай жасайтын жүйеден ары­луы­мыз керек.


Дайрабай ҮСІПБАЕВ, «Қазимпэкс Ақтау» қорының директоры, экономист:
жоқ
– Үлескерлікпен тұрғын үй салу тә­жі­­рибесінен түбегейлі бас тартудың қа­жеті жоқ. Өйткені бұл тәжірибе көп­те­ген елдерде сәтті жүзеге асуда. Осы тұр­ғын үй салу тәжірибесінің арқа­сын­да талай адам баспаналы болуда. Бар мәселе осы жүйені дұрыс жұмыс істете алмай отырғандарда болып отыр. Сон­дықтан үлескерлікпен тұр­ғын үй салу тәжірибесіне бақылауды күшейтіп, құрылыс компанияларының жауап­кер­ші­лігін арттырып, жүйенің дұрыс жұ­мыс істеуіне жағдай жасауы­мыз керек. Негізі, жүйеге күмән ту­дыруға себепші болып отырған нәрсе – жекеменшік құрылыс компа­ния­ларының жауап­кер­ші­ліктен жал­таруы. Олар үлескерлердің ақша­сын жинап алады да, бар қар­жы­ны қалта­сына салып қашып кетеді. 
Тіпті олар үлескерлерге тұрғын үйін бітіріп беруге алдын ала кепілдік те бер­мейді. Алданған үлескерлер қаржысын кімнен сұрарын білмей сенделеді. Сон­дық­тан біз бұл жерде үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесінің жауапкершілігін арттыратындай өзгерістер енгізуіміз керек.
Мәселен, үлескерлер тұрғын үй салу үшін қаржысын құрылыс компанияларына тікелей емес, банк арқылы аударатындай жүйе керек. Бүгінгі жүйеде құрылыс ком­па­­ниясының үлескердің салған қар­жысына сай үй салып беретініне кепілдігі жоқ. Мұның өзі құрылыс компанияларына қойылар жауап­кер­шіліктің төмен екенін білдіреді. Үлес­кер­дің ақшасы міндетті түр­де банк арқылы өтуі тиіс. Ал жекеменшік құ­рылыс компа­ния­сы­ның иесі банкке кепіл­дікке бір мүлкін қал­дыра отырып, үлескерлердің қаржысына қол жеткі­зе­тіндей жағдай жасау керек. Соны­мен қатар ақша атқарылған жұмысқа қарай бірнеше траншпен берілуі тиіс. Сондай-ақ құрылыс компанияларына құры­лыспен айналысу үшін мемлекет тарапынан лицензия беру кезінде оның мүмкіндігі жан-жақты тек­се­рілуі керек. Негізі, құрылыс ком­па­ния­ларының жауапкершілігін арттыру оған лицензия беретін кезден басталуы қажет. Әйтпесе қалтасында бір тиыны, мате­риал­дық-техни­калық базасы, мүмкіндігі жоқ құрылыс компаниялары лицензия алып, құрылыспен айналысуға рұқсат алып жатады. Тіпті сол мате­риал­дық-тех­ни­калық база­сына қа­рап ли­цензия беріп, сол база­сын банк­ке кепілдікке қою ар­қы­лы ғана үлескер­лер­дің ақшасына қол жеткі­зетін жүйе жасауымыз қа­жет. Бұл жүйе, ең алды­мен, ха­лық­тың мүддесін қорғай­тын­дай болуы керек. Сонда ғана біз үлес­кер­лік­пен тұрғын үй салу тә­жі­рибесі тө­ңі­ре­гін­дегі дау-да­май­ға нүкте қоя ала­мыз.
Расында да, бүгінде «ар­зан салып береміз» деген құ­ры­лыс ком­панияларының ар­бауына түсіп, басындағы үйін сатып, үлес­ке кіріп, ая­ғын­да далада қалып жат­қан үлескерлер өте көп. Біз үлескерлікпен тұрғын үй са­лу жүйе­сінің жауапкершілігін арт­тыру арқылы ғана мұндай заң­сыз­дық­тар­ға тыйым сала аламыз.
                                    Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бейтарап пікір
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, профессор:
– Үлескерлікке ақша салғандардың ішінде өзі ойлаған үйіне қол жеткізіп жатқандар жетерлік. Арасында үлеске салған ақшасын таппай жүргендер де бар. Сондықтан бұл жерде біржақты пікір айту қиын. Сол себепті бұл жерде әр құрылыс компаниясының жұ­мы­сын жекелеп қарастыру керек секілді. Мәселен, келешегін Қазақстандағы ірі құрылыстармен бай­ланыстыратын, өздерінің абыройы үшін еңбек ететін сенімді құрылыс компанияларының құры­лыспен айналысуына неге тыйым салу керекпіз? Сондықтан үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін дұрыс жолға қоюды ойластыруымыз керек.

Амалбек ТШАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
– Біз құрылыс компанияларына лицензия беру кезінде оларды жан-жақты қатаң ба­қы­лаудан өткізуіміз керек. Алаяқтардың құрылысты желеу етіп, халықтың ақшасын жи­нап алып, тайып тұруына лицензия беру кезінен бастап тосқауыл қоюымыз қажет. Ертең­гі күні құрылыс компаниялары қашып кетіп жатса, халық ұлардай шулап көшеге шығады, ал мемлекет үлескерлердің бітпей қалған үйін өз мойнына алады. Біреу халықтың ақ­шасын ұрлайды, ал мемлекет оны төлейді. Бұл не деген жалпақшешейлік?! Сондықтан біз елі­міздегі сапасыз құрылыстардың салынуына себепші болып отырған, үлескерлікті сыл­тау­ратып, халықтың ақшасын ұрлап жүрген құрылыс компанияларына қатаң болуымыз керек. Құ­рылыс компаниясы банкрот болған жағдайда немесе жауапкершіліктен жалтарған жағ­дайда халықтың қаржысын қайтара алатындай резервінде қаржысы да болуын талап етуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста