Құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен салуды міндеттеу арқылы сапаны арттыра аламыз ба?

Құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен салуды міндеттеу арқылы сапаны арттыра аламыз ба?

Еліміздегі құрылыс саласының сапасы сын көтермей тұр. Осыған орай құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен салуды міндеттеу туралы ұсыныс айтылуда. Мәселен, нысанның іргетасына 25-30 жыл, сыртқы әрлеу жұмыстарына 5 жыл деген секілді кепілдік мерзім беріліп, осы уақыт ішінде құрылыс сапасынан ши шықса, қайта жөндеуден өткізу құрылысты жүргізген компанияның мойнына жүктеледі. Алайда кей мамандар «елімізде бүгін бар, ертең жоқ құрылыс компаниялары көп-ақ. Тіпті кейбір құрылыс компаниялары қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп, нағыз құрылыспен субмердігерлер айналысатыны да рас. Мұндай жағдайда бұл ұсыныс қаншалықты нәтижелі болмақ?!» – дейді. Мамандардың пікірін тыңдап көрген едік.


Абылайхан САМАТДИНОВ, ҚР Риэлторлар қауымдастығының құрметті президенті:
иә
– Құрылыс компанияларына ны­сан­­дар­ды кепілдік мерзіммен тұр­ғызу­­ды міндеттеу белгілі бір дәре­же­де олар­­дың жауапкершілігін арт­тырады. Ал құрылыс компания­ла­рының жа­уап­­кер­­шілігін арттыру құрылыс сапа­сы­­ның да жақсаруына ықпал етеді. Не­­гізі, салын­ған нысан­дар­дың кепіл­дік мер­зімін бел­гілеу, сол арқылы құ­ры­­лыс ком­пания­ларының жауапкер­ші­лігін арттыру басқа елдердің де тә­жіри­бе­сінде бар. Бірақ оның бәрі заң­мен бе­кітіл­ген. Сондықтан біз де ны­сандардың кепілдік мерзіміне қатысты құрылыс ком­панияларын мін­деттеуді заңмен бе­кітуіміз ке­рек. Сон­да ғана бұл ұсыныс өз кү­шін­де жұ­мыс істейді. 
Бізде тұрғын үйдің, нысан құрылы­сы­ның сапасына қатысты заң бар. Бірақ ол заң іс жүзінде жұмыс істемейді. Бәлкім, нақ­ты кепілдік мерзімін белгілеп, заңда бар­лығы шегелеп көрсетілсе, заң өз кү­шінде жұмыс істейтін шығар деп ой­лай­мын. Еліміздегі құрылыс компаниялары ке­пілдік мерзімі көрсетілмегеннен кейін са­па­сыз құрылыс материалдарын пай­да­ланып, құрылысты қалай болса солай жүр­гі­зеді де, амалын тауып, қабылдау ко­миссиясына тапсырады да, тайып тұ­рады. Содан кейін бір жылдан соң сыр бер­ген құрылыстың жауапкершілігін кім­нен сұрарымызды білмей жатамыз. Сон­дықтан құрылыс нысандарына кепілдік мер­зім белгілеу керек. Мысалы, үйдің сырт­қы әрлеу жұмыстарына бес жылдық ке­пілдік мерзім белгіленсін. Ал нысанның ір­гетасы бәрінен мықты болуы керек, ен­де­ше оған ең ұзақ кепілдік мерзім бел­гі­леніп, ол құрылыс компаниясының мо­й­ны­на жүктелсін. Мұндай міндеттеу құ­рылыс компанияларының жауапкер­ші­лі­гін арттырары сөзсіз. Мен таяуда ғана Фран­циядан келдім. Сонда жергілікті іскер аза­маттармен сөйлескенімде олар «сырт­тан келіп жұмыс істейтін құрылысшылардың қыз­метін пайдаланбаймыз, өйткені олар жергілікті талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан өзіміздің құрылысшылардың қыз­метіне жүгінеміз, себебі – жергілікті құры­лыс компаниялары тұрғызылған құ­рылыс нысандарының сапасына он жылға ке­пілдік береді» дейді. Сантехника, газ тар­ту, шатырды қайта жөндеуден өткізу се­кілді қызметтердің барлығына он жыл ке­піл­дік мерзім белгіленген. Егер осы уақыт ішінде белгілі бір құрылыс компаниясының қыз­метінен кінәрат табылса, олар оны қай­та жөндеуді өз мойындарына алады екен. Бізге де осындай заң керек.
Біз осындай міндеттеме белгілемесек, құ­рылыс саласындағы сапасыздықтар жал­ғаса береді. Сондықтан міндеттеп қана қоймай заң шығарып, оны анық көрсетіп қой­сақ, еліміздегі құрылыс сапасының жақ­саруына ықпал еткен болар едік. Сонда құрылыс саласында тек іскер компаниялар ғана қалатын болады.


Ұзақбай АЙТЖАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
жоқ
– Еліміздегі құрылыс саласы, ра­сын­да да, қожырап кетті. Бірақ солай бол­ды екен деп жаңадан бір ережелер енгізіп, жаңа­лық ашудың қажеті жоқ. Тек бар нәрсені жүйелеп, тәртіппен, қа­таң бақылаумен жүргізуіміз керек. Құ­ры­лыс саласы негізі бақылаудың жоқ­ты­ғынан құлдырап кетті. Шынын айту ке­рек, елімізде салған құры­лыстары бас­қаларға үлгі боларлықтай, сапасы­мен де сәулетімен де халықты баурап ал­ған құрылыс компаниясы жоқ. Ал мұндай жағдайда кімге жауапкершілік жүктеп, кепілдік мерзімді кімнен сұрай аламыз. Қазір кім көрінген құрылысшы болып жүр. Кеше басқа мамандықта жүр­се, бүгін құрылыс компаниясын басқарып жүр, ал ертең құрылыстан тапқан ақшасын қал­тасына басып тағы басқа бір кәсіппен айналысып кетеді.
Немесе банкрот жариялап, құрылыс ком­паниясын жауып тастай салады. Ал ол адам­ды кейін қайдан тауып, салған ныса­ны­ның кепілдік мерзімін қалай талап ете ала­мыз?! Сондықтан құрылыс ком­па­ния­ларына нысандарды кепілдік мерзіммен тұр­ғызуды міндеттеуден ештеңе ұта алмаймыз дер едім.
Бүгінгі салынып жатқан құрылыстарға қа­рап жүрегің ауырады. Жап-жаңа үйлер ай­дың күннің аманында құлап жатыр. Тұр­ғын үйді жаңғырту бағдарламасы ая­сында қайта жөндеуден өткен үйлер бұ­рынғы күйіне зар бо­­лып, алқам-сал­қам кү­йінде қалып жа­­тыр немесе ол үй­­лердің бұ­рынғы ша­­тырынан су өт­пей­тін болса, қай­та жөн­­деуден өткен соң төбесінен күн кө­рінетін дәрежеге же­тіп отыр. Са­лын­ған құ­рылыстардың қай-қайсысынан бол­­­­ма­­­сын кем-кетікті оп-оңай табуға болады. Ал­ла сақтасын ертеңгі күні қан­дай да бір тө­тенше жағдай орын ала қал­са, ол ны­сандар адамның қауіпсіздігіне жа­уап бере ала­ды деп айту қиын. Сон­дықтан, ең ал­дымен, құрылыспен кім кө­рінгеннің ай­на­лысуына жол бермеуіміз ке­рек. Тек ұзақ жылдар бойы құрылыс сала­сында тәжіри­бе­ден өткен, бұрынғы сал­ған құры­лыс­тары оларға жарнама бо­ла алатындай құ­рылыс компанияларына ғана құры­лыс­ты сеніп тапсыруымыз ке­рек. Сапалы құ­ры­лыс жүргізген құрылыс ком­паниялары үл­кен құрметке ие болып, тапсырыс бе­ру­шілер оларды іздеп жү­ре­тін­дей жағдай туын­датуымыз керек. Сон­дықтан елімізде сал­ған нысандары сәу­летімен көз тар­та­тын, сапасы барлық та­лапқа жауап бере ала­тын құрылыс ком­па­нияларын қа­лып­тастыруға күш са­луы­мыз керек. Құрылыс ком­паниялары дұ­рысталмай еліміздегі құрылыстың сапасы жақсармайды. Са­па­сыз құры­лыс­қа деген халықтың да на­ра­зылығы керек. Мәселен, сапасыз тамақты халық алмайды ғой, сол секілді сапасыз екенін көріп тұрса, ол құрылыстан халық жаппай бас тартсын.
Шынын айту керек, құрылыс компа­ния­­ларына нысандарды кепілдік мер­зім­мен тұрғызуды міндеттеу – сөз жүзінде қа­латын іс. Сондықтан олар құрылысты жүргізіп жатқанда қандай цементтің арасына қандай арматура салып, ірге­та­сын қалап жатқанда қанша цемент қосып жат­қанын ұдайы бақылап тұруымыз ке­рек. Ал бәрі біткен соң іс бітті, қу кетті деп еш­кімнен ештеңені талап ете алмай қа­ла­мыз. Сондықтан мен кепілдік мерзім та­лап етуден гөрі, құрылыс барысындағы бақылауды күшейту керек дер едім.
                                      Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бейтарап пікір
Алмат РҮСТЕМБЕКОВ, архитектор:
– Қазір құрылыстың қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, қадағалап отыратын қадағалаушы органдар да, адамдар да бар. Бірақ, сонымен қатар жемқорлық та бар. Ал жемқорлықтың алмайтын қамалы жоқ. Жемқорлық арқылы сапасыз құрылыс жүргізіліп, жемқорлық арқылы сапасыз нысанды қадағалаушы органдар қабылдап алып жатыр, жемқорлық арқылы құрылыс жүргізу құқығын кім көрінген ұтып алып жатыр. Сондықтан біз, ең алдымен, осы саладағы жемқорлықты ауыздықтап алуымыз керек. Әйтпесе ертеңгі күні тағы да кепілдік мерзімді кімге міндеттерімізді білмей қаламыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста