Құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен салуды міндеттеу арқылы сапаны арттыра аламыз ба?
Еліміздегі құрылыс саласының сапасы сын көтермей тұр. Осыған орай құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен салуды міндеттеу туралы ұсыныс айтылуда. Мәселен, нысанның іргетасына 25-30 жыл, сыртқы әрлеу жұмыстарына 5 жыл деген секілді кепілдік мерзім беріліп, осы уақыт ішінде құрылыс сапасынан ши шықса, қайта жөндеуден өткізу құрылысты жүргізген компанияның мойнына жүктеледі. Алайда кей мамандар «елімізде бүгін бар, ертең жоқ құрылыс компаниялары көп-ақ. Тіпті кейбір құрылыс компаниялары қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп, нағыз құрылыспен субмердігерлер айналысатыны да рас. Мұндай жағдайда бұл ұсыныс қаншалықты нәтижелі болмақ?!» – дейді. Мамандардың пікірін тыңдап көрген едік.
Абылайхан САМАТДИНОВ, ҚР Риэлторлар қауымдастығының құрметті президенті:
иә
– Құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен тұрғызуды міндеттеу белгілі бір дәрежеде олардың жауапкершілігін арттырады. Ал құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру құрылыс сапасының да жақсаруына ықпал етеді. Негізі, салынған нысандардың кепілдік мерзімін белгілеу, сол арқылы құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру басқа елдердің де тәжірибесінде бар. Бірақ оның бәрі заңмен бекітілген. Сондықтан біз де нысандардың кепілдік мерзіміне қатысты құрылыс компанияларын міндеттеуді заңмен бекітуіміз керек. Сонда ғана бұл ұсыныс өз күшінде жұмыс істейді.
Бізде тұрғын үйдің, нысан құрылысының сапасына қатысты заң бар. Бірақ ол заң іс жүзінде жұмыс істемейді. Бәлкім, нақты кепілдік мерзімін белгілеп, заңда барлығы шегелеп көрсетілсе, заң өз күшінде жұмыс істейтін шығар деп ойлаймын. Еліміздегі құрылыс компаниялары кепілдік мерзімі көрсетілмегеннен кейін сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланып, құрылысты қалай болса солай жүргізеді де, амалын тауып, қабылдау комиссиясына тапсырады да, тайып тұрады. Содан кейін бір жылдан соң сыр берген құрылыстың жауапкершілігін кімнен сұрарымызды білмей жатамыз. Сондықтан құрылыс нысандарына кепілдік мерзім белгілеу керек. Мысалы, үйдің сыртқы әрлеу жұмыстарына бес жылдық кепілдік мерзім белгіленсін. Ал нысанның іргетасы бәрінен мықты болуы керек, ендеше оған ең ұзақ кепілдік мерзім белгіленіп, ол құрылыс компаниясының мойнына жүктелсін. Мұндай міндеттеу құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырары сөзсіз. Мен таяуда ғана Франциядан келдім. Сонда жергілікті іскер азаматтармен сөйлескенімде олар «сырттан келіп жұмыс істейтін құрылысшылардың қызметін пайдаланбаймыз, өйткені олар жергілікті талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан өзіміздің құрылысшылардың қызметіне жүгінеміз, себебі – жергілікті құрылыс компаниялары тұрғызылған құрылыс нысандарының сапасына он жылға кепілдік береді» дейді. Сантехника, газ тарту, шатырды қайта жөндеуден өткізу секілді қызметтердің барлығына он жыл кепілдік мерзім белгіленген. Егер осы уақыт ішінде белгілі бір құрылыс компаниясының қызметінен кінәрат табылса, олар оны қайта жөндеуді өз мойындарына алады екен. Бізге де осындай заң керек.
Біз осындай міндеттеме белгілемесек, құрылыс саласындағы сапасыздықтар жалғаса береді. Сондықтан міндеттеп қана қоймай заң шығарып, оны анық көрсетіп қойсақ, еліміздегі құрылыс сапасының жақсаруына ықпал еткен болар едік. Сонда құрылыс саласында тек іскер компаниялар ғана қалатын болады.
Ұзақбай АЙТЖАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
жоқ
– Еліміздегі құрылыс саласы, расында да, қожырап кетті. Бірақ солай болды екен деп жаңадан бір ережелер енгізіп, жаңалық ашудың қажеті жоқ. Тек бар нәрсені жүйелеп, тәртіппен, қатаң бақылаумен жүргізуіміз керек. Құрылыс саласы негізі бақылаудың жоқтығынан құлдырап кетті. Шынын айту керек, елімізде салған құрылыстары басқаларға үлгі боларлықтай, сапасымен де сәулетімен де халықты баурап алған құрылыс компаниясы жоқ. Ал мұндай жағдайда кімге жауапкершілік жүктеп, кепілдік мерзімді кімнен сұрай аламыз. Қазір кім көрінген құрылысшы болып жүр. Кеше басқа мамандықта жүрсе, бүгін құрылыс компаниясын басқарып жүр, ал ертең құрылыстан тапқан ақшасын қалтасына басып тағы басқа бір кәсіппен айналысып кетеді.
Немесе банкрот жариялап, құрылыс компаниясын жауып тастай салады. Ал ол адамды кейін қайдан тауып, салған нысанының кепілдік мерзімін қалай талап ете аламыз?! Сондықтан құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен тұрғызуды міндеттеуден ештеңе ұта алмаймыз дер едім.
Бүгінгі салынып жатқан құрылыстарға қарап жүрегің ауырады. Жап-жаңа үйлер айдың күннің аманында құлап жатыр. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен үйлер бұрынғы күйіне зар болып, алқам-салқам күйінде қалып жатыр немесе ол үйлердің бұрынғы шатырынан су өтпейтін болса, қайта жөндеуден өткен соң төбесінен күн көрінетін дәрежеге жетіп отыр. Салынған құрылыстардың қай-қайсысынан болмасын кем-кетікті оп-оңай табуға болады. Алла сақтасын ертеңгі күні қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, ол нысандар адамның қауіпсіздігіне жауап бере алады деп айту қиын. Сондықтан, ең алдымен, құрылыспен кім көрінгеннің айналысуына жол бермеуіміз керек. Тек ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында тәжірибеден өткен, бұрынғы салған құрылыстары оларға жарнама бола алатындай құрылыс компанияларына ғана құрылысты сеніп тапсыруымыз керек. Сапалы құрылыс жүргізген құрылыс компаниялары үлкен құрметке ие болып, тапсырыс берушілер оларды іздеп жүретіндей жағдай туындатуымыз керек. Сондықтан елімізде салған нысандары сәулетімен көз тартатын, сапасы барлық талапқа жауап бере алатын құрылыс компанияларын қалыптастыруға күш салуымыз керек. Құрылыс компаниялары дұрысталмай еліміздегі құрылыстың сапасы жақсармайды. Сапасыз құрылысқа деген халықтың да наразылығы керек. Мәселен, сапасыз тамақты халық алмайды ғой, сол секілді сапасыз екенін көріп тұрса, ол құрылыстан халық жаппай бас тартсын.
Шынын айту керек, құрылыс компанияларына нысандарды кепілдік мерзіммен тұрғызуды міндеттеу – сөз жүзінде қалатын іс. Сондықтан олар құрылысты жүргізіп жатқанда қандай цементтің арасына қандай арматура салып, іргетасын қалап жатқанда қанша цемент қосып жатқанын ұдайы бақылап тұруымыз керек. Ал бәрі біткен соң іс бітті, қу кетті деп ешкімнен ештеңені талап ете алмай қаламыз. Сондықтан мен кепілдік мерзім талап етуден гөрі, құрылыс барысындағы бақылауды күшейту керек дер едім.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Алмат РҮСТЕМБЕКОВ, архитектор:
– Қазір құрылыстың қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, қадағалап отыратын қадағалаушы органдар да, адамдар да бар. Бірақ, сонымен қатар жемқорлық та бар. Ал жемқорлықтың алмайтын қамалы жоқ. Жемқорлық арқылы сапасыз құрылыс жүргізіліп, жемқорлық арқылы сапасыз нысанды қадағалаушы органдар қабылдап алып жатыр, жемқорлық арқылы құрылыс жүргізу құқығын кім көрінген ұтып алып жатыр. Сондықтан біз, ең алдымен, осы саладағы жемқорлықты ауыздықтап алуымыз керек. Әйтпесе ертеңгі күні тағы да кепілдік мерзімді кімге міндеттерімізді білмей қаламыз.