Елімізде қайырымдылықпен айналысатындардың тым аз екендігі ешкімге жасырын емес. ҚР статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, елімізде 9092 үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 2067-сі Алматы қаласында орталықтандырылған. Тіркелген ұйымдардың негізгі міндеттері – қоғамдық маңызы бар жұмыстарды атқару. Ал филантропия саласындағы мәселелерді талқылап, шешімін табатын пікірталас алаңы да, кәсіпкерлерімізге жеңілдіктер ұсынып, оларды марапаттап отыру шаралары да жоқтың қасы. Меценаттық десе, бірден салық жүйесіне сын айтуды әдетке айналдырған қалталы азаматтар дамыған елдердегідей қайырымдылық үшін салықтан босату қарастырылмайынша, бір тиын бермейміз дегендей кейіп танытады. Ал заң шығарушы орган салық атаулы бар болғаны сылтау деуден тайынбайды. Осылайша әлі күнге шешімін таппаған күрделі мәселеге Елбасымыз да араласып, жуырда отандық кәсіпкерлерді меценат болуға өзі шақырды. Алайда екіжақты қызу тартыс әлі де жалғасуда.
Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:
иә
– Уақтылы салығын төлеп, кәсібін қанша жерден дөңгелетіп отырған кәсіпкер болса да, оның еш уақытта артық ақшасы болмайды. Тіпті бар дегеннің өзінде «менде артық ақша бар, меценат болайын, қайырымдылық жасайын» деп айтатын адам жоқ. Себебі кез келген кәсіпкер әр тиынының қайда, қашан, қаншалықты жұмсалатынын бақылап, жоспарлап отырады. Жыл басталған бетте бірден қаржылық жоспарлар құрылмай, жоспардан тыс қаражатты қажет ететін шығын түрлері арта беретін болса, кәсіп қайдан ілгері бассын? Сондықтан меценат болыңыз деп алдына барғанда кәсіп иесі қайырымдылықтан бас тартса – ол заңды. Әрине, кәсіпкерлер меценат болмасын деп айтудан аулақпын. Өзіміз де көп жерде меценат болып, көмек қолын создық.
Өмір болғаннан соң, түрлі жағдай бар. Жетімдер үйіне көмектесеміз, мемлекет тарапынан ешбір қолдау көрсетілмей жатқан балалардың газет-журналдарын шығаруға қол ұшын созамыз дегендей. Бірақ Үкімет кәсіпкерлерге меценат болыңдар деп міндеттей алмайды. Себебі қайырымдылықпен айналысу не айналыспау – әр кәсіпкердің өз қалауы. Тіпті мемлекеттің міндеттеп, қыспаққа алуын құқық бұзушылық деп айтуға да толықтай болады. Егер біздің кәсіпкерлер меценаттықпен айналыссын десек, ең алдымен, салықтық заңнаманы бір ретке келтіріп алғанымыз абзал. Біздің салықтық органдардың бүгінгі міндеті мен мақсаты да өзгерген. Сыбайлас жемқорлық пен қанаушылық орын алған қоғамда тірнектеп жиған ақшаңды қайырымдылыққа деп бере салудың өзінен қорқасың. Осы жақында ғана естідім, жалған кәсіпорындар көбейіп, мемлекетке 2 млрд, 7 млрд, 14 млрд теңге шығын келіпті-мыс. Ертегі, мұндай көзбояушылық пен өтірік әңгімеге кім сенеді? Шенеуніктердің қолдауынсыз, ауыз жаласқан салық органдарының көмегінсіз мемлекеттік бюджеттен ақша жымқыру мүмкін дегенге де ешкім сенбейді. Кез келген кәсіпкер пайда табу үшін кәсіпкерлікпен айналысады. Ол баяғы Қожанасырдың хикаяларындағы, 10 теңгеден жұмыртқа сатып алып, 9 теңгеден сатып, ел менің сауда жасап отырғанымды көрсе болды дейтін заман емес. Сондықтан өз күнін өзі көріп отырған кәсіпкерлердің пайда көзіне жармасудың қажеті жоқ. Керек болса, меценаттарға шетелдегідей қомақты жеңілдіктер ұсынылып, салық мөлшерлемелері азайтылсын. Тым болмағанда қосымша құн салығы – 10, корпоративтік табыс салығы – 10% болса да қайда жатыр? Сонымен қатар отандық кез келген кәсіп иесіне қойылатын талап та, жасалатын жағдай да бірдей болуы тиіс деп есептеймін. Ол – әкімнің баласы, министрдің баласы немесе туысы деп бөлінбесе ғана меценаттық та, өзге де жүйелі, әрі тиімді түрде іске асады. Әйтпесе қазір меценаттарға салықтық жеңілдіктер бермек түгіл, елеп-ескеріп жатқан бір жан жоқ.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Қазақстандағы меценаттықты дамытуға салықтық заңнамалар еш уақытта кедергі бола алмайды. Кәсіпкерсің бе, халқыңа көмектес, қаржыңды бөл, қолғабыс ет! Кедей адам кәсіпкерлікпен айналыспайды. Біреуге қайырымдылық жасамай, кәсіп өркендеп, өспейді, оны жаратушымыз да көріп тұр. Мен де Мәжіліс депутаты болмас бұрын кәсіпкерлікпен айналыстым. Жастардың басын қосып, мешіт тұрғызып, жетім-жесірлерге көмектесіп, мүгедектерге материалдық жағдай жасадық. Ораза мен айтты күтіп жүрудің де қажеті жоқ, қайырымдылық жасаймын деген адам кез келген күні-ақ көмек қолын созады. Меценаттықты заңдық жолмен дамыта алмаймыз. Себебі қайырымдылық күшпен, заңмен, талаппен, бұйрықпен болатын дүние емес. Меценат – шын жүрегімен, тілегімен қайырымды іс атқарушы жан.
Ал жалпы Қазақстан Республикасының Салықтық заңнамалары өте жақсы, жоғары дәрежеде құрастырылған. Қазақстан бүкіл әлем елдері арасында салықтық заңнамалардың кәсіпкерлерге ыңғайлылығы, тиімділігі жөнінен тоғызыншы орында тұр. Ал кәсіпкерлікке жағдай жасау жағынан 183 мемлекеттің ішінде Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сәйкес, 49-ыншы орындамыз. Сондықтан кәсіпкерлердің шағым айтып, кәсіпке жағдай жасалмайды деуіне негіз жоқ. Әрине біздің елде меценат жоқ демеймін, ауыз толтырып айтарлық қайырымдылық көрсетіп жүрген азаматтарымыз бар, алайда тым аз. Мысалы, Қазақстанда 110 баласы бар ана тұрады. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Неткен ғажап адам десеңізші?! Осындай жандарды үлгі етіп, халықтың алдына жиі шығарып тұруымыз қажет. Әйтпесе біз қазір қолда бар меценаттарымызды және жалпы қайырымдылықты насихаттауымыз кенже қалып отыр. Тағы бір үлкен мәселе меценат болған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беріп, салықтан босату. Бұл не деген сөз? Меценаттық сауда ма? Салықтан босатудың қажеті не? Меценат халықтың алғысына бөленіп, ақ батасын алса болды емес пе? Меценаттарға медаль берейік, орден берейік, яғни моральдық тұрғыда марапаттайық. Ақшасы бар, жағдайы бар, баспанасы, жұмысы бар кәсіпкерлерге қаржы беріп керегі не? Өз басым еліміздегі меценаттықтың дамуына салықтық заңнамалар қолбайлау болып отыр деген пікірмен келіспеймін және бұл кәсіпкерлердің сылтауы ғана деген баға бергім келеді.
Бейтарап пікір
Арайлым Ахметова, «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры:
– Қазіргі таңда еліміздегі меценаттықтың дамуына мемлекеттің тарапынан қолайлы жағдайлар жасалмаған. Біріншіден, салықтық жеңілдіктердің қарастырылмауы қазіргі таңда меценаттықтың дамуына қолбайлау болуымен қатар, меценат болған жеке немесе заңды тұлғалар заңды түрде ешбір материалды, моральдық марапаттауларға ілікпейді, қоғамда олардың мәртебесін арттыратын заңды атақ тағайындалмайды. Екіншіден, меценат болған адамға немесе ұйымға қоғамда оның әлеуметтік статусын көтеретін, оны қоғамда үлгі немесе танымал етіп, жағымды көзқарас тудыратын іс-шаралар аз өткізіледі. Менің ойымша, мемлекет тарапынан заңды түрде меценаттықтың дамуына мүмкіндік берген дұрыс, меценаттық мемлекеттің мәдени-ағартушылық дамуына үлкен жол ашар еді. Ал салықтық жеңілдіктер меценаттықты дамытудың алғашқы әрі басты қадамы болар еді деп есептеймін.