Қазақтың той өткізу дәстүріне реформа жасау мүмкін бе?

Қазақтың той өткізу дәстүріне реформа жасау мүмкін бе?

Қазақта «той дегенде қу бас домалайды», «той – Тәңірдің несібесі» деген секілді тойды дәріптейтін мәтелдер көп. Тойдың да көптігі сонша, тіпті кейде қазақ осы «барын тойға шашу үшін» өмір сүре ме деп те қаласың. Әрине, адам өміріндегі әртүрлі қуанышты ағайын болып атап өткенге не жетсін, дегенмен... Құр мақтан мен даңғойлықтың, қыр көрсетудің, өзінде жоқ болса да, тыраштанып, қарыз бен несие алып, той жасаудың не қажеті бар? Мәселен, көршілес Тәжікстан елі тойға 150 адамнан артық қонақ шақырмайтындай заң қабылдап, тойынғандыққа тойтарыс берді. Бәлкім, етек-жеңді жиятын кез бізге де келген шығар? Және бір қынжылтатыны, кейінгі кезде кейбір экстремистік пиғылдағы діндарсымақтар той үстінде уағыз жүргізіп, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрге күйе жағып, елдің мазасын кетіретін оқиғалар жиілеп кетті. Жалпы, қазақ тойын бір ретке келтіру мүмкін бе? Осы ойды біз қоғам талқысына салып көруді жөн көрдік.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург:
Иә

– Дүниежүзінде ең көп той жасай­тын осы Орталық Азия болса, соның ішін­де қа­зақ­тар дер едім мен. Бүгін­де көршілес, ба­уырлас елдерде біртіндеп заман талабына бейімделу жү­ріп жатыр. Дұрыс айтасыздар, мә­се­лен, Тәжікстанда қазіргі таң­да Пре­зи­денттің жарлығымен тойға 150 адам­нан артық адам шақырмау ту­ра­лы заң бекітілді. Өйткені онсыз да әлеу­меттік жағдайы сын көтермейтін ел­де той халықты одан сайын діңке­ле­тіп тас­таса керек. Қазақстанның эко­но­­ми­ка­лық жағдайы әрине, бү­гін­де көш ілге­рі. Дегенмен тойдың мә­селесіне байыппен қарайтын кез біз­ге де жетті.  
Оның екі себебі бар: біріншіден, мате­риал­дық шығын, екіншіден, той бәсекеге айналып, мазмұнынан арылып барады. Бірінші бәсеке – тойға шақырылған кісі санынан. Біреу 200 қонақ шақырса, екіншісі одан асып 300-ден асыруға тырысады. Екінші бәсеке – «бәленшенің тойына бәлен деген кісі келіпті» деп, тойға атағы мен мансабы жоғары адамдарды шақырудан жарыс.
Қазақ тойының басты кемшілігі – көп сөз­ділік, яғни айтары бар ма, жоқ па, кез кел­ген ақыл айтып, жиналған қауымның уа­қы­тын алады. Мен өзім осы тост сөйлеу дегенге үзілді-кесілді қарсы адаммын. Реформаны толассыз тілекті қысқартудан бастап, даңғаза әуеннің үнін бәсеңдету керек. Жиналған жұрт бірін-бірі естіп, емін-еркін сөйлесіп отыруы үшін музыканы естілер-естілмес етіп, көңілге сәл желпу бе­ретіндей ету керек. Тағы бір жаман үрдіс: мықты адам той жасаса, ол жағым­паз­да­нудың үлгісі болады. Оған жұрт бірінен-бірі асыратындай сыйлық жасап, небір мақтан сөздің легін ағытады. Мұны мен, әрі-беріден алғанда, пара алудың мә­дениетті бір түрі деп айтар едім. Осыдан біраз бұрын мемлекеттік қызметте істейтін азаматтардың ағыл-тегіл той жасауына шектеу қою туралы жақсы бастама көтеріліп еді, неге екені белгісіз, басылып қалды. Соны қайта қолға алу керек. Содан соң Тәжікстандағыдай 150 адам демесек те, тойға шақырылған адамдар санын шектеу керек. Қазақтың «жиған-тергенің тойға шашылсын» дегеніне мен өз басым қарсымын.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
Жоқ

– Қазақ, Абай айтқандай, «мал шаш­пақ» халық емес, шығынды жө­німен жасайды. Қазір біреулер «той концертке айналып кетті» болмаса «көп сөйлеп, жиналысқа айналдырып алдық» дегендей тойға түрлі сын айтып жүр. Оның несі жаман? Ме­нің­ше, бәрі де өз ретімен, дұрыс жүріп жа­тыр. Себебі той бір атадан тараған аға­йынның басын қосып, ба­уыр­мал­дық­ты нығайту жолындағы қазақтың бір­ден-бір даналық іс-әрекеті дер едім мен. Қазір өзі онсыз да той за­ман­ға лайық сипат алып келе жатыр: арақ ішу азайды, тойда ата-ба­ба­мыз­дың өсиет сөздері мен адамгершілікке бау­литын уағыз айтатын асабалар да шығып жатыр.
  Демек, той рухани әңгіменің ор­тасына айналып жатыр. Бұл – жақсылықтың ны­шаны. Ал енді түбегейлі рефор­ма­ны қажет ететін бірден-бір нәрсе бол­са, ол қазақтың тойы емес, өз­де­рін жо­ғары қауым өкілі санайтын ше­неу­ніктер мен бай­шы­кеш­тер­дің жабық түрде өткізетін корпоративті кеш­­тері деп айтар едім. Міне, соларға уағыз­шыны жіберіп, иманды еске салып, тәубаларына келтіру керек.
Ал қарапайым қазақтың тойы қазіргі күні қазақтың салт-дәстүр, жөн-жорал­ғы­сын на­си­хаттап, оны дамытатын, ұрпаққа ұлағаттайтын бірден-бір рухани бас­қосу дер едім. Одан өзге күллі қазақы салтты жаңғыртып, өне­рі­міз­ді өрге сүйрейтін бір мекеме не арнайы орталық бар ма? Енді­гіде бізге осы жақсы беталысымызды жал­ғастыру керек. Тағы бір айтар­лығы, біз той­да тек әнші, биші­лер­ді ғана емес, ас­паз­дардың да атын атап, олардың мәр­те­бесін өсіруіміз керек.

Бейтарап пікір
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,
сатирик, асаба:
– Қазір «тойды еуропалау керек» деп, торт кесу ме, әйтеуір, білгендерін қосып, тойды өзгертуге тырысып жат­қандар көп. Бірақ қанша жерден еуропаша ортасына балдағыдай дөңгелендіріп билетіп қойсақ та, ерлер фрак, әйел­дер қысқа етек көйлек кисе де, той бәрібір ата-бабамыздан келе жатқан қазақы мінезден таймайды. Меніңше, қазақ­тың тойына реформа жасаймын деп әуреленудің қажеті жоқ. Алайда, екінші жағынан, қазір, шынында, көк­темде бір, күзде бір той жасайтындар табылып жүр. Бұл енді – шамадан тыс кеткендік. Бұрын оны ауылдың ақ­сақалдары реттеп, «қой, ағайынды шаршатасың, жыл сайын жасама, көз, сөз болады» деп отырған. Қазір сөз­ге тоқтау, ақылға жүгіну деген қалып барады. Егер өзгеріс енгізу керек болса, мен айтар едім, бүгінгідей «тойына депутат келіпті, пәлен деген атақты әнші келіпті» деп ел сөз қылу үшін жасалатын бәсеке тойды доғару ке­рек. Ондай тойға барып, жиіркеніп те кеткен адаммын. Өзім екінші қызымды ұзатқанда небәрі төрт-бес адам­ға басында беташар сөз сөйлеттім де, ортаға өзім шығып: «Мен осында келген әрбіріңіздің маған деген сый­лас­тықтарыңызды, тілектеріңізді білемін, сондықтан оны сөзбен айтып жатудың қажеті де жоқ, осымен сөз жоқ», – дедім. Ешкім қарсы болған жоқ, той да жақсы, ықшам өтті.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста