Қазақстанның имиджін көтерумен айналысатын арнайы институт құру керек пе?

Қарап тұрсақ, қазақта көрікті табиғат та, мықты тұлғалар да, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар да жетерлік. Бірақ оларды таныту жағынан әлем елдерінің алдына түспек тұрмақ, шаңына ілесе алып отырмыз ба? Жалпы, қазақтың, Қазақ­стан­ның имиджі деген мәселеге келгенде біз қаншалықты қауқарлымыз? Бәлкім, бізге осы мәселемен айналы­сатын арнайы институт құру қажет шығар? Сараптап көрсек.


Кәдірбек СЕГІЗБАЙ, жазушы:
иә
– Құптарлық жайт. Себебі, шынында да, Тәуелсіз Қазақстанның имиджін көтеру керек. Ал еліміздің ең басты имиджі ол – көз тоймас көрікті жерлері. Біздің көрсететін жерлеріміз көп: Көкше­таудан бастап, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыстағы Қатонқарағай, Марқакөл, Алтайдың айналасы, Зайсан, т.б. Айта берсек, өте көп. Сондықтан Қазақстанның имиджін қалыптастыр­ғы­мыз келсе, экономикамызды нығайтумен қатар, туризмді мейлінше дамытуымыз керек. Ал бізде, өкінішке қарай, ол сала көңіл толарлық дәрежеде емес. Егер осы салада кедергілер өте көп болмаса, туристер көбірек келер ме еді?! Бір ғана мысал, біздің елімізге келу үшін виза аштыру құны 160 доллар екен. Ал іргемізде тұрған, біз­ден әлдеқайда кедей Қырғызстан туристерді тегін қабылдайды. Сондықтан бізге де құр шалқая бермей, сырттан келетін қонақтарға иіліп, ба­рынша қолайлы жағдай туғызуды қолға алу керек.
Негізі, бұрын Қазақстанның, қазақтың имиджі – қонақжайлылығы болатын. На­рық келді де, біз қазір сол имиджімізден, Құ­дай бойымызға тумысымыздан дарыт­қан сол мінезден арылып бара жатқандай­мыз.
Біздің қанға сіңген бір жаман әдетіміз бар. Сол кері әдет жолымызды өмір бойы кес-кестеп, дамуымызға кесірін тигізумен келеді. Ол – байыған сайын байи берсем де­ген пиғыл. Мысалы, Көкшетау, Баян­ауыл, т.б жерлердің барлығында қонақүй­лер салынған, жағдай жасалған, бірақ же­кеменшіктің қолыңда. Сондықтан ондағы бағалар удай. Көкшетауда әлгі жекеменшік қонақүйде бір түнеп шығу 90 доллар тұ­рады. Он күнге шақсаңыз, 900 доллар, бұл – жай қонақүйге беретін ақыңыз. Ендеше осы­дан кейін «Қазақтар неге өз жерінде дем алмайды?» деген сұрақты қойып көрі­ңізші. Қисынсыз ғой? «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейді қазақ, яғни егер өз елімізде арзан әрі жақсы де­малуға мүмкіндік болса, қазақ бүгінгідей шет­ел­ге сонша құмартпас еді. Себебі біздің бү­гінгі шетелге деген құмарлығымыз – ар­зан бағаға жақсылап демалып қайтудан туған құмарлық. Бізде осы жағы жетпейді.
Қазақтың имиджі қазақтың өзі болуы шарт. Яғни ірі қалалардың қасынан ар­на­йы қазақы ауылдар құрса, сол ауылда ақ­шаң­қан қазақ үйлерін қатарынан тігіп қой­са, шеберлеріміз бар, құсбегілеріміз бар, ұлттық спорттың қаншама түрі бар, соның барлығын әлгі ауылда жинақтап, келген туристерге көрсетер болсақ, осының өзі қазақтың имиджін көтерері сөзсіз.
Қазақты Құдай жерасты байлығынан да, жер үстіндегі байлығынан да кенде қыл­маған. Осының барлығы да елімізді әлем­ге танытуға жеткілікті. Тек бізге солар­ды бір ретке келтіріп, барлығын бір орта­лық­тан бақылап, басқаратын институт же­тіс­пей тұр. «Бас-басына би болған...» де­ген Абайдың өлеңіндегідей, бытыраңқы жа­тыр­мыз. Жиналып, бір-бірімізге бағы­нып, санамызды өсіріп, мәдениетімізді дамы­тайық. Әр қазақ өзінің ғана қарны той­ғанын ойлап, артық дүние жинай бер­мей, Қазақстанның ел болуына үлесін қоссын. Ал Тәуелсіз еліміз жекеменшіктің көңіліне қарап, жалпақшешейлік таныта бермей, осындай жағдайларда батыл шешім шығарып, елді жұмылдырсын. Біз бытыраңқы тайпа емес, біртұтас елміз, егемен елміз ғой. Олай болса, соған сай тірлік жасайық. Қазақтың тарихи жерлері де баршылық. Шілікті, Берел сияқты көне өркениеттеріміз мекендері бар. Қазақтың тағамы да жетерлік. Егер соны дұрыс наси­хаттап, әлемге қазақтың ұлттық тағамы етіп көрсете білсек, ол да қазақ имиджіне қызмет етер еді. Егер осы аталғандардың барлығын бір ретке келтіре алатынына се­нім арта алсақ, онда расында арнайы инс­титут құру қажет.


Бейсен ҚҰРАНБЕК, журналист:
жоқ
– Шындап келгенде, осы «имидж көтеру» дегеннің түкке  қажеті жоқ. Біз бүгінде бар­лық на­зар­ды осы мәсе­леге, «қалайда Қазақстанды да­мы­ған, өркендеген ел етіп көрсетуіміз керек» деген­ге ау­да­рамыз деп, нағыз қажет құн­дылықтарымызды назар­дан тыс қалдыруға дейін барып отырмыз. Біздің басты қате­лігі­міз де – осын­да. Себебі солай етіп көрсету мен шынын­да солай болудың арасындағы айырма­шы­лық жер мен көктей. Бізге, негізі, басқа ештеңеге алаң­дап, уақыт пен күш-жігерімізді босқа жұмсамай, өзі­­міз­дің құн­­дылықтарымызға көңіл бөлуіміз керек. Мы­салы, біз бүгін «Айтуға оңайда» ұлттық күрес мә­се­лес­ін қоз­ғаға­лы жатырмыз. Егер өзіміздің қа­зақы күресімізді жапондар өздерінің сумосын дәріп­те­гендей дәріптей алсақ, онда әлдеқашан көшіміз іл­г­ері басар еді. Жапон­дар­ды алайықшы, олар сумо­мен олимпиа­даға ­да қатыс­пайды, басқа да қылмай­ды, бірақ ұлттық өнер дең­гейін­е жеткендіктен, бүкіл әлем өзі-ақ қарайды оны. Арнайы іздейді. Біз де со­лай етейікші, қа­зақ күре­сін де сол деңгейге жеткізуге әб­ден болады. 
Себебі бізде оған негіз жет­кі­лікті, жауырыны жер иіскемейтін балуан­да­ры­мыз көп. Сондай-ақ біздің саят­шы­лық өнеріміз де бар. Соған көңіл бө­лейік. Қазақта ата-бабасынан келе жат­қан қазына дерлік құн­ды­лықтар жетіп-ар­ты­лады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, соларға қарамай, біз басқа бір «имидж» жасауға ты­рысамыз. Оның не екенін өзіміз түсінсек бірсәрі ғой, мәселен, «имидж» дегеннің не екенін өзіміз жете түсінбей жүрміз.
Дау жоқ, Қазақстанның экономикалық жағынан дамыған, әлеуеті күшті болғаны – ке­ремет нәрсе. Бірақ соны құр сөзбен жа­лаң ұранға айналдырудың қажеті жоқ, оны­мен ешкімді де таңғалдыра алмаймыз. Егер­де ел имиджін шын мәнінде қалыптас­ты­рамыз десек, өзіміздің төлтума өнері­міз­ді дамытып, ұлттық құндылықтары­мызды жарқырата көрсетуге көңіл бөлуіміз керек. Сонда ғана біз басқа елдерден шын­дап ерекшелене аламыз. Ал басқаша ерекшелену дегеннің бәрі жай ғана сыртын жылтыратып сырлаған ескі ыдыс секілді, біраздан соң-ақ қайта оңып кетеді. Яғни қолдан имидж жасау деген – құр жылтырап көріну ғана. Абстракт! Ал абстракт деген нақтылыққа қарама-қай­шы, қазақша айтқанда, құр сағым екені түсі­нікті ғой. Біз 70 жыл бойына «коммунизмнің елесін» қуып жүрдік. Ал енді Тәуелсіз елге сағым қуу немесе елеске еру қажет пе? Біз, әдетте, Қазақстанды «20-дағы ел» деп айта­мыз. Егер адаммен салыстырсақ, 20-дағы жас жігіт қайтеді? Өзін сыртқы ортаға кере­мет көр­сету үшін алшаң басып, ақшасы бол­ма­са да қарызға алып, малына киініп алады, қолы­на қымбат ұялы телефон ұстайды. Оның қандай күлкілі екені айтпаса да түсі­нікті. Себебі неғұрлым білім мен өнерге күш салатын болса, кәсіпті терең меңгеруге ты­рысса, ертеңгі күні одан соғұрлым мық­ты азамат шығар еді. Ал сол жігіт құр жыл­тырап көрінуден аса алмаған күйі 30-ға дейін жүрсе, ұсақ-түйекке алданып қан­ша­ма уа­қы­тын құр жіберіп алғанын кейін түсі­неді. Біз де қазір тура сондай халде, яғни «Бөрі арық­тығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар» деп, сыртқы имидж жасауға бар күш-жігері­міз­ді жұмсап жатырмыз. Сон­дықтан да бізге сырт­қы имидж қа­лыптастыру да, ол үшін ар­найы институт құру да түкке қажеті жоқ. Одан да әрбір қа­зақстандық азаматтың са­па­лы білім алып, өнерге ден қойып, денсау­лы­ғының жақсы болғанын ойластырайық, тұрмысына, әлеуметтік жағдайына жайлы жағдай туғызайық. Демек, имиджден бұрын бізге жайлы өмір, яғни әр қазақтың шын қуанып, шын күлгені қажет.
                                     Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бейтарап пікір
Айнұр Төлеу, журналист:
– Қазақстанның имиджін көтеру қажет. Бірақ ол үшін арнайы институт құру дегенмен келіспеймін. Меніңше, әр қазақ елінің имиджін көтеру үшін білім алып, еңбектенуі шарт. Қазақтың имиджі – қазақ, яғни қазақтың басқа ешбір жұртта жоқ тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана, тарих, таным, болмыс, сырт пішіні дегеннің барлығын өз бойына сіңірген қазақ. Ал әлгіндей ресми орын құру деген текке шығын шығару, меніңше. Бізде оған мысал боларлық, аты бар да заты жоқ, яғни тендермен ақша ұтып алып, оны қайда жұмсап жатқандары беймәлім бағдарлама, ұйым, қоғам дегендер жетерлік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста