Қазақстандық прокатқа жіберілетін шетелдік киноөнімдердің мемлекеттік тілге аударылуын міндеттеу керек пе?
Отандық кино нарығының, шыны керек, бүгінде 90 пайыздан астамы – шетелдік киноның үлесінде. Кинотеатрларымыз бізде орналасқан деген аты ғана болмаса, толығымен сол батыстық киноиндустрияның қалтасына қызмет етіп жатыр деуге негіз бар. Өзіміз әзірге киноны бұрқырата түсіріп, апта сайын көрерменге жаңа туынды ұсына алмағандықтан, біздің «қой» дейтін қожа бола алмай отырғанымыз рас. Бірақ қашанғы өз кеңістігімізді өзгелерге жайып салып, өзгенің қалтасын қампита бермекпіз?! Ең құрығанда, сол шеттен келетін фильмдердің өз тіліміздегі аудармасын талап ететін кез жеткен жоқ па? Осы сауалды талқыға салып көрсек.
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
иә
– Меніңше, біз дәл осындай талапты міндеттейтін кезге жеттік. Сырттан келетін аудио, видео, яғни жалпы бір сөзбен айтқанда, шығармашылық өнімдер де қаржы табуды көздейтін тауарлар ғой, сондықтан оларға қатаң талап қойылуы қажет. Яғни шеттен келетін қандай да бір кино, анимация, т.б. өнімдер міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы керек. Енді осы тұста, егер біз мұндай талап қоятын болсақ, оны кім жүзеге асырады деген сұрақ туындайды. Жоғарыда айтқандай, белгілі бір тауар зауыттан шыққанда, егер оны өз шекараларынан шығарып, бізге сататын болса, онда олар біздің тіліміздегі аудармасын қорабына жапсырып жіберуі керек. Сол сияқты кинофильмдер де, егер біз талап етсек, аудармасымен бірге келетін болады.
Бір жағынан, мүмкін, біз соған дайын да емес шығармыз. Бірақ, егер талап қойып, міндеттемесек, біз ешқашан дайын болмаймыз, тіпті оған сәйкес болу үшін талпынбаймыз да. Бір сөзбен айтқанда, біз қазір, міне, қандаймыз: шеттен орысша алып келеміз бе, сонымен қанағаттанып отыра береміз. Басын бастамасақ, ешқашан болмайтын дүние – ол.
Ал енді қазіргі жағдайымыз қалай? Дамып келе жатқан ел үшін, негізі, үлкен бір бастама көтеріп, талап қойып, соны орындату деген – сын. Біріншіден, бізде 2020 жылға дейін еліміздің барлық саласы мен азаматын мемлекеттік тілге толықтай көшіру керектігі жөнінде бастамамыз бар. Ол бастама, негізі, тек мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындарға ғана арналмауы керек, сонымен қатар шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне де, үкіметтік емес ұйымдарға да, барлық агенттікке де – баршаға ортақ болуы керек. Себебі бізде мемлекеттік қызметтегілер еліміздегі тұрғындардың небәрі 20 пайызын құрайды да, қалғаны – мемлекеттік емес ұйымдар, кәсіпкерліктер, қоғамдық ұйымдар, жалпы айтқанда, жекеменшік сектор қазіргі таңда. Міне, осы себепті мемлекеттік тіл жөнінде бастама көтергенде әлгі 80 пайыз топты да жұмылдыруымыз керек. Талап ортақ болса ғана біз ортақ бір жетістікке жете аламыз.
Кино мәселесіне келетін болсақ, алғашында, бәлкім, киноның мемлекеттік тілге аударылуын талап етсек, онда бастапқыда олар аудармашыларды жұмысқа тартар, аударма орталықтарына жүгінер. Бірақ қашанғы шығындана бермек?! Ақырында өздері де біздің тілімізді меңгеруге ұмтылады. Яғни міндет қойылмайынша, ешкім ешқашан өздігінше талпынбайды. Осындай жағдайда көбіне «сұраныс болмаса, қалай» деген сөздер айтылып жатады ғой, сол сұраныстың өзін туғызатын – талап. Осы тұста бізге Түркиядан үлгі алуға болады. Себебі олар қандай да бір елден болсын, қай салада болсын, түрік тілін міндетті түрде талап етеді. Таяуда біздің Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшіміз Жансейіт Түймебаев сол елдің Президентімен кездескенде оған Елбасымыздың 2012 жылғы халыққа Жолдауын түрікшеге аударып, сыйға тартты. Себебі қазақша не орысша нұсқасын берсе, оқымауы мүмкін, ал өз тілінде міндетті түрде оқып, олар ендігіде бізге қатысты жоспарлары мен стратегияларын жүргізе бастайды. Міне, осы себепті бізде осындай аудармалар жасау керек, бұл бір – жағынан, қоғамды, халықты тілге жақындату.
Мамай АХЕТ, филология ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, біздің әзірге шетелден келетін киноөнімдердің мемлекеттік тілге аударылуын талап етуге заңды тұрғыдан болсын, сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан да қауқарымыз жетіңкіремейді. Сондықтан осы мәселені төтесінен қою керек пе, қажет емес пе деген – ол екінші жағы. Дубляж деген – білгенге өте күрделі және өте маңызды мәселе. Дәл қазір бізде оның сапасы көңіл көншітерліктей емес, осы жағы алдымен қолға алуды қажет етеді. Яғни дубляжды бүгінгі таңдағы көрерменнің талабына сәйкестендіріп жетілдірмесек, қанша жерден заңды тұрғыдан реттегенімізбен, біздің ойымыздағыдай, көңілімізді тап басатындай нәтиже бермейді.
Өйткені бір кездері біздің қазақ киносының дубляжын жасаған Атагелді Смайылов, Мәкіл Құланбаев, Зәмзәгүл Досанова, Бикен Римова, Мұхтар Бақтыгереев т.б. көптеген әйгілі әртісіміз кәсіби деңгейде мықты, ешкімнен ұялмай көрсете алатындай жұмыс істесе, бүгінде біз ол мектептен айырылып қалдық. Олардың еңбегі қандай мықты еді! Фильм қай тілде шықса, сол түпнұсқадан артық болмаса, кемітпей, әрі қазаққа да сондай жағымды үнмен, бейне әр кейіпкердің өзі біздің тілімізде сөйлеп тұрғандай етіп жеткізгенін білеміз. Ендеше, дәл сондай сапалы деңгейдегі дубляжды жолға қоймай, біздің қандай да бір талабымыз нәтиже бермейді. Менің осы тұста мынадай бір мысал келтіре кеткім келіп тұр. Айталық, қазақ балабақшасын ашу керек деп, ашып, атын қазақша қойғанымызбен, оның ішіндегі оқу-әдістемелік құралдарды, тәрбиешісін – бәрін қазақыландырмай, ол қазақ балабақшасы болмайды ғой! Сол сияқты бұл жерде де дубляжды жасайтын адамын, техникасын жетілдіріп алмай және көрермен талғамына сәйкес келетіндей етіп алмай, шеттен келетін фильмдерді мемлекеттік тілге аудару да айтарлықтай нәтиже бермейді. Жұрттың ол киноға бармай қоюы әбден мүмкін.
Әрине, ерте ме, кеш пе, біз мұндай талап қоюға келуіміз керек, бірақ оған кешенді түрде келу керек. Бір сөзбен айтқанда, біз шетелдік кинолардың мемлекеттік тілге аударылуын талап етіп, міндеттеу үшін соған қажет техникалық құралдарымыз бен мамандарымызды сол талап деңгейіне сай көтеруіміз керек, сол кезде ғана өзіміз рақаттанып отырып көре алатындай киноға қол жеткізе аламыз.
Түйін
Өзіңді-өзің сыйламай, өзгеге сыйлатамын деу бос әурешілік екенін жақсы білеміз. Егер біз осы қағиданы барлық салада ең бірінші талап етіп қоя алсақ, тасымыздың әлдеқашан өрге домалары сөзсіз еді. Әлі де кеш емес, алайда қандай да бір талапты қоймас бұрын өзіміз соған дайынбыз ба – осыған жақсылап көз жеткізіп алғанымыз жөн. Қазақ елінде қандай да бір киноның қазақша сөйлегенін қаласақ, талап та қоялық, сол талап үдесінен өзіміз шығып, өзгені басындырмауды да, басымыздан сөз асырмауды да байыппен шешсек, жөн болар еді.