Қазақ театры бүгiнгi заманға сай қызмет етiп отыр ма?
«Бiз театрға жылау үшiн емес, көзден жас шығару үшiн қандай сөздер айтылатынын есту үшiн барамыз» деген екен бiр ойшыл. Олай болса, сiз бүгiнде театрға барғанда көңiлiңiздi босатып, көзiңiзден жас шығара алатын керемет бiр туынды көре алып жүрсiз бе? Жалпы, қазiр театрға барғысы келетiндер мен келмейтiндердiң қайсысы басым? Осы бiр рухани орда мен көрерменнiң арасын алшақтатып тұрған не нәрсе? Сұраққа жауап iздегенiмiзде, бiз бiрнеше түрлi пiкiрлер естiдiк. Соларды жинақтай келе түсiнгенiмiз, театр – өткен заманда, көрермен осы заманда өмiр сүредi екен. Мұндай көзқарастың қаншалықты шындыққа жанасымды екендiгiн бiз осы сала мамандарының таразысына салып көрудi ұйғардық.
Әшiрбек СЫҒАЙ, театртанушы, сыншы
ИӘ
– Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қазақ театры шама-шарқынша заманға сай қызмет етуде. Қазiргiдей материалдық құндылықтарға баса көңiл бөлiнiп кеткен заманда адамдардың жан дүниесiне рухани азық беретiн тек осы театр менен кiтап қана. Азғын ұрпақ қайдан шығады? Көбiне театрға бармаған, кiтаптың бетiн ашпаған жандар рухани құлдырауға ұшырайды. Сахна – тек қызықтау орны емес, жан дүниенi реттеушi, жүйелеушi ұлы күш. Ол ауыртады, ысытады, күйдiрiп-жандырады, артынан сауықтырады да. Осы жағынан алғанда, театрды алмастыратын орын жоқ. Қаншама режиссерлер, актерлер, драматургтер осы төңiректе жұмыс iстеп жатыр. Тексiз ел, тексiз өнер болмайды. Заманауи деп бәрiмiз бiрдей бұрынғыны ұмытып, тек бүгiнмен кетпеуiмiз керек.
Кейде заман талабына бағынбайтын да классикалық дүниелер болады. «Қыз Жiбегiмiзсiз», «Еңлiк-Кебегiмiзсiз» қандай қазақ театры болуы мүмкiн? Ұлттық нәрмен сусындамаған ұрпақ ертең ұлттың қамын ойлайды деп айта алмаймын. Шекспирмен, Бальзакпен, Бернард Шоумен, Мопассанмен тәрбиелеу – бiр басқа, сонымен қабат қазақтың ұлттық ұғымынан туындайтын мәселелер бар.
Ол – бiздiң салт-дәстүрiмiз, тiлiмiз бен дiнiмiз. Қыз Жiбектi жай әншейiн халық әнiнен құрастырылған қойылым деп қарастырсақ, қателескенiмiз. Онда халқымыздың бойына ертеден сiңiп келе жатқан қаншама әдет-ғұрыптар, мәселен, жоқтау, сыңсу, айтыс – бәрi бар ғой. Көрiп отырып, керемет бiр көңiл күйге енесiң. Сонау қадым замандарда өткенмен, ән-күйi бар спектакль көрерменнiң делебесiн қоздырмай тұрмайды. Осы классикалық туындылардың өзiнде бүгiнгi көрерменге түсiнiксiздеу көрiнiстердi, характерлердi заманға сәйкестендiру керек. Өнерге бiр жерде тұрып қалған шалшық су сияқты қарауға болмайды. Мәселен, Ғабеңнiң сомдаған Бекежаны бүгiнде Төлегеннен биiк тұр. Себебi қазiр заман сондай. Төлегендердiң халi қиын бұл заманда, егер дәл бүгiнгi бiз өмiр сүрiп отырған ортаға түссе, олар өмiр сүре алмайды. Есесiне, қазiр – Бекежан, Қодарлардың заманы. Жалаңдатып кәдiмгi қара джиптi мiнiп алып, ақша десе көздерi алақтап, кiсi өлтiруден тайынбайды. Соларды бiз, әрине, мақтап емес, өмiрмен жақындастыра отырып, өнердiң табиғатына ендiруiмiз керек. Бүгiнге лайықтау деген ол – гримiн, киiмiн өзгерту емес, мiнезiн өзгерту. Мәселен, маған Болат Атабевтың «Қыз Жiбекте» Бекежанды нұсқалауы ұнады. Оның бойында бүгiнгi Бекежанның iс-әрекетi жүр. Бүгiн менен өткендi нәзiк байланыстырып отыр. Ал, жалпы алғанда, қазақ театрының ең басты құндылығы – өз сертiне берiктiгi, бәрiбiр қазақ аудиториясын саф өнердiң тұнығынан қанып iшуiне мүмкiндiк жасауында. Өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда қазақ театры өзiнiң 80 жылдық тарихында сол алған бетiнен айнымай келе жатыр.
Болат АТАБАЕВ, режиссер, «Ақ сарай» театрының бас директоры
ЖОҚ
– Бүгiнгi театрларға көңiлiм толмайды. Себебi ешбiрi заманға сай жұмыс жасап жатқан жоқ. Батыста өнердi өнер үшiн, әдебиеттi әдебиет үшiн жасаса, бiзде өнер мiндеттi түрде халыққа арналуы керек. Мiндеттi түрде жылатуың керек, не мiндеттi түрде күлдiруiң керек. Олай етпедiң бе, сенi ешкiм түсiнбейдi, сосын амал жоқ, режиссерлер ондайға бармайды. Қазақстанда кең құлаш жайған мемориалды-консервативтi, бiр сөзбен айтқанда, мұражай секiлдi театрлар. Әуезовтi, Мұқановты, Аймауытовты қоямыз, әйтеуiр жалпыға танымал, әбден көз үйренген, сахнада қалыптасып қалған ойнау тәсiлiмiз бар, соны ғана қаузап жүре беремiз.
Сахнаның безендiрiлуi де сол баяғы үлгiде, заман болса дамып кеткен, неше түрлi эффектiлер бар кезде әлi күнге дейiн бiз сахнаның артына матаға жазу жазып, сурет салып, сонымен ойнаймыз. Батыс одан әлдеқашан құтылған.
Олар проекция жасайды, соңғы технологияларды пайдаланады, ал бiз таудың суретiн салып қойып, сол таудың етегiнде жүрген сияқты ойнаймыз. Сол «сияқтыдан» көтерiле алмаймыз. Мәселе мүмкiн мұнда да емес шығар деймiн кейде. Себебi кезiнде көне гректер сахнасыз-ақ ашық алаңда керемет дүниелер жасады ғой. Менiңше, мәселе режиссерлер мен актерлердiң кәсiби деңгейiн көтеретiн институттың жоқтығынан секiлдi. Мәдениет министрлiгi директорын ауыстырсақ, театр өзгередi деп ойлайды. Өзгермейдi ол! Жеме-жемге келгенде, мәселенiң бәрi режиссерге келiп тiреледi. Режиссердiң таным-талғамы қалай, актер сол деңгейге көнедi, көнбесе оған рөл бермей қояды. Бiзде ахуал осындай. Актерлер деген бiзде тәуелдi халық, себебi кәсiбилiк деңгейге жетпегенбiз. Бiр театрда бiр режиссер 10-20 жыл отырады, сосын дағдарыс болмай не болады? Сосын бiзде театрға жаңалық, жаңару деп қарамайды. «Сара апамның салып берген сара жолы» бар, соныменен жүре беру, жүре беру, жүре беру, сосын тығырыққа барып тiрелу ғана бар. Жаңа жанр, жаңа жол iздеу, жаңа пошым iздеу деген, өкiнiшке қарай, жоқ. Ал техникалық жағы, әрине, қаражатқа келiп тiреледi. Жарық, сценография... Айтпақшы, бiзде ол әлi күнге декорациялық деңгейде. Нағыз сценография ол – әрлеу, сырлау емес, кеңiстiктi ұйымдастыру. Бұл жағдай тек менiң жасымдағы режиссерлер өлiп, құрып, орнына тың идеядағы жастар келмейiнше, өзгермейдi. Бiздiң өнердегi тағы бiр дерт – жалпақшешейлiк, түсiнбейтiнге жанталаса түсiндiру. Тiлiмiздi түсiнбесе, тiптi, аударып та беремiз. Ал ешқандай елде мұндай масқара жоқ. Бiр мысал келтiрсем, мысалы, мен Германияда жүргенiмде жапонның Кабуки театрын тамашаладым. Жартысын түсiнсем, жартысын түсiнбедiм. Сосын жапондық таныстарымнан сұрасам, «оны түсiну сiзге шарт емес, себебi жапон емессiз ғой» дедi. Дұрыс айтты, мен өкпелегем жоқ оған. Сосын мен де Астананың
10 жылдығында театрландырылған қойылым қойдым. Президенттiк протоколдық қызметiнiң жiгiттерi келiп маған «шашу шашпаңыздар, шетелдiктердiң басына тиiп кетедi, қымыз бермеңiздер, құсады» дейдi. Ашуға мiндiм де «олай болса несiне көрiнiс құрып жүрмiз, жабылайық онда. Қысыла-қысыла қыз болдық қой» деп қарсы айғай көтердiм. Ақыры шашуды шаштым, шетелдiктер жабайылық демей-ақ, терiп жедi. Егер бiз қазiргi заман талабына сай жұмыс iстеймiз десек, осындай өзгенiң көңiлiне қарауды, түсiнiктi болуға тырысуды, жоғарыға жалтақтауды қоюымыз керек. Бұл – бiр. Екiншiден, жаны жоқ, өлi спектакльдерден арылуымыз керек. Қойылымның әр клеткасы тiрi болуы керек қой. Ал тiрi болуы үшiн сахнадағы айтылған ой мен iстелген iс-әрекет менiң мәселемдi қозғауы керек. Ал «XVIII ғасырда солай болған» деп айқайлаған батырлар мен ақырған хандарға қарап отыруға мына заманда ешкiмнiң де жүйкесi шыдамайды. Хан неге айқайлайды, ол ала көзiмен ата қараса, бiттi ғой! Заманауи талапқа сай болуы үшiн ақпарат қысқа болуы керек, құлаш-құлаш монологтардан көрермен жалығып, ұйқысы келiп кетедi.
ТҮЙIН:
Қазақ театрын талқыға сала отырып, оқырманды түңiлдiрмек ойдан аулақпыз. Рас, «қазақ театры бiр орында тұрып қалған көл сияқты» дегенде өзге ел бiзге өз театрын бере салмайды, не болмаса бiздiң туындыларымызды қазақ болып орындап бермейдi. Бiрақ солай екен деп, бiз де «театрымыз бар ма, бардың» кейпiн жасамай, тiрiлуге, заманға сай түрленуге тырысайық та! Себебi театр – мұражай, актерлер экспонат емес қой?!.