Қазақ футболын УЕФА-дан шығарып, Азия футбол конфедерациясына қайтару дұрыс шешім бола ма?

Қазақ футболын УЕФА-дан шығарып, Азия футбол конфедерациясына қайтару дұрыс шешім бола ма?

Мәжілістің Үкімет сағатында Қазақстан футболы туралы сөз қозғаған туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов ел футболын УЕФА-дан шығарып алып, қайта Азия футбол конфедерациясына қосу туралы айтып қалды. Сол-ақ екен, қоғам екіге бөлініп, бірі мұны құп көрсе, екіншілері министр қозғаған әлгі мәселені қолдамайтындықтарын білдіріп жатты. Осы орайда білікті мамандарымызды ой-көкпарымызға шақырған едік.

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ауыл спорты бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы:
Иә

 – Естеріңізде ме, тоғыз жыл бұрын Қа­зақстан футболы Азия футбол қауымдастығынан шығып, УЕФА құрамына енгенде шырылдап қарсы болғандардың бірі мен болғанмын. Сол туралы талай адаммен дауласып, талай мәрте мақала да жазғанмын. Мен оның бәрін Еуропаны жек көр­гендіктен жазған жоқпын. Көп нәр­сеге сүйеніп, көп нәрсенің бетін ашып, дәлелдеп жаздым. Ең біріншіден, біз Азия мемлекетіміз. Өзіміз секілді азиялықтармен бірге доп тебуіміз керек. Кезінде «қазақ жерінің 14 пайызы Еуропада жатыр» дегенді же­леу еткендер сол кезде мәселе көтеріп, ел футболын УЕФА-ға қосып тынған. 14 пайызымыз Еуропада жатқанымен, 86 пайыз территориямыз Азияда жатқан жоқ па?! Екіншіден, біздің Ұлттық олимпиада комитетіміз Азияға қарайды. Біз Азия ойындарына, Азия жарыстарына қатысамыз.  Еуропа додаларына қатыспаймыз.
Сонда қарап тұрсақ, Ұлттық олимпиада комитетіміз – Азияда да, футболымыз – Еуропада. Мұны қалай түсінеміз? Бір ая­ғымыз жерде, екіншісі аспанда дегенге сая ма?
Бір нәрсе айтайын. 1992 жылы тұңғыш рет Азия ойындарына қатысқанымызда бізді әуежайдан тосып алған Жапония журна­листері бірден: «Сіздер Азия мем­лекетісіздер. Неліктен құрамдарыңызда еуропалық нәсілдің өкілдері көп?» – деп сұрақ қойды. Ол кезде, шынымен де, Қа­зақ­стан құрамасының сапында өзге нәсілдің өкілдері көп болатын. Сол үшін Азия елдерінің бізге деген көзқарастары нашар болды. Менің ойымша, сол кездегі футбол басшыларының қазақ аяқдобын УЕФА-ға қосуының себебі осы болса керек.
Иә, негізі, кезінде УЕФА құрамына өтпеу керек еді. Енді ақылды адамдар, ел бас­қарған азаматтар ел футболын Еуропадан қайтарып, Азияға қайта қосу туралы мәселе қозғап жатса, мұның барлығы тегін емес. Өйткені қандай ұлттық құраманың болса да, қандай федерацияның болса да, алдына қоятын бірінші мақсаты – әлем чемпио­натының финалдық кезеңіне қатысу. Сөйтіп, елін футбол арқылы әлемге насихаттау. Бұл жерде мен әлем чемпионы атануды айтып отырған жоқпын. Әлем чемпионатына қа­тысқанның өзінде Қазақ елін айтарлықтай дәрежеде насихаттай алар едік. Біздің фут­бол федерациямыздың алдында да осы мақсат тұр. Ал Еуропа арқылы біз бұл мақ­сатымызға, арма­нымызға алдағы 100, 150-200 жылда да жете алмаймыз. Яғни бірнеше ғасырға дейін біздің әлем чем­пионатына барар жолымыз жабық деген сөз. Ал Азия футбол конфедерациясы ар­қы­лы біз бұл мақсатымызға көп ұзамай жетер едік. Өйткені біз Азиядағы Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, Иран секілді елдермен бір деңгейде ойнай аламыз.
Әрине, бүгінгі таңдағы жанкүйерлердің пікірін тыңдап отырсаң, Еуропада ой­на­ғанымыз дұрыс әрі қызықты. Дұрысы, УЕФА – өте бай ұйым. Ол бізге кезең сайын қаржы беріп, футболымызды дамытуға көмектесіп тұрады. Ал қарапайым жанкүйер Еуропаның үздік ойыншыларын көруді қызық көреді. Бірақ біз осыған бола УЕФА-ға қызығар болсақ, онда өмір бойы теңбіл доптың соңынан салпақтап, барған жерімізде бес­тен, оннан қақпамызға доп толтырып жү­реміз. Бұл намысыңа тие ме? Тиеді! Жігеріңді жасыта ма? Жасытады! Еліңнің атына сөз келтіре ме? Келтіреді! Өткен жылы Аста­надағы Қазақстан – Германия ойынынан кейін «Еуропада нең бар еді, құлыным» деп кішкентай ғана мақала жазғанмын. Сол айтқандай, Еу­ропада біздің шаруамыз жоқ. Тіпті Еуропаға қызыққанның өзінде біз Азия мемлекеті емеспіз бе?! Соны неге түсін­бейміз? Қазақ «мұрының сыймаған жерге басыңды тықпа» деп айтпаушы ма еді! Ал біздің шамамыз мынау, ойынымыз анау, соған қарамастан, Еуропада тайта­ласқымыз келеді. Армандасақ та, шама­мызға қарап армандайық. Сондықтан Темір­хан Мың­айдарұлы қазақ футболын қайта Азия футбол конфедерациясына қайтару туралы мәселе көтерсе, ол осы мәселені тегін айтып отырған жоқ. Күйінгендіктен айтып отыр. Мен де ол кісінің бұл ойын қолдаймын.

Болат ЕСМАҒАМБЕТОВ, білікті футбол маманы, ардагер:
Жоқ

– Мен бұл ұсынысқа мүлде қарсымын. Не­менеге бұл мәселені көтеріп отырғанын да түсінбедім. Бізге УЕФА-да қала берген дұрыс. Неліктен дейсіз бе? Себептерін айтайын. Тә­уелсіздігімізді алғаш алған жылдары геогра­фиялық орнымызды ескерген УЕФА бізді өзде­рі­нің құрамына шақырды. Біз Азия футбол қауым­дастығын таңдадық. Ақыры Азиядан абырой таппаған соң, өтініш білдіріп, 2002 жылы УЕФА-ға ауыстық. Енді қайтадан Азияға бет бұрар болсақ, басқа елдер қалай қабылдар екен? Мазақ етіп күлмей ме! УЕФА, АФК және ФИФА да мұнымызды қолдай қоймас. Тәуекел етіп, Еуропаға аяқ басқан екенбіз, енді кері шегінуге болмайды. Оның үстіне УЕФА қай футбол қауымдастығынан болсын мың есе артық. Африка, Азия, Америка футбол қауымдастықтары қарамағындағыларға УЕФА берген нәрсені бере алмайды.  
Мәселен, жаттықтырушыларымыз Еу­ропада біліктілігін арттырып жүр. Футбол­шыларымызға «Кәртамыс құрлықтың» командаларында ойнауға мүмкіндіктер көбейді. Клубтарымыз Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды додаларда бақтарын сынауда. Ұлттық құрамамыз әлемнің азулы құрамаларымен бірге доп тебеді. Тағы бір айта кетерлігі, сырттан келіп жатқан мықты легионерлердің көбі елімізге Қазақстанның УЕФА-ға мүше болғандығы үшін ғана келетіні жасырын емес. Ал ең бастысы, УЕФА ақыл-кеңес жөнінен болсын, қаржы­лай жағынан болсын, басқа да қажеттіліктер тұрғысында болсын, көмектерін аямайды. «Егер біз бүгінге дейін Азия футбол қауымдастығының құрамында болғаны­мызда футболымыз қарыштап дамып кетер еді» деп ойлау мүлдем қате. Шынын айтсақ, біздің УЕФА-ға мүше болғанымызға Азия­дағы көптеген ел қызыға да, қызғана да қарап отыр. Көрші жатқан өзбектердің өз­дері де кездескен сайын «сендерге жақсы, Англия, Германия, Португалия сынды мық­тылармен ойнап жүрсіңдер» деп қызығып отырады. УЕФА-ға өзгелер қол жеткізе алмай отырғанда, біздің бұдан бас тарт­қанымыз қай сасқанымыз? Одан да кінәні УЕФА-дан іздемей, футболымызды дұрыс жолға қоюымыз керек.
Жалпы, өз басым Азия қауымдастығында болсақ, қарсыластарымыздың барлығын қоғадай жапыратынымызға сенбеймін. Мұнда да желпініп тұрған командалар аз емес. Ұлттық құрамалар арасындағы соңғы Азия чемпионатын көрдіңіз бе? Оңтүстік Корея қалай ойнады?! Австралия азулы екендігін білдірді. Иран да футболының дамығанын дәлелдеді. Жапония тіпті Азия чемпионы атанды. Оны айтасыз, көрші өзбектердің өздері де бүгінде оңай ша­ғылар жаңғақ емес. Бұлар қазір УЕФА құрамында болса, Англия, Испания, Гер­мания сынды азуын айға білеген құра­маларға шамалары жетпесе де, басқа командалармен терезесі тең өнер көрсете алады. Сондықтан дәл қазір біз Азияда алдыңғы орында болар едік деп айта алмас едім. Ал енді сол мемлекеттердің футболы АФК құрамында болғандығы үшін дамып кетті деп ойлайсыз ба? Жоқ, олай емес. Олар Еуропадан әлде­қайда алшақ жатса да, солардан тәжірибе жинай білді. Фут­болға байланысты мемле­кеттік бағ­дар­ламалар жасап, солар бойын­ша жұ­мыстар атқарды. Балалар футболына дейін көз­қарастарын өзгертті. Бір сөзбен айт­қанда, инфрақұрылымдарын дұрыс­тады. Футбол­дың әлемдегі нөмірі бірінші спорт екендігін мойындап, спорттың осы түріне барлық жағдайды жасауға кірісті. Міне, сондықтан олардың футболы уақыт санап дамып келеді. Ал біз, Аллаға шүкір, УЕФА құра­мын­дамыз. Ол елдерге қара­ғанда фут­болды дамыту жөнінен бізде мүмкін­діктер әлдеқайда көп. Олар Германия се­кілді елдермен тек жолдастық кездесу­лерде ғана кездесе алса, біз ресми ойын­дарда бірге доп теуіп, тәжірибе алмаса аламыз. Тек инфрақұрылымымызды дұрыс­тап, футболға деген көзқарасымыз­ды түзесек болғаны. Армения, Грузия құ­рамаларының соңғы кездесулерін көрген шығарсыз. Біріншісі Ресеймен тең ойнаса, екіншісі Хорватияны тізе бүктірді. Міне, бізге солар­дан үлгі алу керек. Соңғы кездері бұл елдер­дің футболы дұрыс жолға қойылып келеді. Ал Азияға қайта ауысу туралы ойымызға кіріп те шықпасын.

Түйін
Әлбетте, сіздікі дұрыс, сіздікі бұрыс деп айта алмадық. Басымызды изеп, үнсіз тыңдап отыра бердік. Дегенмен көкейімізде «кезінде өзіміз керек қылмай тастап шыққан Азия футбол конфедерациясына қайта оралуымызды басқалар қалай қабылдар екен, ә» деген ой сайрап жатты. Жеңілтек қыздар секілді бір жерден екінші жерге секіре бермей, ел футболының дамуына тосқауыл болып отырған басқа тетіктерді жамағанымыз әлдеқайда дұрыстау емес пе?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста