Еліміздегі жолаушылар тасымалы сын көтермейтін жағдайда. «Графикті орындау» дегенді ілік етіп, жоғары жылдамдықпен жүйткіген қала ішіндегі автобустардағы жолаушылар қауіпсіздігін бұл арада сөз етудің өзі артықтау. Бірақ кейінгі кездері, мәселен, Алматы қаласында іші таза, тепешегі төмен, жолаушылар мінісіне ыңғайлы, газбен жүретін жаңа автобустар пайда бола бастады. Біле келсек, бұл жаңадан ашылған қалалық муниципалдық автопаркке жататын автобустар екен. Осы жағынан алғанда, қала ішінде жолаушылар тасымалын бүтіндей муниципалдық автопарктерге беру тиімді болар ма еді деген ой келеді. Бұл реттегі мамандардың пікірі төмендегідей.
Әсет ТӨЛЕУШОВ, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы
Иә
– Жолаушылар тасымалын бүтіндей муниципалдық автопарктерге беру керек деп санаймын. Біз осы мақсатты көздейміз. Дегенмен бұл бір күнде орындала салатын оңай шаруа емес. Әзірге, Алматы қаласы бойынша мұндай бір муниципалдық автопарк аштық. Нақтырақ айтқанда, «Алматыэлектротранс» мемлекеттік көлік кәсіпорыны кешені аясында. Ол қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл парк Еуро-3 және Еуро-4 стандарттарына жауап беретін табиғи сығымдалған газбен жүретін 200 автобуспен қамтамасыз етілген. Мұндағы көліктер қаладағы 110 бағыттың тоғызы бойынша қызмет көрсетеді. Таяуда тағы осындай екінші муниципалдық паркті ашуды жоспарлап отырмыз. Онда тағы да қала ішіндегі жолаушылар тасымалы 200 автобуспен жаңартылатын болады. Демек, қосымша 10 бағытты игеруге мүмкіндік аламыз.
Жалпы, газбен жүргендіктен автобустардың қаланы ластауына жол берілмейді. Сондай-ақ бұл көліктер 12 метрлік, кең әрі таза, сондай-ақ жолаушылардың мінуіне де ыңғайлы. Яғни мініс тепкішегі төмен. Сондықтан басында жаңа әрі бүгінгі стандартқа жауап беретін мұндай автобустардың қаланың орталық бағыттары бойынша жүруіне рұқсат берілген. Осы жағынан алғанда, муниципалдық автопарк автобустарының бәсекеге қабілеті де жоғары деп айтуға болады. Оның санын көбейту арқылы қазір қала ішінде қара түтінді бұрқыратып, салдыр-күлдір етіп жүрген қаусаған автобустарды ығыстыруға толықтай мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.
Әрине, проблема болмай тұрмайды. Қазір қолданыстағы жаңа автобустарды газбен қамтамасыз етіп үлгермей жатқан жайымыз бар. Өйткені бізде газ құю стансысы біреу-ақ. Жылдың аяғына дейін Төле би – Ясауи көшелері қиылысынан тағы бір газ құю стансысын салу жоспарда бар. Бұл міндет «ҚазТрансГаз» АҚ-қа жүктелген.
Жалпы, автобус жеткілікті болып, жолаушылардың көңілінен шығатындай қызмет көрсетсе, оның тарифі жұртты қатты алаңдата қоймауы керек деп ойлаймын. Біз қолданыстағы осы автобустардан, ең құрығанда, 10 теңге пайда табу үшін жолаушылар билеті құнын қаншаға бағалау керектігін есептеп көрдік. Сондағы шыққан баға – 90 теңге. Әрине, тарифті белгілеу біздің құзырымызға жатпайды. Сондықтан осы ұсынысымызды арнайы министрлікке жолдадық. Бірақ әзірге одан жауап алған жоқпыз.
Құнанбай ТОБАТАЕВ, қаржыгер-маман
Жоқ
– Муниципалдық тасымал – социалистік нышан, әлемдік тәжірибеде көлік қызметімен айналысатындардың барлығы – жекеменшік. Еліміздегі бүкіл ескі паркті бюджеттің ақшасына жаңалау деген – ақылға сыйымсыз нәрсе. Керісінше, оның орнына арнайы лизингтік бағдарлама әзірлеп, оның пайыздық мөлшерлемесін мемлекет субсидиялап жатса, әңгіме басқаша.
Негізі, муниципалдық көлік кәсіпорыны кез келген бюджетті шығынға батырады. Алматы мен Астана секілді ірі қалалар болмаса, басқа аймақта мұндай кәсіпорынның жергілікті бюджетке салар салмағы өте ауқымды. Муниципалдық автопарк жұмыс істеу үшін ескі техниканы алмастыру керек. Ал бізде қалада жүрген көліктің 90 пайызы ескі-құсқы деп айтуға болады. Екіншіден, инфрақұрылымдар салу үшін көлемді ақша құю керек.
Үшіншіден, жол пұлын үнемі қымбаттап жатқан жанар-жағармайға, электр қуатына сәйкес көтеру мүмкін емес. Өйткені бұл – әлеуметтік шиелініске әкеп соқтыратын фактор.
Бірақ соған қарамастан, бізде жекеменшік автобус тасымалдаушылардың жағдайы жақсы. Себебі көптеген қалада олардың қызметі реттеуге жатпайды, бұл бизнес түрі де жоғары табысты болып саналады. Жекеменшіктер тиімді бағыттар бойынша ғана жұмыс істейді. Муниципалдыққа қарағанда олардың тарифі де біршама жоғары. Ал автопарктерінің жайы тым нашар. Мұндай компаниялар жолаушылардың қауіпсіздігі мен сапалы қызмет дегенге бас ауыртпайды. Дегенмен бұл жағдайды муниципалдық автопарктерсіз де реттеуге болады.
Әлемдік тәжірибеде қалалық, аймақтық, тіпті федералдық қолдау деген бар. Мәселен, жоғары жылдамдықтағы трамвай бойынша ірі жоба дегендей. Өмірге қолайлы жағдай туғызу үшін, әрине, инвестиция салу керек. Бұл – биліктің басты міндеті. Егер қалыпты көлік жүйесі болмаса, қаланың күйі нашарлайды. Осы жағынан алғанда, әлемде кеңінен қолданысқа ие неміс моделін үлгі ретінде алға тартуға болады. Мысалы, Франкфуртте бірнеше ондаған автобус, трамвай және теміржол тасымалшылары жұмыс істейді, көбісі – жекеменшік. Олардың басын тариф жүйесі мен тасымал тізбесіне сәйкес жолаушылардың ағымына жіті зерттеу негізінде бағыт желілерін құратын көлік одағы біріктіреді. Осы одақпен арада аталған саладағы әр кәсіпкер келісімшарт жасасады. Онда рейс саны, интервал, оны орындамағанда қанша айыппұл салатындығы туралы басқа да талаптар көрсетілген. Міне, осы шартты бұзғандарды, мүлде бұл саладан шеттетіп, қажет болса, қылмыстық іске де тартады. Бізге де керегі – осы.
Сондай-ақ бұған қарама-қайшы африкалық модель деген бар. Мұнда жолаушылар тасымалы үшін бәсекелестік пен бизнеске еркін жол ашылып қойылған. Біздің жүгініп жүрген тәсіліміз осыған саяды. Бірақ бұлай істеуге болмайды, өйткені оның былық-шылығы көп. Еркін бәсекелестік жүйені реформалауға мүмкіндік бермейді. Бүгіндері кәсіпкерді белгілі бір тәртіппен немесе нақты бір бағытпен жүруге көндіру қиын.
Билік автопаркті жаңалауға ақша шығарғанша, сол қала тасымалы көліктерінің жол тығынына қатысты мәселені шешіп берсін. Яғни жолдарды кеңейтіп, бағыттардың мүмкіндігін арттырып деген сияқты.
Түйін
Біз нарықтық экономикалық мемлекетпіз дегенімізбен, дамыған елдердегідей кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі секілді капиталистік құндылықтарды қоғамға сіңіре алмай жатырмыз. Демек, еліміздегі нарықтық қарым-қатынастың өзі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан қала ішіндегі жолаушылар тасымалы бойынша муниципалдық автопарктердің болғаны жақсы. Дегенмен, әрине, жолаушылар тасымалын мемлекеттік бюджетке қарайтын кәсіпорынға бүтіндей артып қоюға тағы болмайды.
Сол себепті жекеменшік көлік тасымалына қатысты заңды қатайтып, муниципалдық автопарктерді қосу арқылы осы нарықтағы бәсекені арттырып, соған сәйкес жекеменшіктің реттелуін бақылауға алу керек секілді.