Өзге елде қылмыс жасап, Қазақстанға келгендерге азаматтық беруге тыйым салу керек пе?

Өзге елде қылмыс жасап,  Қазақстанға келгендерге азаматтық беруге тыйым салу керек пе?

Бүгінде Қазақстанда 63 838 адам  темір тордың арғы жағында отыр. Өткен жылмен салыстырғанда қамаудағы адам санының біршама артқаны байқалады. Тағы бір дерек, әрбір 100 мың адамға шаққанда  абақтыда отырған адам саны бойынша  Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап келеді екен. Сондай-ақ түрмедегілер қатары шетелден қоныс аударған азаматтардың есебінен де толығуда. Бұл жерде «Өзге елдің бұрын қылмыс жасаған тұрғындарына  Қазақстан азаматтығын беруге тыйым салу керек пе?» деген сауал туады. Бұған танымал адамдарымыз не дейді екен?

Серік Әбдiрахманов, экс-депутат:
    
Иә

– Әр мемлекет азаматтық беру кезінде адамдардың алдына түрлі шарттар қояды.  Мәселен, кейбір елдің заңында  азаматтық алатын адам сол елдің тілін білуі міндетті деп жазылған. Кейбіреулерінде заңын, тарихын білуі керек деген сияқты. Бұл бірден бір дұрыс жол деп есептеймін. Басқа жерде   қоныстанып қалғысы келетін адам сол өзі баратын халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан тарихымен, мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен, ең ақыры жанымен таныс болуы қажет. Бұл жеке азамат үшін де,  мемлекеттік идеологияны жүргізу үшін де өте таптырмайтын заң болып табылады. Ал енді өзге елде бұрын қылмыс жасаған адамдарға Қазақстанның азаматтығын беру мәселесіне келетін болсақ, мен мұнымен келіспеймін. Неге? Біріншіден, біздің қазақ жеріміз заң бұзып, дала кезіп жүргендердің    мекені емес. Рас, біз қонағын Құдайындай сыйлаған көңілі ашық, пейілі кең дарқан халықпыз.

Есігімізден кірген қонақты төрге оздыру – ата қанымызда бар мінез. Бұл – өзгелерде кездесе бермейтін жақсы қасиет. Бірақ осы мінезімізге салып, аңқаулық танытып, шекарамызды бос қоймауымыз тиіс. Тағы бір айтарым, тарихтан өздеріңіз жақсы білесіздер, кезінде далиған қазақ жері өзге елдің аса ауыр қылмыскерлері жер аударылатын орынға айнала жаздаған. Бастапқыда солай болып келе жатқан да. Біз Тәуелсіздік алдық, егемендікке қол жеткіздік.  Айтарымызды да, айқайларымызды да тек өзіміз білеміз. Сондықтан да менің ойлағаным, енді  қазақ жерін қылмыс жасағандардың отанына айналдырудың қажеті жоқ. Екіншіден, өз ішімізде де тәртіп бұзып жатқандар жетерлік. Жақында ғана бір газеттен оқыдым, қазір еліміз Азия елдері ішінде түрмеге қамалғандар саны жағынан алдыңғы орында келеді екен. Бұл нені көрсетеді? Біз ең алдымен өз ішімізде қылмыс жасаған, тәртіп бұзғандарды жөнге салып, тезге түсіріп алуымыз керек. Содан кейін барып осы мәселеге тоқталу қажет.  Үшіншіден, кейбіреулер шетелдерде бұрын қылмыс жасаған адамдарды елімізге тарту арқылы адам санын көбейтіп, экономикамыздың әлеуетін жақсартамыз деуі мүмкін. Менің ойымша, бұл – бірден-бір қате пікір. Неге біз қылмыскерлер есебінен азаматтарымыздың санын арттыруымыз керек? Егер қаласаң, адам санын көбейту үшін шеттегі қаракөздерді барынша көп тартайық. Басқа елде тұрып жатқан қазақтар қазір Отанына оралуды армандап отыр. Оларды шақырып, жағдайын жасайық, қолғабыс тигізейік, солай халықтың санын арттырайық. Бүгінде қазақ жерінен бойтасалап қашып, өзге елдерде тұрып жатқандар немесе өзге елде қылмыс жасап қойып, Қазақстанда емін-еркін сайран салып жүргендер бар болуы мүмкін. Олардың ұлтқа да, жалпы халыққа да ешқандай пайдасы жоқ. Бұл жағын біздің әділет, сот орындары мықтап шешуі қажет. Менің айтарым – осы.

Амангелді Момышев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Жоқ

– Қылмыс болғанда қандай қылмыс? Қылмыстың түрлері көп қой. Мәселен, саяси көзқарасы үшін өз елінен қуылғандар бар. Оларды егер біздің елдің азаматтығын аламын десе, неге қарсы боламыз? Мүмкін, ол елдік үшін, ұлт қамын күйттеу мақсатымен елінде қылмысты атанған шығар. Екіншіден, Германия соғыстан кейін еліне әр мемлекеттен ғалымдарды шақырды. Олардың жастарына, басқа да ерекшеліктеріне қарамады. Соның арқасында бүгінде мықты елге, техникасы дамыған, ғылымы шарықтаған, саяси-экономикалық жағынан тұрақты елге айналып отыр. Біз де осындай азаматтарды тартсақ, одан кемшілік көрмейміз деп ойлаймын. Үшіншіден, шетелде қылмысты болған өз қандастарымыз бар. Оларды қайда қоямыз? Мәселен, Қытай түрмесінде елу жыл отырып, тарихи роман жазып шыққан  Қажығұмар Шабданұлы  деген ағамызды алайық. 

Ол – Қытайда қылмыскер атанғанымен, біздің қандасымыз, бауырымыз. Егер ол кісіге «сен өзге елде қылмыс жасағансың» деп  азаматтық бермей қойсақ, қалай болады? Көрдіңіз бе, бұл – ойланатын шаруа, бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Әрине, біз өзге елде бұрын қылмыс жасағандарға азаматтық беру үшін олардың ісін, өмірбаянын мықтап қараймыз. Азаматтық беретін адам болса, азаматтық береміз. Бұдан біздің ел қылмыскерлердің отанына айналып кетпейді. Себебі қылмысты әр адам абайсыздан жасап қоюы мүмкін. Біз тек соларды дұрыс  тәрбиелеп, жөнге сала білуіміз керек. Қазақстан – демократияны жақтаған, адам құндылықтарын жоғары қоятын мемлекет. Мәдениет жағынан да алып қарасақ, қазақ – өте қонақжай халық. Үйіне кірген қонағын ешқашан  сыртқа теппеген. Қайта бауырына тартып, баласындай көрген. Біз өзіміздің осы құндылықтарымызды, қасиетімізді жоғалтпауымыз керек. Себебі біздің бүгінде бақуатты, тату тұрып жатқанымыздың негізгі себебі – осы. Одан біз ешуақытта қорлық көрмейміз. Тексіздерді тезге салатын, тәртіпсіздерге тұсау салатын заңымыз бар. Қоғамда «шеттегі қылмыскерлерді тартқанша, жерімізден жырақта жүрген қазақ бауырларымызды тартайық» деген пікірлер де бар. Бұған мен толықтай келісемін. Өзге елде бұрын қылмыс жасаған адамдар бізге үнемі азаматтық сұрап келе бермейді, олар бұл елде мәңгілік тұрақтап қалмауы да мүмкін. Қылмысы ұмытылғаннан кейін өз Отанына көшіп кетуі де ғажап емес. Қазақстан – өзге елде жүрген қандастарымыздың ата қонысы, алтын бесігі. Олар бұл жерден ешқайда кетпейді. Бұл менің тақырыпқа сай қосқан пікірім ғана. Ал қорыта айтатын болсам, қазақ халқы – дос болғанға дос болып құшақ ашатын, қас болғанға қас болып от шашатын мінезді халық. Біз өз мінезімізден ешқашан ұтылып, жамандық көрген жоқпыз.

Түйін

Темірхан Медетбек, ақын:

– Әрине, бермеу керек. Егер ол адам өлтірген, кісі тонаған  болса, оған біз қайтіп азаматтық береміз? Ол біздің елге келіп алып, тағы қылмысын қайталамасына кім кепіл? Ал егер саяси баспана сұрап келген адам болса, оны шешетін біздің министрліктер бар. Оларға кешіріммен қарауға болады енді. Себебі ондай адам қоғамға пайда келтіруі мүмкін.


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста