Мұсылманша неке қию үшін мешіт қызметкерлері АХАЖ куәлігін талап етуі керек пе?
Отбасын құру бүгінде біздің қоғамымызда түрлі сипатта орын алатын болып жүр. Заңды тұрғыда тіркеуден өту өз алдына, сонымен қатар Алла алдында некесін қидырып, басқа ешқандай да құжаттық рәсімдеусіз өмір сүріп жатқандар да бар. Бірақ осы ретте талай тағдырлардың тамырына балта шабылатын келеңсіз жағдайлар да болып жүр. Мысалы, діни ағымдардың жетегінде некеге тұрып, көп ұзамай талақ етіліп жатқан қыздар мен соған жол берген жігіттерден бүгінде аяқ алып жүргісіз. Мұның соңы «олар неге АХАЖ-дан өтпейді, бұған кім жол беріп отыр, мешіттер неге заңды куәлікті талап етпейді?» деген дауға ұласып жатқан жайы бар. Ендеше мұсылманша неке қию үшін алдымен АХАЖ куәлігін талап ету керек пе дегенді сарапқа салып көрсек.
Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
иә
– Әрине, керек. Өте орынды және өзекті мәселе. Себебі дәл бүгін осы мәселе қолға алынып, біз мешітке некесін қидыруға келген азаматтардан алдымен АХАЖ-да тіркелген құжаттарын талап етіп жатырмыз. Әу баста бұл жайт қатаң ескеріле қойған жоқ, бірақ көптеген келеңсіз жағдайлар орын алып кеткенге ұқсайды. Бізде түрлі теріс ағымдар бар. Солар өздері пәтуа шығарып, өздері алқа-қотан отырып алып, көптеген қыз-жігіттердің некесін қия беретін жағдайға жеткен. Олар діни басқармаға бағынбайды да, мешіт имамдарын мойындамайды да. Біз қанша ауыздықтауға тырысқанымызбен, сондай ағымның іс-әрекеттері әлі де жалғасып жатқанға ұқсайды.
Мен тіпті мынадай жағдайды естіп, жағамды ұстадым. Еліміздегі бір оқу орнының студенттері әлгіндей теріс ағымның ықпалына ұшырап, ешқандай мешітке бармай-ақ, ешбір дін өкілінен кеңес сұрамай-ақ, он жігіт пен он қыз өзара некелерін қия салған. Содан кейін арада екі ай уақыт та өтпестен әйелдерін шетінен талақ ете бастаған. Талақ етіп, қызды босатып жібере салса, мейлі ғой, жоқ, пенделікпен ешкімге қимайды. Солайша, жолдасы әлгінің әйеліне үйленеді, яғни талақты халал ету үшін бір күйеуге тиіп, сосын қайта оған үйленуі керек деген шариғат заңын өз жағдайларына бұрмалап алған. Солайша, не керек, әлгі он еркек он әйелді кезек-кезек талақ етіп, бірінікіне бірі үйленіп, соншалықты дінді масқара етіп көрсететін арсыз іске барады. «Талақ деген – Алланың өзі рұқсат еткен амал», – дейді олар. Мен айтар едім, талақ деген – себепті жағдайда ғана болмаса, үкімі өте ауыр, Алланың ең жек көретін ісі. Ал, жалпы, әлгіндей жауапкершіліксіз некелесуге саналы адамның дұрыс деп қарамайтыны белгілі ғой, әрі-беріден соң бұл зина емес пе?! Тек соны өзгелерге заңды етіп көрсету үшін некелеседі, ал ол неке Алланың алдында қабыл етіле ме, жоқ па – оны бір Алла біледі. Өзіңіз ойлап қараңыз, екі айда талақ етіп, ол әйел басқаға тиіп, сосын ол талақ еткенде басқа біреуге шықса, одан қандай бала туылуы мүмкін? Кімнің баласы екенін тіпті әйелдің өзі білмей қалмай ма? Мұны діннің атын жамылып жасалған сұмдық іс демей, не дейін енді?! Мұны істеп отырған – уахаббизмді ұстанатын ағым, ашығын айтайын. Талай қызымызды жылатқан осындай ағымнан жастар абай болса. Олар некенің Алла алдындағы, өз арының және ұлтының алдындағы жауапкершілігін ойлауы керектігін естен шығармасын деп айтып отырмын.
Екі жыл болды, біз АХАЖ құжатын талап етіп жатырмыз. Діни басқармаға тіркеліп, жұмыс істейтін мешіттердің барлығына осындай үкім айтылған. Алайда мешіт неке қимайтын болған соң, әркім өз үйінде немесе тағы басқа жерлерде жүзеге асырып жатыр. Оған біз жауап бере алмаймыз және көбінен хабарымыз да жоқ. Негізі, некені кәдімгідей діни салада жоғары білімі бар, білікті мамандар, имам, молдалар қиюы керек қой. Көрінгенге неке қидыру деген – сауатсыз адамның ісі. Неке туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) неке қиған соң оны жария ету керек екендігін айтады. Аламан-асыр болмаса да, шамасы келгенше той өткізіп, көпшілікке ендігі жерде өздерінің ерлі-зайыпты екендіктерін жария етуі тиіс. Ал тек өздері шешіп, өздері ғана біліп, сырт көзден жасыру деген ешбір неке заңына жатпайтын, былайша айтқанда, жынойнақтың түрі ғой. Діннің атын жамылған зина деуге де болады. Ендеше, осындай масқаралыққа жол бермеу үшін АХАЖ құжатын талап ету деген – өте дұрыс қабылданған шешім. Ол – отбасының салмағын арттыратын, мемлекеттің демографиялық ахуалында да ешбір мәселе тудырмау үшін қолға алынған шара. Егер ол заңды тіркелмесе, әлгіндей жасырын некелесу салдарынан өмірге қандай бала келіп, оның қандай тек алып жатқанын кім біледі?! Талақ етіп, тастап кеткен ер-азаматтың баласының болашақ тағдыры қалай өрбиді?
Мақсат Жақауов, саясаттанушы:
жоқ
– Қоғам, мемлекет тек қана қатып қалған ереже не догмамен өмір сүрсе, меніңше, ол елдің халқы бақытты бола қояды дегенге сену қиын. Ал мына сұраққа келгенде мен «АХАЖ-дың құжатынсыз неке қиюға тыйым салу керек» деп біржақты кесіп айтуға қарсы болар едім. Неге? Себебі бұл – өте бір тағдырлы мәселе. Көбіне жастардан бұрын, орта жастағы адамдардың тағдыры тұрғысынан қарасақ, түсініктілеу болатын секілді. Демография, яғни ұрпақ мәселесі немесе отбасында жарымен арадағы өзара қиындықтар, денсаулыққа байланысты түйткіл туындаған кезде адамдар екінші рет үйленуге бекінуі мүмкін.
Ал біздің қоғамда екінші әйел алу дегенге заңды рұқсат жоқ, яғни осы ретте АХАЖ-дың тіркеуін қалай талап етуге болады? Жалпы, адамдардың тағдырын мемлекет шығарған шешіммен, құжатпен ғана реттеу деген мүмкін емес, себебі ол – тағдыр, жеке бастың мәселесі таразыға түсетін жағдай. Егер де адамның жеке өмірі мен жеке құқығын заңмен нақты белгілеп қоятын болсақ, көптеген қателікке бой алдыруымыз мүмкін. Біреу мұқтаждықпен некелесуі мүмкін, біреу дәулеті жеткендіктен, отбасын кеңейтіп, берекелі қыламын, ұрпағымды көбейтемін десе, оған «заң жоқ, үйленбе» деп, ешқандай құқығына қол сұға алмаймыз. Қазір «халық аз» дейміз, оның ішінде «қазақты көбейту керек» дейміз. Ендеше, жағдайы жететін жігіттерімізге мүмкіндік берейік. Әрине, мұнда АХАЖ болмаса да, әр тараптың келісімі керек. Екіншіден, ол ешқандай қоғамдық моральға кері әсерін тигізбеуі шарт. Менталитетке қайшы болмаса, онда біз оған құқықтық мүмкіндіктер туғызуымыз керек. Біз қатып қалған заңмен ғана өмір сүретін Еуропа халқы емеспіз. Тарихымызға үңілер болсақ, біз патриархалдық жүйеден өткен халықпыз: ата-бабамыз адамның қолайлы өмір сүруіне жағдай туғызған «Жеті жарғы» секілді қазақы қоғамға толық сәйкес ережелер жасаған. Мәселен, бізде әмеңгерлік деген бар. Оны кезінде саясат та, әдебиет те бізге құбыжық етіп көрсетті. Оның барлығы – өзіндік әлеуметтік функциясы бар дәстүрлер. Сондықтан ол салт сақталды, сондықтан біздің қаймағымыз бұзылған жоқ. Жесіріміз жалғыз, жетіміміз далада қалған жоқ. Бәрі де сол жүйемен өмір сүріп келді. Сондықтан біз өз ұлтымыздың құндылықтарын сақтауымыз керек. Құжаттау, рәсімдеу, әрине, қажет. Тәртіп үшін. Бірақ тағдырлы жағдайларға қайшы келетін тұстары болса, сыңаржақ шешіммен шектеп қоюдың зияны болмаса, пайдасы жоқ. Қайта сол бабалар заңын, салтын қазіргі өмірге, қазіргі уақытқа үйлестіре білуіміз керек. Отбасы шырқы бұзылмай, керісінше, өрісімізді кеңітетін, сапалы өмірге бастайтын кейбір некелерге біз шошына қарамауымыз керек. Мысалы, әлгіндей ұрпақ, денсаулық жағынан келгенде, егер АХАЖ құжаты дер болсақ, онда керісінше, біршама отбасының шырқы бұзылуы мүмкін. Құжаттық тұрғыда дұрыс болуы үшін өз отбасын бұзуы мүмкін дегендей. Нәтижесінде кім бақытты болады? Ешкім! Ажырасу, бала тағдыры деген содан шығады. Ал бір үйленген адам, бітті, сонымен бақытты болады дегенге ешкім де кепілдік бере алмайды. Өйткені ол – өмір.
Түйін
Біз саналы қоғамның азаматтарымыз. Алайда кей әрекеттерімізге қарасақ, оған қарама-қайшы нәтижелер туындап жатады. Өркениетті қоғамға ұмтыламыз, бірақ өзіміз бір нәрсені заңмен күштемейінше, жүзеге асырмаймыз. Тіпті заңда көрсетілгеннің өзін кейде белден басып жүре береміз. Бірақ жасымыз болсын, кәріміз болсын бір нәрсені, яғни отбасы бүгін құрып, ертең құлата салатын құрастырмалы ойыншық емес, мемлекетті құрайтын тірек екенін ұмытпағанымыз жөн секілді. Сонда ғана біз біреудің жетегіне еріп, надандыққа берілмейтін және өзімізді заңмен күштемейтін жағдайға қол жеткізе алмақпыз.