Қазірде елімізде барлық салалар бойынша жалақының шекті мөлшерін белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған қатысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заңның жобасын да жасауда. Аталмыш саланың министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, заң жобасында жалақы мәселесіне қатысты бірқатар елдердің тәжірибелері сараланған. Атап айтқанда АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерінде белгілі бір біліктіліктер бойынша олармен атқарылатын жұмыстың ауқымы, сапасы және жағдайына қатысты жалақының шекті көлемі белгіленеді. «Мұндай жағдайда жұмысшылардың еңбекақысын төлеу бойынша айтарлықтай теңсіздіктер туындамайтын болады» дейді Тамара Дүйсенова. Ал сенаторлардың пайымдауынша, бізге нақ қазір еңбекақы төлеуде біркелкі тарифке жүгінуі тиіс - бірден-бір сала бұл мұнай компаниялары. Осылайша сенаторлар еліміздегі мұнай компаниялары жеделдетіп біркелкі тариф ставкасын енгізу керектігін баса айтып отыр. Мұнай компанияларында жалақы алу барысында шетелдік мамандар өз алдына, отандық жұмысшылардың өзі әр аймақта әр түрлі жалақы алатынын алға тартқан сенаторлар «мұнай компаниялары мамандарына, жұмысшыларына жалақы төлеуде біркелкі тарифке жүгіну керек» отыр. Алаш айнасы осы сауалды талқыға салып көруді жөн көрді.
Иә...
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
- Мен бұл пікірлермен толық келісемін. Елдегі мұнай компаниялары жалақы төлеуде біркелкі тарифке көшуі керек. Мысалы, мұнай саласын алып қарасақ, Қызылорда облысында 6-7 шетелдік компаниялар бар. Онда бұрғылаушы мамандар жұмыс істейді. Олардың жұмысы Атырауда да, Маңғыстауда да, Оралда да, Қызылордада да бірдей - бұрғылау. Алайда, өкінішке қарай, Қызылорда облысындағы бұрғылаушы 100 мың теңге жалақы алса, келесі өңірде сол бұрғылаушының айлығы 300 мың теңге. Басқасын қойып, Қызылорданың өзіндегі алты компаниядағы бұрғылаушының жалақысы әртүрлі. Міне, шетелдік әріптестерінен бөлек, отандық жұмысшылардың өзі әр аймақта әр қилы жалақы алып жатады. Бізге мұны реттеу керек. Деректерге жүгінсек, мұнай компаниялары бойынша бір салада бірдей қызмет істейтін, алайда әртүрлі жалақы тағайындалған 130 факті орын алыпты. Меніңше, бірдей еңбек еткеніне қарамастан әртүрлі жалақы тағайындағандарды жауапкершілікке тарту қажет. Сондай-ақ бізде отандық мамандар мен шетелдік мамандардың алатын жалақысының арасындағы айырмашылықтың өзі жер мен көктей. «Жалақы әрбір компанияның әлеуетіне, еңбек өнімділігіне, түскен түсіміне, шыққан шығысына қатысты есептеледі» десек те, бұл жерде бір компанияда қызмет істейтін екі адамның екі түрлі жалақы алуы тіптен қисынға келмейді. Бұл адамның еңбек құқығын бұзушылық. Жұмысшының істейтін еңбек өнімділігі, жұмысының ауыр-жеңілдігі бірдей болған жағдайда жалақы тарифі біркелкі түзілуі тиіс. Ал бізде жұмыс өнімділігінің бірдейлігіне қарамай сырттан келетін мамандарға жалақыны қомақты төлейміз, ал отандық маманды шөміштен қағып арзан жалақымен қамтимыз. Осының барлығын ретеу қажет. Атырау, Маңғыстау, Орал аймақтарындағы, Қызылорда аумағындағы мұнай компаниялары осы жайттарды назарда ұстауы қажет. Жұмысшының еңбек өнімділігі тең болса, істейтін жұмысы бірдей болса неге жалақы аларда теңсіздік туындауы тиіс? Бұл шынымен де наразылық тудыратын жағдай. Тек қана айлық мәселесі емес, бізде шетелдік жұмысшылардың өмірін сақтандыру, олар сырқаттанып қалса еңбекке жарамсыздық ақысына үстеме қосып төлеу тәрізді толып жатқан қайшылықтар бізде жетіп артылады. Сондықтан өз басым «тарифке біркелкілік енгізу керек» деп есептеймін. Мұны қолдаймын. Бұл еңбек құқын, еңбек өнімділігін, өнім түсімін арттыру үшін қажет дүние.
Жоқ...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
- Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Біз Кеңестік дәуірдегі тәрізді ойлаудан арылуымыз керек. Кезінде Кеңес өкіметі тұсында ол шетелден шақыртылды ма, отандық маман ба, болмаса ол бұрғылаушы ма, дәнекерлеуші ме барлығына бірдей тариф белгіленді. Әрине, жоғары білімі бар мамандар, дәнекерлеуші мен бұрғылаушыдан сәл жоғары жалақы алды. Ал жаңағы кәсіптік техникалық білімі барлар жоғары білімі бар жұмысшыдан сәл төмендеу алды. Ал қазір ойлап қараңызшы, шетелден бірде-бір маманды 1000 АҚШ доллары көлемінде жалақымен қамту арқылы Қазақстанға шақыра алмаймыз. Себебі ол шетелдік маманға бұл жақта біз қолайлы база жасауымыз керек. Мысалы, шетелдік бір маман өз елінде арнайы зертханамен қамтылады, жоғары техникалық құрал-жабдықпен жабдықталады, үй-жайы тағы бар. Басыбайлы баспанасы болмаса ондай мықты маманға компаниясы жалға үй алып береді. Қысқасы, шетелде кәсіби маманның жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалады. Ал енді сөйте тұра біз сондай кәнігі маманды арзан жалақымен елге алып келгіміз келеді. Әрине, ол арзан жалақыға келіспейді, біз сондықтан да жоғары жалақы төлеуге және басқа да қажеттіліктерін өтеуге мәжбүрміз. Осы жайттарды ескерсек, өз басым біркелкі тариф жүйесіне енуді қолдамаймын. Себебі біз біліктілік жағынан шетелдік мамандармен бәсекелес бола алмаймыз. Қарапайым ғана мысал, мұнай-газ саласын қойып біз ең негізгі адам өмірін сақтап қалуы тиіс медицина саласында көптеген олқылықтарға жол беріп, өзге елден 30-40 жылға артта қалып отырмыз. Осы тәрізді басқа салаларда да біліктілік жағынан деңгейіміз төмен екенін амалсыз мойындаймыз. Қазірде мұнай-химиясын жетілдіру арқылы көптеген елдер мұнайды ең соңғы өнімге дейін өңдеудің тетігін әбден жетілдіріп алды. Ал біз өкінішке қарай, шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Талдап айтатын болсақ, жалпы мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар: крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және басқалар. Мұнайдан бізде негізінен бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра біз бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағар майларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра өзгенің өніміне көз сүзіп жалтақтаймыз. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тез арада мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялау үрдісін қолға алғанымыз жөн. Әрине, ол үшін бізге біліктілік қажет. Ал шетелдік мамандар бәсекенің ортасы екенін ескерсек, біздің олардан үйренеріміз көп. Сондықтан «мұнай компанияларына жұмысшыларына, арнайы мамандарына жалақы төлеуде біркелкі тарифке енудің қажеті жоқ» деп ойлаймын. Керісінше, білікті шетелдік мамандарды жоғары жалақымен қамти отырып, олардан көп нәрсе түйіп алуға барымызды салған жөн.
Бейтарап пікір:
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
-Жалпы, бұл салада бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда «жіліктің майлы басы біздікі» болуы керек. Мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласындағы мамандарға жалақы төлеуде теңдік орнату үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:
А) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы артуы қажет. Ә) Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйдің қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр. Б) Бұдан соң қандай шешім қабылданса да халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны һақ. В) Заң қатайтылуы керек. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөз ақиқаттың нақ өзі. Г) Мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бірақ бұл арада «шетелдік мамандардан үйренеріміз көп» деп, оларды шақыра бергеннен гөрі керісінше, отандық мамандарды шетелге жіберіп оқытып, көкжиегін кеңейту тиімді.