Елімізде әлі күнге жұмысшы мен жалпы еңбек қатынастары төңірегінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Әсіресе қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келеңсіздіктер бүгінгі қоғамда кең етек алған. Сондықтан соңғы кездері кей мамандар сонау Кеңес үкіметі тұсында болған мүшелік жарнаны міндеттеу жүйесін қайта қалпына келтіруді ұсынып жүр. Мамандардың айтуынша, егер мүшелік жарна халыққа бұрынғыдай қайта міндеттелер болса кәсіподақтар жалпыхалықтық сипатқа ие болуы әбден мүмкін. Әйтпесе қазіргі кәсіпорындардың ішінен құрылған кәсіподақтар кәсіпорын басшыларына тәуелді болып қалған. Сол себепті де еңбек адамдарының құқығын қорғай алмай отыр. Ал кәсіподақтар федерациясының құзыреті шектеулі. Осы ретте қоғамдық пікір де екі түрлі. Бірі «мүшелік жарна қайта міндеттелсін» десе, бірі «ол нарық заманына сай емес», – дейді.
Амалбек ТШАН, мемлекет және қоғам қайраткері:
иә
Егер біз бұрынғы Кеңестік кәсіподақ жүйесін қайта қалпына келтірер болсақ екі қолдап қолпаштап, қуанар едім. Бұрын бүкіл халық кәсіподақтың мүшелігіне өтіп, мүшелік жарнаны ай сайын, міндетті түрде аударып отыратын. Сондықтан оның құзыреті де, беделі де мықты болды. Әрине ол заманғы кәсіподақтың деңгейін, оның қоғамдағы рөлін қазіргімен салыстыруға мүлдем келмейді. Десек те, бүгінгі демократиялық даму процесінде бұрынғыдай кәсіподақтар болатын болса, жұмысшы қауымның талай мәселесін шешкен болар еді. Бірақ бұл жүйені толықтай ескілігімен көшіріп алудың қажеті жоқ. Міндетті жарна төлеудің тәртібі де, міндеті де қазіргі заманға сай, лайықты болуға тиіс. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, дамыған елдердің бағытымен құрылған кәсіподақ еш уақытта ұтылмайды.
Бұрын әр салаға бөлінген ұйымдар қазір де өз саласы бойынша халыққа қызмет етсе, халықтың жағдайын жасаса бұған ешкім де қарсылық білдіріп, наразы болмас еді. Тек бұл жүйені қолдайтын заң қажет. Кәсіподақ дегеніміздің өзі – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар емес пе. Демек, қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері тек қарапайым халық үшін қызмет етуі тиіс. Тағы бір үлкен мәселе – жалпы кәсіподақ жайлы түсініктің түзу болуында болып тұр. Кәсіподақтың ең басты міндеті және мақсаты ақша, яғни жарна жинау болмауы тиіс. Мысалы, бұрын кәсіподақтар елімізде спорттың дамуына қаншама үлес қосты. Тіпті сол кәсіподақтың өзінің спорттық командалары болатын. Сонымен қатар жұмысшылардың денсаулығын сақтау, жылда медициналық тексерістен өтіп, шипажайларда демалу үшін тегін жолдамалар берілетін. Ол жинақталған жарналар көбіне қарапайым жұмысшыларға табысталып, қаржылай көмектер көрсетілетін, баспана беру мәселесі де кәсіподақтың көмегімен шешілетін. Өмір болғаннан кейін өлім-жітім дегендей қиыншылықтар кездеседі. Мейрамдарда, атаулы күндерде, сонымен қоса кәсіпорынның ішіндегі қосымша қаражатты қажет ететін шараларға да ақша сол жинақталған жарнадан жұмсалатын. Ол заманда қазіргідей нарықтық экономика ұғымы жоқ, керек десеңіз тоңазытқыштың өзін кезекке тұрып алатынбыз. Әрине, мұнымен айтпағым, бұрынғы жоқшылық заманына қайта оралу емес, жаңа кәсіподақтың жаңа заманға сай өзіндік форматы болса деймін. Жеке басым демократиялық даму жолындағы жаңа кәсіподақтардың болуына тілектеспін. Әрине қазір де кәсіподақтар бар, бірақ аты болғанымен қоғамда атқаратын рөлі, құзыреті жоқ. Оған заңдық тұрғыда қолдау жоқ. Сондықтан Парламент халықтың мүддесі үшін қызмет ететін кәсіподақтарға қатысты жаңа заң жобаларын дайындауы керек деп есептеймін.
Алтай ТАЙЖАНОВ, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, академик:
жоқ
– Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын, халықты жұмыспен қамту стратегияларын Кеңестік үкіметпен салыстыруға болмайды. Ол кезеңде жұртшылық жаппай жұмыспен қамтылды, жұмыссыз бос жүргендер болған жоқ. Ал қазір жұмыссыз да көп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да көп. Бірақ сол өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды жұмысы барлардың қатарына кіргізе алмаймыз. Жалпы, кез келген сұраққа оның тарихына барлау жасап барып жауап беруіміз керек. Кәсіподақ деген сөздің өзі «кәсіп» және «одақ» деген сөздерден құралған. Яғни кәсіп қылып отырған адамдардан құрылған одақ. Біріншіден, мысалы, балықаулаушылардың, дәрігерлердің, ұстаздардың кәсіподағы бар. Сол сияқты қаптап кеткен ұйымдардың саны бар да сапасы жоқ.
Екіншіден, сол әр сала бойынша құрылған кәсіподақтар егер біріксе, неліктен өз саласы бойынша қоғамда болып жатқан маңызды проблемаларды қарастырмайды? Проблеманы шешудің жолдары, ұсыныстары, заңдық негізде іске асыру деген сияқты әрекеттер неге қолға алынбайды? Үшіншіден, қазіргі кәсіподақтардың бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істемейтіндігінен ұжымдағы жұмысшыларға қысым көрсетіліп, құқықтары бұзылып жатса да ешкім көңіл бөлмейді. Сонда ол кәсіподақтың кімге қажеті бар? Егер кәсіподақтар жұмыссыздық мәселесіне араласса, жалақы мәселесін шешсе, жұмыскер мен жұмыс берушілер арасында шиеленісті оқиғалар болмас еді ғой?! Лениннің өзі «кәсіподақ – коммунизмнің мектебі» деген. Ал коммунизм дегеннің өзі – ең жоғарғы сатыдағы қоғам. Адамдары саналы, ой-өрісі кең, рухани бай болған заманда сол құндылықтың барлығын кәсіподақ тудырған болатын. Ал қазір керісінше, кәсіподақ десе бірден ақша жеудің айласын ойлай бастайтындар көбейген. Бір ғана мысал келтірейін, бір кездері міндетті сақтандыру деген жүйе пайда болды. Халық таңғалып, «нені сақтандырамыз?» десті. Сөйтсек, көліктерді сақтандыру міндеттелген екен. Қарап тұрсаңыз, ол көлік сіздікі, жекеменшігіңіз, мүлкіңіз. Оған қол салуға ешкімнің құқығы жоқ. Сақтандырғым келсе сақтандырам, келмесе сақтандырмаймын. Ал шенеуніктер мен кәсіпкерлерге бәрібір. Ақшаға белшесінен батып отырғандарды халықтың жайы қайдан қызықтырсын?! Конституциядағы құқыққа шабуыл жасауға болмайды. Ата Заңымызда жеке мүлікке өзгенің қол салып, сен үшін шешім қабылдап, міндеттеуге болады деп жазылмаған. Жалақы да – жеке мүлік. Еңбек еттім, ақша таптым, қайда жұмсаймын, қайда аударамын өзім білем. Біз қалай болған күнде бұрынғы мүшелік жарнаны қайта енгізе алмаймыз, ал міндеттеу тіпті мүмкін емес. Онсыз да жұмысы жоқ қарапайым халық жарнаны төлемек түгіл, зейнетақы төлемі мен салығына да ақша таппай отыр емес пе?!
Бейтарап пікір
Қайрат Жаңабеков, ҚР Кәсіподақтары Федерациясының Жастармен жұмыс жөнінде Комиссиясы төрағасының орынбасары:
– Кеңес үкіметінде кәсіподақтар әлеуметтік қор ретінде қарастырылған. Сол себепті Үкіметтен қосымша қаржы да бөлініп отырды. Ал қазір кәсіпорындар мұндай қорға қызметкерінің алатын жалақысының тек бір пайызын ғана аударады. Есептеп көрсек, ол бір пайыз тым аз ақша, тіпті 12 айда да мардымды іске жарайтын қаржы бола алмайды. Сондықтан кәсіподақ ол ақшаға қызметкерінің денсаулығын жақсарту үшін шипажайға баратын тегін жолдамамен де қамтамасыз ете алмайды. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың жалпыхалықтық сипатқа ие болуы үшін оларға баяғыдай мемлекеттен қолдау және көмек қажет. Заңдық негізде де ҚР Кәсіподақтар туралы Заңына өзгертулер енгізу жайлы ұсыныстарымызды әзірлеп жатырмыз.