«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді», – деп Елбасымыз ана тіліміздің өркендеуі ең алдымен өзімізге байланысты екенін қадап айтты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ана тіліміздің айбынын асқақтатуға ерекше көңіл бөлініп, бүгінге дейін мемлекеттік тілді дамытуға қыруар қаржы бөлініп келеді. Әйтсе де ана тіліміздің қанатын кең жаюы мақсатында бөлініп жатқан қаржының нәтижелілігі туралы мамандардың пікірі әрқалай. Сондықтан бүгінгі тұрақты айдарымызда мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен бөлінген қыруар қаржы нәтижесіз жұмсалып жатқан жоқ па деген сауалды ортаға тастап, мамандардың пікірін саралап көрген едік.
Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
иә
– Өз басым қазақ тілін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қыруар қаржының бәрі ретімен жұмсалып, атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы нәтижелі болып жатыр деп айта алмаймын. Оны мен ғана емес, бүкіл қоғам көріп отыр. Расында да, егемен ел болғалы ана тіліміздің дамуы, тілге қатысты мәселелердің шешілуі үшін қыруар қаржы бөлінді. «Ұлт тағдыры» қозғалысы осыдан бірнеше жыл бұрын осы салаға мемлекет тарапынан қанша қаржы бөлініп, атқарылып жатқан іс-шаралар қаншалықты нәтиже беріп жатқанын зерттеу мақсатында өз бетінше ізденіп көрген еді.
Өкінішке қарай, мемлекеттік тілдің дамуына қай министрліктің қанша пайыз қаржы аударып жатқанын ғана білудің сәті түсті. Ал жалпы бөлінген қаржының шамасын білуге шамамыз жетпеді. Дегенмен мемлекеттік тілдің дамуына аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Бірақ істелініп жатқан істердің нәтижесі соған сай емес.
Әлі де болса орыс тілі төрден орын алып, қазақ тілі табалдырықтан бері аттай алмай тұрған салаларымыз жетерлік. Қазақ тілінде іс жүргізбек түгіл, бірауыз сөз білмейтін қызметкерлерден құралған жерлерге қазақ тілінің мәртебесін сездірерліктей іс-шаралар жүріп жатқан жоқ. Тіпті қазақ тілін келемеж еткендей кез келген жерде орыс тілінде сауатты жазылған сөздермен қатар тұрған қазақ тіліндегі қате-қате сөздерден көз сүрінеді. Мұндай қателер қазақ тілін дамытпақ түгіл, жерге таптары сөзсіз. Сондай-ақ әлі де болса үлкен жиындардың көбісі орыс тілінде өтеді. Қоғамдық орындарда да, қит етсе, бір-бірімен орыс тілінде сөйлескен қазақтарды көреміз. Жалпы, әлі де болса қоғамымызда қазақ тілінің мәртебесі төмен. Сонда жыл сайын бөлініп жатқан қаржының нәтижесі қайда?! Сондықтан әрбір министрлік өз тараптарынан бөлінген қаржыға сай атқарып жатқан жұмыстары туралы, олардың қаншалықты нәтиже бергені жайлы депутаттарға жыл сайын есеп беріп отырса дұрыс болар еді. Нақты нәтижелі жұмыстар атқарылмай, қазақ тілінің мәселесі шешілмейді.
Мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен бөлінген қаржы көбінесе Тілді дамыту басқармаларының концерттер мен әртүрлі байқаулар ұйымдастыруы секілді нәтижесіз жұмыстарына кететін секілді. Мемлекет тарапынан қанша қаржы бөлсек те, нәтижесіз жұмыстар атқарумен қазақ тілінің мәселесі шешілмейді.
Мамай АХЕТ, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы:
жоқ
– Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап қазақ тілінің қанатын кең жайып, дамуын басты назарға алды. Осы мақсатта мемлекет тарапынан да жыл сайын арнайы қаржы бөлініп, тілдің мәртебесін көтеруді көздеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. 70 жыл бойы қазақ ұлтын ғана емес, тілін де отарлау саясаты жүргені белгілі. Ал 70 жыл бойы кері кеткен дүниені 20 жылдың ішінде қалыпқа келтіре қою оңай емес. Дегенмен мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен бөлінген қаржы нәтижесіз жұмсалып жатыр деп айта алмаймын. Республика бойынша осы мақсатта талай игі шара жасалып жатыр. Халықтың мемлекеттік тілге деген бетбұрысы өте жақсы.
Алматы қаласы бойынша айтар болсам, Тілдерді дамыту басқармасы осы бағытта талай істер атқарды. Мәселен, жақында бұрын-соңды болмаған, бір мезгілде оқуға, тыңдауға, көруге болатын балабақшаларға арналған «Сиқырлы қалам» атты оқу-әдістемелік құрал шығарып, қаладағы барлық балабақшаға таратып бердік. Осыған дейін «Алдар көсенің көңілді оқиғалары» деген анимациялық фильм шығарсақ, биыл 40 сериядан тұратын әрқайсысы 10 минуттық қазақ ертегілерінің анимациясының осы жаңа жылда тұсаукесері болады. Бізге осыған дейін балабақшалардың атын қазақша қойсақ, іші өзінен-өзі қазақшаланатын секілді болып көрінген. Олай емес екен. Сондықтан атына заты сай болып, барлық балабақшаның қазақшалануын күн тәртібіне қойып, оқу-әдістемелік құралдарының қазақшалануын да басты назарға алып отырмыз. Осы арқылы болашақ ұрпағымыздың қазақ тілін толық білуін қамтамасыз етпекпіз.
Сондай-ақ қазіргі таңда Алматы қаласындағы барлық қызметшінің қазақ тілінде сөйлеу деңгейін анықтап жатырмыз. Алдағы уақытта қаламыздағы барлық қызметкерді қазақ тілінде оқытатын боламыз. Алматы қаласы бойынша тілге қатысты мәселені шешуге, тіл саясатын жүргізуге 27 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Айта берсек, тілге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Қоғамдық орындардағы сөздердің қазақ тілінде жазылуы, көшелердегі жарнамалардың да қазақша сөйлеуін басты назарда ұстап отырмыз. Алматы қаласы бойынша бүгінде екі мыңдай көше болатын болса, қосымша көптеген елді мекен қалаға қосылып жатыр. Өткен жылдың мамыр айында Алматы қаласының аумағында 12 мыңдай гектар жер қала аумағына кірді. Енді сол қала аумағына кірген аймақтардың елді мекен атаулары мен көшелерін қазақшалауды да мақсат етіп отырмыз. Тіл барлық салаға қатысты. Соған қарай атқарылар жұмыстар да ауқымды. Дегенмен қазақ тілінің дамуында баяу да болса бетбұрыс бар. Біз осыған қуануымыз керек. Нәтижелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Оны бағалауымыз қажет.
Бейтарап пікір
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
– Мемлекеттік тілдің дәл қазіргі таңда дамып келе жатқан көрсеткішіне ризамын. 2020 жылға дейін халқымыздың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деген межесі көңіл қуантады. 20 жылда ана тілімізді дамыту мақсатында біршама істер атқарылды. Алдағы уақытта да осы қарқынынан таймай, халқымыздың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болса, мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктей түсер еді. Ең бастысы, сең қозғалды. Демек, алдағы уақытта тіліміздің болашағы жарқын. Қазір мемлекеттік қызметтегі шенеуніктеріміздің өзі тілдің мәселесін қозғап жүр. Ал біз осыдан бірнеше жыл бұрын тіл мәселесін айтып жүрген кезімізде шенеуніктер тарапынан тырс еткен дыбыс білінбейтін. Қазір барлық салада қазақ тіліне бетбұрушылық бар. Сондықтан жақын күндерде тіл мәселесі толығымен жойылып, мемлекеттік тілге қатысты орын алып жатқан мәселенің бәрі өз шешімін табатынына сенемін.