Шетелдік небір көз сүріндірер сүліктей көліктерді мініп жүрген шенділерге қарата «отандық көлікке шенеуніктерді міндеттеп мінгізу» туралы ұсыныстар айтылып-ақ жүр. Бұл отандық брендті айшықтай түсудің бір тәсілі екені даусыз...
Ал ендігі кезекте мемлекеттік сатып алу бойынша мекемелерді отандық көлік сатып алуға міндеттеу мәселесі көтерілуде. Жалпы, бұл ұтымды көтерілген ұсыныс па?! Біздегі мекемелер тендер арқылы отандық көлік сатып алуға қаншалықты ықыласты?! Мекемелердің отандық көлікке деген «сүйіспеншілігі» қаншалықты басым?! Олар тендер арқылы қазақстандық көлік сатып алуға қаржысын көзі қиып бере қояр ма екен? Мемлекеттік сатып алу бойынша мекемелерді отандық көлік сатып алуға міндеттеу дұрыс па, әлде бұрыс па? Біз осы сауалды мамандардың пайымына салып көрдік...
Мырзагелді КЕМЕЛ, Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
иә
– Бұл – қолдайтын ұсыныс. Өз басым отандық көліктерге міндеттеп мінгізу мәселесін құптаймын. Сондай-ақ елдегі ірілі-ұсақты мекемелерді де мемлекеттік сатып алу арқылы отандық кәсіпорында жасалған көлік сатып алуға міндеттеу – өте дұрыс айтылып отырған пікір. Мұның дәурені әлдеқашан жеткен. Біз 2000 жылдары осы істі бастап кеткенде қазірде мекемелердің 80 пайызы отандық көлікті ешбір мәжбүрлеусіз, міндеттеусіз сатып алатын еді. 10 жылдық межеде сондай деңгейге қол жеткізген болар едік. Егер сол тұстары «отандық көлікті сатып аласың» деп мекемелерге шарт қоя білгенімізде, еліміздегі машина жасайтын зауыттар да мойындарындағы жауапкершілікті сезіне түсер еді. Машина жасау зауыттарында сұраныс артып, ұсыныс қамтамасыз етілген жағдайда олардың өнімдерінің сапасы да жақсара түсетін еді.
Біз қазірде шенеуніктерді отандық көлікке мінгізе алмай әлек болып жүрміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет тарапынан «шетелдік көліктерді қойып, отандық көліктерге мініңдер» деген пәрмен түскен-ді. Бірақ ешбір шенеунік отандық көлікке барып отыра салған жоқ. Отырмайды да... Біз қанша жерден көршілес Ресейді үлгі етіп, олардың шенеуніктерінің өздерінің көлігіне деген ықыластарын сөз еткенімізбен біздің шетелдік жылы-жұмсақ көліктерге үйреніп қалған шенеуніктер отандық көліктерге бірден қызығушылық танытпайды. Себебі еліміздегі мекемелердің өзі қазақстандық көліктердің қызметіне жүгініп отырған жоқ. Сондықтан мәселені бірінші сатысынан бастап шешу үшін алдымен жергілікті мекемелерді өзімізде құрастырылған көлік сатып алуға міндеттеу қажет. Жыл сайын бір мәрте тендер жүргізілген тұста бірлескен кәсіпорындар, мекемелер, ұлттық холдингтер ақырындап отандық көлік сатып ала берсе, бұл жерде өзгелер де ойланады. Бастысы – мекемелер көлікті сатып алса, кейіннен облыс, аудан, ауыл әкімдері де ойлана бастайды. Ал әкімдер ондай көліктерге сұраныс бере бастаса, артынша шенеуніктердің де отандық көлікке деген ынтасы өзгере бастайды. Сондықтан алдымен мекемелерді міндеттеу керек. Қандай да бір мекеме басшысымен мемлекеттік сатып алу кезінде «осынша қаржыңның мұнша бөлігін отандық көлік сатып алуға бөл, олай етпесең шартқа отырмаймыз» деген келісім жасалса, тендерден ұтып шығу мақсатында мекеме өзіміздің көлікке сұраныс береді. Мұндай әрекет отандық автомобиль жасау өндірісіне серпін беріп, сұранысты арттырады. Осы арқылы машина жасайтын зауыттарға қомақты қаржы құйылады. Қолына қаржы тиген соң кез келген шебер жасаған дүниесін сапалы етіп шығаруға тырысады емес пе?! Бұл жерде де солай, қаражат құйылған соң, өнімнің сапасы да артады. Сондықтан мұны қолдаған абзал...
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, мен бұған қарсымын. Себебі біздің елімізде мәжбүрлеп мінгізетіндей сапалы көлік жоқ. Қазіргі жасап шығарып жатқан автокөліктеріміздің басым бөлігінің сапасы халықаралық стандартқа мүлдем сәйкес келмейді. Негізінде, көлік шығаратын зауыттардың қасында көлікті құрауды, оны сапалы етіп жасап шығаруды үйрететін конструкторлық бюролар болуы керек. Біз қарапайым ғана осы әдісті жете меңгере алмай отырмыз. Конструкторлық бюролар арқылы маман біліктілігін жетілдіруге, тәжірибелік тұрғыда кеңес беруге қол жеткізе алмай отырып, бірден міндеттеу туралы сөз қозғау қисынсыз. Бұлай міндеттеу арқылы біз мемлекеттік мекемелерді қып-қызыл шығынға батырамыз. Ол мекеме кәсібін жаңа бастаған болса, тіптен қиын болмақ.
Өзіңіз ойлаңызшы, тендерге қатысатын мекемелерге «сен осындай көлемде отандық көлік сатып аласың» деп мәжбүрлеп, міндеттеп, оны тастай етіп келісімшартпен бекітіп тастадық делік... Күні ертең сол сатып алынған отандық көліктер бұзылып, ақауы шығып жатса, әлгі кәсіпорынның немесе мекеменің қаржысы желге ұшқандай болмай ма?! Сонда біздің бизнесті қолдаудағы, мекемелерге дем берудегі ойымыздың арман-мақсаты осы бола ма? Жоқ, мұнымен келісуге болмайды. Отандық мекемелерді салық бір жақтан, орынды-орынсыз тексерулер екінші жақтан қыспаққа алатыны жасырын емес. Қанша жерден тексерулерге тыйым жарияланғанмен, мекемелердің, кәсіпорындардың басынан бұлт әлі арылған жоқ. Бұл жасырын емес.
Отандық көлік өндірісін жетілдірудің тетігі бір бұл емес. Ол үшін жаңағыдай көлік жасайтын зауыттарды модернизациялау тәсіліне назар аударған абзал. Ол дегеніңіз – көлік жасайтын зауыттардың маңынан арнайы конструкторлық бюролар ашу ісін жеделдету керек. Сол арқылы мамандарды көлік құрастыруға, жинауға, жөндеуге, сараптан өткізуге үйрете білгеніміз жөн. Білікті мамандар зауытқа жиналғанда сапалы өнім алуға болады. Егер отандық көліктердің сапасы мен бағасы шетелдік көліктермен бәсекелесе алатындай деңгейге жетіп жатса, онда көлікке деген сұраныс өзінен-өзі артады. Бұдан соң ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, міндеттеуінсіз жергілікті азаматтар да, шенеуніктер де, мекемелер де отандық көліктің тізгінін өзінен-өзі ұстайтын болады.
Бейтарап пікір
Аман ШОТАЕВ, экономист-ғалым:
– Деректерге жүгінсек, қазақстандық жеңіл көліктердің саудасы өткен жылы 7 300 данадан асыпты. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 2,4 есеге артық болып отыр. Ал жаңа жеңіл көліктердің өндірісі 17,37 пайыздан 19,64 пайызға өскен. 2011 жылы Қазақстан автодилерлері 44,6 мың жаңа көлік сатқан екен. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 107,03 пайызға артық болып отыр. 2011 жылғы нарықтық үлестің 54 пайызы ресейлік компанияларға тиесілі. 17,5 пайыз – отандық, 18,4 пайыз үлес алыс шетелден жеткен көліктерге қатысты болып отыр. Тағы 10 пайыздай көлем Өзбекстан мен украиналық әріптестерге тиесілі болды. Сатылым көрсеткіштері бойынша Lada бірінші орында тұр. Оның 13 мыңдай данасы сатылды. 2-орынға Toyota шыққан. Оның еншісінде 4,2 мың көлік бар. Алайда олардың көрсеткіштері біраз бәсеңдеді. UZ-Daewoo-ның да көрсеткіштері мәз емес. Осылайша, оның нарықтағы үлесі 13-тен 10 пайызға төмендеді. Бұған халықтың қымбатырақ көліктерге көшуі әсер етті. Қазірде Lexus, Mercedes-Benz, Land Rover, Porsche, Audi және BMW саудасы бір мың көліктен асқан. Жалпы, автокөлік нарығында сұраныс жоқ емес, бар... Мен жоғарыдағы деректерді келтіре отырып айтарым, бұл салада инвестиция әлі де жеткіліксіз...