Мемлекеттік грант ала алмаған жоғары оқу орындарын жабу керек пе?
1992 жылы елімізде 60 ЖОО болса, 2005 жылы олардың саны 185-ке бір-ақ жеткен. Соңғы кездері күрт көбейіп кеткен ЖОО- ларды азайту қолға алынып, бүгінде олардың саны 148-ге дейiн азайтылған. ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «ЖОО-ларға талап күшейетiн болады. Қазақстан мемлекеттiк емес секторға да теңдей жол ашып, жоғары бiлiм берудi әртараптандыруға көшкенi мәлiм. Әлемдiк қауымдастық бұл қадамды жоғары бағалады. Алайда бұның соңы жақсылыққа апармады. ЖОО-лардың қисапсыз өсуi бiлiм берудiң сапасына керi әсерiн тигiздi. Тексерiс барысында университет атын жамылған бiлiм беру ошақтарының бiрқатары оған лайық емес екендiгiн көрсеттi. Сондықтан тек жекеменшiк ЖОО-ларға ғана емес, мемлекеттiк оқу орындарына қойылатын талаптар да күшейедi» – дей келіп, болашақта елімізде 50 шақты ғана ЖОО-ның қалатынын жеткізген еді. Ал биылғы жылы ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде орналастыру механизмі енгізіліп, грант бойынша оқыту құқығы қатаң талаптарға сәйкес келетін 85 жоғары оқу орнына ғана беріліп отыр. Бәлкім, осы орайда 148 ЖОО-ның 85-ін ғана қалдырып, қалғанын жабу керек шығар? Тақырыпты мамандар талқысына салып көрсек...
Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты
Иә
– Иә, мен бұл пікірге қосыламын. Мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-лардың лицензиясын қайтарып алып, жауып тастау керек. Соңғы кездері елімізде білім беретін оқу орындары тым көбейіп кетті. Ал бұл білім сапасының кері кетуіне алып келді. Сондықтан ЖОО-лардың санын қысқартып, оларға деген бақылауды күшейту арқылы білім сапасының көтерілуіне күш салған жөн. Жауыннан кейінгі құрттай көбейіп кеткен ЖОО-лар тиісті орындар тарапынан бақылаудың азайғанын пайдаланып ойына келгенін істеді. Мәселен, 5-6 бөлмелі ғимаратты жалға алып, біліксіз ұстаздарымен білім берген оқу орындары да болды. Бұл сұмдық емес пе?!
Қазір кейде құрылыс маңынан сол мамандықты игерген маманды таппай қиналатын жағдайға тап болдық. Өйткені сәнге айналған экономистер мен заңгерлерді дайындайтын оқу орындарының күрт көбеюіне орай, оларды игерген мамандардың саны да жылдам өсті. Тіпті бүгінде кейбіреулердің үш-төрт дипломы бар. Ең кем дегенде екі дипломы бар азаматтар көп. Ал алған білімі өте нашар. Олардан ғылымның дамуына, қоғамға да келіп жатқан пайда жоқ. Қаптаған ЖОО-лар студент ақысын төлесе болды, дипломды оңды-солды үлестіре береді. Ал елімізде мұндай сапасыз мамандардың қаптауы үрей тудырмай қоймайды. Мұның алдын аламыз десек, оқу орындарының санын қысқартып, оларға қойылатын талапты күшейткен жөн. Осы орайда талапқа сай келмеген ЖОО-ларға грантпен оқыту құқығын бермеуді де қолдаймын. Айта кетерлік жайт – талапқа сай болмаған, мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларды бірден жабу қажет. Оларға ақылы бөліммен оқығысы келетін жастарға оқыту құқығын да бермеу керек. Бәрібір сапасыз маман дайындайтын болса, не қажеті бар?! Ондайлардың жастарды білім берумен мүлдем айналыспағаны жөн. Грантты бөлу кезінде ойланып берген дұрыс. Мәселен, жылына мемлекет тарапынан 33 мыңдай грант бөлінеді. Алайда мемлекеттегі маман жетіспеушілігі сол қалпы өзгерер емес. Қаншама болашақ дәрігер мен мұғалімге грант бөлсек те, мемлекеттік қызметкерлердің жетіспеушілігін азайта алмай отырмыз. Сондықтан грантты белгілі бір оқу орындарына ғана бөліп, оларға деген жауапкершілікті күшейткен жөн. Сонда ғана маман жетіспеушілігін жойып, білім сапасын көтере аламыз.
Тағы бір айта кетер жайт, негізі, қазіргі таңда грантты жоғары оқу орнына емес, студенттерге береді де, студент грантты жеңіп алып, қалаған оқу орнына барып оқиды. Бұл да болса қоғамдағы дәрежесі төмен ЖОО-лардың өздігінен ығысып шығуына әсер етері сөзсіз. Осы орайда мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларды жауып, қалғандарына қатаң талап қоятын кез жетті дер едім.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы
Жоқ
– Бұл пікірмен келіспеймін. Мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларды жабудың қажеті жоқ. Рас, білім сапасын көтеру қажет. Алайда ЖОО-лардың санын қысқарту білім сапасын көтерудің бір ғана жолы емес қой. Мейлі, біз қазір ЖОО-лардың санын қысқарту керек деген жаппай науқаншылдықпен олардың санын қысқартайық, бірақ одан білім сапасы жоғарылап кете қояр ма екен? Мәселе – осында. Керісінше, біз көптеген мәселеге ұшырайтын боламыз.
Бүгінгі күні грант иеленіп отырған еліміздің маңдайалды ЖОО-ларындағы оқу ақысы өте қымбат.
Ал мемлекет тарапынан бөлінген 36 046 грант еліміздегі грантпен оқуға талпынған барлық балаға жетпейді. Мәселен, биыл ҰБТ-ға 126 109 бітіруші қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 18 564-ке артық. Жыл сайын елімізде білім алғысы келген жастардың қатары өсіп келеді. Білімге ұмтылған жастардың қатарының өсуі – қуанарлық жағдай. Алайда біз олардың білім алуға деген құштарлығын басып, кеудесінен итеріп отырмыз. ҰБТ-ыдан бөлек кешенді тестілеуге қатысу арқылы грантқа таласатын жастар да баршылық. Бұлардың барлығын қосқанда 91 мыңнан астам жас грантты ұтып алуға ниетті. Ал осынша грантқа ұмтылған жастарға 36 046 орындық грант не болады? Амал жоқ, қалғаны әупірімдеп ақылы оқу орнына тапсыруға тырысады, яғни жастардың 65 пайызы өз қаржысына оқиды деген сөз. Ал биылғы жылы оқу ақысы 15 пайыздан 30 пайызға дейін өскен. Ең қымбаты – маңдайалды университеттеріміз. Мәселен, күндізгі бөлімнің ең арзаны жылына 430 мың теңге көлемінде. Бұдан гөрі әлгі грант иелене алмай отырған университеттеріміздегі оқу ақысы арзанырақ. Ертеңгі күні грант иелене алмады деп оларды жабатын болсақ, басқа университеттеріміз оқу ақысын тіпті аспандатпасына кепілдік жоқ. Сонда қазақ баласы білімсіз атануы керек пе? Шыны керек, бүгінде баласы білім алуға ұмтылған ауылдағы көптеген ата-ананың қалтасы оқу ақысын көтере алмайды. Амал жоқ, жастар сырттай оқып, жұмыс істеп, өзінің оқу ақысын өзі төлеуге ұмтылады. Әйтсе де сырттай оқуға бөлініп отырған гранттың да саны мәз емес. Жалпы, 36 046 гранттың 35 046-сы күндізгі бөлімге бөлінген болса, 1 мың грант қана сырттай оқуды қамтыған. Мұндай жағдайда бір дипломға зар болған, білімсіз жастардың қатары арта бермек.
Шыны керек, грантты иеленіп отырған университеттеріміздің де сапасы жоғары екені шамалы. Сондықтан студенттердің жағдайын ескере отырап, грант иелене алмаған оқу орындарын жабудың қажеті жоқ. Есесіне білім сапасын көтереміз десек, олардың барлығының бірдей жауапкершілігін күшейтіп, білім сапасына деген талапты қатаңдату керек.
Бейтарап пікір
Шамшәдин КЕРІМ, филология ғылымының докторы, профессор, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры:
– Кезінде ЖОО-ларға лицензияны оңды-солды таратып, бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі оларды қайта жабудың амалын таба алмай отыр. Алайда оларды қысқарту оңайлықпен жүзеге аспайды. Дәл қазіргі таңда мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларға дем берудің де, дереу жабудың да қажеті жоқ. Уақыт өте «стандарттарға сай емес», «грантпен бала оқытуға қабілетсіз» деп танылған оқу орындары өздігінен жабылады. Өйткені бұл жоғары оқу орындарына көпшіліктің пікірі өзгеріп, тіпті онда ақылы бөлімде оқығысы келетін жастардың саны азаяды. Осылайша олар жабылып тынады. Яғни министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан іс-әрекеттер, үздіксіз тексерулер олардың жабылуына әкеліп соғады. Оның үстіне олардың барлығында қазіргі таңда студенттер білім алып жатыр. Ендеше, оларды үрейлендірудің де қажеті жоқ. Тек уақыттың таразысына салып, оларды уақыттың өзі-ақ ығыстырып шығаратын күнді күту керек. Осылайша олардың лицензияларын шетінен ала отырып, жапқан жөн.