Әлемдік тәжірибе үшін мемлекет ішіндегі шағын ұлт өкілдері мемлекеттің негізін қалап отырған этностың төңірегіне топтасуы – қалыпты жайт. Еуропалық үлгідегі елдің қай-қайсысын алсаңыз да, осы үрдісті байқайсыз. Алайда бұл мәселе Қазақстанда тартыс тудырып келгені жасырын емес. Бізде Тәуелсіздіктен бергі 20 жыл аралығында қазақтардың мемлекет құрушы ұлт екеніне күмәнмен қарайтындар да табылды. Алайда қазіргі жағдай өзгере бастағаны мәлім. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзіндік жол қалыптастырып келе жатқан Қазақстанның мемлекет құрушы ұлты өзге ұлт өкілдерін қазақы рухқа топтастырудың жауапкершілігін сезініп жүр ме? Міне, осы сауалды зиялы қауым өкілдеріне қойған едік.
Сайын Борбасов, саясаттану ғылымының докторы, профессор:
иә
– Өзге ұлт өкілдерін қазақы рухқа топтастыру жолында аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Нәтижесі де баршылық. Мемлекеттік саясат тұрғысынан алсақ та, жалпы, қоғамдық тұрғыдан қарасақ та, қазір мемлекет құрушы ұлттың мерейі үстем. Өткен аптадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысынан-ақ көп нәрсе түюге болатын шығар. Өзге ұлт өкілдері қазақтың маңына топтасуы қажет екенін түсінді және оны ашық айта бастады. Мысалы, бізде кейде Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты сын айтып жатады. Түсіне білсек, бұл құрылым – өзге ұлт өкілдерін қазақы рухқа топтастыру жолындағы жоба, топтастырушы құрал.
Қазір ҚХА-ның күн тәртібінде қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрлерін насихаттау сияқты мәселелер басты орында тұр. Екіншіден, Қазақстандағы басқа ұлттың өкілдері, әсіресе интеллигенция қазақ зиялы қауымының шешуші рөлін мойындайды. Біздің зиялы қауым елдегі ғылым мен мәдениеттің қозғаушы күшіне айналып келеді. Осының өзі – топтастырушы фактор. Саясатты былай қойғанда, тіпті шоу-бизнес пен эстрадамызға қарап-ақ бірер нәрсе байқауға болады. Барынша қазақыланып келеді. Өзге ұлт өкілдері тілі келмей жатса да, міндетті түрде бірнеше әнін қазақша айтуға тырысады. Операға барып көрсеңіз де, осы құбылысты байқайсыз. Балаларын қазақ мектебіне беретін ата-аналар көбейіп келеді. Сондықтан мен қазақ ұлты өзінің топтастырушылық рөлін атқара алып жатыр дер едім. Әрине, проблемалар жоқ деп айтпаймын. Мысалы, тіл мәселесі әлі де болса шешімін тапқан жоқ, мәдени бағытта да атқарылатын істер жетіп-артылады. Дегенмен қуантарлығы, біз осы бағытта келе жатырмыз ғой. Түбі шешімін табады.
Жалпы, өз басым Қазақстан халқы Ассамблеясын тиімді мекеме ретінде әу бастан қолдадым және оның тиімділігіне әлі де көз жеткізіп келемін. Меніңше, бұл мекеме Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік ұстанымға, сол арқылы қазақы дүниетанымға шақыратын құралға айналды. Егер бұл мекеме болмаса, өзге ұлт өкілдері бас-басымен кетіп, әркім өз идеясын дамытуға тырысар еді. Қазір қалай? Қазір барлығына өз мәдениетін қатар алып жүруге мүмкіндік берілген, сөйте тұра, оларға қазақ тілі мен мәдениеті басты орында екенін үздіксіз түсіндіріп отырмыз.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
жоқ
– Бізде өз ұлтымыздың аясында шектелу, оқшаулану құбылысы байқалады. Оның да түрлі себебі бар. Біз өз мәдениетіміздің, өркениетіміздің шекарасын әлі анықтап болған жоқпыз. Әлі де болса тарихи жадымызды толық қалыптастырып үлгермедік.
Өзге ұлт өкілдерін қазақы мәдениетке топтастыру былай тұрсын, өзіміздің мемлекет құрушы ұлт екенімізді өзіміз де толық сезініп болмай жатқан жайт бар. Біз қандай мемлекет құрып жатырмыз, қай бағытта жүріп барамыз деген сұрақтарға мардымды жауап тапқан жоқпыз. Алдымен осындай кесек-кесек сұрақтар ортаға тасталуы керек.
Содан кейін оған жауап ізделінеді. Өзге ұлт өкілдерін, этностарды өзімізге жақын тарту үшін біздің ұстанымдарымыз қандай болу керектігін анықтап алғанымыз игі еді. Ұлттық саясатымыздың кей тұстары әлі күнге дейін 80-90 жылдардың ұранымен жасалып жатыр. Ескі көзқарастардан, ескі қағидалардан шыға алмай, бір орында айналшықтап тұрған тұстарымыз бар. Мемлекет құрушы ұлт өкілдерінің осыған наразы болатыны да орынды шығар. Осы ескі түсініктен арыла алмауымыз біздің жылдам дамып, үлкен ұрандар көтеруімізге кедергі болып жатқан сияқты. Оны қалыптастырудың жолы жоқ емес. Жақында Елбасы да «2050 жылға жақын біз толыққанды ұлттық мемлекетке айналамыз» дегенді айтты. Яғни бұл үрдістің дұрыс екенін, солай болуы қажет екенін мемлекеттің өзі де мойындап отыр. Менің ойымша, 2050 жылды күтіп отырудың қажеті жоқ. Қазірден сол бағытта жұмыстар жасалғаны дұрыс. Түбі ұлттық мемлекетке айналатынымыз анық болса, уақыт жоғалтудың қажеті қанша? Ол үшін қазірден бастап тарихи шындықтар айтылуы қажет. Бүгінгідей мерекелер кезінде концерттер өткізумен шектеліп қалмай, салмақты жобалар жасағанымыз абзал. Жалпы, «біз қандай мемлекет құрып отырмыз, бірлікке қалай қол жеткіземіз?» деген сияқты тақырыптарда талқы, сұхбат, насихат болу керек. Әрине, ондай талқылауларға өзге ұлт өкілдерін де қосып, бірлесе отырып жасалса. Әйтпесе бұл мерекені олар өздерінің мерекесі деп түсініп, өз түсінігі бойынша атап өтеді. Біз өзімізше оқшауланамыз. Болашақта бір ұлт, бір ағзаға, ұлттық мемлекетке айналатынымызды көп насихаттау қажет.
Бейтарап пікір
Алтай Тайжанов, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор:
– Өзге ұлт өкілдерін қазақ идеясына топтастыру бағытында жұмыс жасалып жатқан жоқ деп кесіп айтпаймын. Дегенмен біз оны толық сезініп жатқан жоқпыз. Еш уақытта, ешқашан көпшілік өз бетінше саяси-әлеуметтік мәнді іздеген емес. Көпшілікті ұйымдастыру керек, бағыттау керек. Бұл нәрсе өздігінен, стихиялы түрде жүзеге аспайды. Яғни осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін бізге бағдарламалық, кешенді жұмыс қажет. Өзге ұлт өкілдерін қазақ идеясына топтастырмас бұрын мемлекет құрушы ұлттың өзімен жұмыс жасау қажет. Әркім әр тұстан «біз қазақ едік» деп айқайлағаны жөн емес. Оны мемлекет жүйелі түрде жүзеге асыруы қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстан – көпұлтты белгісі бар бірегей ел» деп нақты көрсетеді. Енді сол стратегиялық бағдарлауда айтылған бастамалар орындалуы керек.