Жасөспірімдер арасында бұзақылық пен қылмыстың көбейіп бара жатқанын еліміздің барлық облыстарының статистикалық көрсеткіштері дәлелдейді. Сондай-ақ соңғы кездері мектеп оқушылары тарапынан жасалған қылмыстардың артында қылмыстық топтар жатқаны жайлы деректер жиі кездесе бастады. Жастарды қылмысқа айдап салу, қысым көрсету, тіпті қылмыстық топтың мүшелігіне де енгізу фактілері кездесіп жатады. Мамандар қауымы жастардың қолымен жасалатын қылмыстардың көбеюінің әртүрлі себептері барын алға тартады.
Ерзат ӘЛЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты
Иә
– Жасөспірімдер қылмысының артуына қылмыстық топтардың тікелей ықпалы бар деп ойлаймын. Әсіресе, жастардың өмірге деген көзқарасының теріс қалыптасуына қылмыстық топтардың әсері зор болып жатыр. Өткен жылы мен осы жасөспірімдер қылмысына қатысты депутаттық сауал жолдаған едім. Онда негізінен Тараз қаласындағы жағдайды мысал еттім. Алайда жасөспірімдер қылмысы тек Жамбыл облысында ғана емес, еліміздің барлық аудандарында өршіп бара жатыр. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің басшылығы «Воры в законе» деген кітап жазып ұсынған еді. Сол кітапта қылмыстық әлемнің жастарды қалай тартатыны өте жақсы суреттелген. Авторлар өте сауатты еңбек ұсынып отыр. Қылмыс әлемінің өзіндік түсініктері, өзіндік «романтикалары» болады.
Жастар қылмыс әлемінің кейіпкерлерімен байланысқа түсіп, қоғамдық тәртіппен, еліміздің заңымен емес, көше заңдарымен, «по понятиям» өмір сүруге бейімделіп кетеді. Бұл жаман әдетпен қоғам болып күресуіміз керек. Ең алдымен, отбасы мүшелері, ата-аналар қауымы балаларының қайда жүргенін, кімдермен қарым-қатынас орнатып жүргенін мұқият қадағалауы керек. Одан кейін мектеп инспекторларының жұмысын күшейту қажет. Себебі соңғы кездері қылмыстық топтар мектеп жасындағы балаларға дейін ақшалай салық салып, қысым көрсететіні жайлы деректер кездесіп жатыр. Жергілікті әкімдіктер де жастардың қылмыстан аулақ болуына қол ұшын беруі тиіс. Меніңше, ниет болса, жағдайды жақсы жағына өзгертуге болады. Бір ғана мысал, Астана қаласындағы жастардың, мектеп оқушыларының қылмыстық топтармен еш байланысы жоқ. Бұл ең алдымен тәртіп сақшыларының қадағалауының күштілігінен деп білемін. Ал басқа аудандарда, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының қай-қайсысында болса да қылмыстық қасаң дәстүр қалыптасып қалды. Жастар сол дәстүрді қабылдап алып отырады. Біздің заманда жұрт темір тордан шыққан адамнан қашатын еді, ал қазір оларды соғысқа қатысып келгендей құрметтейтіндер пайда болды.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтану ғылымының кандидаты, жастар мәселесін зерттеуші
Жоқ
– Өткен жылы біз жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалар жөнінде зерттеу жүргізген едік. Сол бойынша айтар болсам, жастар қылмыстық топтардың ықпалында отыр деген пікір – қате. Қарап отырсақ, қазір жастардың қатысуымен болған қылмыстардың түрлері, сол қылмыстарға бару себептері де басқашалау болып жатыр. Қазір әлемде «индиго жастары» деген термин пайда болып жатыр ғой. Сол ұғым бізге де қатысты. Мысалы, соңғы кездерде көбейіп бара жатқан жастардың қылмыстарына назар аударайықшы: ғаламтор арқылы түрлі сайттарға хакерлік шабуыл жасау, вирустармен атқылау, әлдебір ғимаратқа жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде жалған хабар тарату, үйлердің құпия кодтарын бұзып кіру, қолдан көліктердің электронды кілттерін жасап алу.
Қысқасы, интеллектіні талап ететін қылмыстар. Ғаламтор арқылы заманауи технологияларды игеріп жатқан жастар бір жерде өзінің қабілетін көрсеткісі келеді, шығарғысы келеді. Мысалы, жуырда ғана бір студент қолдан құжат жасап алып, өзін «Президент Әкімшілігіненмін» деп таныстырып, еліміздегі облыстық жол басқармаларының бірінің жұмысына тексеріс жүргізіп, мекемені аяғынан тік тұрғызған. Бірақ қылмысқа барудағы мақсаты пайдаға кенелу емес. Мұндай оқиғалар соңғы кездері көптеп кездесе бастады. Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа криминалды топтардың ықпалы өте аз деп ойлаймын. Себебі жастар арасындағы қылмыстардың басым көпшілігі ұйымдасқан түрде жасалмайды. Яғни қылмыстық көрсеткіштер басбұзарлардың емес, осындай «білгішбек», орысша айтқанда, «продвинутый» жастардың есебінен көбейіп жатыр. Статистиканы сарапқа салар болсақ, осындай нәтиже көрсетеріне сенімдімін. Жасөспірімдер қылмысының көбі пайдакүнемдіктен емес, қоршаған ортасына өзінің ептілігін дәлелдеу мақсатынан туындайды. Мұндай қылмыстардың азаюы үшін қоғам сол жастардың ішкі сұранысын қанағаттандыра алуы керек. Өз мүмкіндіктерін дұрыс жолға пайдалануға жағдай жасауы тиіс. Ал басбұзарлық қылмыстар бұрын да болған, қазір де бар. Ол анау айтқандай көбейіп те бара жатқан жоқ. Табиғатынан қылмысқа бейім адамдардың үлес салмағы 7-8 пайыздың көлемінде қала береді.
Түйін
Депутат Ерзат Әлзақов айтпақшы, ата-аналар қауымы балаларының қандай адамдармен қарым-қатынасқа барып жүргенін жіті қадағалауға алмаса, жағдай түзелмесі анық. Әйтпесе, үйдегі бозбала Кавказда қару-жарақпен табылып жатса, олар үшін қылмыстық топтар жауап бермесі анық. Сондай-ақ әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың жастардың бойындағы өнері мен жігерін орынды пайдалану жөніндегі пікірі де орынды. Мектептерде спорт алаңдары мен түрлі пайдалы үйірмелердің аздығынан жастар жағы бойдағы қуатын далаға шашады. Ал түрлі қылмыстық топтар тарапынан қысым көрген жастар өз құқығын қорғай алмаған болса, оған ең алдымен ата-аналар қауымы, сондай-ақ оқу орындарының басшылығы мен қызмет ұжымы, тәртіп сақшылары мен жергілікті әкімдік кінәлі.