«Мектепте ер мұғалімдердің қатарын көбейту үшін айлық жалақыларына үстеме қосу керек» деген пікірмен келісесіз бе?

Соңғы жылдары еліміздің мектептеріндегі ер мұғалімдер саны күрт азайып кетті. Мәселен, бүгінгі күні республика мектептеріндегі мұғалімдердің 15 пайызы ер-азаматтар болса, 85 пайызы әйелдер екен. Осылайша орта мектептердегі ұстаз мамандығы тек әйел азаматтарға тән мамандыққа айналып отыр. Әсіресе бұл үрдіс бүгінгі күні тәрбие беру ісіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Мамандар мектептердегі ер мұғалімдер санының күрт азайып кетуін ұстаздар жалақысының аздығынан деп санайды. Осы орайда кейбір мамандар «мектепте ер мұғалімдердің қатарын көбейту үшін айлық жалақыларына үстеме қосу керек» деген ұсыныс айтуда. Ұсынысты мамандар талқысына салып, сараптап көрген едік.


Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Педа­гогикалық ғылымдар академиясының президентi, педагогика ғылымының докторы, профессор:
иә
– Рас, бүгінгі күні мектептегі ұс­таздық әйелдерге ғана тән маман­дыққа айналды. Алайда мектеп – білім беру ордасы ғана емес, оқу­­­шы­ларды тәрбиелейтін де мекеме. «Білім мен тәрбие – егіз» деп бекер айтпайды. Баланың бойына білім мен тәрбие қатар берілгенде ғана оң нәтиже күтуге болады. Ал бүгінгі күні мектептердегі ер мұғалім­дердің жеткіліксіздігі салдарынан ер балалардың бойында ер-азаматқа тән мінез-құлық, қадір-қасиеттің кемшін түсіп жатқаны аңғарылуда. Баланың көп уақыты мектепте өтеді. Ал балабақшада тәрбиешінің, мектепте әйел ұстаздың тәрбиесін көрген баланың бойында ер-аза­маттың тәрбиесінің жет­кіліксіздігі анық байқалып тұратыны айтпаса да түсінікті.
Бір кездері түрік елінде де осындай жағдай қалыптасты. Сонда олар мектептегі ер мұғалімдердің қатарын көбейтудің түрлі іс-шараларын жасады. Демек, бұл мәсе­лемен күресу, алдын алу керек. Түрік елінде мектептегі ер мұғалімдерге қатысты қа­былданған шараның бірі олардың жала­қысын өсіру болды. Осы орайда бізде де айтылып отырған осы ұсыныс нәтижелі болады деп ойлаймын. Бір кездері мек­тептегі жалақы төмендеп кеткен кезде мек­тептегі ер-азаматтар отбасын асырау үшін басқа кәсіп іздеп кетті. Егер бүгінгі күні біз олардың жалақысына үстеме қосар бол­сақ, олар өз мамандықтарына қайта ора­лар еді. Мектептегі ер балалар ұстазына еліктейді. Өйткені жақсы ұстаз – балаларға үлгі. Біз де мектепте оқушы кезімізде ер мұғалімдерге еліктейтінбіз, солардың бойындағы қандай да бір азаматтық қасиеттерді өзімізге сіңіруге тырысатынбыз. Менің әлі күнге оқушы кезімдегі, әсіресе, ер мұғалімдерге деген құрметім ерекше. Мектептегі балаға ұстаз – үлкен тұлға. Сондықтан біз мек­теп­тегі ер балалардың ұстазға қарап бой түзеп, тәрбиесін бойына сіңіру үшін мектепке ер мұғалімдер тартудың барлық жолдарын қарастыруымыз керек. Жалпы, шетелде ұстаздың бойында бала еліктейтін қасиеттер болуы керек деген талап бар. Сондықтан ол жақта ұстазға педагогикалық, психо­логия­лық талаппен қатар, жақсы адамгершілік қасиеттердің болуы туралы талап қояды. Егер мектепте ер мұғалім болмаса, ер балалар кімге ұқсағысы келеді? Айтпаса да түсінікті. Сондықтан мәдени қасиеті жо­ғары, спортқа бейімі бар, білімі терең, ада­ми қасиеттерге бай, ұлттық құн­дылықтарды бойына сіңірген ер адам­дар­дың мектепте жүргені, ұстаздық қызмет атқарғаны бо­лашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін керек дүние.
Ал мектепке ер мұғалімдерді тартудың бірден-бір жолы олардың жалақысына үстеме қосу деп білемін. Ер-азаматтың негізгі міндеті – Отан қорғау. Демек, біз соған балаларымызды бүгіннен бастап дайындап, мектепте ер мұғалімдердің тәрбиесінде болуын қамтамасыз етуіміз керек.


Ернар МӘСӘЛІМ, ҚР білім беру ісінің үздігі:
жоқ
– Бұл соншалықты бір ұтымды ұсыныс деп айта алмаймын. Бір жағынан, бұл – біздің еліміздің ген­дерлік ұстанымына да қайшы келетін нәрсе. Ер адамға тек еркек болғаны үшін үстемеақы қосу деген сөзді ақылға сыйдыру қиын. Шын мәнінде, мектепке ер мұғалімдерді тартудың жолы өте көп. Рас, жалпы орта білім беру мекеме­леріндегі ер мұғалімдер санының аздығы бүгінгі күні осы саладағы басты мәсе­лелердің бірі болып отыр. Біз жалпы мектептегі ер мұғалім­дердің қа­тарын көбейту үшін ұстаз деген мамандықтың мәртебесін көтеруіміз керек. Мұны, шын мәнінде, ұстаз айлығының төмен­дігінен де үлкен мәселе деп қарауымыз керек.
Қазір мектепті енді бітіріп жатқан бала­ның өзі ұстаз деген мамандыққа менсінбей қарайды. Одан гөрі айлығы аз болса да құлаққа жағымды естілетін, қоғамда қадірі бар басқа мамандық таңдағысы келеді. Демек, бұл жерде ұстаздың айлығының төмендігінен бұрын, мәртебесінің төмендеп кеткенін ойлауымыз керек.
Сабаққа келмей қалған баланың да соңында кетіп бара жатқан – ұстаз, болмашы айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген де – ұстаз, сенбілікте көше сыпырып жатқан да – ұстаз, ең аяғы алаңда қандай да бір іс-шара өтетін болса да алаңды толтырып, сағаттап тұратын маман – ұстаз. Ал осыдан кейін кімнің ұстаз болғысы келеді?! Бүйте берсең ер мұғалім түгіл, мектепте әйел ұстаз табудың өзі мұңға айналады ғой. Егер біз жалпы ұстаз қауы­мына деген қоғамның қамқорлығын, құр­метін көрсететіндей жағдай туғызсақ бәрі ұстаз болуға ұмтылар еді. Шын мәнінде, бүгінгі күні ұстаздықтың әлеуметтік мәр­тебесін көріп қарным ашып қалады. Сон­дықтан бізге ұстаздың әлеуметтік мәрте­бесін көтеруге арналған арнайы заң керек. Осы орайда айта кетер жайт, бір кездері мектепте жұмыс істейтін, бірақ оқушыларға сабақ бермейтін, тек қана тәрбие жұмысымен айналысатын тұлғалар болды. Бізге мектепке осындай тәрбие жұмысымен айналысатын ер-азаматтар керек. Меніңше, бөле-жара мектептегі ер мұғалімдердің жалақысына үстеме қосудан гөрі, тек қана тәрбие жұмысымен айналысатын ер мұғалімге арнайы штат ашу дұрыс секілді.
Тек ер адам болғаны үшін жалақысына үстеме қоспай, ер адамдардың қызметіне кішкене маңыз беру керек секілді. Бұл мәселеге қатысты менің ойым – осы.

Бейтарап пікір
Айгүл ӘЛІМБЕТОВА, ұстаз:
– Ұстаз деген ұлы мамандықтан қадір қашқаны рас. Қазір ер адамдар түгіл, мектепті енді бітірген түлектер де келешек мамандығын ұстаздықпен байланыс­тырудан қашады. Басқа мамандыққа балы жетпегендер ғана ұстаздыққа тапсыратын болды. Нәтижесінде өз мамандығын сүймейтін, амалы жоқтықтан ғана ұстаз болатындардың саны артты. Сондықтан біз ендігі жерде тумысынан ұстаз болуды көздеген, ұстаздықты жан-тәнімен қалай­тындар ғана ұстаз атанатындай жағдай туғызуымыз керек. Ал сол іріктеуден өтіп, ұстаз атанғандарға барлық жағдайды жасауымыз керек. Арнайы қызметтік үйлер де салып, жалақысын да көңілге қонымды етіп белгілеп, әртүрлі марапаттаулар ұйымдастыруымыз қажет. Адамзаттың сауатын ашып, білім нәрімен сусындататын мамандық мамандықтардың ұлысы екенін қоғамға түсіндіруіміз керек. Сонда ғана ұстаздықтың қадірі артып, нағыз жан-тәнімен қалағандар ұстаз атанады. Ал ондай ұстаздың алдын көрген шәкірттердің тәрбиелі, білімді болары анық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста