Мектеп оқушыларын наркотексеруден өткізіп, есірткі пайдаланушыларды ЖОО-ларға қабылдамау керек деген пікірмен келісесіз бе?

Мектеп оқушыларын наркотексеруден өткізіп, есірткі пайдаланушыларды ЖОО-ларға қабылдамау керек деген пікірмен келісесіз бе?

Статистикаға сенсек, елімізде 14 пен 21 жас арасындағы есірткі пайдаланушылар қатары күрт артқан көрінеді. Мақтанарлық көрсеткіш емес. Осыған орай еліміздегі бірқатар мамандар «жаппай оқушылар мен студенттерді  наркотестіден өткізу керек» деген пікір айтса, енді бір мамандар «Мектеп оқушыларын наркотексеруден өткізіп, есірткі пайдаланушыларды ЖОО-ларға қабылдамау керек» – деген пікір айтуда. Осы мәселеге орай «Алаш айнасы» мамандардың пікірін біліп, тақырыпты көпшіліктің талқысына салып көрген еді.


Иә
Белгібай ШАХМЕТОВ,
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры:
– Мен бұл пікірді қолдаймын. Расында да, елімізде есірткі пайдаланатын жастардың қатары күн өткен сайын артып барады. Адам есірткіге тәуелді болған сайын оның болашағынан үміт үзу керек. Сондықтан есірткіге еліткен жастарды неғұрлым ертерек жаман әдеттен арашалауға тырыссақ соғұрлым оларды ертерек адам қатарына қосқанымыз болар еді. Осындай есірткімен күрестің өзі басқа оқушыларға сабақ болып, олар есірткіден бойын аулақ ұстауға тырысар еді. Сондықтан алдағы уақытта мектептерде тексеру жүргізіп, жасөспірім шағынан есірткінің арбауына ерген жастарды есірткіден арашалауға ұмтылуымыз керек. Ал есірткі пайдаланатын мектеп бітірушілерді ЖОО-ларға қабылдамау керек. Оларды емдеу мекемелеріне жіберу қажет. Өйткені олар шын мәнінде ауру адамдар. Ал ауру адам білім алып, маман болып қарық қылмайды.
«Ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан есірткімен ашық күрес жүргізу керек. Біз де олардың есірткі пайдаланатынын білсек, ертерек маман ретінде көмек көрсете бастаймыз. Көп жағдайда жастар қызығушылықпен қасындағы жолдасына немесе бұрыннан есірткі қолданатын адамға еріп есірткіні бір рет көргісі келеді. Одан кейін «екі рет көргенде не тұр» деп екінші рет көргісі келеді. Одан бас тартып кете алатынына сенеді. Алайда уақыт өте тұрақты есірткі қолданушыға айналып, есірткінің құлы болғанын өзі де сезбей қалады. Оны өздігінен тастап кетуге ерік-жігері жетпейді. Сөйтіп шыңырауға құлай береді. Өз бетімен келіп, маман көмегіне жүгінуге қорқады. Әсіресе мектеп жасындағы жастар есірткіден емделмек түгілі, пайдаланатынын мойындауға да қорқады. Есірткі қолданушы неғұрлым ертерек жаман әдетінен арылса соғұрлым оның өмірі ұзарады. Ал жалпы маман атануы, қоғамға азаматтық үлесін тигізуі жайлы айтпасақ та болады. Өйткені олардың болашағы жоқ. Есірткіге берілген сайын, ертерек өмірімен қош айтысады. Олар ата-анасының сүйрелеуімен жүріп ЖОО-ға қабылданғанымен дұрыс білім ала алмайды. Ауырады, қиналады ақыр соңында есірткінің ізінде кетеді. Есірткі затын табу үшін, ұрлыққа барып, қылмыскер атануы мүмкін. Тіпті адам өлтіруі мүмкін. Дені сау, рухани таза адам қай уақытта да білім алуға, маман атануға үлгереді. Сондықтан білім беруден бұрын оларды емдеп, адам ретінде қоғамға қайтаруға тырысуымыз керек. Ерте бастан анықтау мақсатында мектептерде тексеру жүргізіп, есірткі пайдаланатын бітірушілерді ЖОО-ларға қабылдамау керек. Әйтпесе, ертең-ақ ол қасындағы өзге жастарды өз қатарына тартуы мүмкін. Қайта оларды ертерек емдеп, есірткіден арашалауға тырысуымыз керек.
Жалпы еліміздегі есірткімен күресті күшейткеніміз жөн. Есірткі бизнесіне мүдделі адамдар, бас пайдалары үшін есірткі қолданушылар қатарын арттыруға тырысады. Үнемі жағдайы бар отбасылардың балаларын есірткінің құлына айналдыруға тырысады. Демек ұлтымызды есірткіден арашалау жұмыстарын қарқынды жүргізуіміз керек.


Жоқ
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА,
Қазақстандағы Тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры, балалар психологі:
– Жоқ, бұл пікірмен келісе алмаймын. Білім алу, маман атануға барлық адамның құқығы бар. Тіпті әрбір азаматтың тегін білім алуы Ата Заңмен кепілдендіріліп отыр. Ендеше «сен есірткі қолданады екенсің» деп, оларды осы құқығынан айыруға болмайды. Бұл олардың құқығын аяққа таптауға, дискриминацияға, оларды кемсіту болып табылады. Онсыз да олар есірткі пайдаланғаннан кейін қоғамнан бөлектеніп, оқшауланып қалады. Ертеңінен үмітін үзеді. Сондай кезде «есірткі пайдаланады екенсің» деп оларды кеудесінен итеріп, ЖОО-ларға қабылдатпау оларды одан сайын бөлектейді, құрдымға кетіреді. Қайта ЖОО-ға қабылданып, студент атанған соң, маман атануға құлшынысы оянып, өзін қоғамға қажет екенін сезініп, өз ерік-жігерімен есірткіден бас тартуға тырысуы мүмкін.
Негізі қоғам оларды күштеп емдеуге тырысқанымен, өздерінің құлшынысы болмаса олар есірткіден бас тарта алмайды. Қанша рет емдесе де айналып барып есірткіге ұрына беруі мүмкін. Сондықтан олардың өздерінің өмірге деген құштарлығын оятуға тырысуымыз керек. Олардың қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беруіміз қажет. Олардың өмірге деген құлшынысына серпін беруіміз керек. Ол үшін оларды кемсітуге, бөлектеуге жол бермеуге болмайды. Сондай-ақ студенттер мен оқушыларды міндеттеп наркотестіден өткізуге де ешкімнің құқығы жоқ. Бәрі ерікті түрде жүзеге асуы керек. Әрбір жас есірткінің ертең өмірін тұншықтыратынын, болашағына балта шабатынын өзі түсінуі тиіс. Мектептер мен ЖОО-ларда осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Онсыз жалпы қоғамның есірткімен күресі нәтижесіз аяқталады. Барлық адам есірткінің зиянын түсініп, өз еркімен күрескенде ғана, оған деген қоғамның қарсылығы оянады. Есірткімен күрес нәтижесін береді. Балалар психологі ретінде де айтарым, оларды өз еркінен тыс наркотестіден өткізу немесе есірткі қолданушы ретінде ЖОО-ларға жібермей қою психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді.
Жалпы маман ретінде, бұл мәселемен күнделікті бетпе бет келіп жүрген адам ретінде менің пікірім осындай. «Мектеп оқушыларын наркотексеруден өткізіп, есірткі пайдаланушыларды ЖОО-ларға қабылдамау керек» деген пікірге түпкілікті қарсымын.

Бейтарап пікір
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
заң ғылымының докторы, профессор:
– Жаман әдет тез жұққыш келеді ғой. Жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі қолданушылар қатарының артып келе жатқаны рас. Сондықтан есірткімен күресті күшейту, жастарды есірткіден арашалау жұмыстары жүргізілуі керек. Мектептер мен ЖОО-ларда тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен студенттер наркотестіден өтуі керек. Алайда бұл жерде барлығы бала мен ата-ананың келісімін ескере отырып жасалуы керек секілді. Есірткі – жаман әдет. Осыны ата-ана да, оқушы да түсініп, өз еріктерімен наркотестіден өтуге келісуі қажет. Адам құқы дегенмен, ең алдымен бұл жерде жастардың денсаулығы, болашағы сөз болып отырғанын ата-ана да, жастар да түсінуі тиіс. Оқу ордалары осыны оларға қалайда түсіндіруі қажет. Осылайша барлығы ерікті түрде жүзеге асуы керек деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста