Мектеп бітірушілерге екі сатылы тест тапсырту туралы бастаманы қолдайсыз ба?

2015 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу екі сатыға бөлінбек. Бірақ биылдан бастап бұл жүйе сынақ түрінде іске асырылады. Білім және ғылым министрлігі Бақылау жөніндегі комитет төрағасы Серік Ырсалиевтің мәлімдеуінше, биыл ҰБТ-ның төңірегінде бірнеше өзгеріс енгізілген. Біріншіден, ҰБТ-ны өткізу сапасын Білім және ғылым министрлігінің 1,5 мыңнан аса өкілі қадағалайды. Мамандар тестілеу пункттерінің басым бөлігіне металл іздеушілер орнатып, металл детекторлар пайдаланады. Екіншіден, мектеп түлектері биылдан бастап мектепте тестілеуден және оқу орнына түсу үшін тағы бір тестіден өтеді. «Биыл 16 аймақтың 32 мектебінде байқап көру мақсатында тесті өткізіледі, оның қандай  да бір заңды күші  болмайды. Эксперименттің  мақсаты тестінің  жаңа форматын балалар қалай қабылдауда, соны түсіну», – дейді С.Ырсалиев мырза. Бірінші кезеңде алынған бағалар аттестатқа енгізіледі деп көзделуде. Бірақ аталмыш формат бекітілмей тұрып-ақ қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бірі екі сатылы ҰБТ-ның пайдасы көп десе, бірі түлектердің құқығы жерге тапталады деген баға беріп отыр.


Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры:
иә
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі сатымен жүргізу – ҚР Білім және ғылым министрлігінің осыдан бес жыл бұрын, тіпті одан да ертеректе жоспарлап, қолға алмақ болған идеясы. ҰБТ жүйесі біздің білім беру саламызға енбей, оны жүр­гізудің тәртіптері бекітілмей тұрып көтерілген мәселе болатын. Бірақ соны іске асырудың ыңғайы 2015 жылға келіп тірелген тәрізді. ҰБТ-ның мектептерге берері де, пайдасы да көп. Тестілеу аттестат алуға, оқуға түсуге, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық мектептер­дің рейтингісін анықтап беруге мүм­кіндік береді. Осы үш басым­дықтың арқасында ел арасындағы қобалжу үдеп бара жатқанға ұқсай­ды.
Бүгінгі таңда ҰБТ-ның көмегімен қа­зақтың тарихында болмаған білім сапа­сына деген қызушылық оянды. Қазір мектептердегі білім беру деңгейіне аудан, облыс әкімдеріне дейін араласады. Бұрын қай кезде облыс әкімі қай мектепте, қан­дай білім беріліп жатқанымен жұмысы болып еді? Мектеп білім сапасының көрсеткішін керемет деп көрсетіп берсе, «керемет екен» деп отыра беретін әкімдердің бүгінгі әрекеті өзгеше. Ал қазір мектептен бөлек, білім басқармаларының өзінің жұмысы қатаң бақылауда. Ата-аналардың да ҰБТ-ның арқасында білім беруге қатысты ақпарлары артып, мектеп­терді таңдауға келгенде салыстырмалы түрде дұрыс шешім қабылдай алуы үшін зор мүмкіншіліктер туды. Әйтпесе бұрын ата-ана да қай мектептің қандай білім мен сапалы тәлім-тәрбие беретінінен бейхабар еді. Ал бұл дегеніміз – сапалы білім беру мәселесіне қоғам да араласты деген сөз. Қанша жерден ҰБТ-ны жамандасақ та, пайдасының көп екені анық. Жастардың өз-өзіне қол салуы, ауқатты отбасылар мен жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың арасындағы санасушылық, тест тапсырмастан жоғары оқу орындарына түсіп кетіп жатқан жастар мен университет­тегі профессор, ректор ағаларының арқасында оқып жүргендерге қатысты қоғамдық кикілжіңдердің барлығын жоюға осы ҰБТ себепші болды. Яғни екі сатылы ҰБТ-ның да берері мол болмақ. Әрине, зиянды жақтары да болар, себебі адамның қолымен жасалған дүниенің 100 пайыз пайдалы бола беруі мүмкін емес. Бірақ біз пайданың қаншалықты, зиянның қаншалықты ірі екенін аңғаруымыз керек. Егер мектеп түлегі екі сатылы ҰБТ-ның бірінші сатысынан өтіп, аттестат алып, ақылы бөлімге оқуға түсе алатын мүмкін­шілікке ие болса, бұл жүйенің пайдалы жағы болмаса, зияны болмайды. Ең бас­тысы, ЖОО-ға оқуға түсу үшін тапсыры­ла­тын тестілеулерді оқу орындарының қолына бермеуді қадағалаған жөн. Олай дейтініміз, өмірдің мәні ақшаға айналған нарықтық заманда ҰБТ-ның кез келген фор­маты табыс көзіне айналып кетуі мүм­кін. Егер ҰБТ осылайша тестілеу орталық­тары мен Білім және ғылым министрлігінің бақылауымен, тіпті үкіметтік дәрежеде тапсырыла беретін болса, біршама әді­леттіліктің орнайтынына күмәнім жоқ. Білім саласында қандай реформа қолда­нылып, өзгеріс енгізілсе де, Үкімет те, ми­нистр­лік те, мектеп те, білім беру ұйым­дары да, ата-ана да бір нәрсені ұмытпауы тиіс, ол – баланың мүддесі әрдайым жо­ғары тұруы. Егер кез келген жаңалықтың балаға қаншалықты пайдалы екенін ой­ластырар болсақ, ешқайсымыз жаңыл­май­мыз деп есептеймін.


Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры:
жоқ
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі сатылы жүйемен жүргізуді өз басым мектеп түлектерінің құқығын жерге таптау деп есептеймін. Себебі ҰБТ бастапқыдан-ақ тек балалардың білім деңгейін анықтау үшін ғана құрылған болатын. Бірақ қазіргі көзделген мақсат біршама күрделенгенге ұқсайды. Онсыз да халық үшін қиын кезеңге айналған бір реттік тестілеу енді екі рет жүргізілетін болса, балалардың құқығы да екі еселеп бұзылатыны анық. Біріншіден, пси­хикалық күйзеліс екі есеге артады, екін­шіден, білім алу мүмкіншілігі шектеледі. ҰБТ тапсыру басталғалы бері баладан бөлек, ата-ананың жүйке жүйесі тозып, мектептердің бірімен-бірі жарысып, рейтинг үшін үлгерімі нашар оқушылар­ды тестілеуден шеттету де көбейіп кетті емес пе?  
Сонда ол тестілеуді екі рет өткізу керек деген бастаманы көтеріп отырғандар қа­лай­ша оқушылар мен ата-аналардың халін ескер­мейді? Әрине, Қазақстан Болондық жүйеге көшкелі бері ҰБТ-дан қалай болған күн­де де бас тарта алмайды, біздің де қар­сылығымыз жоқ, десек те, суицидтің кө­беюі, жастардың мінез-құлқының күрделі өз­­геріске ұшырауы –  өте үлкен мәселе. Ме­нің ойымша, ҰБТ-ны жүргізудің жаңа ере­желерін қарастыру керек, ең бастысы, ба­лалар қиналып, жапа шекпеуі тиіс. Бұл аз­дай, тағы 1,5 мың адам тестілеу залда­рын­­да қадағалаушы маман ретінде Білім және ғылым министрлігінің атынан аттан­бақ. Олардың қандай қажеттілігі бар? Он­сыз да түлектерді бақылаушылар жетеді емес пе?! Ешкімге де жасырын емес, сол 1,5 мың адам, яғни 1,5 мың жұмыс орны, әй­теуір мемлекеттің қаржысын қымқыру ке­рек. Оларды оқытады, жалақы төлейді, сөй­тіп, пай­дасыз дүниеге тағы да ақша шы­­ға­­рамыз. Залдағы бақылаушы адам­дар­­дың ар­туы түлектердің ойын жинақта­уы­на да ке­рі әсерін тигізері сөзсіз. Ол адам­дардың қан­дай мінезді, психикалық тұрғыда қан­дай екенін де бір Құдай білсін. Сондықтан мектеп түлектерін екі сатылы тес­тілеуден өт­кізу керек деген бастамаға ба­ланың жайы мүл­дем ескерілмеген деген баға бергім келе­ді.

Бейтарап пікір
Ербол СЕЙІТҰЛЫ, Алматы қалалық дарынды балаларға арналған №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
– Екі сатылы тестілеуді біздің білім беру жүйемізге баяғыда-ақ енгізу керек бола­тын. Мұның пайдасы мынада: қазір бүкіл мектептер орталықтандырылған жүйе­мен ҰБТ тапсырады. Кейін әрқайсысының нәтижелерімен рейтингілер құрастырылып, жа­рыс басталады, тап бір бәйге сияқты. Рейтинг шығармаңдар, жасамаңдар десе де, жа­салады. ҰБТ алғаш рет іске аса бастағанда ешкім-ешкімнен рейтинг сұраған жоқ, әркім өз ритмінде жұмыс істеді. Енді сол рейтингілік жүйені осы екі сатылы тес­тілеу жоюы мүмкін. Бала ҰБТ-ның бірінші сатысының арқасында әділ, тиісті баға­сын алады, ал екінші сатысын оқуға түскісі келсе тапсырады да, түскісі кел­месе, тапсырмайды. Қазір көптеген мектеп оқу үлгерімі төмен оқушылардан ҰБТ-ға бармауын өтінеді. Неліктен? Әрине, мектептің рейтингісі үшін. Ол аздай, мек­тептің, мектеп директорының және ұстаздардың бір жыл бойы жасаған жұмысы ҰБТ-дағы 11-сыныптың бір көрсеткішімен бағаланады, мен қарсымын, себебі дұрыс емес. Бірақ екі сатылы ҰБТ бұл олқылықтардың орнын толтырарына сенімім мол.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста