Мектеп бітірушілерден ақша жинауға заң жүзінде тыйым салу керек пе?

Еліміздегі орта білім беру мекемелері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан мектеп оқушыларынан ақша жинауға толық тыйым салынған. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің арнайы қаулысы да бар. Алайда мектептердегі ақша жинау үрдісі әзірге тоқтамай тұр. Сынып қоры, мектептің жөндеу жұмыстары, мерекелік жиындарға және тағы басқа түрлі себептермен оқушылардан ақша жинау мектептерде еш тоқталған емес. Жыл сайын бітіруші сынып оқушыларының естелік суретке түсуі, мектеп бітіру кешіне ақша жинауы да үлкен дауға арқау болады. Осыған орай бір кездері түлектерден ақша жинауды белгілі бір лимиттен асырмау жөнінде де ұсыныстар жасалды. Алайда мұның өзі ақша жинау төңірегіндегі әңгімелерге тосқауыл бола алмады. Сондықтан «Қаулы арқылы тыйым сала алмаған ақша жинау үрдісіне заң шығару арқылы жете аламыз ба?» деген сауалды тиісті мамандар талқысына ұсынған едік.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер
Иә

– Мемлекет тарапынан қар­жы­­ланатын мектептерде оқу­шы­лардан ұдайы ақша жи­на­ла­тыны қа­зір құпия болудан қал­ды. Осы орайда мектеп бі­ті­ру­шілерден ға­на емес, жалпы, мектепте ақша жи­налуына заң жү­зінде тыйым са­луымыз ке­рек. Өйткені мек­тептегі ақша жи­нау үр­дісі ушы­ғып барады. Заман та­лабы осы деп «жауырды жаба то­қу­ға тырыс­қанымызбен», жыл өт­к­ен са­йын балалардың өзара бә­­се­ке­лестікке түсіп бара жат­қанын аң­ғарып отырмыз. Сон­дық­­тан мек­теп бі­ті­ру­­шілерден ақ­­ша жи­науға заң жү­зінде тыйым са­­лу керек. Рас, мек­тепте мүлдем ақ­ша жи­нал­мауы керектігі жайлы Білім және ғы­лым министрлігінің арнайы қау­лысы бар.
Алайда бұл қаулы ештеңеге тосқауыл бола алмай отыр. Барлық мектептердің кіреберісінде ілулі тұрған министрліктің қаулысы іске асу үшін емес, мектеп қабырғасында ілініп тұру үшін ғана жазылған сияқты. Яғни заң шығарып алмайынша, біз мектептегі жаппай ақша жинау үрдісіне ешқашан тыйым сала алмаймыз. Тіпті оқушылардан ақша жинаудың ушыққаны соншалық, баланың біліміне қарай емес, ата-анасының мектепке қайырымдылық ретінде берген ақшасына қарай баға қоятын дәрежеге жетті.
Бұл тұрғыда тыйым салып қоя салу аздық етеді. Сондықтан заң шығарып, ақша жинауға мұрындық болған ата-ана, мектеп басшысына әкімшілік жаза тағайындауды қарастырған жөн. Негізі, кез келген нәрсеге темірдей тәртіп пен қатаң заң арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мектептің жөндеу жұмысына бірлі-жарым ата-ананың көмектескісі келген ниеті жалпылық сипат алып кетпеу жағын ойластыру керек. Көбінесе сынып жетекшісіне жақын жүретін ата-аналардың біреуі бастамашы болып ұсыныс айтады да, қалғаны қосақ арасында кетеді. Әрине, мұндай қайырымдылық жұмыстары жағдайы нашар отбасылардың қалтасына күш түсірмей қоймайды. Көбінесе олар оны ашып айта алмайды. Осыдан келіп оқушылардың әлеуметтік теңсіздігі айқындала бастайды. Мектепте ақша жинау заңсыз екенін біле тұра, бала қатарынан кем болмасын деп ата-ана сұраған ақшасын тауып беруге тырысады. Сондай ата-ананың бірі – өзіммін. Жақында баламның сынып жетекшісі мектептің жөндеу жұмысына бес мың тең­геден жинап алды. Сонда мемлекеттің мектептің жөндеу жұмыстарына бөлген қар­жысы қайда кетіп жатыр? Мұны ешкім бақылап отырған жоқ. Яғни жинап берген ақшамыз біреудің қалтасына құйылып жатыр ма, әлде мүлдем басқа мақсатқа жиналып жатыр ма, ол туралы ештеңе білмейміз.
Мектеп бітіруші түлектер де жыл сайын қыруар қаржы жинайды. Түлектің мектептегі банкеті, мектеп бітіру кеші, көшедегі серуені, естелік суретке түсуі, салтанатты киімінің өзі үлкен ақша. Егер бұлардың барлығына заң жүзінде тыйым салсақ, көп нәрседен ұтар едік.

Абай ЕРГЕШОВ, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің директоры
Жоқ

– Білім және ғылым ми­нистр­лігі тарапынан мектептегі ақ­ша жи­науға тыйым са­лын­ған. Об­лыс­тық, аудандық білім бас­қар­ма­ла­ры қаулы шығарып, бар­лық мек­теп­­терге ілінген. Мек­теп­тер­де оқу­шы­­лар­дан ақша жи­намау ту­ралы бұ­­рын­нан қаулы бар бол­ған­дықтан, енді арнайы заң қа­рас­тырудың қа­жеті жоқ. Егер осын­дай тос­қа­уыл­дар ар­қылы бұ­ған тыйым сала алатын бол­сақ, бір нәтиже шығар еді. Алай­да ты­йым салумен мек­теп­тер­дегі ақша жи­нау туралы әңгімелерге тос­қа­уыл болмай тұр. Сондықтан бү­­гінгі мемлекеттік қам­тамасыз ету­ге қоса, мектептің алғашқы қо­ңырау, соңғы қоңырау, аттестат тап­сыру кеші секілді рә­сім­дерін өткізуді де мемлекет мойнына алуы керек.
Тегін білім алу жүйесінде қосымша қаржы жинау жүрмеуі үшін біз осындай қадамға баруымыз керек.
Алғашқы қоңырау соғылатын 1 қыр­күйек — Білім күні онсыз да жалпы­халықтық мереке. 25 мамыр да талай баланың аттестат алып, ер жететін салтанатты мерекесі. Балалардың мұндай сәттерді мерекелегісі, есте қаларлықтай етіп атап өткісі келеді. Бұл – олардың құқығы. Сондықтан мұндай салтанатты шаралардың өткізілуін мемлекет мойнына алса, мектептегі жырға айналған ақша жинау туралы әңгімелерге тосқауыл болар еді. Тіпті мұны арнайы тендер өткізіп, мерекелік жоба ретінде қарастырылып, әр мектеп соны ұтып алу арқылы жүзеге асыратын болса, үлкен мәдениетті, мерекелік іс-шараға айналар еді. Негізі, қай нәрсе болмасын, тыйым салған сайын өрши түседі. Сол секілді мектептерде ақша жинауды тоқтату туралы әңгіме шыққан сайын жер-жерде қарсылық үдеп барады. Ал бала қолына аттестатын алғаннан кейін оны қай жерде, қалай тойлатам десе өз еркіне беру керек. Мұны мектепке бай­ланыстырудың да мүлдем қажеті жоқ.
Ата-ананың бар қуанышы – бала. Баласының ер жетіп, аттестат алғанын көрген ата-ана оны өзінше тойлатқысы келуі мүмкін. Оған біз араласпауымыз керек. Тойлағысы келгені қалағанынша той­лай берсін. Біз тек мектеп ауласында өтетін алғашқы, соңғы қоңырауларға ақша жиналмауын, толықтай мемлекет қар­жыландыруымен іске асуын бақы­лауымыз керек.

Бейтарап пікір
Динар НҮКЕТАЕВА,
Мәжіліс депутаты:
– Бізде мектептерде оқушылардан ақша жинамау туралы арнайы қаулы бар. Бар қаулыны жұмыс істете алмай отырып заңды аңсау дұрыс емес. Сондықтан қаулыны жұмыс істетуге тырысып, заңды бұзған мектеп басшысына шара қолдану қажет. Тіпті қажет болса, үстінен қылмыстық іс қозғап, қаулының жұмыс істей алатынын көрсетуіміз керек. Бұл мәселеге арнайы заң жазғаннан гөрі қаулыны іске қосуды ойластырған жөн секілді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста