Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «орта мектептерде оқытылып жатқан валеология пәнін мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастау керек» деп, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасады. Депутаттың мұндай ұсыныс жасауына аталмыш пәнге арналған оқулықтағы ер мен әйел арасындағы қатынастың ашық сипатталуы себеп болып отырған көрінеді. Алайда еліміздегі кейбір мамандар «валеология пәнін мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастамай, ұлттық менталитетімізге сай етіп қайта жазу керек» деген ұстанымда. Мамандар пікірін ой-көкпардың таразысына салып көрген едік.
Қазбек ТӨЛЕБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Валеология пәнін мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастаудың қажеті жоқ. Тек ұрпақ санасына кері әсер ететін жерлерін қысқартып, ұлттық менталитетімізге сай етіп қайта жазып шықсақ болғаны. Себебі аталмыш пәнді ұрпақ санасына тек қана кері әсер етеді деу артықтау, пәннің пайдалы да жақтары бар.
Бізден бұрын енгізген елдердің барлығы дерлік пәннің артықшылықтарын ескеріп, ертерек енгізуге тырысқан. Мәселен, Америка, Жапония секілді елдерде денсаулықты сақтауға үндейтін валеология пәні оқытылуға тиісті негізгі пәндердің қатарына жатады. Бұл аталмыш пәннің оқытылуының маңыздылығын көрсетеді.
Сондықтан валеология пәніне арналған оқулықтың керек емес жерлерін алып тастап, ұлттық менталитетімізге сай етіп, денсаулықты қалай күту, кейбір аурулардан қалай сақтану қажеттігі жайлы тарауларының санын ұлғайтып, қайта жазылып шыққаны дұрыс. Біздің қоғамда темекінің денсаулыққа зиянды екенін біле тұра темекі шегетін жастардың қатары көп. Неге? Себебі бізде денсаулықты қалай күту жөніндегі, зиянды әдеттердің зардабы жайлы насихат аз. Сондай-ақ неге біздің 14 жастағы қыздарымыз екіқабат болып қалып жатыр? Себебі олар сақтану жолдарын білмейді. Демек, бізде проблема бар. Ендеше, неге оны жылы жауып қоя салуымыз керек? Қайта ерте бастан алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Ал алдын алу жұмыстарын валеология пәні арқылы жүргізуге болады.
Негізі, «валеология» деген сөздің мағынасының өзі «адамның денсаулығын күтуге үйрету» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан аталмыш пәнді осы бағытта, ұлттық менталитетімізге сай етіп қайта жазып шыққан жөн.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Мектеп қабырғасында валеология пәнінің оқытылуына мүлдем қарсымын. Бәлкім, ЖОО-ларда оқытылуы керек шығар, бірақ мектеп бағдарламасына енгізудің қажеті жоқ. Біздің елімізде бұл пән 5-сыныптан бастап оқытылады екен, ал аталмыш пән оқулықтарының мазмұны бұл жастағы балаларға арналып жазылмаған. Бүгінде осы пәнді бізден де бұрын мектеп бағдарламасына енгізіп, оқытып жатқан шетелдердің өзі аталмыш пәнді алып тастау жайлы мәселе көтеруде. Кейбір елдерде ата-ана мен ұстаздардың қарсылығына орай пәнді мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастаса, кейбіреулері оқулықтарын қайта жазып шықты. Өз басым мектеп бағдарламасынан мүлдем алынып тасталғанын қалаймын. Өйткені жасөспірімдер тәрбиесінің бұзылуына аталмыш пән өз әсерін тигізіп отыр.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша елімізде жыл сайын 15-19 жастағы 10 мыңға жуық қыз баланың аяғы ауыр болады екен. 2008 жылы осы жастағы әр мың қыз баланың 31-і перзент көрген. Түсік жасатқан 6000 әйелдің 84-і 15 жасқа дейінгілер, олардың жартысы мұндай қадамға екінші рет барған. Медициналық тексеруден өткен әр 100 мың жеткіншектің 1466-сының гинекологиялық ауруға шалдыққаны анықталған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 14 жастағылардың жыныстық қатынасқа бару фактілері тіркеліпті. Біз валеология пәніндегі жыныстық қатынас туралы тарауларды оқыған жасөспірімнің психологиясының қаншалықты өзгеретінін психолог мамандарға тексертпестен мектеп бағдарламасына енгізіп жібергенбіз. Ал батыс елдерінде мұндай пәндердің бала психологиясы мен денсаулығына қаншалықты әсер ететінін арнайы тексеруден өткізеді. Аталған мәселені зерттеп жүрген ғалымдардың пікірі бойынша жеткіншектердің жыныстық қатынасқа ерте баруына басқа да себептермен бірге, мектеп бағдарламасына 2002 жылы жазылған валеология пәнінің енгізілуі ықпал еткен. Осы пән бізден көп бұрын енгізілген Еуропа елдеріндегі көрсеткіштер жағаңды ұстатады. Ұлыбританияда 2006 жылы кәмелетке толмаған 39 мың қыз бала жүкті болған. Бұлардың 7000-ының жасы 16-дан төмен. Басқа мемлекеттердегі жағдайлар да осы деңгейлес. Осы орайда мектеп жасындағы балаларға жыныстық қатынас туралы арнаулы пән арқылы, қандай да болса білім-түсінік берудің қажеті бар ма? Валеология пәнінің оқулықтарын қысқаша талдар болсақ, жалпы білім беретін мектептердің 7-9 сыныптарына арналған оқулықтың 19-тарауында жыныстық даму процестері ашық баяндалады. Авторлар психосексуалдық бейімделу туралы айта отырып: «Дәл осы кезеңде сексуалды бағыттарда ауытқулар байқалуы мүмкін... Мәселен, ер балалар (балалар үйі) арасында ғана өскен ер бала тек ер балалармен араласу тәжірибесін алады. Солармен алғашқы балалық жыныстық байланыстарда өседі» деп шошытады. Мұндай қылықты айыптамайды, болып жататын дағдылы әрекет түрінде жайбарақат әңгімелейді. «Сексуалды өмір маңызды биологиялық регулятор болып табылады» деп балаларды желіктіреді. Айта берсек, аталмыш пәнде мұндай сорақылықтар көп. Осының бәрі баланы түзеудің орнына күзейтінін, оғаш әрекеттерге итермелейтінін аңғару қиын емес. Сондықтан да болар, Ресейдің көптеген қалаларында ұстаздар мен ата-аналар Білім министрлігінің оқушыларға жыныстық тәрбие беру жөніндегі нұсқауларын орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бізге де тез арада осындай қадамға бару керек.
Бейтарап пікір
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Мен валеология пәнін ғана емес, барлық пәнді ұлттық менталитетімізге сай етіп қайта жазып шығуды қолдаймын. Өйткені пәндерді ұлттық менталитетке негіздеп оқытар болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың қадірі артар еді, ұлтжанды азаматтардың саны көбейер еді. Сондықтан біртіндеп барлық пәндерді ұлттың ұғымы мен діліне сай етіп қайта жазуды қолға алған жөн.