Мәжіліс сайлауы: Партиялардың саяси науқанға дайындығы қандай

19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қызу дайындық басталды. Партиялар съездерін өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын ұсынумен қатар кандидаттарды бекітуде. ҚазАқпарат тілшісі өткен апта ішіндегі партиялардың саяси науқанға дайындық барысына шолу жасады.

Бұрынғы коммунистер бірінші болып құрылтай өткізді

30 қаңтарда елордада Қазақстан халық партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтті. Съезд барысында партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев делегаттарға сайлауалды бағдарламасын бекітуді ұсынып, ол бірауыздан қолдау тапты.

«Бүгін біз, Халық партиясы, саяси партиялардың ішінде сайлау алдындағы съезді бірінші болып өткізіп отырмыз. Бірінші болудың жауапкершілігі – үлкен, жүгі – ауыр. Ал бірінші болу – біздің саяси алаңдағы визиттік карточкамыз болып кетті. Баршаңызға белгілі, былтыр Халық партиясы Мемлекет басшысының Президент және Парламент сайлауы туралы бастамасын бірінші болып қолдады. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға халық коалициясын құруды бірінші болып халық партиясы ұсынды», - деді съезде сөз сөйлеген партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.

Оның атап өтуінше, партия әліптің артын бағу бағытын ұстанбайды әрі табанды күреске дайын.

Сонымен қатар Қазақстан халық партиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына кандидаттар тізімін бекітті.

«Бастапқыда тізімде 120-дан астам адам болған еді. Біз орынды шынайы бөлу қажеттігін ескере отырып, тізімді қысқарттық. Қазақстан халық партиясы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға 52 адам ұсынады», - деді партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезд барысында.

Оның атап өтуінше, партиялық тізімде алты ұлттың өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы 50 жас. Сонымен қатар тізімдегі әйелдер, жастар және мүгедек жандардвң үлесі 32,6 пайызды құрайды.

1 ақпанда Қазақстан халық партиясы Орталық сайлау комиссиясына кандидаттар құжатын тапсырды.

Құжаттар тізімінде партияның жоғары органының хаттамасынан үзінді, ҚР Әділет министрлігінде саяси партияны тіркеу туралы құжаттың көшірмесі, партиялық тізім, азаматтардың партиялық тізімге енуге келісімі туралы өтініші және өмірбаяндары, мүгедектігі бар кандидаттардың анықтамалары бар.

«Бір мақсатымыз ғана бар – тек қана жеңіске жету керек. Бүгін халық партиясынан кандидаттар тізімін тапсырып шықтым. Онда 52 кандидаттан құралған тізім бар. Өздеріңіз білесіздер, дүйсенбі күні біздің халық партиясының съезін өткіздік, мен баяндама жасадым, сонда бәрін айттым. Қазір еш алып-қосарым жоқ. Сайлау туралы заңға сәйкес, әзірге ешқандай ақпарат жариялай алмаймыз. Орталық сайлау комиссиясы ешқандай үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынғанын ескертті», - деді Е. Ертісбаев тілшілерге берген сұхбатында.

Саяси аренада - жаңа партия

«Байтақ» жаңа саяси партиясының сайлауалды съезі 3 ақпанда өтті. Съезде партияның сайлауалды тұғырнамасы талқыланып, дауысқа салынды. Аталған шараға еліміздің барлық өңірлерінен делегаттар қатысты.

Партиядан тізім бойынша 20 кандидат ұсынылды, оның ішінде әйелдер квотасы бойынша 4 кандидат, жастар квотасы бойынша – 1 кандидат және мүгедектер квотасы бойынша – 1 кандидат бар.

Одан бөлек, тағы 4 кандидат мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға қатысады.

Олар – партия төрағасы Азаматхан Әміртаев, Бақыт Исаев, Гүлзағира Әбдірайымова және Серікболат Мәженов.

Осылайша «Байтақ» партиясы атынан Мәжіліс сайлауында 24 кандидат бағын сынайды.

Айта кетсек, отандық эколог-ғалым, қоғам қайраткері Айжан Сқақова «Байтақ» партиясының қатарына қосылған еді.

«Байтақ» пен Respublica бүкіл өңірлерде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады. Мұндай шешім Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданды.

Ал Respublica партиясының съезі 6 ақпанға белгіленіп отыр.

«Ақжолдықтардың» сайлауалды бағдарламасы әлі дайын емес

«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламаны қабылдауды кейінге қалдырды

Аталған демократиялық партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімі бекітілді.

«Биылғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы ерекше өтеді. Мемлекет басшысы бұл сайлаудың болатынын жарты жыл бұрын жариялады. Сондықтан бүкіл саяси күштерге, партияларға, оның ішінде біздің партиямызға дайындалуға толық мүмкіндік берілді», - деді «Ақ жол» демократиялық партиясының ХХІ құрылтайында саяси ұйым басшысы Азат Перуашев.

Құрылтай барысында Мәжіліс сайлауына партиялық тізім арқылы 54, ал мажоритарлық жүйе арқылы 24 адам кандидат ретінде бекітілді.

Сонымен қатар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға «Ақ жол» партиясының атынан 174, ал мажоритарлық жүйемен 652 ұсынылатын болды.

Сайлауалды бағдарламаны қабылдауды кейінге қалдыру себебін партия төрағасы толықтыру қажет екенімен түсіндірді.

«Осы комиссия дайындаған жобаны толықтырып, құрылтайымыздың атынан қарастыруды және қабылдауды Ұлттық кеңесімізге тапсырайық деген ұсыныс бар», - деді Азат Перуашев.

ЖСДП сайлауға 25 үміткер ұсынды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынады

Партияның кезектен тыс съезінде делегаттар осындай шешім қабылдады.

Сонымен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынады. Оның 19-ы партия тізімімен, алтауы мажоритарлық әдіспен ұсынылып отыр.

«Бүгін өте маңызды съез өтіп жатыр. Қазақстанда маңызды өзгерістер болып жатыр. Халық үшін осыншама маңызды кезеңде елдегі жалғыз оппозициялық партия ретінде бұл өзгерістерден тыс қала алмаймыз», - деген партия төрағасы Асхат Рахымжанов Мәжіліс сайлауына ұсынылатын кандидаттар тізімі бірауыздан бекітілгенін мәлім етті.

«Ауыл» партиясы қатарында жаңа адамдар жүр

Күні кеше елордада «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезі өтті. Съезд қорытындысы бойынша партия атынан 34 кандидат Мәжіліс және мәслихат сайлауына түсетіні белгілі болды.

Алдағы сайлауда «Ауыл» партиясы атынан 25, ал бір мандатты жүйе бойынша 9 кандидат бақ сынайды.

Сондай-ақ, съезд барысында президенттікке кандидат болған Қарақат Әбден «Ауыл» партиясына өткені белгілі болды.

«Қарақат Әбден біздің қатарымызға қосылды. Байқасаңыздар, президент сайлауында Қарақат Әбденнің тұжырымдамасы халықтық дәстүрлермен, ауылдық бағыттағы дәстүрлермен байланысты болды. Сондықтан оның дәстүрлері бар, дәстүрді, мәдениетті, адами капиталды, шығармашылықты дамыту – біз ұстанған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан Қарақатты қатарымызға қуана қабылдадық. Толық партиялық тізімді ұсыну және қабылдауды бүгінгі съезд шешеді»,- деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев съезд алдында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Партиялар қалай қаржыландырылады?

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламентке енген партияларға қарастырылған қаражатқа түсінік берді.

«Жақын арада 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша Парламентке барамыз. Бұл тұрғыда Орталық сайлау комиссиясының деректері аясында осы бюджетті қайта қарап, партиялар арасында бөлеміз. Заң бойынша бұл қаражатты Парламентке фракция болып енген партиялар алады», - деді Е. Жамаубаев.

«Мәселен, 2022 жылы шамамен 8,5 млрд теңге қарастырылған еді. Оның басым бөлігі Amanat партиясына, 1 млрд теңгеге жуығы Ақ жолға, сондай-ақ 800 млн теңге Қазақстан халық партиясына бөлінді», - дейді қаржы министрі.

Орталық сайлау комиссиясы шетелдік байқаушыларды тіркей бастады

2 ақпанда ОСК Мәжіліс сайлауына 25 шетелдік байқаушыны аккредиттеді.

«Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен бір шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны аккредиттеу ұсынылды. Оның ішінде Палестина мемлекетінен – 1, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 11, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан – 13 байқаушы. Аккредитациядан өткізу үшін келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңарып отыратын болады», - деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.

Төрт топ партия құру үшін құжат тапсырды.Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде тағы 4 бастамашыл топ партия құруға ниетті.

Қазақстандықтар Мәжілістен қандай партияларды көргісі келеді

Қоғамдық сауалнама нәтижесі көрсеткендей, кезектен тыс Парламент сайлауында дауыс беруге ниеттілердің 48,6% AMANAT партиясын қолдауға бел буып отыр.

«Ауыл» партиясын қолдайтындар – 6,2%, ал «Ақжол» үшін халықтың 5,4% дауыс бермек.

Басқа партиялар бойынша сауалнама қорытындысы:

Қазақстан халық партиясы – 4,8%, Respublica – 3,6%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 3,2% және «Байтақ» 2,8%.

Респонденттердің 2,6% «барлығына қарсымын» бағанын белгілемек.

Сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беруге дайын

Аталған болжам қоғамдық сауалнама нәтижесінде анықталып отыр.

Сауалнама қорытындысы бойынша Мәжіліс сайлауына баратындардың ықтимал көрсеткіші - 53,3 пайыз.

inform.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста