Мәслихат мүшелерінің депутаттық амбициялары байқалмайды деген пікір жиі айтылып жүр. Яғни олардың жергілікті аймақтардағы маңызды мәселелерге қатысты бастама көтеріп, белсенділік көрсетіп, табандылық танытқаны жиі байқала бермейді. Жергілікті тұрғындар болса қала мен облыстардағы қандай да бір өзгерістерді, кемшіліктер мен жетістіктерді әкімнің қолымен ғана жасалған нәрсе деп түсінеді. Алайда заңға сүйенсек, мәслихат депутаттарына да тиісті деңгейінде құзырет берілген. Алайда сол мүмкіндіктер толық пайдаланылып жатыр ма деген сауалға келгенде сарапшылардың пікірі әртүрлі көрініс тапты.
Ерлан АРЫН, экономика ғылымының докторы, профессор, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:
Иә
– Мәслихат депутаттарының жұмысы көп көріне бермейді. Мәселен, жергілікті аймақтардағы шешімдердің барлығы облыстық, қалалық, аудандық депутаттардың қолдауымен жасалады. Бюджеттен бөлінетін ақшаның таралуы, ғылым-білім, мәдениет, денсаулық сақтау және басқа да барлық салаға үйлестіру осы мәслихат арқылы болады. Қазір біз отырып алып, жай ғана қол көтеру арқылы шешім қабылдаудан бас тарттық. Депутаттардың арасынан құрылған арнайы комиссиялар әрбір тақырыпқа ерекше көңіл бөліп, қатаң тексереді. Пікір қайшылықтары болмайды емес, болады. Кейбір мәселелерде депутаттар бір-біріне немесе әкімге де қарсы шығады. Дегенмен қазір бюджеттің көлемі таршылық көрсетіп жатқан жоқ.
Бюджеттен таршылық болмаған соң, арамызда қарама-қайшылықтар да аз болады. Қай облысты алсақ та, әсіресе ауызсу мен тұрғын үй мәселелеріне келгенде көп дау орын алады. Осы мәселелерде мәслихат мүшелері өздерінің депутаттық амбицияларын көрсетіп, мәселені халықтың пайдасына шешуге тырысады. Мәслихат депутаттары дайын жобаға дауыс берумен ғана айналыспайды, өздері бастама ұсынып, өздері соны соңына жеткізуге тырысады. Бұл да олардың құзыретінің өз деңгейінде болып жатқанының көрінісі шығар. Әрине, біз ұлттық деңгейдегі жобалар мен бағдарламаларға қатысты көп шешім қабылдамаймыз, оның өзімізге қатысты шағын тапсырмаларын қабылдап аламыз. Ал жергілікті аймақтың өзіне ғана қатысты жобалар мен бағдарламалар, негізінен, депутаттардың белсенділігі арқылы жасалуда.
Депутаттардың жұмысын сынға алатындардың бір пікірімен ғана келісуге болады. Қазір мәслихат депутаттарының жұмысы тұрақты емес. Депутаттардың барлығы бұл қызметті қосымша алып жүреді. Мәслихат корпусында тек хатшы ғана мемлекеттік қызметкер ретінде жұмыс істейді. Бұл жағдай, расымен де, депутаттардың жұмысының тұрақты болуына кедергі жасайды.
Соған қарамастан, депутаттар жергілікті биліктің ырқына кетіп қалды деген пікірмен келісуге болмайды. Әріптестік бар және бұл жаман нәрсе емес. Әкімшілік пен депутаттардың ойы бір жақтан шығып жатса, бұл жұмыстың өнімді болуын қамтамасыз етеді. Алайда депутаттардың өздерінің көзқарастарын, ұсыныстарын сенімді түрде ортаға салуына кедергі жоқ. Мысалы, депутаттардың арасында жергілікті аймақ үшін аса беделді, сыйлы азаматтар, қайраткерлер болады. Олардың көзқарастары әркез әкіммен бір жерден шыға бермейді. Ондай жағдайда әкім керісінше, сол артында халық тұрған депутаттарға мойынсұнуы керек.
Әділ КӘУКЕНОВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Мәслихат депутаттары өздеріне берілген құзыретті тиісті деңгейде пайдалана алып жатқан жоқ. Бұған бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр деп есептеймін. Біріншіден, жергілікті атқарушы биліктің, әкімнің доминанттылығы байқалуда. Екіншіден, біздегі мәслихаттың құрылым ретіндегі мәдениеті қалыптасып үлгерген жоқ. Халықтың саяси сауатсыздығы байқалады. Бірақ одан бөлек, депутаттардың да өз құзыретін толық түсінбеуі тағы бар. Мұны жалпы елдік деңгейдегі саяси мәдениетіміздің жетілмеуімен байланыстыруға болады. Олардың өз құзыреттерін толық пайдалануы үшін заңды және саяси тұрғыдан сауаттылық керек. Ал орта жолдан саясатқа қосылған мәслихат депутаттарында мұндай сауаттылық бар деп айта алмаймыз.
Үшінші фактор ретінде халықты атауға болады. Тұрғындар бұл құрылымның құзыреті қай деңгейде екенін, оның қолынан не келетінін, не істеуге міндетті екенін түсіне бермейді. Сондықтан олар мәслихат депутаттарына бармайды, шағым жасамайды. Сол сияқты мәслихат депутаттары да оларды іздемейді. Нәтижесінде мәслихат пен жергілікті тұрғындардың арасында байланыс жоқ. Депутаттар халықтың басында қандай қиындықтар бар екенін білмейді, білсе де, оны қалай көтеріп шығу керектігінен, қалай жолға қоюға болатынынан хабарсыз. Сайлау алдында кандидаттар халықтың алдына шығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Алайда сайлау біткен соң халық солардың арасынан кім жеңгенін де білмейді. Мұндай келеңсіздіктен арылу үшін қоғам өте көп еңбектенуі керек. Екінші жағынан, ол – еліміздің жалпы дамуымен қатар жүретін құбылыс. Алдымен негізгі өкілді орган, яғни Мәжілістің ықпалы күшеюі керек. Тек содан кейін барып қана мәслихаттардың ықпалы арта бастайды. Жалпы, әлемде демократияландыру төменнен басталады деген ұғым бар. Яғни қисын бойынша алдымен мәслихат күшейіп, одан кейін Мәжілістің ықпалы артуы керек. Алайда біздің жағдайда бұл мүмкін емес сияқты. Біздің санамыз да, мәдениетіміз де басқаша. Сондықтан мен алдымен Мәжілістің күшеюін күтемін. Себебі Алматы мен Астанадан өзге аймақтарда, негізгі механизмнің өзі басқаша жұмыс істеп тұр.
Бейтарап пікір
Абылайхан САМАТДИН, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының құрылтайшысы:
– Жалпы, мәслихаттың ықпалын арттыруға толық мүмкіндіктер бар. Бірақ оған түрлі кедергілер бар. Біріншіден, депутаттардың басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер. Айталық, мұғалімдер, дәрігерлер сияқты Үкіметтен жалақы алып отырған адамдар. Әрине, олар өздеріне жұмыс беріп отырған Үкіметке қарсы келе алмайды, халықтың сөзін сөйлеп шыға алмайды. Әйтпесе мәслихат депутаттарына хабарласып, көмек сұрап жатқан, мәселе көтеріп жатқан халық көп. Депутаттар түрлі бастамалар көтеруден, белсенді болудан жалтарады. Меніңше, мәслихаттың әлсіз құрылым болып отырғанының негізгі себебі – осында. Депутат болған адам тәуелсіз болуы керек. Тек сонда ғана бұл құрылым өзінің тиісті функциясын атқара алады.