Осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген «Он ғасыр жырлайды» антологиясында Абайдың өлеңдерінде көп кездесетін Алла сөзі барлық жерде «Аллаһ» деп өзгертіліп берілген. Осыған қатысты біраз пікірталастардың болғаны рас. Мұның сыртында соңғы уақыттарда шыққан көптеген кітаптарда, баспасөз беттерінде «Аллаһ» сөзі жиі ұшырасып жүр. Ел арасында «қазақ қазақ болғалы аузынан Алласын тастамаушы еді, енді келіп бұл сөздің аяғына «һ» қосып айтатын болғанымыз ба» деген реніштер айтылуда. Ал кейбір діндарлар «Алла» десек «адасып», «Аллаһ» десек «тура жол табамыз» дегенді алға тартып әлек. Дін – кез келген адамның өзінің жүрек қалауындағы дүние. Әйтсе де бар мәселе «Алла» деп немесе «Аллаһ»деп айтуда ғана ма?! Кімде қандай уәж бар?
Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты:
Иә
– Негізі, Құран сөзінің өзгертілмегені абзал. Десек те, біздің құлағымызға «Алла» деген сөз әбден сіңіп қалған. Бірақ біз басқа-басқа, Жаратушы иеміздің есімін дұрыс айтуымыз керек. Мысалы, Құраннан алынған «Лә иләһа илла Аллаһ» сөзінде «Һ» айтылмаса, онда бұл сөздің мән-мағынасы болмайды. Менің филолог, әдебиетші маман ретінде айтарым, бізде араб тілінен енген сөздер өте көп. Мысалы, кітап, қалам, мұғалім сияқты басқа да ғылымға қатысты арабтың кейбір сөздері біздің тілдік ерекшеліктерімізге қарай икемделіп, кең қолданысқа еніп кеткен. Кірме сөздерді біз, негізінен, тіліміздегі үндестік заңына лайықтап аламыз. Сол сияқты бір кездері Аллаһ сөзі Алла деп айтылып, тілімізге ыңғайланып кеткен.
Араб сөздерінің қазақ тілінде басқаша айтылып, дыбысталуы, ол – біздің ішкі табиғатымыз бен сөйлеу мәнерімізге тән құбылыс. Алайда соңғы кездері ел арасында, басылым беттері мен әдеби шығармаларда «Аллаһ» сөзі қолданылып жүр. Мұның дұрыстығына дін мамандары мен үлкен ғалымдар әлдеқашан көз жеткізіп қойған. «Алла» деген сөз бір адамның есімі болмаса басқа бір нәрсенің қарапайым атауы сияқты жай сөз болып қалмақ. «Аллаһ» сөзінің бүкіл мазмұны мен мағынасы, тереңдігі мен құдіреттілігі осы «һ» әрпінде тұр емес пе?! Негізі, қазақтың тілдік қорында «һ» әрпі жоқ. Бұл – араб қарпі. Оның дыбысталуы да ерекше болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда біз «қаһарман» сөзін жазғанда қарапайым «х» әрпін қолданғанымыз ыңғайлы әрі дұрыс болар деп ойлаймын. Біз «Аллаһ» деп айтып, жазу арқылы Ұлы Жаратушының құдіретін мойындаймыз. Өйткені қасиетті Құранның өзі араб тілінде түсірілген. Сондықтан да біз Құранды сол түпнұсқа тілде бұзбай оқимыз. Демек, «Аллаһ» сөзін де біз сол күйінде айтуымыз керек.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, халықаралық мәдени-интеллектуалды «DA-Қазақстан» журналының бас редакторы, ақын:
Жоқ
– Қазіргі уақытта көпшілік ортада, ауызекі тілде, бұқаралық ақпарат құралдары мен басылымдарда осы уақытқа дейін айтылып келген Алла сөзі Аллаһ сөзімен алмастырылып жүр. Құдіретті сөздің бұлай құбылуының мәнісі ислам әлеміндегі әртүрлі көзқарастар мен кейбір ағымдық мәселелердің бой көтере бастауында жатса керек.
«Алла» деп айту шариғат заңдылықтарына сай келмейді, дұрысы «Аллаһ» деп айту керек деп қалың елге насихат жасап, өздерінше уағыз жүргізіп жүргендер арамызда баршылық. Бірақ ақиқатын айтар болсақ, қазақ қазақ болғалы Жаратушы иеміздің атын Алла деп келдік және осы сөзден ажырамасақ игі болар еді. Әрине, көпшілік қауымның діни сауаты біркелкі болмайтындықтан, осы мәселеге орай әркім әртүрлі уәж айтатыны белгілі.
Дегенмен тіл заңына сүйенетін болсақ, арабтың өз сөйлеу мәнеріне ғана тән «һ» таңбасымен белгіленетін дыбысы қазақтың тілдік ыңғайына келмейді. Себебі араб грамматикасы мен өзіміздің төл жазуымыздың түр-сипаты – екі бөлек дүние. Дей тұрғанмен де «Алла» деп қазақша айтқаннан араб тіліндегі «Аллаһтың» мағынасы өзгермейді. Өз басыма келер болсам, мен де ес білгелі «Алла» сөзін естіп өстім. Алайда осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген «Күнәсіз мекен» деген кітабымда кездесетін «Алла» деген сөздер редакторлардың ықпалымен «Аллаһқа» алмастырылды. Өзім де осылай «Аллаһ» деп айтып, жазуды құп көріп жүрдім. Оның үстіне, сол кезеңдерде кейбір діни көзқарастар менің санамда соқтығысып, белгілі бір шешімін таппай жүр еді. Бірақ уақыт өте келе, шамам келгенінше дін тарихына көз жүгіртіп, Құран хадистеріне үңіле отырып, жалпы қазақ халқының мұсылмандыққа келуі туралы оқып-біліп, көп жайды аңғарғандай болдым. Содан «Алла» деп айтудың дұрыстығына көз жеткіздім. Қарап отырсаңыз, тарих бедерінде осы уақытқа дейінгі жазылған жыр-дастан, қиссалар мен басқа да әдеби-көркем шығармалардың ешқайсысында иісі қазақ баласы «Аллаһ» демеген. Мысалы, Бұқар, Абай, Шәкәрім сынды данышпандарымыздың шығармаларында «Аллаһ» деген сөзді кездестірмейсің. Демек, ғасырлар бойы аузынан «Алласын» тастамаған қазақтың аяқ астынан «Аллаһ» деп шыға келуі – қисынсыз. «Алла» деген сөзді қолдану әлдекімдер айтқандай, дін бұзу болып есептелмейді. Ислам дінінде «амалыңнан ниетің абзал» деген қағида бар. Ниет дұрыс болса, жүрегімізде Аллаға деген сүйіспеншілігіміз бен бек сеніміміз орныға түспек. Сондықтан да «олай емес, былай» деп мұсылман баласына бір ғана «һ» дыбысының төңірегінде тартыс туғызу қажет те емес. Айналып келгенде, бүгінгі ислам әлемінде бұдан да маңызды мәселелер бар емес пе?! Дін тазалығы туралы айтқанда, біз көбіне кейбір сөздер мен ұғымдардың дұрыс және бұрыстығына, кесілген балақ пен сақал-мұрт қою үлгісіне, мұсылманның киім киісіне қатты назар аударамыз да, алдымызда тұрған үлкен шаруаларға мән бермейміз. Қалай болғанда да, біз мұсылмандықтың әдебі мен қағидаларын, Құранның құндылықтарын бойымызға сіңіру арқылы исламды құбыжық ретінде көрсетуден сақтануымыз керек.
Бейтарап пікір
Сәрсенбі ДӘУІТОВ, әдебиетші ғалым, филология ғылымының докторы:
– Кезінде есімдері елге белгілі бір топ ғалымдармен бірігіп Абай атамыздың жинақтарын шығаруға атсалысқанмын. Сондай бір жинақта біз бұрынғы кітаптарда кездесетін «Алла» сөзінің орнына «Аллаһ» сөзін пайдаландық. Абайдың өлеңдері бізге Мүрсейіттің қолжазбалары арқылы жеткен. Абайдың дәл қалай жазғаны беймәлім, бірақ Мүрсейіттің нұсқасында «Алла» деген сөздердің барлығының аяғында «һ» әрпі бар. Сондықтан да біз Абайды редакциялаған емеспіз, тек ғалым ретінде қолжазбадан алшақтамауға тырыстық. Біз сондағы «Аллаһ» сөзін өзгертпей бердік. Бірақ біз осылай істеу арқылы «Алла» деп айту дұрыс емес, дұрысы «Аллаһ» деп айту дегенді меңзеген жоқпыз. Кім қалай айтса да – өз еркі. Ең бастысы, Құдай алдындағы құлшылық, ғибадатымыз адал болсын.